ІЛІМ – ЖАРАТҚАННАН, БІЛІМ – АДАМЗАТТАН
12.07.2024
341
0

«Адамның болмысын танып болдық па?» деген мақала «Қазақ әдебиеті» газетінде (29-наурыз, 2024 жылы) жарық көрді. Жақша ішіне (Абай, Шәкәрімнің адамтану іліміне талдама) – депті. Мақала авторы өзіме белгілі Асан Омаров.
Белгілі болғанда жетекшілігіммен кандидаттық диссертация қорғаған, бірақ мен қолданбайтын түсініктерді қолданған. Шәкірт ұстазынан озса несі мін.
Бұл жерде шәкірт-ұстаз дегендерді қоя тұрып, ғылым туралы айтайық, себебі Асан Омаров мырза мақала соңында өзін «зерттеуші» депті.
«Адам болмысын танып болдық па?» – деп сауал қояды зерттеуші Асан Омаров. Турасын айтқанда, бұл сауал емес, сандырақ.
Біз пенделер ешқашанда адам болмысын танып болмақ емеспіз. Адам құпиясы тек Алла тағалаға аян. Дәл бүгінгі күннен мың жыл өтсін, мыңдаған зерттеу­ші Асан Омаровтар өмірге келсін, соның ешқайсысы адам болмысын танып білмек емес.
Адам болмысы адамзатпен бірге кететін құпия. Адам болмысы мәңгілік өзгерісте. Мың жыл болса, мың жылдық өзгерісте. Дүние өзгерісте, адам да өзгерісте, адамзат та өзгерісте. Әр өзгерістің өз әңгіме-санасы бар. Ақындар, жазушылар, хакімдер сол адам өзгерісінің сәттерін ғана білушілер. Сол білген, танығанымызды замандастарға айтамыз, ой-пікір бөлісеміз, небәрі сол, айналайын, Асан мырза!
Адам болмысын танимын деп тыраштанба, ол – сенің де, менің де қолымыздан келмейтін іс.
Адам болмысы – мәңгілік құпия. Адам түгілі, оның бір дерт ауруы «қатерлі ісікті» дүниежүзінің дәрігер ғалымдары болып не екенін таба алмауда.
Адам болмысын танып білсек, ақындық деген жойылмақ, себебі бәрін біліп болған соң, ақын адам туралы не айтпақ, адамды танып болсақ, ғылым тоқтап жойылмақ. Бұл – есалаң ой. Ақырзаман санада бар, ол қай кезде болмақ. Ғалымдар ол «күн таусылып сөнгесін болмақ» дейді. Күннің сөнуін әлі де ешкім анық зерттеп, танып білген жоқ, сірә да ол сол утопия деңгейіндегі жағдай.
Адамды Алла тағаласыз білу мүмкін емес. Бұл ойды 1995 жылы «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы» деген докторлық диссертацияда тәржімелеп айтқанмын.
Асан мырза, «Адам болмысын танып болдық па?» деген тұрпайы атеистік сауал. Мұны бір делік. Мақала астында жақшаға (Абай, Шәкәрімнің адамтану іліміне талдама) деген түсінік бар. Бұл жоғарыда айтылған сауалдан да асып түскен надандық.
Келісіп алалық. Абай да, Шәкәрім де – мұсылмандар. Асан мырза, бұған дау жоқ қой?! Ендеше, Құран-Кәрімге назар аударайық. «Алладан ілім келгеннен кейін, оны кім өзгертсе де, оған Алла тартқызар азап күшті». Бақара сүресі, 211 аят.
Адамтану ілімі қайдан шыққан?
Ілім Алла тағаладан келген. Ілгеріде айттық, адам – Алла тағаланың құпиясы. Адам туралы ілім – Құранда. Демек, адам туралы ілім Құран арқылы Алла тағаладан аян арқылы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) түскен. Біз Алладан түскен ілімді сөзсіз мойындауымыз керек. Құранда бұл ілімді кім өзгертсе, оның Алла тарапынан тартар азабы күшті делінген.
Адамзат тарихында адам туралы ілім жасамақшы болғандар туралы білеміз, әріге кетпей ілім жасамақшы болған Карл Маркс, Владимир Ленинді айтсақ жеткілікті. Олар Құдайды жоққа шығарып, Құдай дағуасын құрғандар, қайда олар, қайда олардың шірік «ілімдері».
Абайды да, Шәкәрімді де мұқият оқығандардың бірімін, Асан мырза, айтыңызшы, олар қашан, қай шығармаларында Алла тағаламен таласа, ілім жасамақшы болған немесе Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев т.б. Алаш кемеңгерлері Абай ілім жасады деді ме, Құдай сақтасын, олар мұсылмандар, ондай кәпірлік сөз еш уақытта олардың аузынан шыққан емес.
Сөздің қысқасы, ілім – Жаратқаннан, білім – адамзаттан. Ілімде қателік жоқ, ал білім адамнан болғандықтан қателіктер болуы әбден ықтимал, себебі Алла – мінсіз, адам – мінді.
«Ей, Мұхаммед! Құран Тәңірің тарапынан жіберілген ақиқат ілім». (Каһф сүресі, 29 аят).
«Ей, Мұхаммед! Сен айт: Құдай сендерге ілім жіберді ғой, сөйте тұра, құдайдан басқа қандай құдірет іздемекпіз? де». (Әнғам сүресі, 114 аят).

* * *

Шу баста қателескен соң, сөз бұйдасы оңа ма? Мақалада: «Кант, Гегель, Шопенгауэр сынды әйгілі философтар…»
Осы тұста айтарым, «Абай туралы айт­қанда аты аталған Батыс ойшылдарының еш қажеті жоқ. Философия – Батыс Еуропалық, анығын айтсақ, христиандық бағытта өрбіп-өскен ой-сана. Әл-Кинди, Әл-Фараби сынды ойшылдар – фәлсапашылар. Философия дінге қарсы болса, фәлсапада дін – білім. Мұсылман ойшылдарын – фәлсапашылар, ал батыстық христиандарды – философтар дейміз. Осы мәселені түсініп, ажыратып біл, Асан мырза!
Абай философия дегенді мүлдем қолданбаған, ол хакім. Мақаланы талдаудың еш қажеті жоқ, бәрі сізге дейін талай айтылып, таратылған «Данышпан Шәкәрім» кітабын қолыңызға алып оқыңыз, келіспесеңіз оны айтарсыз.

Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір