Кемеңгерліктің кепілі
Кепілсіз дүние келісім таппайды. Онсыз табиғат табиғи болмысынан, таным-тағылымынан, өмір пендешілік тіршілігінен саяқтанады, яғни сұрқай тартады. Біз сол келісімін тапқан табиғи құбылыстарды танып, өткеннің тәлімін бойымызға сіңіріп, сол парызды келешек күндердің кепіліне береміз. Өмір сүруінің өзі құбылыс ретінде танылған әр тұлға – ұлт руханиятының кепілі. Олар арғы дүниені – бұл дүниеге, арғы заманды – бұл заманға, кешегіні – бүгінге жалғастырып кетті. Ал сол кешегі, асыл бейнелері жадымыздан әлі өшіп үлгермеген даналар мен дегдарлардың бүгінгі күнге қалдырып кеткен кепілді тұлғалары кімдер?
Өзге өнердің өзегін суыртпақтамай-ақ қояйын, соның ішінде жансарайымызға айналған әдебиеттің кейінгі бір ғасырлық тағдыр-талайын басынан кешірген, ұлтымыздың рухани дамуын теңіздің толқынындай қотара екпіндетіп, лықсыта дәуірлік сыпат берген, солардың демімен тыныстап өскен, тағылымында ер жеткен, толқынды талқы тұсында ағысына ерген, алыптар тобымен еркін араласып, ұлт рухын асқақтатқан замандастарының ортасында беделімен белең асқан, «классиктер шоғыры» деп бағаланған орта толқынға ағалық танытқан, жастары қазір жетпісті желкелеп қалғандарға – ұстаз, қырықтан кейінгілерге – ұстат, бүгінгі өспірім буынға – абыз болатындай кепіл тұлға бар ма?
Бұл сауалға еш қысылып-қымтырылмастан: Тәубә! Бар. Ол – Секең, Сер-ағаң, Серік Смайылұлы Қирабаев деп толық кепілдікпен айта аламын және ғасырлық ғұмыр иесінің өмір баспалдақтарына қатысты мына уәждерді тәмсілге ала отырып, дәлел ұсынамын.
Ол аласапыран мен тумысы төңкеріле туырылып түскен ілгергі дәуірдің жиырмасыншы жылдарының уызы мен кермек дәмін татты. Тәркілеудің, мойынсеріктің, тапшылдықтың таты таңдайында қалды. Сәбидің түйсік жүйкесі шүйкеленді. Сол күндердің кермек дәмін татып, оның ащы-тұщылығына кепілдік бере алатын Мұз-ағаң (Мұзафар Әлімбаев ) мен Сер-ағаң ғана. Бес-жеті жасында өзегі үзілген ашаршылықты көрген, он-он екі жасында таным әліппесін ашқан Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің «халық жауы» болып әшкереленгеніне куәгердің бірі де, олардың шығармаларын жастықтың ішіне жасырып қойып, ұрлана оқыған ұрпақтың (сол жылдары шыққан оқулықтар мен кітаптар Сер-ағаңның кітапханасында қазір де сақтаулы тұр) бірі де, майданға аттанған боздақтар мен боздап қалған шешелер мен жетімдердің азасына қабырғасы қайысқанның бірі де, «соғыстан қайтқан мүгедек солдаттардың» жан-тән азабы мен жесірлердің жаутаң көзін көргеннің бірі де, ұлттың тағдырын соғыстан да бетер ойрандап өткен қырқыншы, елуінші жылдардағы қыстаншықпағыр идеологияның жанталасының шалығына ұрынғанның бірі де, «тың игерем» деп, тынышсыздық әкелген, ұлттың ұйытқысын сұйылтқан содырлар мен сойқандардан ығырлық куәсінің бірі де, «жылымық» тұсында» өшкендердің отын қайта тұтатып, екінші өмір бергендердің бірі де, алпысыншы жылдардағы «классиктер шоғырына» ағалық алғау білдіргеннің бірі де, жетпісті желкелеген біздің ұрпаққа ұстаз болғанның бірі де, отыз бен елудің ішіндегілерге білім мен ғылымның тізгінін ұстатқан ұстаттардың бірі де – осы Сер-ағаң.
Сер-ағаңның осыншама заман тұлғаларын көріп, тәлімін алып, пікір алысып, олардан жөн көргенінің өзі құбылыс, яғни олардың да, олармен қатарласа өзінің де өнегелі өмір сүргенінің кепілі. Ал елуінші жылдардан бастап біздің өзімізге аңыздан келген қаһармандардай көрінетін Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов сияқты ұлы тұлғалармен үзеңгі қағыстырып, пікір жарыстырып, әдеби сынның айбарлы да салихалы сардары деңгейіне көтеріліп, Ғабеңе – Ғабит Мүсіреповке: «Менің Цекам да, сыншым да – Серік Қирабаев» дегізіп, оларды да мойындап, өзін де мойындатқан – Сер-ағаңның, Серік Қирабаевтың бұл тұстағы болмысы бөлек. Кемелденген, кемеңгерленген, сол даналар мен дегдарлардың атынан кепілдік ете отырып, әдеби ортаның сөзін ұстаған, тұтқалы тұлғаға айналған қормалды кезеңі бұл. Құрдастары беделді Бердібек (Соқпақбаев) пен тарлан Тахауидің (Ахтановтың) өзі төріне шығарып, қолына жаққан сақа ретінде таныған тұсы. Сол толқынның әр қаламгері мен әдебиет сыншысы Серік Қирабаевтың қолдауы мен пікіріне мұқтаж болды демейін, бірақ дәмелі болғаны анық.
Тағылымсыз кемеңгер – кепілсіз кемел, жалғасын таппаған жақсылық – бауыры суық әке сияқты. Бұл реттен алғанда, отыз жасында орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың авторы атанған Серік ұстаздың, Серік ұстаттың олжасы мол, ортасы толық.Бауырына басқан іні-бауырларымен түлектерінің өзі тастүлектерін ұшырып, немере шәкірттерін баулып отыр. Мәселенки, үшінші буын болып саналатын біздің шәкірттеріміздің шәкірттері шәкірт дайындап жүр. Елуінші жылдардың соңынан ала тоқсаныншы жылдың белортасына, тіпті, екі мыңыншы жылдарға дейін, қазір де С.Қирабаевтың қатысуымен жазылған әдебиет оқулықтарынан қазақ мектептерінің оқушылары мен қазақ әдебиеті факультеттерінің студенттері жаппай тәлім алды. Ал осы жарты ғасырдың ішінде Сер-ағаңның оқулығымен өмірге көзқарсы қалыптасқан қаншама жүз мыңдаған қазақ мектептерінің түлегі қанаттанды десеңші. Мұның өзі Сер-ағаңның тағылымды кемеңгер, жалғасын тапқан жақсылық иесі, бауыры жылы ұстаз екенін танытады.
Оқулық демекші, оқулық жазған ғалым-педагогтарға: белгілі мағлұматтарды мазмұндап қана берген, ғылыми жаңалығы жоқ деп сырдамсып қарайтындардың бірі мен едім. Жоғары оқу орындарына дәріс берген соңғы жиырма жылдың ішінде мен бұл мардымсуымның мүлде қате, қате емес, сауатсыздық екенін түсіндім. Оқулық – өте күрделі, өте нәзік, талғамы жоғары әрі барынша қарапайым, ең бастысы – білімге суыртпақтап отырып жетелейтін, шөліңді мысқылдап отырып қандыратын, талғамыңды тәртіппен тәрбиелейтін ұлы ұстаз екен. Демек, қай ұлттың оқулықтары қандай деңгейде болса, ұлттың да сана деңгейі сондай болмақ.
Жуырда, А.Нұрқатовтың үш томдық жинағын байыппен оқып шығып, сондағы қамтылған мәселелердің өзіме сондай таныс және менің осы күнге дейін туа білгендей болып жүрген сіңісті мағлұматтарымның барлығы алдымнан шыққанына таң қалдым. Бағдарлап қарасам, дәл сол кітаптағыдай тереңдеп талданбағанымен де, бұл мағлұматтарды
А.Нұрқатов, С.Қирабаев, М.Базарбаев жазған орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардан оқып-білген екенмін. Демек, алпыстан асқан менің өзім әлі де шәкірт кезде алған білімімнің нәрінен қуат алып, сол білімді пайдаланып жүрген болдым ғой. Шіркін, оқулық атаулының бәрі сондай болсашы.
Ал біз ғой, бастауыш сыныптарда: сендвичті қалай дайындайды, ұрмалы-үрмелі аспаптарды қалай үйренеді деп көйтіп жүрміз. Ана тілінен айыру – анасынан айыру, тарихтан айыру – әкесінен айыру, әдебиеттен айыру – ұлттық қасиеттен айыру. Ал енді осыдан кейін Серік Қирабаевты тағылымның, тәрбиенің, білімнің кепілді кемеңгері емес деп айтып көріңіз! Айта алмайсыз. Тіліңіз күрмеліп қалады.
Мына дүниедегі ең тылсым, ең қасиетті, бірақ қадіріне ешкім жетіп көрмеген, онсызда өмір өз жөнімен қасыңнан сырғып өтіп жататын, кейде соның өзі бос әурешіліктей көрінетін, алайда онсыз дүние тірегінен айырылатын сала – ғылым деп есептеймін. Мүмкін, жастайымнан мақсат етпей, қырықтан асқанда барып ырықтан тыс ығына жығылғандықтан да шығар бұлай шамырқана шаужайлағаным (Бірақ осы сөздің астарында бір зіл бар екенін ұмытпаңыз).
Ал бұл ойымды Сер-ағаңа қарай ықтатсам, онда Серік Смайылұлы жоғарыда мен жорта тәпсірлеген тылсымды құбылыстарды жасынан сезініп, ащысы мен тұщысын, күйініші мен сүйінішін, шарықтау мен шарасыздығын құныға да құмыға татқан, бар саналы ғұмырын соған арнаған ғылымның кепілді ғұламасы. Атқарылған ғылыми жұмыстың ауқымына, ол баулыған зерттеушілер мен ізденушілердің саны мен сапасына аялдамай-ақ қояйын. Қазіргі әдебиеттанушы ғалымдардың екеуінің бірі Сер-ағаңның «шапанынан шыққаны» шындық.
Бірақ ол ғылымға араласқан жетпіс жылдың ішінде нелер қиындық пен қиғылықты басынан кешірмеді дейсің. Соның барлығын өзінің тумысы болмысына тән қаталға бергісіз биязы мінезімен, турашыл адал пейілімен, сырласыңнан бетер сырыңды түсініп, үндемей сырын ашатын үнсіздігімен, жұмсамай істететін қабағымен, айтпай орындататын мысымен, ең бастысы ысытып-суытпайтын жылы жүрегімен, мен үшін, әкемдей жұмсақ мейірімен жеңе білді.
Тақырып таңдауы, талдауы, бағалауы, дауыс беруі, аттестациялық комиссиядан өтуі қияметтік қиындықпен өтетін кеңес тұсындағы кесірлі кеңістіктің бұрмасы мен шиыры төбе құйқаңды шымырлатады. Көзіміз көрді, бетін аулақ қылсын. Дегенмен де, бұл қырсықтың бұлты тәуелсіздіктің тұсында және Серік Қирабаевтың дәргейі ғылыми кеңеске жүріп тұрған жылдары сейілді. Сөзінің салмағы ауыр, бірақ алды – кең, арты – қайырлы кеңес төрағасы болды. Егер де Секең сияқты әдеби ортаның кепілді кемеңгері ғылыми ортаға төрағалық етпегенде, өзгені білмеймін, өз басым ғылымның табалдырығын аттамаған болар едім. Зәкеңнің – Зәки Ахметовтің, Рахаңның – Рахманқұл Бердібаевтың, Мекеңнің – Мекемтас Мырзахметовтың шақыруына илікпей жүрген кезімде, Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың өтінішімен және Секеңның қамшылауымен Әдебиет және өнер институтының М.Әуезов мұраларын зерттеу бөлімінен (М.О.Әуезов мұражайы) бір-ақ шықтым. Сонда ғалымдарға мені таныстырып отырып Секеңнің: «Тұрсын бұрын академиктерді сауатсыз деуші еді. Енді оның өзі осында келді, сауатымызды ашатын болды. Жәй, қалжыңдап айтамын. Ешкімің де бетінен қақпаңдар. Еркімен жүрсін. Тек апайы екеуі тіл табысып, Мұқаңның мұражайын жөндеуден өткізіп, 100 жылдық мерекесін ұятқа қалдырмай өткізіп берсе, басқа қояр талабыз жоқ», – дегені әлі есімде.
Міне, менің Секеңе еркелігім мен «ерікті құлдығым» осылай басталды.
Сол бір аумалы-төкпелікезеңдегі Үкімет Қаулысын шығарту, күрделі құрылысты жүргізу,
50 томдық академиялық толық басылымды жүзеге асыру сияқты тегеурініңді тебінге айналдырған жылдардың азабы мен абыройын таңға айтып тауыса алмаспын. Үкіметке үш ай сайын қайталанып жазылатын хаттардың соңына директордың, яғни Серік Қирабаевтың қолын өзім қойып (әрине, өз рұқсатымен) жөнелте бердім. Әйтеуір С.Қасқабасов ұшықтап жіберген сондай хаттың біреуі О.Сүлейменовтің қолымен Елбасына тиіп, істің оңғарылғаны бір ғанибет сәт еді. Серік аға да сөзінде тұрды. Диссертация жаздырмай баяндаманың негізінде кандидаттық, монографияның негізінде докторлық диссертация қорғатты. Ұйымдастыру жұмысына да, ғылымның жерден қанатын көтермейтін ауыр мәнеріне де, ғылыми мәселе қоюға да, жеті реткі министрліктің коллегия талқысында тапжылмай қасарысуға да, арыздарға күле жауап беруге де тақыстанып алдым. Оған еш ақыл айтпай көндірген Сер-ағаң. Ғылымдағы өмірің жаңалық ашуға емес, мимырт қыртыңға кететініне сонда көзім жетті.
Азапты бөлісуге келгенде – жат, абыройды бөлісуге келгенде – тап беретін жамағайындардың докторлық диссертация қорғау кезінде тобырланып, нақты аты-жөні белгілі он төрт адам сонау Семейден бастап, Шымкентке дейінгі аралықтағы ағайындарынан арыз жинап, ереуілдетіп жатқаны анық болды. Өзім де ширығып жүр ем, айызымды қандыра жауап берейін деп тастүйін дайындалып, ойымды ғылыми кеңесшім Секеңе айтып ем: «Сен әуре болма. Тыныш ұйықта. Сабырмен сөйле. Ізденушіге қарсылық – жетекшіге қарсылық. Оны маған жібер»,– деді қатуланып. Қорғау кезінде бір адамның дыбысы шықсашы. Бәрі де бастарын екі аяғының астына салбыратып жіберген күйі сөлбірейіп отырды да қойды. Олардың дымдарын Секең мысымен басты. Ал менің сол күнгі асқақтаған мысым, шүкір, қазір де тік.
Өйткені, академик Серік Қирабаев кемеңгерліктің ғана кепілі емес, менің де, менен басқа да жүздеген мүттәйімнің бақ-талайының өрлеуіне кепіл бола білді. Сол үшін де тағзым Сізге, Жетекші аға!
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
Қазақстан педагогика академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор