Театрдың тұңғыш шежіресі
Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық музыкалы қазақ драма театры еліміздегі ең байырғы өнер ордасы. Оның іргесі 1938 жылы қаланып, осы жылы оған Петропавл театры келіп қосылды. Ал 1948 жылы Орал театры да осы шаңыраққа келіп табан тіреген.
М.Әуезовтің «Түнгі сарын» қойылымымен ашылған өнер ордасы аты әлемге әйгілі біраз драматургтер мен қазақ халқының танымал пьесаларын сахналады. 1969 жылы театрға Махамбет Өтемісұлының есімі берілді. Сұлу өнердің сырлы шымылдығы бұдан кейін де алуан рет ашылып, өз көрерменіне рухани-эстетикалық ләззат сыйлады. Биыл 78 маусымын ашқан өнер ордасы жақсы дәстүр бастап, театр тарихы туралы «Атырау облыстық драма театры» атты кітап шығарды. Кітаптың авторы – белгілі театр сыншысы Әлия Бөпежанова. Таяуда ғана Алматыдағы Ұлттық кітапханада осы кітаптың тұсаукесері өтіп, оған белгілі қаламгерлер мен Атырау облыстық Мәдениет басқармасы мен драма театрының өкілдері, алматылық қаламгерлер, драматургтер мен режиссерлер, актерлер қатысты. Үш бөлімнен тұратын кітап өнер ордасының алғашқы баспалдағын, өркендеу жолын және тәуелсіздік жылдарындағы кезеңін қамтиды. Сан жылдарғы еңбекті таспаға түсіріп, тарихта қалдырудың бұл тәсілі еліміздегі өзге театрларға үлгі болары хақ.