Инженерлік білім мен ғылымның ұстаханасы
19.04.2024
116
0

Биыл ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы, КСРО ҒА академигі, Қазақ ғылым академиясының тұңғыш президенті, қазақ ғылымының атасы – Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл және өзі іргетасын қалап кеткен инженерлік білім мен ғылымның Хантәіңірі – Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (ҚазҰТЗУ) құрылғанына 90 жыл толып отыр.

Академик Сәтбаев айналасындағылармен қарым-қатынас жасауда, оларға әсер етуде және болашақты болжауда керемет қабілетке ие болған. Оның туған даласынан, жастық шағы өткен және көп жылғы геологиялық ізденіс жұмыстарын жүргізген өлкесінен 1961 жылдың 12 сәуірінде ғарышқа тұңғыш космонавт Юрий Гагаринның ұшуы кездейсоқ емес. Бұл дәуірлік оқиға ғылымының, техниканың және адамзат ақыл-ойының артықшылығын әлемге паш етті. Сондықтан Қазақстанда символикалық түрде Сәтбаевтың туған күніне орай, 12 сәуір Ғылым қызметкерлерінің күні деп бекітілген.
Қаныш Имантайұлы – ғұмыр жолы Баянауылдан бастау алып, қазақтың даласын қақ жарып өтіп, Алатаудан асып, әлемдік ғылым шыңына көтерілген ұлы тұлға. Ол шетте жүріп білім алып, елге оралып, қазақ жастары үшін техникумдар мен жұмысшы факультеттері мен институтарды ұйымдастырған. Қазақ геологиялық тресін білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында 1931 жылдың 31 қазанында Семейде Қазақ геологиялық-барлау техникумын ашқан. Өндіріс күштері жан-жақты дамып келе жатқан Қазақстанда техникалық жоғары оқу орны – Тау-кен-металлургия институтын (1934 ж.) ашып, нығайтуға да Қаныш Имантайұлы барынша күш салған.
Ауыр индустрияда үш сала бар: геология, тау-кен өндірісі, металлургия. Геологтар іздеп, кен орындарын тапса, оны игеру – тау-кен мамандарының ісі. Әрі қарай қазылып алынған кеннің құрамындағы қаншама элементті бөліп алу металлургиялық зауыттарда жүргізіледі. Бүгінгі Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың тірегі – осы үш мамандық бойынша кадрлар даярлап отырған Геология-мұнай және Тау-кен-металлургия институттары. Сондықтан әу бастан біздің институтымыздың дамуына мұрындық болған ұлттық мақтанышымыз Қ.И.Сәтбаевтың есіміне ие болу – ҚазҰТЗУ үшін зор мәртебе.
Қ.Имантайұлының сонау 1940 жылы: «Шығыста – Алтай алқабы, Оңтүстікте – Қаратау, Орталық Қазақстанның кенді жотасы, Батыста – Маңғыстау түбегі, міне, осының бәрі – кен байлықтың сарқылмас көздері», – деп айтқаны көрегендіктің, кәсіби білгірліктің айғағы болса керек. Міне, осындай жер қойнауындағы асыл қазынамызды тиімді пайда­ла­­­нып, кеннен металды ысырапсыз бөліп алу­ды жүйелі зерттеу жолдары да Қ.Сәт­баевтың есімімен тығыз байланыс­ты. Ол тау-кен инженері-геолог ретінде минералды ресурстарды пайдалануға ерекше қамқорлық жасады, КСРО-да алғашқылардың бірі болып пайдалы қазбаларды кешенді пайдаланудың маңызы мен қажетіне назар аударды. Сонау, 1962 жылы жария болған «Түсті металл рудаларын кешенді пайдалану бойынша Қазақстан Ғылым академиясының зерттеулері» атты еңбегінде: «Қазақстанның негізгі түсті металдар кен орындары дерлік көпкомпонентті болып табылады және олардың құрамында маңызды металл компоненттері бар. Минералды шикізатты толық және кешенді пайдалану – бүкіл ел үшін ең маңызды мәселе. Оның шешімі – минералды шикізат құрамындағы барлық пайдалы компоненттерді толық және кешенді пайдалануға мүмкіндік беретін, техногендік қалдықтарды қайта өңдеудің ғылыми негіздерін жасау және тиімді технологиялық әдістерін әзірлеу», – деп кен орындарының жай-күйін тереңнен зерделеген.
Қазіргі таңда Қазақстанның тек тау-кен кәсіпорындарында 50 млрд тоннадан астам өндіріс қалдықтары жинақталған және олар ауылшаруашылығымызға қажет үлкен аймақтарды (ауданы 200 шаршы километрге жуық жерді) алып жатыр, сонымен қатар қоршаған ортаға нұқсан келтіруде. Өндіріс қалдықтарының көлемі (1,5 млрд тонна) жыл сайын артуда, ал оларды қайта өңдеп іске асыру деңгейі төмен болып тұр.
Ірі өндіріс орындарынан бөлінген зиянды қалдықтардың шектен тыс көбеюі қор­шаған орта жағдайының нашарлауына, адам денсаулығының бұзылуына апарып соғуда. Осының барлығы қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлуді және оны қалпына келтіру жұмыс­тарымен айналысуды, сондай-ақ оның ресурстарын тиімді пайдалануды талап етеді. Осындай әдіс-әрекеттедің бірі – көп жылдан бері жинақталған Тау-кен кешендерінің қалдықтарын өңдеу және іске асыру. Ірі өркениетті елдер үлкен аумақты алып жатқан, жеңіл үрленетін заттардан тұратын, аймақтар үшін экологиялық тәуекелдің жоғары көзі болып саналатын осы ТМТ-ларды қайта өңдеуге және одан металл бөліп алуға күш салып, қалған бос тау жынысына екінші шикізат ретінде қарап, одан құрылыс материалын жасап шығаруға ден қойып отыр. Дәл қазір Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Мұхамбетрахымұлының жетекшілігімен тау-кен кешендерінің, оның ішінде Екібастұз көмірін жаққан жылу электр орталығының күлқалдықтарынан құрылыс материалы мен бұйымдарын жасап шығаратын ауқымды ғылыми жобаның жүзеге асырылып жатқаны университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстары деңгейінің жоғарылығын дәлелдейді.
Қ.И.Сәтбаев еңбектерінің шырқау шыңы – ол 1958 жылы Орталық Қазақ­станның болжамдық металлогениялық картасын жасап, бір топ қазақстандық геологтың Лениндік сыйлыққа ие болуына ықпал еткені. Сол картаны жасаған кезде Қаныш Сәтбаев барлау жүргізілген аймақтағы төрт-бес кен орнын геологиялық картаға кіргізбеген екен. Неге кіргізбегені жөнінде әріптестеріне: «Ондағы руда қоры өте тереңде. Қаржыны да, техниканы да көп қажет етеді. Толық пісіп-жетілмеген кен орындарын картаға енгізуге әлі ерте», – деп баяндаса, сырлас достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да керек емес пе?» – деген екен. Міне, көрегендік, мемлекетшілдік, ұлт­жандылық деген осы емес пе! Ғұлама ғалымның сол еңбегінің жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отыр.
Академик Сәтбаевтың арқасында Қазақ Ғылым академиясы жанынан «Астрономия және физика институы» және «Аспан әлемі мен Жер туралы ғылым» бөлімшесі құрылып, оған ионосфера секторы кірген болатын. Бүгінде «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялардың ғылыми орталығына» Астрофизика институтымен, Сәтбаев университетімен бірігіп ғылыми жұмыс жүргізіп, студенттерге арнап филиал ашып отырған Ионосфера институты кіреді.
Бүгінде инженер мамандарын даярлайтын Қазақстанның қара шаңырағы – Қаз ҰТЗУ-дың құрамында 1000-ға жуық оқытушы бар. Бірқатары Сәтбаевтың көзін көрген, өмір жолын Қаныш Имантайұлымен бірге бастаған – А.Ж.Машанов, Ш.Е.Есенов, Ө.А.Байқоңыров, Г.Ц.Медоев, Е.А.Букетов сынды ғалымдардан дәріс алған. Иә, «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген – осы. Ғұламаның еңбегі де, ол іргесін қалаған оқу орны да халық игілігіне қызмет ете бермек.

М.Б.НҰРПЕЙІСОВА,
Сәтбаев сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Сәтбаев университетінің профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір