БАЛА ТҰМАШ
1945 жылдын күзі.
Тұманбай екеуміздің жолымыз алғаш рет Ақши мектеп-интернатында түйісті. Ол бастауыш класс бітіріп Казаткомнан, мен Қайраттан келдім.
Тұманбайды ауылдас жора-жолдастары еркелетіп «Тұмаш» дейді екен. Алғашқы күннен бастап біз де солай атап кеттік.
Тұмаш менен гөрі байсалды, не істесе де асықпай, ойланып істейтін, сөзі үлкен кісілердің сөзіндей салмақты бала болып шықты. Сабаққа да алғыр екен. Бірден класымыздағы үздік оқушы болып шыға келді.
«Шешемнің жақсы балалармен жолдас бол, жаманнан аулақ жүр» деген тілегі түрткі болды ма, мен Тұмашқа жақын жүруге, қыбын тауып қатар отыруға, үздік оқуға тырыстым. Білмегенімді ұялмай одан сұрап алып жүрдім. Орынсыз ұшқалақтығымды тыюға ниет еттім.
Ай артынан ай, күн артынан күн өтіп, оқу жылы да аяқталды. Тұмаш өзінің Казаткомына, мен Қайратыма қайтатын болдым. Қоштасарда «қайтсек те жазғы демалыста кездесейік», – деп уәделестік.
Соғыстан кейінгі жаз ғой. Таңның атысы, күннің батысы қауырт тіршілік. Өрістегі малға қарау. Қысқа жем-шөп дайындау. Жаппай жүріп жатқан құрылыс. Еңсесі түскен үйлерді көтеруден бастап, қора-қопсыларды жөндеу, сылап-майлау. Ұшы-қиыры жоқ жұмыстар. Үйге келісімен-ақ жұмысқа жегілдім. Еш нәрсеге мұрша жоқ, оқимын деген кітаптар да жайына қалды.
Бір күні түсіме мектебім, кластас жолдастарым, парталас Тұмаш кірді. Ертесіне Тұмаштан үш бұрышты хат келді. Ол хатында мектепті, кластас жолдастарын, оның ішінде, мені сағынып жүргенін жазыпты. «Уақыт тауып ауылға келіп қайт» деп тілек айтыпты.
Хатты дереу апама көрсетіп, Казаткомға бір күнге барып келуге сұрандым. Апам рұқсат беріп, келесі күні күрең тайды ерттеп, шығарып салды.
Екі ауылдың арасы он шақырымдай. Күрең тайымды ойнақтатып, лезде жетіп бардым.
Мұнда да сол біздегі тіршілік. Тұмаш томпаңдап апасы екеуі қорада шөп түсіріп, үйіп жатыр екен. Ол алғашында таңырқай қарап, содан соң маған қарай құшағын жая ұмтылды. Мен аттан секіріп түстім де, құшақтаса кеттім. Қымқай ана дәл өз шешемдей жылы лебізін айтып, аймалап бетімнен сүйді. Тұмаш екеуміз дабырласып, мектептегі жолдастарымызды, ұстаздарымыздың қылықтарын еске түcipiп, мәре-сәре болып қалдық.
Ол күні анасы Тұмашты жұмыстан босатты. «Әңгімелесіңдер, ойнаңдар, мен сендерге тамақ жасайын», – деп бізге шай беріп, шөлімізді қандырған соң, тысқа шығып кетті. Біраз әңгіме айтылып болған соң, Тұмаш себетпен қапталған, сыртқы бетін суреттеп ою-өрнек салған дәптерді қолына алды. Аздап қысылыңқырап:
– Мен саған бір өлең оқып берейін, – деді.
– Оқысаң оқы, тақпақты жақсы айтушы едің ғой, – дедім.
Ол оқи бастады. Бір өлеңді оқып болған соң маған қарап:
– Кімнің өлеңі? – деп сұрақ қойды.
– Абайдыкі емес, Жамбылдыкі емес, Асқар Тоқмағамбетовтікіне де, Тайыр Жароковтікіне де ұқсамайды. Кімдікі болды екен? – дедім ойланып.
Тұмаш өңі құбылып, бірдеңе бүлдіріп алған кінәлі баладай:
– Бұл – менің өлеңім. Мен өзім шығардым, – дегені.
Мен сенер-сенбесімді білмей:
– Қалайша? Қайтіп? Шын өзің шығардың ба? Өзің пәлесің ғой! Мынауың кәдімгі кітаптың өлеңіндей. Қане, тағы оқышы. Қысылма! – дедім.
Тұмаш тағы бірнешеуін оқыды. Мен таңданып:
– Әй, керемет! Тамаша! Сен ақынсың ғой, – дей бердім.
– Шыныңды айтшы, шын ұнай ма? – деді. Мен шын көңіліммен қуанышымды білдірдім.
Тұмаш үндемеді. Өлеңдердің мазмұны жолдас құрбылардың, мектептес оқушылардың мінезіндегі кемшіліктер, олардың күлдіргі қылықтары, дөрекі мінез қырлары еді. Ауыл табиғатын, көрші ағайындардың тұрмысын суреттейтін шумақтар да бар екен. Ендігі әңгіме, көбінесе, өлең төңірегінде болды.
…Міне, жайма-шуақ күз де келді. Жаңа оқу жылы да басталды. Қалың дәптерін өлеңге толтырып ауылынан Тұмаш та келді. Бірінші күннің кешінде-ақ, интернат жатақханасының бір бөлмесінде тұратын балаларға Тұмаштың өлең жазатынын хабарладым. Ал одан жаздай жазған өлеңдерін балаларға оқып беруін өтіндім. Тұмаш қабағын түйіп, тамағын кенеп, тақпақтап оқи бастады. Әр өлеңді аяқтап, кідірген кезінде:
– Әрі қарай оқы!
– Келесісін оқы.
– Тағы да, – деп, арамызда ойда-жоқта пайда болған ақын баланы қолпаштап отырдық.
– Ой, мынауың Әбенің өзi ғой.
– Мынауың Дәуітбай туралы ғой, – деп, балалар шулап ырза болып жүр.
– Сен мені жазыпсың ғой. Тапқан екенсің келеке ететін кісіні. Дәптеріңді жыртып, отқа жағайын, әкел бері! – деп дірілдеді Дүйсенбек.
– Бұны Тұмаштың өзі жазбай қалсын. Біреуден көшіріп алған ғой, – деді Дәуітбай.
Мен Тұмашты жақтап, өлеңдерін мақтап сөйледім. Оны өзі шығарғанын айттым.
– Қане, өзінікі болмаса, табыңдаршы қай кітаптан көшіргенін, – деп ренжідім. Олар үндемеді.
Осылайша, Тұмаштың «ақындығы» алғашқы талқыдан өтті. Тұмашты жақтаушылар қолқалап, мектептес жолдастары жайында жазған әзіл-сықақтарын «Мектеп айнасы» қабырға газетіне шығарттық. Оның балаларға тигізген әсері күшті болды. Енді мұғалімдердің өздері Тұмашқа арнайы тілек айтып, тақырыбын атап, қабырға газетіне нөмір сайын өлең жаздыратынды шығарды. Сөйтіп, он үш жасар Тұмаш мектебіміздің айтулы ақыны атанды. 
Жолмұхан ТҮРІКПЕНҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
ПІКІРЛЕР1