ЖҰМАТ ШАНИН және «АРҚАЛЫҚ БАТЫР»
17.03.2017
2736
0

Сылдырай аққан бұлақтың бастаудан басталатыны сияқты, «театр» өнері қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Жұмат Шанинге соқпай өтпейтіні шындық. Қазақ сахарасында «театр» өнерінің қиелі дәні егіліп, қадалған жас шыбығы – бәйтерекке айналып, көрерменін бірде күлдірсе, бірде мұңайтып, ішіндегі шерін шығартатын бекзат өнердің бастауы қалай басталған еді? Қандай жолдардан өтіп, қандай асулардан асты? Міне, бүгінгі ой-толғау осы төңіректен өрбімек.

Кейде, талант иелерінің шы­ғар­машылығына көз жүгірте қара­ған­да, өнер майталманының «төл­құжатына» айналатын туын­дылары бо­латыны белгілі. Қазақ театр өне­рінің алғашқы кәсіби режиссері Жұмат Шанин шығарма­шылы­ғы­ның «төлқұжаты» – «Арқалық батыр» тарихи драмасы.
«Театр» сөзінің қазақ санасына бойлай еніп, қалыпқа сіңісуі оңай­ға түскен жоқ. Сол кезеңде өнерімен ел аузына іліге бастаған Әміре Қа­шаубаев, Иса Байзақов, Құр­ман­бек Жандарбеков, Қажымұқан сын­ды майталмандардың басы бірігіп, Ақмешітке жиналды.
«…Қазақтан артист табыла ма, пай­дасы бар ма, шамамыз келіп алып жүре аламыз ба?» деген сияқты қауіп­терді екінің бірі айтқан еді…», – деп Ж.Шанин өзінің «Қазақстан мемлекет театрының жайы» деген ма­қа­ла­сында жұмбағы мол, шешімі күр­делі театр жолы жайлы жазған бол­атын.
Күмәндана қараған көрермен­нің ықыласын бұру – майдан қыл суыр­ғандай қазабат екенін біле тұра, бел шеше кіріскен майтал­ман­дардың қатарын Серке Қожам­құлов, Жұмат Шаниндер толық­тыр­ды.
Басталған істің басында, белгі­лі талантқа мойынсұнып, тізгін бе­рілетіні секілді, сан алуан өнер түрін меңгерген Жұмат Шанинге – театр басшылығымен қоса ре­жис­серлікті сеніп тапсырады.


Ресей театр реформаторы Ста­нис­лавскийдің ілімін мүм­кін­ді­гін­ше зерттеуді қолға алған Ж.Ша­нин, актерлік шеберлік мектебін өт­пеген өнерпаздарды үйретумен қа­тар, ойнап көрсетіп, жетелеп отыр­ды. Оған, Амантай Сатаевтың «Өре­лі өнер өрісі» мақаласында акт­риса Әйнеш Ержанованың өз ба­сынан кешкен кездесулерімен қа­тар, ел арасынан шыққан талант­ты өнерпаз Бісміллә Балабековтен жазып алған: Жұматтың «Арқалық батыр» пьесасында Әміре екеуміз Қияқ пен Тұяқ болып ойнаймыз. Сол тұста Жұматтың Әміреге: «Он жасар дө­нен­қара бұқадай» деген сөздерді әнмен айт­қанда, бұқаша күжірейіп, жұртқа қарап, аузыңды толтырып айт» деп үйреткені әлі есімде. Кезекті репетициядан Әміре, Иса үшеуміз клубтан бір­ге қайтамыз. Сонда Иса: «Осы Жұ­мат ағамызға таң қаламын. Өзі бір жақ­тан ойын кітаптарын сахнаға қа­лай қоюды меңгеріп, тағы бір жақ­тан адамның қимыл-қаракеттерін айна-қатесіз қолмен қойғандай етіп қалай үйретеді?» деп таңданатын. Оған Әміре басын изеп қоятын…» деген естелігінен Ж.Шаниннің Ом­бы қаласында оқып жүрген кезі­нен-ақ театр әлемімен таныс бол­ға­ны кө­рініп тұр.
Бүгінгі талап көзімен қарасақ, «Ар­қалық батыр» драматургиялық құры­лымымен сай да болмас. Әң­гі­ме ол жайында емес. Әңгіме – «Арқалық батыр» драмасының, қа­зақ көрерменіне жол тартуында. Ол жайында Есенгелді Жақыпов былай деп еске алады: «Драматург Жұмат Шаниннің қаламынан шыққан пьесалардың күрделісі «Арқалық батыр», театрымыздың балаң шағында қойылған өте ірі спектакльдердің бірі екендігін атап айтамыз. Ол уақытта спектакльдердің көркемдік кедейлігіне, театрдағы сахна техникасының жұ­пынылығына және шығарманың дра­матургиялық босаңдығына қарамас­тан, «Арқалық батыр» сол жылдардағы көрерменнің жалықпай көретін пье­са­лары­ның бірі болды. Сахнада үш жүз рет­ке жуық қойылған…», – деп жазды.
Ел құлағы «театр» сөзіне үйрен­бе­ген, санасына сіңбеген тұста «Теат­р» тізгінін ұстау – Ж.Шанинге оңайға түспеді. Жарғақ құлағы жас­тық көрмей, жаңа қоғам қалып­тастыру жолында, арпалыс кезеңін басынан кешіп жатты. «Драматургия» сөзі әдебиет әлеміне еніп үл­гер­меген кезеңде сахнаға қойылым қою – өзгеше өлермендікті, ізденіс­ті қажет етті.
«…Бізде театр кітабы тапшы. Бар іліп аларын жылына бірнеше қоя­мыз. Сахна кітабының тапшылығы көз­ге көрініп отыр…», – деп Жұмат Ша­нин театрдың шығармашылық қа­жеттілігін басшылыққа, әдебиет май­талмандарына күйінішпен ай­тып, орталай білек сала, жан­дан­дыруға үлес қосуға шақырды.
«Арқалық батыр» пьесасын жазу­мен шектелмей, сахналаған ре­жиссері де Ж.Шаниннің өзі бол­ды. Өзі Арқалық батырды сомдай отырып, кәсіби сахнаның дәмін татпаған, ел ішінен жиналған актерлермен жұмыс істеу – инемен құдық қазғандай тірлік еді. Таби­ға­тынан мінезі жұмсақ, артистердің жетіспей жатқан кемшілігін дауыс кө­термей-ақ сыпайы дәлелдеп бе­ріп, «мынаны былай етсе қайтеді?» деп ақылдаса отырып, актердің өзі­не салатын режиссерлығы, үзең­­­­гілестерін өзіне жақындастыра түсті.
Кезінде, іздемпаз, талантты ре­жиссер жайында біртуар ғалым Қаныш Сәтпаев: «Қазірде ұлт труп­па­сының басында Жұмат сияқты театр жұмысын шын сүйетін, қалам өнеріне де шебер, қажырлы азаматымыз отыр. Бұл да ұлт театрының ке­лешекте түзу жолмен жүріп, тез өр­кендеуіне сенім болуға жарайды…», – деп жазған болатын.
Декорациясы жоқтың қасы ке­зеңде, артистердің жансебіл ең­бе­гі­нің арқасында «театр» жойылып кет­пей, қазақ сахнасында тұрақтап қал­ды.
«Әр қойғанда бір түрлі декорациямен қойғандықтан, артистер қанша құл­пыртып ойнаса да, кейбір кітап­тар­дың жалпы әсерін жойып алған күндері де болды. Жалғыз артист қана емес, театрымыздың жасау-жабдық, үй жиһаздарына да тапшы. Бірін алсақ, біріне жетпейді. Әлі күнге бір ты­мақты екі айналдырып киюмен ке­леміз…», – деп жаңа ғасырдың жаңа­ша өнерін қазақ сахнасына сіңіру жолында жанталасқан Жұ­мат Шаниннің күрес жолы бүгінгі ұрпаққа өнегелі жол болып жалға­сын табуда.
Бүгінде, Оңтүстіктің шырайлы Шым­кент қаласындағы Жұмат Ша­нин есімі берілген академиялық қа­зақ драма театры, талантты ре­жис­сер, драматург, ҚазАССР-нің халық артисі Ж.Шаниннің 125 жасқа толған мерей жылын, түбі бір түркі әлемінің мәдениетін бі­рік­тірген – Халықаралық Түрксой­дың Түркістан қала­сында өт­келі отырған бас­қосуында, 7 мем­лекеттің театрлары қатысқалы отыр­ған фестивалі – «Ж.Шанин­нің 125 жасқа толған күнімен» атап өткізгелі отырғаны, қазақ театр өнері үшін үлкен абырой, қуа­ныш бол­мақ.

Сая Қасымбек, драматург,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір