Кеңес Нұрпейісұлы һәм Алаш қозғалысы
Кеңес Нұрпейісов Ұлы Отан соғысынан кейінгі «алыптар» буынының (Қазақ ССР Ғылым академиясының академиктері А.Н.Нүсіпбеков, С.Н.Покровский, С.Бейсембаев, А.М.Панкратова, Е.Бекмаханов, Ә.Х.Марғұлан, академияның мүше-корреспонденті Г.Ф.Дахшлейгер, Б.Сүлейменов, тарих ғылымының докторлары Т.Е.Елеуов, А.С.Елагин) ғылыми ізденістерін көріп, әріптес бола жүріп, олардан кейінгі орта буыннан өзіне лайықты орнын ала білген ғалым.
Кеңес Нұрпейісов бір шоғыр ғалымдар М.Қозыбаев, К.Ақышев, М.Асылбеков, Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, В.Востров, У.Шәлекенов, Р.Сүлейменов, Т.Балақаев, О.Исмағұлов, Б.Көмеков, К.Байпақов, Ә.Тәкенов сияқты тарих ғылымының болашақ үлкен зерттеушілерімен әріптес бола жүріп, қазақ тарихи ғылыми ортасына қалыптаса түсуіне ықпал еткені белгілі. Небары 28 жасында кандидаттық, 38 жасында докторлық диссертациясын қорғап, қырықтың қырқасына шыға бере профессорлық атаққа ие болып, ердің жасы елуге жетпей жатып Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлық лауреаты атануы жанкешті ғалымға үлкен еңбекпен келгені әркімге де аян. Әрине, Кеңес Нұрпейісұлы қазақтың қаны сорғалаған күрделі тарихи тақырыптарға бірден барды десек, артық айтқандық болар. Өзінің алдындағы Е.Ділмұхамбетов, Е.Бекмаханов, І.Есенберлин сияқты аға ұрпақтың басынан кешкен «тар жол, тайғақ кешулерінен» хабардар К.Нұрпейісов, өзінің де жастай тұл жетім қалып, интернаттан тәрбие алғаны және «халық жауының» ұрпағы екені, әрбір шалт басқан қадамы «қадағалауда» екенін түсініп, сезіне білді. Жас ғалым осындай қауіптерді біле тұра ағалар аманатына адал болды. Оған Е.Б.Бекмахановтың өмірі мен қызметі, оның қуғын-сүргінге ұшырау себептері туралы жазған зерттеулері, Е.Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғ. 20-40 жылдарында» атты монографиясын талқылаған мәжіліс стенограммасын жеке кітап етіп жұртшылыққа жариялауы, т.т. еңбектері дәлел.
Кеңес Нұрпейісов қазақ халқының 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістері, 1917 жылғы революция оқиғалары, Қазақстан Кеңестері жұмысшылар мен шаруалар билігін нығайту үшін күрестері, Қазақстанның шаруалар Советтері, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы мен Азамат соғысы, 1918-1920 жылдардағы ұлттық-мемлекеттік құрылыс, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылу тарихы, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның ұлттық-территориялық межеленуі, Кеңес өкіметінің Қазақстандағы аграрлы реформалары, Қазақстанда Кеңестердің құрылуы сияқты тақырыптарда үнемі зерттеу мақалаларын жариялап тұрды.
Тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі қоғамдық-саяси өзгерістер Қазақстандық тарих ғылымына да түбегейлі бетбұрыс жасады. Бір кездері Кеңестік идеология тежеу салған ұлт-азаттық көтерілістер, Алаш және «Алашорда» тарихы жаңаша қырынан танылып, жаңа тұрғыда, белсенді түрде зерттеліне бастады. Осы бастаманың бел ортасында жүріп, тікелей білек сыбана «томағасын сыпырған қырандай» болып кіріскен көшбасшылардың бірі К.Нұрпейісов болды. Нәтижесінде «Алаш һәм Алашорда» атты іргелі монографиялық зерттеу (Алматы, 1995) жарыққа шықты. Әріптестері сол кездің өзінде-ақ бұл еңбектің авторын «Алаш ұлт азаттық қозғалысы және «Алашорда» автономиясының тарихын зерттейтін ғылыми мектептің негізін салушылардың бірі» деп дер уақытында тиісті бағасын да беріп жатты.
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының түпкі мүддесі бір болғанымен, сол жолдарға жетелейтін бағыттары әр түрлі болуы табиғи заңдылық. XX ғасырдың бас кезінен-ақ бұқара халыққа «Оян, қазақ!», «Маса» немесе «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп ұран тастаған қазақ зиялылары 1916 жылғы маусым жарлығына дейін негізінен оқу ағарту ісімен айналысып, патша үкіметінің отарлық саясатына қарсылық танытумен болды. Бұл істің басында тұңғыш бұқаралық сипатта, ұлттық либералдық бағытта ұйымдастырылған «Қазақ» газетінің төңірегіне халықтың зиялы өкілдерін топтастырып, ұлттық саяси ұйым құру жолдарын іздестіре бастаған жас қазақ интеллигенциясының дем берушілері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты қазақ ұлтының озық ойлы өкілдері тұрған еді. Таптық принциптерді емес, тұтастық идеяларын, төңкеріс жолын емес, реформа жолын таңдап алған Алашорда үкіметі Совет үкіметі мен большевиктер идеяларын қабылдамады. Алайда, адам факторын екінші қатарға қойып, біржақты революциялық идея жолын таңдаған большевиктерге алашордалықтардың мұндай саясаты түсініксіз еді.
Алғашқы кезеңде Ресей Думасына қатысып, саяси тәжірибе жинақтаған қазақ зиялылары негізінен, қазақ қауымы үшін өмірлік маңызды үш мәселеге көңіл аударады. Ол «автономиялық тәуелсіз қазақ мемлекетін құру» (А.Байтұрсынов, М.Дулатов) немесе «демократиялық, федеративтік және парламеттік Ресей республикасы құрамындағы қазақтың ұлттық территориялық автономиясы болу» (Ә.Бөкейханов), екіншіден, халық меншігіндегі жерді жеке меншікке бермеу (бұл тұрғыда Ә.Бөкейханов «біздің қазақ жерді меншік қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді» деп үзілді-кесілді қарсы болған) және дінді мемлекеттен бөлу (себебі, «молда хүкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ-асты болмақ. Жалование алған молдалар хүкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, хүкімет ісінен бөліп қойған оң болады») деген.
Алаш қайраткерлерінің бұл әрекетін өздерінше таптық жікшілдік тұрғысынан қарастырған 1920-1930 жылғы біраз зерттеушілер оларды «ұсақ ұлттық буржуазиялық партия» (А.Богачев републикалық мемлекеттік баспа директоры), «бүкіл байлардың саяси ұйымы» (С.Брайнин мен
Ш.Шафиро), «жартылай феодалдық байлардың партиясы» (Құрамысов) деген баға берген еді.
Міне, осындай ақиқаты анықталмаған, шым-шытырық қайшылықтарға толы, бір кездері қатаң тыйым салынған кезең тарихын зерттеуге Кеңестік режим құласымен-ақ өзін сол дәуірді зерттеуге моральдік қатысым бар деп санайтын біраз тарихшылар атсалысқаны белгілі. Әрине, әрқайсысы өз таным-түсінігі деңгейінде біреулерді қаралай, байыбына жетпей жатып ғайбаттауға дейін барып эмоцияға беріле жазғандары да болды. К.Нұрпейісовтің бұл тақырыптағы зерттеулеріне зер салсақ, тарихшының бұл салаға аса жауапкершілікпен, салқынқандылықпен, іштей дайындықпен келгенін байқаймыз. Зерттеушінің тарихи тұжырымдары дәлелді деректермен үндесіп, көбіне белгілі бір түйін, қорытынды жасауды оқырмандардың өзіне қалдырып отырады. Тарихи тұлғаларды бір-бірімен айтыстырмай, бір-біріне қарсы қоймай, сол кезеңдегі жымдасқан уақиғаларды ой елегінен өткізіп, объективті тарихи бағасын беріп отырған. Академик К.Нұрпейіс жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін орта мектептер үшін Қазақстан тарихы бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға да белсене атсалысты. Әрине, алаштұлғалы азаматтың бұған араласпаса азаматтық ары жібермейтіні белгілі еді. Себебі, «тарихы қалың, бірақ оқулығы жұп жұқа» (Қ. Мырзалиев) қазақ тарихында бұрмалаулар көп еді. Орыстың отарлаушыларына дейін тіпті батырлардың өзі тек елбұзар «барымташы» деңгейінде ғана бағаланған жағдайда селқостық таныту шын ғалымға сын еді. Болашақ ұрпақты тура жолға салуды өзіне парыз санады. Бұл туралы өз естелігінде «…еліміз егемендігін алғаннан кейін өзіміздің тарихымызды халқымызға, әсіресе жастарға үйретуге мол мүмкіндік ашылды. Тарихи сана жетілмей, тәрбиеленбей өткенімізге дұрыс баға бере алмайтынымыз кәміл, енді еліміз тарихының шаң басып жатқан шындық беттері ашылған кезде тарихи санамызды ояту үлкен мақсат болып отыр. Өйткені, сәулелі сана – мәуелі болашақ емес пе?», – деп ағынан жарыла мойындағаны да рас. Осы мақсаттар мүддесінен шығу жолында ғалымға біраз ізденуге тура келді. Ол үшін алдымен педагогикалық оқу процестерінен өтіп, қажетті методикалық әдістемелерді игеру қажет болды. Осы себепті, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының тарих факультетінде ширек ғасырдай дәріс беріп, оқытушылық сатыдан да өтуге тура келді. Оқулық жазу ісіне үлкен жауапкершілікпен қарағанын ғалымның «Мектептерде Қазақстан тарихы дұрыс оқытылып жүр ме?» деген проблемалық мақаласынан да айқын аңғаруға болады. «Тарихшылардың жаңа көзқарастағы мәселелері мектеп оқулықтарына там-тұмдап еніп жатыр. Мен өзім де осы оқулықтар жазуға араласып жүрген адаммын. Оқулық жазу – жеке монография жазғаннан да әлдеқайда қиын шаруа екен. Оны өзімнің тәжірибем көрсетті. Ол оқулық міндетті түрде әр сыныптың оқушысының жас деңгейіне, қабылдау ерекшелігіне лайықтап жазылуы қажет. Оқулық жазу жеке адамның ғана шаруасы емес, ол ұжымдық еңбек. Оқулық жазуда тек ғалымдар ғана қатынасып қойса, онда ол біржақты оқулық болады екен, оған қосымша ұстаздың әдістемелік мәселелерінің қыр-сырын игерген педагогтар қатысуы керек
екен», – дегені ғалымның тарих ғылымына да қойнауы терең ғылым деп, ол ғылымға барар жолға ұлт мүддесі, болашақ тәрбиесі тұрғысынан қарағандығын байқаймыз.
P.S.:
Астанадағы академиялық Ұлттық кітапханадан академик К.Нұрпейісұлының туған күніне орайластырып арнайы «ғалым залы» ашылмақшы. Оған ғалым кітапханасындағы төрт мыңға жуық кітабы, жеке мұрағаты тапсырылмақ. Академик ғалымның мол мұрасы сондай залдарда кеңінен насихатталады деп сенеміз.
ДәуренЕскекбаев,
Алматы менеджмент университетінің жетекші ғылыми қызметкері.