БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ
Халқымыз әйел адамды сұлулықтың символына балап, «әлемді құтқаратын» тартылыс күші бар әдемілік деп жатады. «Әлемді құтқарады» деуі олардың сұлу болғаны үшін айта салған жай сөз емес. Әйел ер азаматтың қабырғасынан жаратылған нәзік те сырлы құбылыс болғанымен, сол сыршылдықтың тұңғиығына батып, жауабын өмір бойы таба алмай кеткендер қаншама. Иә, әйелді түсіну оңай емес. Ол бағасын білгенге – патшайым, бағаламайтындар үшін жай ғана дәрменсіз тіршілік иесі. Қазақ әйелдің атқарған қызметіне, қоғамдағы алатын орнына еш уақытта бейжай қарамаған. Ұлы Отан соғысы жылдары тылда қызмет еткен әйелдер қара нардың жүгін көтеріп, отбасымен қоса бүкіл елді асырады емес пе? Әйелдердің еңбекке араласуы, ерлердің еншісіндегі істерді олардан кем орындамайтынын сол тылдағы нәзік жандылар дәлелдеп кетті. Жазушыларымыз да қазақ ұлтының болмысын қалыптастыруға, табиғаттың өзі дарытқан ақыл көкжиегімен ұлтты тәрбиелеп, халықтың құрметіне бөленген нәзік жандылардың тағдырын қашан да шығармаларына арқау еткен. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романында да қазақ қызының бойындағы батылдық ұшқыны жиырмаға толмаған Ұлпан қыздың бейнесінде көрініс табады.
Көпшілікке танымал «Троя» аңызында бір империяның күйреуіне себептің басы ретінде әйел адам айтылады. Аңыз болса да осы оқиғаның қазақы ұғымдағы «елмен елді бітістіруші немесе араздасуының басты себепшісі – әйел» деген ұғымына да сай келетіндей. Қазақ түсінігінде әйел асыл ана, аяулы жар болумен қатар, қоғамның әр саласында олардың өзіндік үні болды. Әйел түсінігі тар ауқымға сыймайтынын ерте аңғарған Мұхтар Әуезов «…Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе» деген. Қазақтардың тұрмыс-салтын терең зерттеген тарихшы А.И.Левшин «Қазақ әйелдері еркектеріне қарағанда мейірімді келеді» дейді. Ол Әбілқайыр ханның зайыбы Бопай жайлы: «Бопай… өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті» деп жазды. Шоқан Уәлихановтың әжесі, Уәли ханның жары, алты тіл білген Айғаныммен патшаның өзі ақылдасып отырды. Сібір қазақтары туралы жарлық шығарарда патша қазақтарға мейлінше ықпалды болған Айғаныммен санасқан. Оны халық арасында «ақ патшайым» деп атаған. Әйелдің жолы қасиетті екенін ел арасына таралған аңыздардан да аңғаруға болады. Халық арасындағы бір аңызда шапқыншылық заманда болған оқиға суреттеледі. Қаланы қоршауға алған шапқыншылар қоршаудан тек қана әйелдер өздеріне ең қажетті дүниесін дорбаға салып арқалап өтсін дейді. Сонда әйелдер дорбасына ер азаматтарды салып, арқалап өткен екен. Жаулаушылар олардың мұндай ерлігіне таң қалып, бала-шағаны қырғынға ұшыратуын тоқтатқан көрінеді. Бұл қазақ әйелінің қай істе де қайтпас қайсарлығын, ерік-жігерінің мықтылығын көрсетсе керек. Қазақ әйелі отбасы, ошақ қасында ғана емес, мемлекеттік маңызы бар үлкен істердің де басы-қасынан табылып жүр. Еуропа саясатына салмақты үлесімен еніп, шет мемлекетте министр болған тұңғыш қазақ қызы Жәмила Стехликованың қанша жыл өтсе де қазақы болмысты сақтап, өз елінің баспасөз бетіне еркін пікір беруі қазақ қыздарының қайда жүрсе де елжанды боларын күллі әлемге паш етсе керек. Әйел азаматшалардың әр істі дөңгелетіп әкететінін, қай салада да көшбасшы бола білетінін өмір тәжірибесімен дәлелдеп жүрген жандардың өздерін сөйлеткен едік.
Жәмила СТЕХЛИКОВА,
Чехия Республикасы Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi бұрынғы министрі, Чехия Жасылшыл партиясының белсенді қайраткері, медицина ғылымының докторы
ЕРЛЕРІН ТӨМЕНДЕТПЕГЕН
Адамзаттың дүниеге ер немесе әйел болып келуіндегі негізгі мақсат – оның қалай адам болу жолын іздеуінің көрінісі. Ер мен әйел бірін-бірі толықтыруы арқасында ғана әлеуметтік тұтастықты қалыптастырады. Адам баласы махаббатсыз, өзінің теңінсіз, отбасынсыз өзін-өзі толық айқындай алмақ емес. Әрбір адамның өмірге келгендегі міндеті, ол әйел не ер азамат болсын, іске икемділігінің арқасында тек жеке мүддесін ғана емес, отбасын, Отанын, тіпті бүкіл адамзаттың гүлденуіне атсалысу. Адам басқаларға көмек көрсетіп, қызмет істегенде ғана шынайы бақытты бола алады. Қоғам әйелдердің мемлекетті гүлдендіруге өз үлестерін қосуына мүмкіндік жасаса бай бола түседі. Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретті жылдарында, ер азаматтар майданға аттанған тұста әйелдер қаншалықты ауқымды ерлікке бара алатындығын дәлелдеді. Қоғам әйелдердің отбасына және еңбекке бірдей араласуына, мәселен, балабақшалар мен тәлімбақтар ашуына жағдай жасауы тиіс.
Осыдан жүз жылдай бұрын әйелдердің теңдігі үшін «Халықаралық әйелдер күні» идеясы пайда болды. Негізінен, 1909 жылдың 8 наурызында тігіншілер Нью-Йорк көшелерінде дауыс беру құқығын талап етті. Сол кезден бастап әйелдер ең маңызды болған саяси биліктен басқа көптеген салаларда теңдікке қол жеткізді. Әлі күнге әлемді бұрынғысынша ер азаматтар билеп келеді. Мұның кері жақтары да бар. Өйткені, әйелдердің мүддесін биліктегі әйелдер ғана қорғайды. Әйелдер мен ерлердің өмірлік тәжірибесі әр түрлі, күнделікті мәселелерді саясаткерлер ұмытып кетеді, өйткені ерлер әлемге әйел көзімен, ана көзімен қарай алмайды. Саясаттағы ерлер мен әйелдердің теңестірілген өкілдігі барлық қоғамға тек қана пайдасын әкеледі. Саяси сахна мейлінше ашық болып, халықтың түгелдей қажеттіліктерін өтеуге қызмет етеді.
Мына жерде мен мойындауым керек, көп жағдайда қазақ әйелдері өз құқықтарының толық қорғалғандығын сезінбейді. Себебі, олардың саясатқа немесе бизнес секілді басқа да жоғары мансапты иеленуіне мүмкіндіктері аз. Қазақстанда әйелдер өз-өзіне әуелі ата-ана, кейін ер азаматтар көзімен қарайды және ұзақ уақыт отбасылық жағдайдан тыс қандай мақсатқа жетуі керектігін түсінбейді. Өйткені, әлеуметтік норма әйелдердің емес ерлердің пікірі негізінде әзірленеді. Ал ішкі қажеттілігін түсінбей, оны жарыққа шығармай, өз арманына жол таппай тұрып әйелдер бақытты бола алмайды. Әлеуметтік стереотиптер көбінесе әйелдердің емес, ерлердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Оның мысалы ретінде Қазақстандағы көбінесе отбасы және үй шаруасында мейлінше аз міндет алатын ерлерге қолайлы жұмыс уақытының кестесін айтуға болады. Қазақстанда икемді әрі толық емес жұмыс күнін тәжірибеге енгізу өте қиын.
Сол себептен әйелдердің бас айналдырарлық қызметтеріне тосқауыл отбасы мен жұмысты, жеке және қоғамдық өмірді біріктіру болып табылады. Әйелдер отбасына және бала күтіміне ерлерге қарағанда көп уақыт жұмсайды. Ал мәселен, кәсіби саясат үй тірліктерінен бөлек өте көп уақытты талап етеді (кешкі келіссөздер, іссапарлар, т.б.). Міне, сол себептен әйелдер саясатқа ерлерге қарағанда кешірек, балалары өскенде, қырық бестен асқанда араласады. Мұны бір танымал чех саясаткері «әйелдер саясатқа егде тартқан кезінде барады» деп бейнелеген еді. Отбасындағы үйлесімді ұштастырудың қиындығынан және кәсіби жауапкершіліктері мен саяси мансабы қосылғанда, статистика көрсеткеніндей, әйел депутаттар ер депутаттарға қарағанда екі есе жиірек ажырасады екен. Әрине, көптеген әйелдер мұндай құрбандықты қаламайды.
Қай кезде де қазақ халқының ұл-қыздары өз отбасына адалдығымен, берік туысқандық тамырларымен ерекшеленген. Бүгінде қазақтар отбасына, туғанына, жүзге, барша қазақ халқына адалдығын, халықтық мүдделерді қорғауға біріге түскен. Қазақ әйелдері мен қыздары өте қарапайым, сол үшін де біз билікке келгенде, отбасынан бастап мемлекетке дейін ерлер үстемдік ететінін айта аламыз. Қыздардың сессияда сөз алып «Мен кандидаттар тізімінің ішінде бірінші немесе екінші орында болғым келеді!» деп айтуына өз-өздеріне сенімділігі жетіспей жатады.
Жасыңа қарай жағдай да өзгереді. Балалар өскеннен соң, қазақ әйелдері қайтадан қалпына келіп, дана шешімдер қабылдап, басшылыққа баруға даяр болады. Сонымен қатар, олар ілтипатты, жұмсақ әрі ымыраға келгіш болып қала береді. Сіз саясаттағы әйелдің, АҚШ президенті болған күннің өзінде, өзін Дональд Трамп секілді ұстағанын елестете аласыз ба? Әйел қақтығыс емес шешім іздейді, өзін ақылды не үнемі дұрыс қылып, кек алу немесе қарсыласын жоюға тырыспайды, керісінше ымыраға келіп, бәрін орнына қоюды көздейді.
Қазақ әйелі ешқашан ерлерін төмендеткен емес. Отбасындағы келісім, саясаттағы табыстың құпиясы да осында. Оның бойындағы адамзаттың құндылықтары, өркениеттің жоғарғы көрсеткіші, балалар мен үлкендерге деген сүйіспеншілік және жұмсақтық тумысынан берілген қасиет. Қазақстанның гүлденуі мен бақытты болашағының кілті біздің сүйіспеншілікті, жауапкершілікті, еңбекқор қыздарымыздың қолында.
Жарқынбике СҮЛЕЙМЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Тіл білімінің теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының докторы, профессор
СҰЛУЛЫҚ ПЕН СЫМБАТТЫЛЫҚ СИМВОЛЫ
Нәзік жандылар заманның қай кезеңдерінде де қоғамнан ажыраған емес. Оны тарих беттеріндегі аналарымыздың қоғам мүшесі ретінде өзінің әлеуетін, қай салада болмасын, қоғам қайраткерлері ретінде дамытып отырғанын білуге болады. Қазақи ортада өмір сүре отырып, өз жеке басынан гөрі қоғам мүддесін жоғары ұстаған халқымыздың дара тұлға нәзік жандары қаншама?! Тарихтан белгілі Домалақ ана, Дарабоз ана, Ұлпан аналар, т.б. тұлғалар – осының дәлелі.
Жазушы Мұхтар Мағауин: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – деп қазақ әйеліне тамаша бір баға берген.
Қазіргі күннің жыл сайынғы өзгеріске ұшырап отырған заманның өзгеше үрдісі, яғни әлемнің өте тез жылдам дамуы нәзік жандыларға мүлде бөлекше заманауи талаптар мен жауапкершіліктер жүктеуде. Осы тұрғыдан еліміздің даму қарқынына өз үлесін қосуда нәзік жандылардың орны айрықша. Жалпы алғанда, қоғамның қай саласы болмасын, әйелдер табысты қызмет етуде. Саясатта да, мемлекеттік секторларда, министрлер қатарында да, ірі ұйымдар мен корпорациялардың басшылары ретінде де әйелді көруге болады. Біз қызмет етіп жүрген салада, яғни білім беру саласында нәзік жандылардың саны басым. Осы тұста өзіміздің университет туралы айтып өткім келеді. Біздің университетіміздің ерекшелігі – тек қана қыздар оқитын әлемдегі бірегей жоғары оқу орны болуында. Бүгінде Университетіміз әлемдік білім кеңістігінде заманауи қыздар оқу орны ретінде мойындалып отыр және Қазақстан жоғары педагогикалық білім беру жүйесіндегі көшбасшыларының бірі. Бұл ретте Университет басшысы, профессор Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаеваның еңбегі ұшан-теңіз. Бакалавриатты есептемегенде, магистратура мен докторлық дәреже алу үшін оқып жатқан білім алушылардың да басым бөлігі – нәзік жандылар. Бұл Қазақстандағы әйелдердің білім деңгейінің жоғарылығын көрсетеді. Тіпті, құрылыс пен ауылшаруашылығында да әйелдердің үлесі аз емес.
Қазақ әйелі, ең алдымен, отбасы берекесі, отағасының адал жары, сенімді серігі, ақылшысы, балаларының мейірімді анасы, туған-туыстарының қамқоршысы, жанашыры. Содан соң Қазақстанның ілгерілеп дамуына өз үлесін қосып жатқан, қоғамның барлық салаларында қызмет етіп жүрген белсенді мүшесі, қазіргі заман қаһарманы. Үшіншіден, қазақ әйелі нәзік болмысты парасатты жан, сұлулық пен сымбаттылықтың символы. Нәзік жандылар ерлерге қарағанда нәзік, ақылды, кешірімді, төзімді болып келеді. Ұлтымызды ұйытып, ұрпақ тәрбиелеп отырған да әйел.
Әйелдер бүгінде қоғамдық мәселелерді шешуде белсенді, жоғарыда айтып кеттім, өміріміздің барлық саларында қызмет етеді. Әйел – министр, әйел – саясаткер, әйел – қоғам қайраткері, әйел – ғалым… Осылайша жалғастыра беруге болады. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі әйел келбеті – «бір қолымен бесік тербеткен, екінші қолымен әлемді тербеткен» аяулы да сыршыл жан.
Жанат ДӘУЛЕТБЕКОВА,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының докторы
ӘЙЕЛ ӨМІРІНІҢ МӘНІ
Әйел ең бірінші кезекте бесікті тербетуі керек. Бесікті тербеткен әйелдің өз перзентіне мейірімі оянады, жауапкершілігі артады. Бесікті тербеткен әйелдің мейірімі ұрпағының сырын ұғынуына, жаратылыстың шынайы мәнін түйсінуіне жол ашады. Ал мұндағы әйел тербейтін «әлем» сөзінің мағынасын «бүкіл дүниенің жүзі» деп емес, әйелдің өзі туған, өскен, өнген, еңбек етіп жүрген ортасы, микроәлемі деп түсінемін. Егер әйел атаулы өз әлеміндегі осы миссиясын жете түсініп, жүзеге асырса, макроәлемде де тыныштық орнап, бейбітшілік салтанат құрмақ. Ұлы Абай айтқандай, «ақылын да, қайратын да жүрегіне бағындыратын» саналы жұрт қалыптаспақ. Сол жұрттардан іргелі адамзат қоғамы құралмақ. Олай болса, нәзік жандылардың қоғамдағы ролін, іске икемділігін бағалаудың басты критерийі мен өлшемі ретінде осы екі дүниенің (мейірімі мен жауапкершілігінің) таразы басын тең ұстап тұруын атар едім.
Осыдан бірер жыл бұрын белгілі бір философ ағамыздың «Әйел – Құдай» деген тұжырымын оқығанда қатты таңғалдым әрі қатты алаңдадым. Таңғалуымның себебі: әлемде теңдесі жоқ Құдайға жұмыр басты пендені теңеу ойға сыйымсыз көрінді. Алаңдауымның себебі: әйелді асыра әспеттейміз деп қыздарымызды тасытып, ұлдарымызды жасытып алмасақ екен. Әркім өзінің орнын білгені дұрыс болар деп ойлаймын. Менің түсінігімде, әйел – Құдай емес, бірақ Оның жер бетіне өзінің шексіз мейірімін тарату үшін шексіз мейіріммен жаратқан ерекше құбылысы. Оны ерлерден бөлекшелеп тұратын Қасиеттері бар. Мен соның үшеуіне ғана тоқталғым келеді:
Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, әйел мен мейірім – бірінен бірі бөлінбейтін егіз ұғым. Әйел өмірінің сәні – мейірімінде. Егер бойында мейірім болмаса, ол Әйел емес, ол – Әйел-Сурет.
Екіншіден, әйел мен адалдық та – бір-бірінен ажырағысыз бүтін бітім. Адалдық – әйел өмірінің мәні. Менің пайымдауымда, үйдегі ұрпағына, еріне адал жан түздегі қызметінде де сол адалдығын берік сақтайды. Айналасындағылармен қарым-қатынасына да, атқарған қызметіне де, айтқан сөзіне де адал болады. Жалпы, адам баласына адалдық қасиет анадан сіңеді. Біздің дана қазақ бұл заңдылықты атам заманда білген, түсінген, түйсінген. Сондықтан халқымызда жұртына, еліне ерекше еңбегі сіңген ұлы тұлғаларын «адал сүт емген» деп дәріптейтіні бекер емес.
Әйелге әр үстейтін үшінші қасиеті – имандылығы. Өз басым «атеист» әйелдерден қорқамын. Себебі, қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Бірақ әйелдің имандылығы ата салтымызда жоқ, бетін бүркемелеу әрекетінен емес, иманын жүрегіне ұялатқан әдебінен көрініс тапса дейміз.
Біздің қазақ қыздарының өзге жұрттың әйелдерінен басты ерекшелігі – олардың өзін «әлсіз» деп сезінбейтіні дер едім. Қай кезең, қай дәуірде де жау жағадан алғанда, қолына қару алып, майданға аттанатыны, қиындық шаужайға жармасса, кез келген іске білек сыбанып кірісе кететіні – соның айқын дәлелі. Қазақ қызына ел шетіне жау тигенде қол бастау да қиын емес, жұрт ішінде дау туғанда сөз бастау да соншалықты жат емес. Аналығы мен даналығы бірін-бірі толықтырып тұратын текті тұлғалардың қазақ қыздарының ішінде молынан кезігуі аруларын ардақтап, еркін өсірген елінің, еркелеткен жұртының сенімі мен сүйіспеншілігінің арқасы дер едім. Соңғы жылдары гендерлік саясат дегенді жамылып, әйелдердің әлеуметтік мәртебесі мен құқы жайында әр алуан сөз қозғалып қалады. Ғасырлар бойы қазақ арасында салтанат құрып келген гендерлік саясаттың түпкі мәні – жаратылыстың заңын мойындай отырып, адамзаттың бәрін тең көретін ілімді ұстануында дер едім. Біздің ұлттың ділі мен дінінде «жұмақ – ананың аяғының астында» деген өзекті ұғымның қалыптасуы – соның дәлелі.
Бүгінгі қазақ әйелі – өзінің алдыңғы апаларының салтын сақтап, үрдісін жалғап келе жатқан Қыз, Ана, Тұлға. Бүгінгі қазақ әйелі – өзінің табиғи болмысына сай, отбасына адал, қоғамның барлық саласында қызмет атқара алатын білімді, білікті, іскер әйел. Қабілеті мен қарымына қарай қазақ әйелі көшбасшы да бола алатынын бүгінгі өмір көрсетіп отыр.
Соңғы айтарым: «Арқада аяз қыспаса, арқар ауып несі бар?!». «Әйелі ерге, ері жерге қараған ортада» қазақ қызы апаларының жолымен сөз бастап жатса, бетінен қақпай белін буған жөн болар. Қоғамда әйелдердің белсенділігі күшейсе, ол ерлерді үркітпеуі керек, керісінше, ойландыруы тиіс…
Әзірлеген Нұрлайым БАТЫР.
ПІКІРЛЕР1