Сөз арқауы – әдебиет
Нұрлан Оразалин,
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Қадірлі әріптестер!
Өткен бір жылдың бары мен жоғын таразының басына қойып, «қай жанрда қандай жаңалық болды, жалпы әдебиет әлемінде нендей өзгерістер болып жатыр?» деген қалам ұстаған қалың жұртшылықтың көкірегін мазалайтын осы тектес сауалдарға бәріміз бір кезеңде әдебиет дейтін киелі де қасиетті әлемнің жүгін әркім өз хал-қадарынша көтеріп жүрген қаламдастар ретінде жиналатын дәстүрлі жиынымызда бас қосып отырмыз.
Біріншіден, жиынға қош келдіңіздер! Екіншіден, жиналысты бастауға рұқсат етіңіздер!
Жиынды жүргізу үшін арнайы президиум сайлаудың керегі жоқ. Екі съездің арасында атқарылуы тиіс іс-шараларды жүзеге асыруды мін-деттейтін арнайы басқарма сайлағансыздар. Сол сайланған басқарманың жұмысын жүйелі түрде іске асырып келе жатқан арнайы хатшылық құрам бар. Сол хатшылық осындай жиындарды шақыруға толық құқылы! Ендеше жиналысымызды ашық деп жариялаймын!
Бірінші кезекте, сіздерден сұрайтыным, регламентте бекітілген уақытқа сай жұмыс істейік. Баяғының ұзын баяндамаларының күні өткен. Баяндама да, сөздеріміз де шағын, шымыр болғаны дұрыс… Екі күнге созылатын жиындарды ұмытуымыз керек. Қайталап айтамын, әңгімеміз сапалы болсын. Әдеби жыл қорытындысы – бір жылдық әдеби өміріміздің кескіні мен келбеті. Олай болса, бүгін киелі төрімізде сапалы әңгіме мен салмақты ой салтанат құрса, құба-құп! Біріміздің бетімізді біріміз аймандай етіп, орынсыз әңгімеге жол бермей, береке-бірлігімізді танытып, үлгілі жиын өткізсек… Олай дейтінім… Ертең осында айтылған сөздің бәрі хатқа түседі, тасқа басылады. Газет-журналдар арқылы қалың оқырмандарға тарайды. Айтарымыз да, сөзіміз де тиянақты болып, әдеби атмосфераның абыройына қызмет еткенін қалаймыз…
Екіншіден, қалам ұстаған қауымды қадағалап отырар қалың ел бар, оқырман бар. Солардың көңілінен шығатындай, елдің сөзін, әдебиеттің мүддесін көздейтін көркем сөздің кеңістігіндегі басалқы, салмақты жиын болғаны – бәрімізге ортақ абырой.
Үшіншіден, негізгі жүгі ауыр екі жанрға проза мен поэзияға берілер регламентті 20-25 минут деп отырмыз. Сыймай қалған пікірлеріңізді «Қазақ әдебиеті» газетіне ықшамдап, «Жұлдыз» журналына толық нұсқасын жариялаймыз. Басқа жанрларға 10-15 минуттың төңірегінде уақыт бөлінеді. Хабарлама жасауға – 7-8 минут… Жарыс сөзге
3 минут, сұрақ-жауапқа – 1-1,5 минут! Таза әдебиеттің әңгімесі қозғалып, сөзіміз кәсіби бағытта өрбігені оң болар еді…
Ой – ортақ, мақсат – ортақ… Сондықтан әдебиеттің көркемдік кеңістіктің проблемаларына көбірек ден қоюға күш салайық. Тілек те, жиынымыздың талабы да осы!
Ендеше… Өткен жылы жарық көрген шығармаларды талдау үшін баяндамаларға кезек берейік…
Сұрақ – не бар? Не жоқ?
Жауабын бірігіп іздейік…
Сонымен…
Сөз арқауы – бір жылдың әдебиеті.