Ана ақылы – бала қиялы
«Әйел қырық шырақты». Бабаларымыз аналардың бойындағы киелі күштің, жақсылықтың, білім мен біліктілікті осылай шамалапты. Отбасындағы тәрбиенің толымдылығы сол шырақтардың қараңғыда надандықпен далбаса күн өткіздірмейтін, мүлт бастыртпайтын қарымды қуатына байланысты.
Атадан қалған астарлы сөзден көкейіме қондырғаным, жадымда жаттағаным, көкірегіме түйгенім мынадай:
Бірінші шырақ – ар. Арлылық адам мен хайуанның арасындағы айырым белгісі, жұрт алдындағы жауапкершілік. Арлану – имандылықтың сипаты. «Жарлы болсаң да арлы бол» деген халқымыз данышпан. Абай айтыпты: «Пайда ойлама, ар ойла». Пушкин жазыпты: «Арыңды жасыңнан сақта». Даналарымыздың дегені жүзеге асса, адамгершілік, тыйымдарды елейтін, ұлтына ұят келтірмейтін ұрпақ өсіп, көкек ана, тастанды бала болмас еді. Өткендеріміздің өсиетіне жат жолмен мақсатқа жету – арсыздық. Тәрбиеші әуелі алдымен өз санасының бүлінбеуін қатаң бақылауға міндетті. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борыш, ар үшін, Барша адамзат қамы үшін, Серт бергем еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшін» дегенін шамшырақ етсе, құба-құп.
Екінші шырақ – адалдық. Бұл шырақтың шапағатты жарығын таза ниетті, ар-ожданына кереғар келмейтін, әділдік пен шыншылдық принциптерін тірек тұтқандар ғана көз сүйсіндіріп, жанын жадырата алады. Қазақ ықылым замандардан бері кіршіксіз тазалықты ту етіп келеді. Кемеңгер Абай «Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолы өнерлі – қазақтың әулиесі
сол», – депті. Әрбір тәрбиелеушінің өнегелі ісі қоғамның өрлеуіне, гүлденуіне қаншалықты үлес қосатыны осыдан айқын аңғарылады.
Үшінші шырақ – ақыл. Ақыл шырағы адамды сыншылдықпен ойлауға, қиял байлығын еркін кеңдікке, мәністі мәселенің тұтастығына ұмтылдырып, құнттылыққа жетелейді. Тәрбиеші өзін-өзі үнемі тәртіпке келтіріп отырмаса, сол жұғымды дағдысын сәбиіне шым-шымдап сіңірмесе, арманы орындалмайтын, кейін мұңын айтып тауыспайтын, жанарының жасын көлдететін мұңлыққа айналады. Баланың инабаттылыққа икемділігін әділеттілікке жүйелі қамтудың қажеттігі осыдан көрінеді. Ананың ақылы баланың ойына оралымды, еркіне нұқсан келтірмейтін, қиялына қысым жасамайтындай кең болғаны мақұл. Тәрбиеленуші тарапынан білдірілетін қарсылық ақылыңыздың асығыстығын, тәрбие шарттарын толық қамти алмағаныңызды байқатады.
Төртінші шырақ – әдептілік. Ең алдымен тәрбиелеуші ананың өзі әулекілікпен ауылдаспай, бал-бұл жанған бөбегіне уайым көлеңкесін түсірмей, әдептілікті әдетке айналдыруы тиіс. Олар жеткіншектің құлағына ес білгеннен Байсерке шешеннің «Парадан алған түйеден, Адалдан жиған ешкі артық» дегенін құя бергені жөн. Сәбиді күш көрсету, қорқыту арқылы еріксіз бағындыру оның мінез-құлқына кері әсерін тигізеді, кішіпейілділік, ізеттілік қасиеттерінің түп тамырын көктеп үлгермей тұрғанда қияды. Халқымыздың «Әдептілік – әдемілік» деген қағидасы отбасында, ауыл-аймақта, қоғамда, күнделікті қарым-қатынаста әдеп сақтауға міндеттейді. Ғабит Мүсірепов: «Оқыс сөз, одыраң мінез үлгісі жоқ ұлдың, кер кеткен қыздың белгісі», – деп жазған. Ұрпағын халықтық рәсімге, жол-жоралғыға, дәріптеулі дәстүрімізге өнегелі іс-әрекетімен тәрбиелеу – ата-ананың негізгі борышы.
Бесінші шырақ – байқағыштық. Бұл қасиет бала тәрбиелеуші анаға өте қажет, ерекше зейін қоюды талап етеді. Жеткіншек өз танымының алғашқы сатыларында әр нәрсені ежіктей сұрап, егжей-тегжейіне жетуге талпынады. Оның бетіне нұр жүгірту үшін тәрбиеші тәлімі көкірек көзін ашуға бағытталғаны дұрыс. Өйткені, әр сауал – ізденістің бірінші баспалдағы, құнттылыққа баулитын психикалық үрдіс. Түсіндіру тәсілдері түрлі-түрлі. Ертегі, аңыз түрінде баяндаудың да артықшылығы жоқ. Аязбидің Ханның тұлпарын сынауын еске түсіріңізші. Құлын кезінде сиыр сүтімен қоректенген жылқы судан өткенде артқы сирағын сілкуінен өзі көрмеген оқиғаны данышпан кісі айна-қатесіз болжап еді ғой. Мұндай мысалдар қазақ ауыз әдебиетінде жетіп-артылады, тәрбиеге пайдалануымызды күтіп жатыр. Тек құнт керек. Жүсіпбек Аймауытов былай депті: «Құнтталмаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы еш уақытта берекелі болмақ емес».
Алтыншы шырақ – ізеттілік. Әдептіліктен, сыпайылықтан, қарапайымдылықтан, өнегеліліктен құралатын осы қадірлі қасиет ұрпақ тәрбиелеуде жақсылыққа бастап, үлкенді сыйлауға, кішіге ілтипат көрсетуге, отбасында баланы халықтық рухқа, бауырмалдыққа, туысшылдыққа, көпшілікке үйірсектікке үйретеді, этностық мінез-құлық қалыптастырады. «Сәбилер мен жастарды сыйлау, сүю керек, себебі шындық дегеннің өзі солардың аузымен айтылады деген сөз бар», – депті Бауыржан Момышұлы.
Жетінші шырақ – тіл. Әрбір ата-ана бала алдында сөйлеу мәдениетіне-рухани байлығының қорын көбейтуге зор мән беруі керек. Мағжан Жұмабаевтың жазуынша: «Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастауын көрсетеді».
Нармахан Бегалыұлы,
ақын, Константин Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.