Әйел арқылы ұлтты тану
10.03.2017
3305
0

Әйел дегеніңіз – біреу үшін Әлем секілді ашық, бәзбіреу үшін мың құлпылы есіктей жабық…
Әйел – Пейіште жүргенде-ақ Құдай «тыйым салған жемісті» бірінші жеген, Адам-Атаның жоғарғы қабырғасынан жаралған, күрделі – «синтетикалық» жан иесі. «Қисықты түзетсем!» деген ой – дұрыс ой, дегенмен оның морт – «парт» сынатынын ескерсек екен.

«Әйелдер әлемін» түсінуге тым қиын, ал сезінуге аса қолайсыздау бол­ғандықтан да, көп ел осынау сөз­ді түсіндірме сөздігіне енгізіп қойған екен. Өйткені, о Әлемнің ішіне енді ғана ене бастағанымызға шүкір дес­тік. «Әйел затының жоқ дегені иә, ал иә дегені жоқ…» екенін дәлелдеген пси­хоаналитик Фрейдке бәрі алғыс білдіргенде, бір кейуана келіп: «Бұл да аксиома емес» деуі әйел­дің өмірі­нің соңына дейін ішкі және сыртқы қайшылықпен, өз «шәй­та­ны­мен», өз қалауымен, өз болмысымен, өз арымен, өз ойымен, өз-өзі­мен күресіп өтетіндігінің бір ғана дә­лелі. Әйелдің екі кемшілігі, бір ар­тықшылығы бар: кемшілігі – күнә­ға жақындығы мен оны жасыруында, артықшылығы – қателікті кешіре білуінде. Оның жаны НКВД архивіндей жабық әрі сан түрлі сыр­ға толы келетіні – бітім-болмысынан. Жа­ратушының кереметі көп. Соның бірі – Ана, жар, қыз, әпке, қарындас.Әйел – Ана! Анадан хан да туды, қа­ра да туды, ғалым да туды, залым да туды, үлкен де туды, кіші де туды, әлді де туды, әлсіз де туды, бәрі де ту­ды… Кей-кейде қиялға бері­ліп, «қисық қабырға» ұғымын тәп­сір­легенде, ұбақ-шұбақ сөз бен адам са­насы ұғып, түсінбейтін «Морзе әліп­песі» іспеттес код-шифр шық­қа­нын байқап, таң-тамаша қалғаны­мыз бар. Ол – оның сезімі, жүрегі, та­нымы, қабылдауы, жүйкесі, дү­ние­танымы. Мына Дүн-дүниеге, жал­пақ Жаһанға жанары жасқа толы әйел­ше қарау да белгілі бір деңгейде – адамның өсу сатысы, түлеуі деуге бо­лар. Себебі, ол әлсіз бола тұра қат­ты, қатты бола тұра өте әлсіз, нәзік бо­ла тұра темір, темір бола тұра бал, бал бола тұра тас, тас бола тұра су, су бола тұра жанартау, жанартау бола тұра самал жел, самал жел бола тұра ар­қаңды қаритын ақпанның аязы, аяз бола тұра тоңғанда, мұздағанда жы­лынатын от, от – От-анасы!.. Қа­зақ топырағында еріне адал, еліне сый­лы боп, Алла алдында үлкен дә­ре­жеге көтерілген кісілер аз емес. Ел жадында жатталған есім­дерді тізе берсек, сұмдық бір ­галерея түзіле түседі: Тұмар мен За­ри­­на патшайымдар, Домалақ ана, Зе­ріп ана, Сары бәй­біше, Рабиа Сұл­тан бегім, Еңлік пен Баян сұлу, Қа­ра­шаш ана, Гүл­бар­­шын мен Құртқа, Ақ­жүніс пен Назым, Гаухар ана, Айша-бибі, Ба­баджа-хатун, Абақ ана, Жаған бике, Бопай, Фатима, Тоташ, Күнімжан ханымдар, Хан­би­бі, Айтолқын, Гауһар батыр, Есенби­ке, Табын Сапар (Сапура) Мәтен­қы­зы, қыз Данай, Айбике-Шаншар, Нұр­бике-Шан­шар, Қызданбике-Ша­н­шар, Бо­тагөз батыр, Ақбикеш, Мұ­рын ана, Қызай ана, Бақты ба­тыр, Зере мен Ұлжан, Айғаным мен Ұлпан ана­ларымыз, т.б. Дәл осы бір сал­қар көш­ке әдебиет, мәдениет және өнер са­ласында еліне елеулі ең­бек еткен Нәзипа Құлжанова, Шара Жиен­құлова, Күләш Бай­сейі­това, Роза Бағланова, Қанипа Бұ­ғы­баева, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Марфуға Айтхожина, Би­бігүл Төле­геновалар да қосылғаны хақ. Брежнев, Ким Ир Сен, Мао Цзэ­дун мен ­те­мірден де қатты Ста­лин­нің алдында «Ах, Самара-горо­док­ты» орындаған Роза Тәжібайқызы бү­гіндері тарихқа айналып, ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі боп қалды.Ұлан-ғайыр мекенге ие болуы­мыз­дың бір құпиясы – осы әйелдерде жа­­тыр. Бүгін Бізде сол құпия-сырды ашып көруге талпынып, өзімшіл өмір мен өршіл өнерді тең көрген Ұлы­ларды сөз еткен ек!..

Әлібек БАЙБОЛ.


Ақжол ОРЫНБАСАР,
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы жа­нындағы колледждің
III курс студенті

Тума таланттар
Қазақта мақтан тұтар ұлы әйел­дер өте көп-тін. Ол кісілер Жа­ратушы алдында үлкен дә­ре­жеге ие болып, нығметіне бөлен­ген. Жалпы, қазақтан шыққан әйел­дер өте рухты болған. Мә­се­лен, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мә­метова, «Қанатты қыз» атан­ған Хиуаз Доспановалардың ер­лігі кейінгі ұрпаққа үлгі. Ай­та­лық, КСРО-ның және Қа­зақ­­­­с­тан­­ның Халық артисі Роза Бағ­ла­нова ­се­кіл­­ді ұлы әнші еш­қашан ұмы­тыл­­майды. Оның ерекше әуезді дауысы соғыс жыл­­дарында жауын­­герлерді ерлікке жігер­лен­діріп, қазақты шетелге танытты. Маршал Конев пен Рокоссовс­кий­дың қолынан медаль алған Ро­за апамыз бір сұхбатында: «Біз ал­дыңғы шепте тәулігіне 15 сағат ән салдық. Соғысты қатардағы гвар­дия солдаты болып аяқ­та­дым. Екі рет Сталиннің алдында ән шырқа­дым. Сондай концерт­тердің бі­рінде оның өтінішімен аңызға айналған «Самара қала­сы» («Ах, Самара городок») майдан әнін орындадым. Сталин де, онымен бірге бүкіл залдағы кө­рер­мен орындарынан тік тұрып тың­дады», – депті. Біз осындай бір ұлыларға қарап бой түзейміз. Қазақ топырағы өте құнарлы ғой. Бұл небір тума таланттар шыққан жер емес пе?! Құдай берген ға­жайып даусымен және отан­сүй­гіш­тігімен ел есінде қалған өнер адамдары аз емес. Солардың бірі – Күләш Байсейітова. Қырық бес жыл өмір сүрген дарын иесі жұл­дыздай жарқырап, халық сүйіс­пеншілігіне бөленді. Ол кісінің бір ерекшелігі – драмалық спек­такль­дерді ерекше орындайтын және де еліміздегі тұңғыш кәсіби деңгейдегі концерттік және опе­ра­лық әнші. Қазақ Күләш апамыз арқылы дүниежүзінің клас­сика­лық операсы мен көптеген ха­лықтардың музыкасын таныды. Қазақ осындай тұлғаларға қа­рыздар. Дәл осы бір тізімге Би­бігүл Төлегенованы да қосуға тиіс­піз. Оның әндеріне Нью-Йорк, Лондон, Париж, Рим, Афины, Токио, Сеул, Каир мен т.б. әлемнің ірі қа­лаларының көрер­мендері қол соқ­қан, таң қал­ған, тамсанған. ЮНЕСКО ше­шімі бойынша Би­бігүл Төле­генова XX ғасырдың ұлы жиырма әйелінің қатарына ен­ген болатын. Одан кейін, қазақ сах­на өнерінің хас шебері Хадиша Бөкееваны ұмытуға қақымыз жоқ. 1938 жылы Ленинградтың Мем­лекеттік сахна өнері техни­ку­мының қазақ студиясын бітір­ген ол Шымкент облыстық Қазақ драма театрында, ал 1942 жылдан Алматыдағы Қазақ драма теат­рын­да ұзақ жылдар бойы жемісті ең­бек етіп, ел есінде қал­ған талай рөлдерді сомдаған. Оның қата­рын­да
Ә.Әбішевтің «Достық пен ма­ха­б­батында» Сәу­ле, М.Әуезов­тің «Қобылан­ды­сында» Қарлыға, Н.Хикметтің «Махаббат туралы аңы­зында» Мехмене Бану, Шекс­пир­дің «Асауға тұсауында» Ка­та­ри­на сияқты образдар бар. Бұдан бө­лек, Фарида Шәріпова, Шара Жиен­құлова, Бикен Римова, Сә­бира Майқанова, Фариза Оңғар­сыновалар ел есінде мәңгілікке қа­лады.
Бүгіндері біз, қазақ оқырманы, әде­­биеттен алыстап кеткеніміз рас. Одан алыстағанымыз өз ал­ды­­на бөлек әңгіме, соның кесірі­нен біз еркектер әйелдерді түсіну­ден, әйелдерді танудан қал­­­дық. «Парижді қаламымен жау­лағы­сы» келген Оноре де Бальзак­тың романдарын оқып оты­рып таң қаласың. Буржуа­зия­лық қоғам­дағы ар-ұят, махаббат пен адам­гер­шіліктің дүниеге сатылып, адамның азған дәуі­рін­дегі әйел­дер бейнесі есімде ерек­ше қалып­ты. Мысалы, бүкіл ғұ­мы­рын екі қызына арнап, соңын­да сорлы кейіпке түскен Го­рионың мұң-зары қыздары арқылы суретте­леді. Мейірімді, еңбекқор әке өмірінің соңында қыздарын бір көре алмай арманда кетеді. Қазір қарап отырсақ, бұн­дай жағдай көбейіп кеткен. Жазу­шының сәуегейлігіне таңым бар. Немесе қырық үш жас қа­на өмір сүрген Ги де Мопассан әйел деген әлемді керемет білген. Ол әйел арқылы ұлт басындағы қай­ғы-қасіретті бере ал­ған. «Том­пыш­ты» оқып көріңізші, ол сонау бір Фран­циядағы емес, дәл бү­гінгі қазақ қоғамындағы ах­уал­ды жазып отырғандай әсерде бо­ласыз. Бұдан шығатын қоры­тын­ды – біз ұлтты тану үшін алды­мен әйелді тануымыз керек. Се­бе­бі, хан да, патша да, батыр да, кө­сем де, би-шешен де, ғалым да, әнші-күйші де Анадан туған. Ұлт­тың оянуы сол Анадан туған ұлы­ларға байланысты. Әйелді тануымыз керек деп осынау бір жайтты меңзеп отырмын. Өзіңіз бі­летіндей орыс әдебиетінде «Нек­ра­сов әйелдері», «Толстой әйел­дері», «Горький әйелдері», «Ту­р­генев әйелдері» сияқты өл­шемдер бар. Карам­зиннің «Бейшара Лизасында» опасыз махаббат пен әйелді нәпсі үшін құр­­­баны ету мәселесі ащы шындықпен көр­сетілсе, «Толстой әйелдері» әр алуан, әр қыр­лы және эпикалық кең тыныспен бейнеленген. Толс­тойдың Наташа Ростова мен Михаил Шолохов жасаған Аксинья, Наталья, Дария, Луке­рия­лар­дың бейнелері ендігі әде­биет­те қайталанбайтын шығар деп ойлаймын. Өйткені, сол тұс­та әдебиет әйел образын ашу ар­қы­лы ұлт жүрегінде махаббат пен Отанға деген сүйіс­пеншілік оят­қан еді. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін­дегі» Ақбала да жа­ныма өте жа­қын. Сол романды оқыған сайын қалада тұрсам да ауыл тіршілігі көз алдыма елес­теп, сұмдық бір сағыныш пай­да болады. Кейін кітап бетін жап­қанда өзімді жал­ғыз сезі­не­мін. Шетел­ді айттық… Әйел та­қы­рыбына қалам тартпа­ған қа­зақ қаламгері кемде-кем. Б.Май­линнің Шұғасы мен Рау­ша­ны, М.Жұмабаевтың Шолпаны, С.Мұқановтың Сұлу­шашы мен Ботагөзі, М.Әуезов­тің Зересі мен Ұлжаны, Тоғжаны мен Әй­герімі, Ғ.Мүсіреповтың Ұлпа­ны мен Ақтоқтысы толық дәлел бола алады. Мына әдеби образдар мен жаһанға әйгілі өнер адамдары­ның шығуы тегін емес. Тарихқа бар­лау жасап қарасақ, көп нәр­се­ге көзіміз жетеді. Мен былай ой­­­­лай­мын, егер біз – қазақтар өс­кіміз келсе, алдымен ата-ба­ба­мыз жүрген жолмен жүріп отыруымыз қажет. Сон­дық­тан тарих, этнография, әде­биет пен мәде­ниетті терең білсек, мық­ты ұлтқа айналамыз. Мысалы, XX ғасыр­дың басында қазақ мә­де­ниетіне өлшеусіз үлес қосқан тұл­ғаның бірі – Нәзипа Сегіз­бай­қызы Құлжанованы қалай ұмы­тамыз. Нәзипа Құлжанова Ұлы ұстаз Ыбы­рай Алтынсарин ашқан мектептің түлегі екен. Ол өмірінің соңына дейін өзін хал­қына арна­ған. Сол себепті, мен өнер жолын таңдағандықтан, ­ұл­ты­ма қатысты дүниені білмеуді ұят санаймын. Сәбира апам Май­қанованың мына бір сөзі ма­ған қатты әсер етті: «…Менің шы­ғармашылық өмірімде күрт бетбұрыс жасаған адам – Әзір­бай­жан Мәмбетов. Талантты ре­жиссер – жарты бақытың. Ме­нің аренаға шығуым Толғанай­дың, Әзірбайжанның арқасы. Тол­ғанайды қанша рет ойнасам да, сахнаға шыққанда қатты тол­қи­мын. Көрермен ал­дындағы ора­­сан жауапкер­ші­лігімді сезі­не­мін. Менің бір әде­тім, рөлді түсінбейінше, образға әбден еніп, бойыма сіңірмейінше, сөз жат­тамаймын. Кеш жаттаймын. Жат­тамайын демейсің, әб­­ден тү­сін­ген соң сөздің өзі ағыл-тегіл ке­леді де тұрады…». Ойлап қара­сам, осы бір үзіндіден мен өзім үшін көп нәрсе түйдім. Біз Ана­лар­ды, жалпы әйел затын сый­лауы­мыз керек. Өйткені, қа­зақ­тың болашағы ұлтын ерекше сүй­ген әйелдерге де байланысты. Өйт­кені, ұрпақ жалғастығы деген нәр­се бар.


Қарлығаш СЕРІКҚЫЗЫ, өнертанушы

Қадірлі сөз
Жалпы, әйел заты өзі өте нә­зік әрі сезімтал ғой. Соған қара­мас­тан сан түрлі ерлік жасап, ел­дің сүйіс­­пеншілігіне бөлен­ген­дер аз емес. Алғашында, Тұ­мар пат­шайым туралы тарихи де­ректерді оқы­ғанда таң қал­ған­мын. Кейін ой­лап қарасам, бұн­дай кісілер өте көп екен.
Шығармашылықтағы әйел об­разы дегенде неге екені белгісіз, есі­ме Дина Нұрпейісова түседі. Ел арасында атағы шыққан қар­шадай қыз туралы естіген әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келіп, ақ батасын берген. Дина апамызды тоғыз жасынан он тоғыз жасына дейін ұлы күйші дайындайды. Сөйтіп, басқасын айтпағанда, жетпіс бес жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтың бі­рінші байқауында, ал сексен үш жасында Орта Азияның бес рес­публикасынан жиылған өнер­паздардың Ташкенттегі он күн­ді­гін­де жүлдегер атанады екен. Міне, осындай тұлғаларымен қа­зақ ұлты бақытты, сыйлы, құр­метті деп ойлаймын. Немесе Са­ра Тастанбекқызын қалайша ұмы­тамыз. Біржан салмен айтысып және осы айтыс ел ішінде аңыз боп, әдеби мұраға айнал­ған. Сара анамыздың тағдыры өте ауыр болған екен. Өзінің қыс­қа ғана ғұмырында талай тау­қымет көрген. Үш жасында әке­сінен айырылып, жетімдік пен жоқ­шылықтың кермек дәмін тат­қан. Бұған қоса, жақын-жуы­ғы Тұрысбек қажы Сара Тас­тан­бек­қызын жаратылысынан кеміс ту­ған, бай баласы Жиенқұлға атас­тырыпты. Ақын өзінің артынан «Жүрек», «Ашындым», «Ар­са­­лаң аға алдында», «Жүрек сы­ры», «Жайлауда», «Әбіштің аруа­­ғына», «Хош бол, елім» сияқ­ты көптеген өлеңдер мен «Тұзақ» атты дастан қалдырған. Ал Айша Ғалымбаеваның орны тіптен бө­лек. Бұл кісі қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш суретші. Және негізгі тақырыбы да осы әйелдер болған.
Ана – қамқоршы, ана – ақыл­шы. Сондықтан қазақта әйел де­геннен гөрі ана деген сөз әл­де­қай­да қадірлі, әлдеқайда сыйлы се­кілді көрінетіні бар. Біле біл­сеңіз, әйгілі Құрманғазы атында­ғы оркестрді көтеруге үлес қосқан ана­ларымыз аз емес. Олар: Гүл­на­фис Баязитова, Фатима Бал­ғаева, Бақыт Қарабалина, Мұл­хай­дар Сұлтанғалиева, Балжан Дәу­­летбаева, Зере Бейсенбаева, Мүс­­лима Әбдікәрімова, Қан­шайым Құдабаева Алмажан Ша­ғы­рова, Меруерт Кәленбаева, Гүл­сара Ізтілеуова, Роза Қой­шиева­лар. Біз осы бір есімдерді ұмыт­пауымыз қажет. Себебі, бұл – тарих. Ал тарихты ұмыту өзі­міз­ді, яғни қазақты ұмыту деген сөз. Осы өнер ұжымында өзінің еңбек жолын атақты күйші Айгүл Үлкенбаева да бастаған. Әмина Өмірзақованың орны тіптен ерекше. Ол тағдырға мойы­маған қай­сар ана, ұлы тұлға. Басқасын ай­т­пағанда, «Тақиялы періш­те­де­гі» Тана апайдың рөлі­нің өзі көп­ке үлгі болды. Қазақ барда, осы­нау ұлы тұлғалар бар. Шығар­ма­шылықтағы және өмір­дегі әйел­дің орны алабөтен. Себебі, әйел, бұл – ана. Ал ана әркез ар­дақ­ты…

Әзірлеген Әлібек Уалиханұлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір