Сыншы, әдебиеттанушы, ұстаз, академик
Бір түйгенім – мына маңғаз Ғалам үшін ештеңе таңсық емес екен. Ал кең қолтық, қамқор әрі мейірбан Жер-Ананы да таң қалдыру тіптен қиын. «Кім келіп, кім кетпеген?!» дер күрсініп. Бірақ та құнарлы топырақтан өніп-өскен, саналы ғұмырын ұлтына арнаған ұлыларды Құдай да, ел де, қойны-қонышы дерек-дәйекке толы Тарих-шал да ұмыт қалдырмас деген үміт бар. Сондай кісінің бірі – академик, ұстаз, сыншы, әдебиеттанушы Серік Смайылұлы Қирабаев!.. Серік Қирабаев абайтану, көбеевтану, аймауытовтану, сейфуллинтану, майлинтану іліміне қомақты үлес қосқан ғалым. Қырандай қырағы сыншының Жүсіпбек туралы: «Ол әдебиеттанудың, көркем шығарманы бағалаудың қайшылықты жолын көрегендікпен болжап айта алған» деген сөзі өзіне де аса қатысты екенін ақсақал аңдамаса керек. Ел еркесі, «сын серісі – Серағаң» – Серік Қирабаев Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Қаратаев, Жароков, Орманов, Молдағалиев, Ахтанов, Ысмайылов, Ғабдуллин, Мұхамеджанов, Қабдолов, Айтматов секілді алыптардың алдын көріп, батасын алып, кіл мықтылармен аралас-құралас тіршілік кешкен – Ғасырдың досы, сырласы, құрдасы. «Адамды орта қалыптастыратын» әдеті ғой, соғыстан кейінгі ауыр ахуал мен жоқшылық жаңаарқалық ғалымды ел ісіне ерте араласуына, жиырма бесінде-ақ мектеп оқулығын құрастыруына түрткі болған-ды. Бала кезінде аздап өлең жазған Серік Смайылұлының ғылымға келуіне Қажым Жұмалиевтің ықпалы аз болмаған секілді. «Тура биде туған жоқты» ту еткен ғалым турашылдығымен сыйлы-тын. Чеховтың қайбір кейіпкері: «Мен сенімен бір дәуірде өмір сүргенім үшін ғана Құдайға алғыс айтамын» дегендей, Біз де кейін: «Қирабаевтың қолын алғанбыз, Қирабаевпен сұхбаттасқанбыз, Қирабаевты көргенбіз!..», – деп мақтана әңгімелеуге негіз болар. Академик аға тұтып сыйласқан Ғабиден Мұстафин турасында: «Оның адамдық мұратының биіктігі мен тазалығы, еңбекқорлығы мен адамға, өмірге деген түсінігі жағынан сирек кездесетін жан еді», – деп сондай бір сүйіспеншілікпен жазуынан-ақ оның адамға деген сый-құрметі мен жан-айнасы анық байқалатындай. Айта берсең, академиктің еңбегі ұшан-теңіз. Алайда, ерекше атап өтетін нәрсе – Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан шығармаларын алғашқылардың бірі боп ақтаңдақтардан аршып ап, жинастырып, жариялап, зерттеу ісіне мықтап араласуы. Жалпы, жады деген дүние – қиын дүние. Сер-ағаң «Ләйлі-Мәжнүн», «Еңлік-Кебек» дастандарын жатқа соғады», – деседі жұрт. Ғалым 1988 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор боп сайланған тұста-ақ анау бір шалғайдағы таланттарды орталыққа тартып, қанатының астына алып, елге, жерге, руға, жүзге бөлмей, қазақбайшылық деген қара итті қақ бастан пергеніне халық куә. «Алыптар тобы» аталынатын бейресми шоғырдың ішінен қос академик – Серік Қирабаев пен оның жан жары Әлия Бейсенова да табылатынына еш күмән-күдік жоқ, алайда қазақы қарапайымдылық деген тағы бар. Өйткені, ұлылар өзін ұлымыз деп ешқашан айтпайды екен ғой. Торқалы той – тоқсан деген жасыңыз құтты болсын, Ұлы ұстаз!..
Әлібек БАЙБОЛ,
кейінгі толқын өкілі.