ҰЙҒЫР ӘДЕБИЕТІ
Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті еліміздегі көп ұлтты әдебиеттер қатарынан қалмай дамып келе жатқаны баршаға белгілі. Ұйғыр ақын-жазушылары да көптің қатарында өз үлестерін қосып келеді. Осыған дейін әр жылдары ақындардың өлеңі басымдау болып келсе, бұл жылы жазушылардың прозалық еңбектерінің салмағы басым секілді.
Ұйғыр әдебиетінде проза жанрының өсуіне зор үлесін қосып келе жатқан көрнекті жазушымыз Ахметжан Аширидің екі повесінен («Нұр ана», «Кешпес көңілім») тұратын «Тағдыр» деп аталатын повестер жинағы жарық көрді. Осылайша бүгінгі буынның есіне салып, аға жазушының асыл қазынасынан сусындатып отыр. Онан соң өзінің көркем шығармаларымен кең танылып келе жатқан жазушы Алимжан Баудуновтың «Қайдасың бақыт?» атты повесть-әңгімелер жинағы оқырманға жол тартты. Ұйғыр әдебиетінің бір саласы сатира жанры. Бұл салада өз шығармаларымен кең танылып келе жатқан дарынды сатирик жазушы Абдухалық Махмудовтың сатиралық әңгіме-өлеңдер мен мақалаларды қамтыған «Болған болмиғур ишлар» атты кітабы «Асыл кітап» (баспа үйі ЖШС) баспасынан жарық көрді. Ұлтымызға белгілі «Ана мирасы» романының авторы Дүрнәм Мәшурованың «Тағдыр талқысы» атты кітабы осы жылдың жаңалығы ретінде оқырмандарын қуантты.
Шығармашылық жолында салмақты да салиқалы еңбектерімен елге танылып жүрген жазушымыз «Тұтқын», «Жады», «Ғапыл дүние» романдарын оқырмандарына ұсынып, сыншылар тарапынан оң бағасын алған қаламгеріміз Алимжан Баудунов деп айтуға болады. 2016 жылы ол өзінің үш хикаят, бірнеше әңгімеден құралған кітабын көпке ұсынды. Жинақтағы «Қалған көңіл», «Ойланбай басқан қадам», «Ай жүзіндегі бұлт» қатарлы хикаяттары мен «Маһигүлдің тағдыры», «Сені ұмыта алмаймын», «Аһ, жоқтық», «Ана аманаты» еңбектерінде өмірдің алуан түрлі құбылыстарын алдымызға тартып Дилбәр, Сабыржан, Гауһар, Әзиз, Райхан секілді кейіпкерлер образы арқылы айтар ойын жеткізеді. Олардың мінез-құлқындағы өзгерістерді, іс-амалдарын, өмірге болған көзқарастарын, ішкі жан толғаныстарын, ұйғыр ұлтына тән ұлттық сипаттарымен қоса ортаға алып шығады. Оның шығармаларында отаншылдық, адамгершілік, намыс, ар-ождан, махаббат сезімі бой көтерсе екінші жағынан бейшаралық, кедейшілік, ашкөздік, жиіркенішті арамдық пиғылдарыда қатарласа, жүреді.
Ұйғыр тіліндегі шығармалардың арасында балалар әдебиетінің де тамшылары көзімізге түсті. Бұл жанрдың бүге-шігесін жақсы меңгерген жазушылар көп болмаса да бар. Олар Аблиз Һезимов, Авут Мәсимов және Қасим Исмаилов деуге болады. Өзінің балаларға арнаған «Жақсыдан тал қалады», «Жақсының шарапаты», «Нәзік жүрек», «Достыққа адалдық», «Бақытты балалар» жинақтарымен танылған жазушы Қасим Исмаилов өткен жылы кезекті «Ішіне сыр бүкпейтіндер» кітабын кішкентай оқырмандарына сыйлапты. Кітап әр алуан жануарлардың суреті мен балалардың бейнесімен безендірілген. Оның ерекшелігі әңгімелер үш түрлі тақырып астына жинақталған екен. Балаларды қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға, жан-жануарларды жақсы көруге шақырады. Одан ары ілгерілей түсіп, ата-ананы ардақтауды сіңіреді. Қарттарды құрметтеп үлкендерді сыйлаудың абзал екенін көркем түрде көрсетеді.
2016 жылдың басқа жылдармен айырмашылығы авторларымыздың еңбектері орыс, түрік, қазақ тілдеріне аударылып, оқырмандарының аумағы арта түскені деуге болады. Атап айтар болсақ, Ахметжан Аширидің «Идиқұт» романы түрік тілінде Анкарадағы «Бенгу» баспасынан жарық көрді. «Үркер» журналында «Қырман астыққа толғанда» әңгімесі қазақша басылса, осыған дейін ұйғыр және орыс тілдерінде жарық көрген «Ділі зия» романы қазақ тілінде толығымен басылып шықты. Осы шығармалардың қазақшаға аударылуына өз қолтаңбасын қалдырған ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы екенін айта кеткеніміз орынды.
Әдебиет майданында өнімді еңбек етіп, тың туындылар жазып жүрген жазушы Дүрнәм Мәшурованың «Ана мирасы» кітабы 2013 жылы Лондонда өткен әдебиет фестивалінде аударма (Open Central Asia Forum) номинациясы бойынша 1 орын алғаны белгілі. Бұл еңбек ақын Дәулетбек Байтұрсынұлының аудармасымен қазақ тілінде жарық көрді. Бұл романда өткен ғасырдың 30 жылдарынан тәуелсіздігімізге дейінгі мезгілдің оқиғалары жинақталып жазылған. Атап айтқанда, 37 жылдардағы «халық жауы» деген нәубеттің ұйғыр халқының да басына түскендігін, трагедиялық тағдырын, сондай-ақ, Отан соғысы кезеңіндегі қиыншылықтарды бейнелейді.
Шығармаларын орыс тілінде жазатын жазушыларымыздың бірі Абдувәли Садыровтың 2016 жылы «Періште Укоко» романы жарияланса, жазушы Тельман Нұрахуновтың аудармасымен ұйғыр тілінде «Қашқар Гладияторы» жарық көрді. Жазушының бұл еңбектері тарихи тақырыптарға құрылған.
2016 жылы поэзия жанры бойынша ауызға аларлық еңбек ақын, филология ғылымының кандидаты, «Ильһам» сыйлығының Патигүл Мәхсәтованың «Өзіңе сенем» атты өлеңдер жинағы (аударған ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы). Бұл жинақтағы өлеңдер ақынның көп жылдан бергі еңбегінің таңдамалысы деуге лайық.
Балалар мен жасөспірімдердің Республикалық «Ақ желкен» 2016 жыл қыркүйек 9 санында ұйғыр қаламгерлеріне арнайы бет беріп Илия Бахтияның, Рахимжан Розиевтың өлеңдері Уақап Қыдырханның аудармасымен, жазушы Авут Мәсимовтың әңгімелері ақын Дәулетбек Байтұрсынұлының аудармасымен жарыққа шықты. Осы арада өткен жылға көз жүгірте отырып қарасақ, қазақ қаламгері, «Ильһам» сыйлығының иегері Дәулетбек Байтұрсынұлы екі роман, бір өлеңдер жинағы, бір әңгіме-повестер кітабын қазақшалағанын көпке жеткізгіміз келеді.
Драматургия жанры бойынша да біршама жұмыстар қолға алынуда. Олардың арасынан көрнекті жазушылар Тұрған Тоқтамовтың «Назугум» және Ахметжан Аширидің аудармасы бойынша қойылған орыс жазушысы А.П.Чеховтың «Вишневый сад» пьесалары Қ.Ғожамияров атындағы ұйғыр театрында сахналандырылды. Осы күнге дейінгі жүріп келе жатқан жазушы-драматург Ахметжан Аширидің «Идиқұт» шығармасының жалғасы «Баурчуқ Арттекин», жазушы Әкрәм Ахметовтың «Махмут Қашқари», Алимжан Баудуновтың жазушы Хевир Төмурдің «Абдуқадир Дамолла туралы қисса» атты еңбегі бойынша пьесаға айналдырылған «Абдуқадир Дамолла» секілді жұмыстарды атауға болады. Балаларға арналған қойылымнан жуырда сахнаға шығудың алдында тұрған Авут Мәсимовтың «Шырын өмір» атты ертегі спектаклі шымылдығын ашудың алдында тұр. Өкінішке қарай, драматургиялық шығармалардың орны әлі де болса олқы соғып тұр, бұл жанрда қалам тартатын қаламгерлердің қатары да аз емес.
Гүлнар АВУТОВА,
филология ғылымының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.