Бала тәрбиесінің темірқазығы
15.09.2022
530
0

Самал САМАРХАНҚЫЗЫ, психолог

Баласының дамуын мұқият бақылап, дұрыс көңіл бөле алған ата-ана үшін психологиялық тесттерге жүгінудің қажеттілігі шамалы. Себебі баланың мінез-құлқындағы мықты және әлсіз тұстары, қарым-қабілеттері олар үшін көрініп тұрады.

Қазіргі таңда Қазақстанда адамдарға психологиялық, психотерапиялық қызмет көрсету аясы қарқынды дамып келеді. Әрине, бұл өте қуантарлық жағдай. Бірақ қарапайым адамдар байқай бермейтін, зиянды тұстары да жоқ емес. Мысалы, ата-аналардың көбі баласына шамадан тыс қамқорлық танытып жатады. Бұл баланың өз мүмкіндігін шектеу болып саналады. Бала мүмкіндігін шектеу, оның келешегіне үлкен соққы болуы мүмкін.

Қазір балаға қойылатын талаптар да барған сайын күшейіп келе жатыр. Бала ештеңеге алаңдамай, бос уақытын өзі қалағанынша еркін өткізгені де пайдалы. Жиі таза ауада болып, достарымен ойнап, спортпен айналысқаны абзал. Бұл баланың физикалық тұрғыдан да және әлеуметтік-эмоциялық дамуына да оң ықпал етеді. Себебі балалар қозғалып өседі.

Өкінішке орай ата-аналар балаларын мектептен тыс, басқа да түрлі үйірмелерге қатыстырып, балаға бос уақыт қалдырмай жатады. Үйірмелердің де, мектептен тыс қосымша сабақтардың да баланың білімін жетілдіруге пайдасы әрине, бар. Бірақ баланың қаламайтын, оны қызықтыра бермейтін нәрселерге күштеп жазып, апарудың қажеті жоқ.

Баланы жаңа өсіп келе жатқан жеткіншек ретінде қараған дұрыс. Әр бала өзінше бір әлем, бойында ешкімге ұқсай бермейтін даралығы, өзгешелігі бар. Адамдардың сыртқы сырт-пішіні әртүрлі болғаны сияқты, баланың ішкі жан-дүниесі де ерекше болады. Сонымен қатар әркімнің қарым-қабілеті жағынан дефицит тұстары да болады. Бұл қалыпты жағдай. Мысалы, кей бала әдебиетке, тіл біліміне әлсіз, ал есепке өте жүйрік болуы мүмкін. Бұл жағдайда баланы математикаға қарай көбірек көңіл бөлуіне ықпал етіп, ал әдеби ізденісіне келгенде, сәл ғана қолдау көрсетіп отырса жеткілікті. Әдебиет сабағынан нашарлығын алға тартып, қысым көрсетуге болмайды. Баға емес, бала құнды. Біз дұрыс қолдау көрсету арқылы ғана, баланың бойында бар қабілеттерін аша аламыз.

Негізінде, мектеп – интеллекті ғана дамытуға бағытталған оқу-дамыту жүйесі. Ал баланың тұлға ретінде дамуы, ата-аналардың жауапкершілігінде тұрған мәселе. «Баламызды мектепке бердік, біліміне, ой-санасына ұстаз жауапты» деп ойлайтын ата-аналардың да пікірі дұрыс емес. Осы айтылған жағдайларды ата-аналар ескерсе екен дейміз. Балаңыздың жанашыр, өзгелерге қамқор бола алатын мейірімді қасиеті мектепте қажет болмаса да, ертеңгі күні өмірінде қажет болады. Ерік-жігері дамымаған баланың да таланты сыртқа шықпай, іште бүгіліп қалады. Өзін жақсы жағынан көрсете алуы, ерік-жігерін дамытуы, өз алдына мақсат қойып үйренуі өте маңызды. «Мақсаты бар бала ғана психологиялық тұрғыдан дами алады» дейді атақты ғалым, психолог Альфред Адлер. Ал баланың батылдығын, ерік-жігерін қалай дамытамыз деген ата-аналарға, қазақтың салт-дәстүрінен сыр шертуге болады. Себебі бұрынғы кездегі аналарымыз, әжелеріміз бұл проблеманың тамырын дәл басып тапқан. Яғни қисса, аңыз оқып тәрбиелеу, олардың күнделікті өмір салтында болған. Қиссаларда пайғамбарлардың өмірі, батырлардың елі, жері үшін жасаған ерлігі жырланатын. Сол арқылы баланың бойындағы адамгершілік қасиетіне, рухани сезіміне тәлім беріліп отырды. Қиссаларда келтірілген кейіпкерлердің мінезі, өмірлік ұстанымдары, ізгілік қасиеттері баланың жүрегіне егілген дәнмен тең. Сол арқылы баланың шығармашылығы, ой-қиялы дамып, санасының көкжиегі кеңейеді. Жалпы, халық ауыз әдебиеті шығармаларымен сусындап өскен балалар ғылымға құштар болып өседі. Бұл жайлы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында қиссаның пайдасы деген жеке тарау арнап жазған. Абылай ханның тікелей ұрпағы Шоқан Уәлихановтың әжесі де бала Шоқанға кішкентайынан жыр жаттатып, аңыз әңгімелер оқытып өсіргенін білеміз. Қазақтың әйгілі ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев та балалық шағында қиссаларды сүйіп, аңыз-әңгімелермен сусындап өскен.

Жалпы, Психология ғылымының түп-тамыры мифологиядан тарайды. Атақты Зигмунд Фрейд те өзінің теорияларына түсінік беру үшін мифологияға, аңыз-әңгімелерге сүйенген.

Ал жыр, аңыз әңгімелерді оқып, жаңылтпаштарды жаттап өскен баланың есте сақтау қабілеті жоғары болатыны дәлелденіп жатыр. Қисса, аңыз әңгімелерді оқып жаттаудың да өз орны барын естен шығармаңыздар. Мұны балаға жатта деп талап қою жеткіліксіз. Бірге уақыт бөліп отырған абзалырақ. Сүю дегеніміз – уақыт бөлу. Қазақта «қарны аш болса да, көңілі аш болмасын» деген сөз бар. Баланың көңілге зәру екендігін біз ешқашан естен шығармауымыз керек. Көңіл дефициті баланың өмірінде көптеген қиындықтар тудыратынын кез келген психотерапевт мамандар растайды. Қарапайым мысал, анасы баласына жұмсақтау, мейірімді болса, бала ашылып, өзін не ой мазалап жүргенін айтып, ішіндегісімен бөлісуге мүмкіндік алады. Бұл өте керемет. Ал егер бала ондай көңілді ата-анасынан ала алмайтын болса, онда баланы мазалаған сезімдері ішінде қалып кетеді. Бала бұл сезімдерімен өзі іштей жалғыз күреседі. Не істеуі керек екенін білмейді. Сондықтан ол өзінің эмоцияларын шығару үшін, көзіне түскен қоңызды өлтіруі мүмкін, кездейсоқ бір затты ұрлауы мүмкін немесе сабақ үлгерімі төмендеуі мүмкін. Бұл жағдайлар баланың басқа жолға түсуіне де себеп болып жатады.

Отбасында анасы мен әкесі зерек әрі сезімтал жандар болса, баланың қажеттіліктерін көру, түсіну оңай болады. Ондай бала өз ісіне жеңіл қарайтын, кез келген мәселенің шешімі бар екенін түсінетін адам болып өседі. Соның арқасында ондай адам өсе келе қиындықтарға мойымайтын төзімді келеді. Оны психологтардың зерттеулерінің нәтижесінен де көріп жүрміз. Әрине, бұл 24 сағат баланың қасында болу керексің деген сөз емес. Бірақ уақыт бөле алатын кездерде, сіздердің сол мүмкіндікті қалай пайдаланатындарыңызға, яғни сапасына байланысты дүние.

«Баланы тәрбиелегің келсе, әуелі өзіңді, мінезіңді тәрбиеле» деген тәмсіл қай заманнан бері айтылып келсе де, темірқазықтай жол көрсетіп, өзгеріссіз тұра береді.

Ата-анасы баласы жайлы қандай ойда болса, бала да өзі жайлы тура сондай ой қалыптастырады. Бұл жай ғана сөз емес. Мәселен, анасы баласының бойындағы қабілеттеріне мән бермейтін болса, бала да өзіне мән бермей, өзін қадірлемей өседі. Егер ата-анасы баласының мықты тұстарын көріп, көңіл бөліп, құрметтей алса, баланың өзін бағалауы, өзін қабылдауы да жоғары болады. Әрине, бұл жағдайлардың барлығы бала ержетіп, есейгенде өзгеруі мүмкін. Себебі адамда ішкі бостандық бар. Ол өзі таңдау жасап, өмірден сабақ алып, дамып кете береді.

Біз сіздерге баланың дамуы, психологиялық мәселелер төңірегінде сыр шерттік. Ата-ананың баласымен ашық қарым-қатынас орнатуы, оның білімді де білікті адам болып қалыптасуына жол ашады. Осы мәселеге ата-аналар мән беріп, назар аударса екен дейміз. Себебі балалық шақ, балаңыздың өміріне өшпес із қалдыратын сәттерден тұрады.

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір