Әлем тілдерінің ордасы
30.03.2017
2725
0

Абылай хан атындағы Қазақ Ха­лықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті 1941 жы­лы Алматы шет тілдері институты болып құрылған еді.
1993 жылдан Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері уни­вер­ситеті, 1998 жылы Қазақ мемле­кет­тік Халықаралық қатынастар және әле­м тілдері университеті болып өз­герді. 2001 жылдан қазіргі атымен аталады.

Абылай хан атындағы Қаз­ХҚжӘТУ-дің басты даму ұстанымы – өткен кезең педагогикасының озық дәстүрлеріне сүйене отырып, қазіргі педагогикадағы ең оңтайлы, ең тиімді деген әдіс-тәсілдер мен оқыту технологияларына иек арту. Өз ісін осы ұстаным негізінде жүр­гізіп келе жатқан университет Қа­зақстан жоғары оқу орындары рейтингісінде елеулі көрсет­кіш­терге қол жеткізіп отыр. Мамандар даярлаудың 2008-2012 жылдардағы академиялық көрсеткіштері бо­йынша алғашқы бестікке еніп, Қа­зақстан жоғары мектептеріндегі өзі­нің көшбасшылық ролін сақтап ке­леді.
Қазіргі кезде университет елі­міз­дегі ғылыми ізденістер жүргізе ала­тын іргелі ғылым ордасы ре­тін­де де, оқытудың қазіргі заманғы со­ны әдіс-тәсілдері мен озық тех­но­логияларын игерген білім беру мекемесі ретінде де мойындалды. Бұл университетке үлкен жауап­кер­шілік жүктейді, себебі білім алу­ға деген, тіл үйренуге деген құш­­тарлықтың күннен-күнге артуы ұлттық бәсекеге қабілет­ті­лік­тің қалыптасуында стратегиялық ресурс ретінде бой көрсете бастады.
Оқыту ісіне қатысты қойылған та­лаптардың ең күрделісі деп үш тіл­де білім беру жобасын айтуға бо­лады. Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «…үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ ті­лінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бө­лі­неді. Сонымен қатар, бүгінде ағыл­шын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлт­тық прогреске жете алмайды», – деп атап көрсетілген.
Университетімізде үш тілде қа­тар білім беруді енгізу жобасына бай­ланысты бірқатар жұмыстар жүр­гізілуде. Атап айтсақ, оқы­ту үрдісіне үш тілді қатар мең­герту бағытының енуіне байланыс­ты оқу бөлімі мамандары тоғыз қатысым аясы бойынша әзірлеме дайындады. Онда оқыту аялары не­гізінде алынған тақырыптар танымдық-лингвокомму­ника­тив­тік кешендерге біріктіріліп, сол ке­шен көлеміндегі жағдаяттар іріктелініп, сту­денттің өзге тілді игеруі сол елдің мәдениетін үйренумен қатар жүруі тиіс екендігі ескерілген. Осы бағыт «Қазақ тілі мен орыс тілі» пәндерін оқытуда да пайдаланылады және кәсіби бағытта тілді үйрету бойынша «Кәсіби қазақ тілі» және «Кәсіби орыс тілі» пәндерінде қолданыс тауып жүр. Дәл осы алгоритм не­гі­зін­де орыс бөлімі студенттері «Қа­зір­гі Қазақстан тарихы» пәні бо­йынша оқытудың барлық са­­ты­­­­сында (лекция, семинар, өздік жұмыс­та­ры) қазақ тілінде білім алады.
Бұл бағыттағы біздің универси­тет тәжірибесі Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі (РУМС) Оқу Әдістемелік Бірлестігінің кеңейтілген мәжілісінде «Шетел тілдері» мамандықтары бойынша «2015-2020 жылдарға арналған үш тілде білім беруді дамытудың Жол картасын жүзеге асыру» атты та­қы­рыпта талқылаудан өтті. Үш тілде білім беру ісін жүзеге асыруда Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ Қазақстан жоғары оқу орындары арасында жетекші орынды иеленіп келеді. Олай дейтін себебіміз, бі­рін­шіден, университетте әлемнің 12 тілінің оқытылуы болса, екін­шіден, университет ректоры акаде­мик С.С.Құнанбаеваның үштұ­ғыр­лы тіл саясаты мәселесіне айрықша ықылас тоқтатып, үш тілді қатар оқыту мәселесін елімізде алғаш­қы­лардың бірі болып қолға алып қа­на қоймай, оны жүзеге асыру жол­дарын көрсететін бірнеше ғы­лыми зерттеу жұмыстарын ұсынуы. Атап айтсақ, ғалымның «Концепции по обеспечению реализации национальной программы «Три­единство языков» в РК» атты ма­қа­ласында үш тілді қатар меңгертудің, өзге тілде тілдік білім берудің ғы­лыми негіздемесі жасалған. Осы ең­бегінде автор бәсекеге қабілетті маман дайындап қалыптастыруда тілдік білім беруді әмбебап­тан­дыру­дың әдістемелік ұстаным­да­рын көрсетеді. Сондай-ақ, қоғам мен мемлекеттің көптілділік саяса­тына сәйкес Қазақстанда қазақ ті­лінің мемлекеттік тіл ретінде ба­сым­дылыққа ие болу ролі мен қа­зақ тіліне айрықша ықылас аудару мәселесін қамтамасыз етуде Мем­лекеттік білім беру стандарттарында қамтылуы тиіс бірнеше мәсе­ле­лерді бөліп көрсетеді. Мысалы, қазақ тілін оқыту технологиясы мен әдістемесін интерактивтік-қа­тысымдық жолға қою қажеттігін; қо­ғамдық-функциональдық, кә­сіби-салалық тармақтардың бә­рін­де қазақ тілі регистрін барынша мол қамту қажеттігін; үш тілдің фун­кциональды арақатынасының қазіргі қоғам талап етіп отырған қажеттілікке сай болуын айтады. Сонымен бірге, автор үш тілді қа­тар оқытып меңгерту ісін жүргізуге бай­ланысты аталған тілдердің үшеуін де дамытуға арналған жос­пар жасап ұсынады. Автор қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі роліне басымдылық бере отырып, оны дамытудың жолдары үшін тиімді деп шетел тілдерін оқытуда же­текші орындарды иеленетін технологиялар мен әдіс-тәсілдерді пайдалануға бағыт-бағдар сілтейді. Бүгінгі Қазақстан жағдайында ұлтаралық қатынас құралы ретін­дегі орыс тілінің өрістей беруі үшін оқыту деңгейлерінен тек аса қажет дегендерін ғана қалдырып, оларды жаңа заман оқу құралдарымен, оқулықтарымен, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді ұсынады. Ал әлемдік экономиканы жақындастыру мен іскери қатынас тілі ретіндегі ағылшын тілін дамыту мақсаттары үшін шетел тілін мең­герудің алты деңгейлік түрін ен­гізуді ұсынады. Бұл – тілді мең­геру құзыреттілігінің жалпы еу­ропалық стандарттарына сәйкес жа­салып, ұлттық білім беру жүйе­сіне сай іріктелген деңгейлер. Автор мұны қай деңгейде қай жастағы балалар оқитынын, техникалық және кәсіби сала мамандары қай­сысын оқитынын жеке-жеке бөліп, тал­дап көрсетеді. Мақалада бәсе­кеге қабілетті маман дайындауда қа­шықтықтан оқыту кешендерін пай­даланудың тиімділігі талданып, нәтижесі көрсетіледі.
Әдіскер-ғалым С.С­.Құ­нан­баева­ның үш тілді қатар мең­геріп, игеру бағытына арнаған ең­бектері тілді оқып үйренуге әр қы­рынан келеді. Мысалы, ға­лым­ның бас­шы­лығымен шыққан «Языковое образование в условиях уровневого ов­ладения языками триединства: теория и практика» атты моно­г­рафия­да үш тілді деңгейлеп мең­геру­дің ғылыми-әдістемелік жол­да­ры мен көптілді және көп­­мә­дениетті тілдік тұлғаны қа­лып­тастырудың амал-тәсілдері сөз бо­лады. Еңбекте тілдік білім беру үр­дісінің үлгісін танымдық-линг­вомә­де­ниет­тану­лық әдістеме тұ­жырымдамасының негізінде көр­сетеді. Мұның бар­лы­ғы уни­­­­верситеттің үш тілді қатар оқытып меңгерту мәселесіне ғы­лыми тұрғыдан қарап қана қоймай, үш тілді қатар оқытып, игертудің оң­тайлы да тиімді әдіс-амалдарын да ойластырып отырғанын көр­се­теді.
Университеттегі ғылыми-зерт­теу жұмыстарының беталысы да өзінше жолға қойылған арнайы бағ­дарлама бойынша жұмыс іс­тейді. Ол ғылыми инновациялық кә­сіби білім беру кешендеріне (НИПО) біріктірілген. Оның құра­мына төрт ғылыми-зерттеу қол­дан­балы лабораториялары (НИПЛ) кіреді:
1.Мәдениетаралық қатысым және тілдер мен мәдениеттердің фукнционалды прагматикалық типологиясы;
2. Өзгетілдік білім беруді та­ным­дық лингвомә­дениет­танулық әдістеме негізінде ұйымдастыру мен кәсіби білім беруде мамандыққа құзыреттілік тұрғысынан келу және оларды инфокоммуникация­лық білім беру технологиялары жағ­дайында біріктіре оқыту ар­қы­лы жаңғырту;
3. Әлемдік саясат және қазіргі ке­зеңнің халықаралық бірігу үде­рісі мен геосаяси үдерісі;
4. Экономика мен құқық мәсе­ле­лерін жаңғырту: ауқымды трендтер.
Бұлай бөлу, біріншіден, уни­верситеттегі жұмыс ауқымының негізгі төрт бағытына сәйкес алынды. Екіншіден, бұл лабораториялар университеттегі оқу-өндірістік кластерін құру әрекетіне қарай жа­салған қадамға сәйкес, атап айт­қанда, ғылыми ізденіс пен білім беру ісіндегі бірізді инновациялық кешеннің инфрақұрылымын қам­тамасыз ету жоспарына сай ірік­телді. Осының нәтижесінде 2015-2016 оқу жылында университетте мек­тепке дейінгі дайындық ке­зеңіне арналған «Smartkids» атты ор­талық ашылды. 12 жылдық бі­лім берудің негізгі баспалдығы үшін көптілді «Интерлингва» ли­цейінің ашылуына дайындық жұ­мысы бас­талды. 12 жылдық мек­теп­тердің кәсі­би бағытына ар­нал­ған пәндер бойынша ағыл­шын тілінде оқы­татын арнайы педагог-мамандар даярлау міндеті қойылды. Сондай-ақ, ғылыми зерттеу жұмыстарының қолдан­балы бағыттарының нәти­желілігін университетте атқары­лып жатқан басқа жұмыс түр­лерінен де көруге болады. Айталық, ЭКСПО – 2017 көрмесі үшін арнайы дайындалған бес тілдегі сөз­діктер мен тілашар кешендерін алайық. Университет оқытушы-про­фессорлар құрамы­ның осы әре­кетін лингво-фило­логиялық жә­не инновациялық-кластерлік әре­кеттің басы деп санауға болады. Ал бұл ЭКСПО – 2017 көрмесіне ар­нап сөздіктер кешенін жасау құқығын университет конкурстық негізде жеңіп алған еді. Бұдан бас­қа әр лабораториядан алынған тақырып бойынша жоба­ларға қа­тысу, монографиялар жазу, ма­қалалар жариялау, ғылыми-тә­жірибелік конференциялар, се­минарлар, семинар-тренингтер өт­кізу сияқты іс-шаралар ауқымы да біршама және олар үздіксіз жүріп отырады.
Бұл күндері Абылай хан атын­дағы ҚазХҚжӘТУ – кәсіби білім беруді әлемнің 12 тілінде жүргізетін көп салалы университет ретінде танылған іргелі оқу орындарының бірі. Еліміздің балабақшаларынан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық білім беру баспал­дақтарындағы шетел тілі ұстаздары – осы университет түлектері.
Университет 32 елдің 146 жо­ғары оқу орнымен серіктес-уни­верситет болып саналады. 2015-2016 оқу жылында университеттер арасында 28 келісімшартқа қол қойылды. Халықаралық ынты­мақ­тастық шеңберінде Чехия, Германия, Швейцария, Италия, Испания, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және басқа да елдер университеттерімен, білім беру ор­талықтарымен бағдарлама алмасу бойынша студенттер мен оқы­ту­шылар алмасып, оларды жыл сайын тағылымдамадан өткізіп тұру ісі жолға қойылған. Сондай-ақ, Абылай хан атындағы Қаз­ХҚж­ӘТУ әлемдегі ең беделді 14 Халық­аралық ассоциация мүшесі болып табылады.
Биылғы оқу жылында универ­си­теттегі төрт мамандық («халық­аралық қатынастар», «шығыстану», «аймақтану», «халықаралық құ­қық») «ACQUIN» білім беру бағ­дар­ла­масының» баға сапасы бо­йын­ша Халықаралық агенттігінің білім беру бағдарламаларына не­гізделген халықаралық аккредитациясынан өтті. Ал ұлттық рейтинг қорытындысы бойынша универ­ситеттегі негізгі тілге арналған мамандықтар («шетел филологиясы», «шет тілі: екі шет тілі», «аударма ісі») бірінші орын алды. Ха­лық­аралық аккредитация білім беру мекемесінің өзіндік сипаты мен ерекшелігін, мамандық саласы бойынша ұсынылатын білімнің көлемін, университеттің өзіндік дәс­түрі мен құндылықтарын, университет ретіндегі басымдылық­тарын айқындайды. Аккредитация университеттердегі білім сапасын жақсартуда, қоғам мүшелері ал­дындағы ашықтық пен айқын­дықты қамтамасыз етуде, халық­аралық стандарттың барлық та­­лап­тарына сәйкес келу нормаларын жүзеге асыру мақсатындағы жұмыс жүргізуді ұйымдастыруда аса қажетті, әрбір жоғары оқу ор­нының өзін-өзі ретке келтіру құра­лы іспеттес. Университет бұл сыннан үнемі сүрінбей өтіп келеді.
Университет өмірінің жан-жақ­ты интенсивті дамуы мен жаңаруын тілге тиек еткенде соңғы жыл­дардағы университеттің мате­риалдық-техникалық базасының жаңғыртылуын, айтарлықтай өскенін айтпай кетуге болмайды. Оқу корпустарының барлығы қа­зіргі заманға сай түрге еніп қана қой­ған жоқ, дәрісханалар бүгінгі оқыту технологияларына жауап беретін жаңа құрал-жабдықтармен жаб­дықталды. Университеттің спорт кешені де жаңадан салынып, қазіргі заман сұранысына лайық­талды. Сол себептен білім беру үр­дісі қазіргі заманғы жетілдірілген ма­териалдық-техникалық база не­гізінде өткізіледі және оны жоғары деңгейде ұйымдастырылған оқыту үрдісі бойынша білікті оқытушы-профессорлар құрамы қамтамасыз етіп келеді.
Университет түлектері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Оны жыл сайын университетті аяқтаған студенттердің 85%-ның жұмысқа орналаса алатындығымен дәлелдеуге болады. Мұның бар­лығы – Орта Азия аймағындағы өз­гетілдік білім беру ісін жүзеге асыру­шы жетекші оқу орны ретін­дегі Абылай хан атындағы Қаз­ХҚжӘТУ-ді дамытудың перспек­тивалық жоспарына сәйкес жүзеге асқан шаралар.
Абылай хан атындағы Қаз­ХҚжӘТУ өзінің 75 жылдық тарихында атқарған елеулі істері мен тындырған қыруар еңбегі үшін елі­міздің үкіметі мен Білім ми­нистр­лігі тарапынан да, халық­аралық ынтымақтастық тарапынан да, қоғамдық қауымдастық тарапынан да лайықты марапаттар­ды иеленіп келеді. Халықаралық ма­рапат­тар­дың ішінде Кембридж ғы­лыми қауымдастығының «Білім беру үз­дігі» атағын иеленуін уни­верси­теттің ірі табысы деуге болады.
Еліміздегі шетел тілдері маман­дарын дайындаудың көш басында тұрған Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін
75 жыл­­дық мерейтойымен құт­тық­тап, то­лайым табыстар тілейміз.

Әсипат Әлметова,
ҚазХҚжӘТУ-дің профессоры,
педагогика ғылымының докторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір