Білім шыңын бағындырар мекен
30.03.2017
1238
0

Бүгінгі күні Қазақстанның білім нарығында білім беру қызметін ұсынатын жоғары оқу орындары көп. Жоғары білім алуға құштар кез келген азамат оқу орнын таңдайтын кезде абдырап қалатыны рас. Ата-аналар балаларының тек білім алып қана қоймай, өз мамандығына дағдыланып, белгілі бір құзыреттілікке ие мықты маман иесі болғанын қалайды. Болашаққа нық сеніммен қарау үшін жоғары оқу орнын, мамандықты таңдауда студенттерге дұрыс шешім қабылдау қажет. 

Барша Қазақстан жастарының тәлім алар мектебі, білім іздеген талапкердің алтын ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Қасиетті қара шаңырақ ҚазҰУ – 85 жылға жуық тарихы бар, классикалық білім берудің нақты үлгісін жасаған үлкен орда. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп ғұлама әл-Фараби айтқандай, тәрбиеге толы құндылықтарымен қатар, студенттердің білім көкжиегін жан-жақты кеңейтуде жақсы істер атқарылуда.
Осындай құтты мекенде жоғары білім алам деуші жиырма мыңға жуық ізденушінің арманын орындау үшін жағдайдың барлығы да жасалған. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, тренажер залдары, спорт алаңдары және спорт кешені, заман талабына сай жабдықталған үш жүз адамдық интернет орталығы, медициналық бөлім, өз кинотеатры, қажетті оқу әдебиеттерімен жабдықталған оқу залдарының желісі және үлкен кітапхана жұмыс жасайды.
Бүгінгі күні ҚазҰУ – әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатарлардан көрініп, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда танымал болған заманауи білім ордасы. Жоғары білікті оқытушы-профессорлар құрамы, толық жабдықталған әл-Фараби кітапханасы жастардың бі­лім алу мүмкіндіктерін арттыра түседі. ҚазҰУ жоғарғы білікті ма­мандарды даярлауда зор әлеуетке ие. Университет құрамында 15 факультет, 63 кафедра, 20 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, сондай-ақ технопарк жұмыс жасайды. Екі мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары қызмет атқарады. Осыған дәлел ретінде World University Rankings QS (Ұлыбритания) беделді рейтингтік агенттігінің зерттеу қорытындылары бойынша, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 236 орыннан көрініп, әлемнің 250 үздік университеті қатарына енді. ҚР БҒМ-нің Ұлттық аккредитациялық орталығының бағалауы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қазақстандық жоғары оқу орындары арасында соңғы жылдардағы Ұлттық рейтингте көш бастап тұр.
Экономика және бизне жоғары мектебі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ірі бөлімі болып табылады, сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы экономика ғылымының ғылыми-зерттеу және педагогикалық орталығы болып табылады.
«Қаржы» кафедрасы қаржы саласында, банк ісінде, мемлекеттік бюджет және қазынашылық бойынша жоғары кәсіби білікті мамандар дайындайды.
Кафедрада студенттер ұйымының қызығушылығына қарай «Қаржыгер» ғылыми үйірмесі және Қаржыгер студенттік бірлестігі жұмыс жасайды. Кафедра студенттері жыл сайын өткізілетін «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясына, «Мен жастарға сенемін» республикалық патриоттық фестиваліне, экономика мамандықтары арасындағы, сондай-ақ, қаржы мамандықтары арасындағы республикалық, қалалық деңгейдегі олимпиадалар мен түрлі сайыстарға белсенді қатысады.
«Қаржы» кафедрасы білім беру, ғылыми жұмыстар, инновациялық, өндірістік, тәрбие жұмыстары бойынша іргелі кафедра болып табылады. Кафедра өндіріске инновация енгізетін, іргелі және қолданбалы зерттеуді дамытатын, әлемдік оқытуға белсенді интеграция жүргізетін жоғары білікті мамандар дайындайды.
Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Қаржы» кафедрасы тек қана республика деңгейінде ғана емес, сондай-ақ, әлемдік оқыту кеңістігінде лайықты Орта Азия аймағындағы білім берудің халықаралық орталығы болу үшін даму үстінде.
Ақмарал Мұстафина,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
Экономика және бизнес жоғары мектебі,
Қаржы кафедрасының аға оқытушысы.
Қорлан Қыдырмолданова,
қаржы мамандығының 4 курс студенті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір