Қазақ фольклортануы және «Шора батыр»
12.12.2016
4389
0

Ғылыми еңбектері шет тілдеріне аударылып, өзге елдердің студенттері оны білім көзі ретінде пайдаланып жүрген өзіміздің отандық ғалымдар туралы жарытымды ақпараттарымыз аз.  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, доцент Болат Қорғанбектің «Қазақ әдебиеті» атты қос томдық кітабының түрік тіліне аударылып, Түркиядағы бірқатар университеттерде оқулық ретінде оқытылып жүргенін білгенде осындай ой келді. «Kazak edebiyati» атты Түркияда оқытылып жатқан екі томдық кітаптың сыртына  Болат Қорғанбек, Кенан Коч, Алмагүл Исиналардың есім-сойлары қатар жазылған. Бұл кісінің жанындағы екі автордың кітапқа қатысты негізі жұмысының аудармашылық, редакторлық болғанын кейіпкеріміздің өз аузынан естідік.

Бұл кітаптардың біріншісі қазақ фольклорының жанрлары мен жанрлық түрлерінен бастап, жыраулық поэзиядан кеңестік кезеңге дейінгі әдебиетіміздің тарихына арналса, екіншісі оның кеңестік кезеңнен қазіргі дәуірі­мізге дейінгі уақытын қамтыған. Әрине, Қ.А.Иассауи атындағы Халы­қ­а­ра­лық қазақ-түрік универ­си­тетінің түлегі болғандықтан, азды-көпті түрік тілінен хабардармыз. Осы мүмкіндігімізге орай кітапқа зер салып көрдік. Әдетте, оқулық үрдісінде жазылған еңбекте көп­шілік әбден қабылдаған, қо­ғам­да орныққан ақпараттар, мәлі­меттер беріледі. Мұнда да ол сипат бар. Бірақ еңбекте қазақ әдебиет­тануын­да орныққан ой-пікірлердің бірен-сараны ғана емес, барынша түгелге жуығы ілтипатқа алынғаны оның мазмұнынан да, кітаптың соңында­ғы әдебиеттер тізімінен де көрініп тұр. Және олардың ішіндегі тың көзқарастар алдыңғы лекке шы­ға­рылған. Аталмыш кітаптар Мұғла сияқты Түркияның көптеген әйгілі университеттерінде он жыл­ға жуық оқытылып келе жат­қан­дық­тан, түрік жұрты бұл еңбек­тер­мен жақсы таныс деп сеніммен айта аламыз. Бұл, бір жағы, төл әдебие­тімізді әлемдік сахнада насихаттау да болмақ. Бұл еңбектер туыстас ел­дің ағарту саласында ғана емес, ғылым әлемінде де кең қолданысқа түскен. Интернет желі­сін атүсті сүзіп шыққанның өзінде осы кітап­тарға сілтеме жасаған 30-ға жуық түрік тіліндегі ғылыми еңбектерді кезіктірдік.
Әдебиеттанушы-ғалым Болат Қорғанбектің  есімі ғылыми ортада әбден таныс. Ол осы күні екінің бірі жүрек қалауымен бара қой­майтын фольклорды зерттеу нысанына айналдырған. «Осы күні» де­ген сөзге екпін түсіріп отырға­ны­­мыз да жәйдан-жәй емес. Өткен ғасырда фольклортанушы ғалым­дар көп болатын. Және көпшілігі фольклорды жинақтау, сұрыптау, жанрға бөлу деңгейінде еңбектенді. Кеңес үкіметінің цензурасы фольклорды індете зерттеуге мұрша бермеді. Ал тәуелсіздік таңы ат­қан­да фольклортанудың алдына жаңа міндеттер қойылды. Жинақ­тау­дың, сұрыптаудың дәурені өтіп, оның теориясын жасау, сюжет­тер­дің бастапқы қаңқаларын «қал­пына келтіру», оған негіз болған түп­тұлғаларды анықтау сияқты күрделі шаруалар күтіп тұрды. Фольклордың тек әдебиетпен ғана емес, тарих, этнография, мәдениет­тану, әлеуметтану, т.б. ғылымдармен қат-қабат өріліп жататындығы да оның бір ғана әдебиеттанудың ау­қымына сыймайтынын көрсетті. Оның үстіне, фольклорлық шығар­малар көбінде бір халықтың еншісі бола бермейді. Сонау дәуірлерден жазба әдебиетпен қатар желі тартып келе жатқан түркі  халықтарына ортақ шығармалар матриархаттан бастау алып (жалмауыз кемпірді еске түсіріңіз), Ноғайлы дәуіріне ке­ліп бір-ақ тіреледі (тіпті, онан бергі уақыттардың да ізі жоқ емес). Сол үшін мол білімді, терең танымды қажет ететін салада жәй ғана энтузиазммен кез келген шы­ғарманың бастапқы қаңқасын, бастапқы кескінін анықтау оңай емес. Дала өркениетінен қалған ай­рықша белгі – күшейтілген жад арқылы бізге дейін жеткен фоль­-
к­лорлық шығармалардың ешқай­сы­сы да осал еместігі тағы бар. Осы тұрғыдан келгенде фольклор тарапынан олжалы болу шын мәніндегі жан-жақты мол білімнің, ұзақ уақыт тынбай еңбек етудің  нәтиже­сі десек, шындықтың аулынан он­ша ұзай қоймаймыз. Ғалымның «Шора батыр» эпосы: нұсқалары, генезисі, тарихилығы» монографиясын оқып шыққан соң кез келген зерттеушінің фольклорға тісі неге батпайтынын біраз шама­ла­ғандай болдық.
Атақты өнертанушы, жазушы, композитор И.Жақановтың кітап­қа ізгі ниетін білдірген моно­графия­ның бастапқы беттеріндегі сөзін­де автордың тақырыпты зерт­теуге қаншалықты күш жұмса­ғаны, ұзақ уақыт сарп еткені қысқа да нұсқа айтылған. Шынында да, қамтылған материалдардың және дәйек етілген ғылыми еңбектердің күрделілігі мен аса ауқымдылығы, бұған қоса, көптілділігі, көпжанр­лы­лығы, көпграфикалы­лығы, қол жеткізуі қиын сиректігі зерттеу жұ­­мысын бастар алдындағы дай­ын­­дықтың өзінің сан алуан экс­пе­ди­­циялық, палеографиялық, зерт­ха­налық, сипаттамалық, жа­р­­ия­­лаушылық шаруалардан құралғанын айтпай-ақ  аңғартады. Осы тектес қыруар жұмыстардың нәтижесін қорыту да келесі бір қиындыққа алып келері даусыз. Шора тақырыбындағы түрлі жанрлардағы тұтас түркі халық­та­рын­дағы шығармаларды салғас­тыру, олардың көкейде қилы сауал туғызатын тылсымдарын қисынға салып тәпсірлеу ғылым үшін аз. Құр қисын ғана емес, бұлтартпас ғылыми дәйек те керек. Ал «Шора батырдың» нұсқалары, оның тарихилығы, бас қаһарманның тарихи түптұлғасы жайлы бұған дейінгі ғылыми көзқарастар сан алуан ғана емес, қым-қиғаш қай­шы­лыққа толы болғаны сондай, олармен жай танысқанның өзінде шырғалаңнан басың айналады. Ал оларды дәйек ету үшін де, алдымен ақиқат қайсысында деген сұрақтың жауабын табу керек болары белгілі. Міне, осындай күрделі мәселелер монографияда рет-ретімен ше­ші­ліп, ол қазақ фольклортануына үлкен үлес болып қосылды.
Бұл зерттеудің ғылымымызға әкелген олжасы неде? Әрине, ең алдымен, рухани «ақтаң­да­ғы­мыз­дың» орны толтырылды. «Шора батыр» бұрынғы патша, кейінгі кеңес үкіметі кезінде айрықша тыйым салынған жыр. Тыйым салынуы жөнінен бұның алдына шығатын жыр жоқ. Түрік ғалымы Х.Паксой «Шора батырды» отар­шылдықтың түрлі қитұрқылық­тарын әшкере етуімен басқын­шы­ларға үрей әкелгенін, оның ай­­­­рық­­­ша қысым көруі сол себепті екенін айтыпты. Демек, бәзбір мұра жат ­пиғылдағыларға қанша­лықты зиянды болса, өзіміз үшін сонша­лық­ты пайдалы. Осы тұрғы­дан қарағанда, еңбек аса құнды мұраны тірілтуімен бағалы. Екін­ші­ден, мұ­рағат, мұражай, қолжазба қор­ла­рын­да шаң басып жатқан, бұрын мүлде жариялан­баған көп нұсқалар ғылыми айналымға енді. Олардың өзіміздегі ғана емес, туыс­­тас ха­лық­тардағы бірнеше нұс­­қалары алғаш рет сөз болды. Бар­лық нұсқалар қорытылып, олар­дың стадиялық ерекшеліктері айқын­далды. Соның нәтижесінде, ав­тордың дайындауымен «Бабалар сөзі» жүзтомдығының салиқалы бір томы шықты. Сондай-ақ, ол Түркияда шыққан «Қазақ дастандары» көптомдығының да бір томын дайындаған (Kazak destanları V: Şora Batır / Haz.: Bolat Korganbekov; Türkiye Türkçesine aktaran: İsmail Turan Kallimci. – Ankara: Türk Dil Kurumu, 2010. – 209 s). Бұл да ұлт­тық мәдениетімізді насихаттау жұмысынан саналады. Үшіншіден, еңбектің ғылыми жаңалықтары­ның бәсі отандық аяда ғана емес, берісі түркі, әрісі әлемдік фольклортану деңгейінде  деуге болады. Оған жоғарыда айтылған туыстас халықтардағы нұсқаларды тұңғыш таныстыру  сияқты  тәжірибелік қана емес, тұтастану түрлерінің ста­дия­лылықпен байланыстылы­ғын, тұрмыс-салт жырларының эпосты құраушылық және туды­ру­шы­лық қызметі сияқты М.Әуезов сияқты ғұламалардан бастау алған пікір­лер­ді тиянақтау, тарихи тұл­ғаның эпос қаһарманына айналу заңды­лықтарын көрсету тәрізді теория­лық та жетістіктер дәлел бола ала­ды. Сондықтан да болар, монография тағы да өзге елде өзімізден бұрынырақ бағаланыпты. Татар ғалымы Л.Мұхамедзянова еңбекті насихаттап екі мақала жазыпты (Мөхәммәтҗанова Л.Х. Б.Корганбеков. «Шора батыр»: нөсхәләре, генезисы, тарихилыгы» // Фәнни Татарстан. 2015, № 1, 167-171 б. Со­нікі. Тарих булып дәшә Чура батыр…// Казан утлары. 2015, № 9, 180-183-б.). Төртіншіден, бірнеше ғасыр бойы даулы болып келе жатқан жырға қатысты мәсе­лелер­дің дені дұрыс шешімін тапқан. Ол бағытта шығармаға ғана емес, жыр­шылық мектептерге, жыр­лау­шы­ларға, шығарманың тарихи негізіне қатысты көлемді мәлі­мет­тер беріліп, нақты да ай­қын тұжырымдар жасалынған. Оның жарқын бір мысалын кітап­тың соңғы жағында берілген эпос генезисіне қатысты таблицалардан көреміз. Гуманитарлық салада жаратылыстану ғылымдарына тән нақтылыққа жеткізе зерттеу де ізденістің тереңдігінен туса керек. Еңбек тақырыбы жеке туындыға қатысты болғанымен, жалпы қа­һармандық эпос теориясына қа­тысты тұстар жеткілікті.
«Таралу аймағының кеңдігіне қарай «Шора батырдың» ұлттық варианттары да өте көп. Жыр
ХІХ ғ. орта тұсынан баспа бетін көре бастаған. Шетел баспаларынан жиі жарық көруі, шетел ғалым­дарының арнайы зерттеуі жырдың даңқ­ты­лығынан туған құбылыс», – деп баға береді автор. Автор бар­лық жырланыстарымен, айтылымдарымен қоса есептегенде Шора батырдың елуден астам нұсқаларын бір-бі­рімен салыстыра отырып зерттеген. Және олардың бәрі бір жанр­дың аясында емес. Олардың ішінде батырлық жыр үлгілерінен басқа ертегілік, аңыздық, тіпті ли­ри­ка­лық жанрлар құрамына енетін нұсқалар да бар. Осы нұсқалардың барлығын бірдей қарастыруы – эпос генезисін анықтау қажет­тілі­гінен туған. Ғалым жанры әр түрлі болғанымен, мазмұны бір, яғни Шора батыр туралы фольклорлық шығармаларды зерттей отырып, осы жанрлардың түркі тектес ха­лықтардағы даму ерек­шелік­теріне мән береді. Көне жанр мен класси­калық жанрдың ара жігін ажыратып, қай елдердің жырлары нақты тарихи оқиғаға жақын екенін, қайсыларыныкінде көркем қиял­дың үлес салмағы артықтау екенін жіктеп көрсетіп береді.
Зерттеуші жырдағы бас қаһар­манның қаланы жаудан құтқаруы қазақ эпостарындағы дәстүрге айнала бастаған сарын болғанымен, бұл Шора батыр үшін көркем қиял қоспасы еместігін жеткізеді. Жыр­дың бас кейіпкерлерінің көпшілігі тарихта болған адамдар екендігіне мән береді. Атап айтқанда, бас қаһарман Шораның өзі тарихи Шо­ра Нәрікұлы болса, көне нұс­қаларда кейіпкер ретінде көрінетін және аттары аталатын Әліби, Шығалы (Шах-Әли), Құлыншақ (Кощак), Сүйінбике  (Сары ханым), Шалгез, Сафа-Керей, Қо­шым, Шағым-Керей, қарақалпақ нұс­қаларында Айдар, Майлықожа нұсқасындағы Зәниминнет (Зениет) сияқты кейіпкерлер шын мә­нінде Шора Нәрікұлымен замандас болған тарихи тұлғалар ек­ен­­дігін айтады. Осы орайда олар­­­дың өмір сүрген уақыты мен ортасы, іс-әрекеті мен лауазы­мындағы тарихи және эпикалық сәйкестікке, эпостың тұрақты сюжеттік қаңқасына назар аудартады. Ал қарақалпақ нұсқала­рын­дағы Сұлтаны Санжар, Оңтүстік Қазақстан вариантында көрініс беретін Көкше, Қарахан, Қаныкей, Тінікей, Есім сынды кейіпкерлер де тарихи тұлғалар болғанымен, олардың Шорадан заманы бөлек екендігін дәлелдейді.
Күрделі еңбекке баға беру де оңай емес. Зерттеудің біздің назарымыздан тыс қалған бұдан басқа да артықшылықтары бары кү­мән­сіз. Оны айқындауды болашақтың еншісіне қалдыра отырып, мынаны айтқымыз келеді: ғалымның теориялық  дайындығының тұғыр­лы­лығы, бірнеше тілді, араб және басқа да жазуларды танитыны осын­дай бағалы еңбектің тууына үлкен сеп болған. Бір қуаныштысы, қазақ тілінде жарық көріп жатқан тарих оқулықтарында кездесе бер­мей­тін Ноғайлы дәуіріне қатысты де­ректерді ғалым бір ғана «Шора батыр» төңірегінде молынан алға тартады. Біздіңше, ой еркіндігі, тілдің қуаттылығы, пайымның дәлдігі, зерттеу нысанының жан-жақты ашылуы, сондай-ақ, пай­даланылған әдебиеттер тізімінің молдығы мен салмақтылығы, әлемдік көлемде болуы зерттеудің құндылығын айғақтап тұрғандай. Осы тұрғыдан келгенде, монографияны тәуелсіздіктің ширек ға­сырында қазақ фольклортануы жаңа биікке көтерілді деп лайықты түрде айтуға дәлел болатын еңбек­тердің бірі деп есептейміз.

Айгүл СЕЙІЛОВА.
Астана қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір