ҚАҒЫНҒАН ҚОҒАМНЫҢ ҚАСІРЕТІ
Осыдан сексен жыл бұрын КСРО атты алып кеңістікте 1937–1938 жылдардағы жүргізілген жаппай террор ұлттық болмысымызды қалай өзгертті? Біздегі кемістік біткенді кейде содан көретініміз бар. Сол қырғынның салқыны тиген қазаққа сондай ауыр күндер қайтып келмесін. Байырғы бұқпалық пен қорқақтық мінез қайта бой көтермесін десек, біз әуелі нені ескеруіміз керек? Алапат «тазалау» науқанын бастаудың тұжырымы қалай жасалды, күллі посткеңестік аумақтағы жазалау саясатының жендеттері өздерінің бұл әрекетін қалай түсіндірді деген сауалдар төңірегінде жазушы Тұрсын Жұртбаймен әңгімелескен едік…
– Кезіндегі КСРО мемлекеті зұлымдығымен «Халық жаулары» деп қынадай қырған трагедияның дүниежүзі тарихында баламасы бар ма?
– 1937-38 жылдардағы ұлы қасірет бір ғана Совет Одағына қатысты емес, сол кездегі дүниежүзі мемлекеттерінің бәріне ортақ жағдай. Бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелері әділетсіз үлес бөлісіне – әлемдік жер мен ықпал бөлісіне алып келді. Ол Еуропа елдерінің бірқатарында ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі өздерін қорсыну сезімін өршітті. Соның кесірінен түрлі революциялардың оты тұтанып, бір-біріне кереғар және бір-бірімен бәсекелес идеологиялар дүниежүзі елдерін екіге бөліп-жарды. Бір кезде одақтас болған елдер екі түрлі ұстанымның кесірінен бір-бірімен іштей жауыға түсті. Осы сәтте дүниеге келген Совет үкіметі байырғы көзқарасқа, билікке, капиталға, жекеменшікке, жалпы ежелгі түсінікке қарама-қайшы идеологияны өзімен бірге ала келді. 1917 жыл мен 1937 жылдың арасындағы жиырма жыл – социал-демократиялық идеология мен капиталистік идеологияның бір-бірінің аңысын аңдыған, бір-бірінен қалай асып түссем екен деген бәсекелес өшпенділіктің басталған тұсы еді. Бұл өшпенділік Қытайды да шарпыды. Жалпы, дүние осындай бір өшпенді идеологияның қарама-қайшылығына ұшырады. Әрі мұның соңы адамзат қоғамында бұрын-соңды болмаған жауыздықты тудырды. Сөйтіп, бұл өшпенділік – барлық қоғамдық құрылым мен билік бір адамның ырқына шоғырланған елдерде әсіре асырасілтеушілікке жол ашты.
Жазушы, публицист, қоғамдық сананы өзгерткен қайраткерлердің бірі Бенжамен Констан: «Тек бір ғана адамның батырлығымен жеңіске жеткен мемлекеттің бақыты ұзақ болмайды. Тіпті сол адамның көмегімен де алысқа бара алмайды. Оған бас июдің өзі араздыққа соқтырады», – деген екен. Наполеонға қарата айтылған тура осы сөз – билікті бір ғана адамның қолына ұстатқан сол кездегі Германияның да, Совет одағының да бет-бейнесін айқындап тұрғандай еді. Шексіз билік иесі Сталин үш түрлі бақылау ұйымын құрды. Бірінші, ішкі қауіпсіздік мекемесі – Ішкі істер министрлігі. Екінші, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті. Үшінші, тек қана Сталиннің өзіне бағынатын, КПСС ОК-нің жеке бақылау, барлау, жазалау орталығы құрылды. Осы үшінші, Сталиннің өзі ғана білетін және осы күнге дейін тізімдері анықталмаған топ бүкіл жазалау органын басқарды. Ішкі істер министрлігі де, Берия бастаған қауіпсіздік комитеті де осы көрінбейтін үшінші бір бақылау, барлау тобының қол астында қалды. Осыған қарап біз: «Сталин бұл оқиғаны білмеді, толықтай жазалау ырқын Ягода, Ежов, Берия атқарды», – дегенді жоққа шығарамыз. Сол Берия да, Ежов та, Ягода да өздерінің де бақылауда екенін білді. Тіптен, кейбір сот процестерін Сталиннің өзі шымылдықтың артынан бақылап отырғаны жайлы деректер мен естеліктер де бар. Кейін, Ежов ұсталған кезде: «Мені сұраққа алып әуре болмаңдар. Сталиннің жекелей жазалау саясатын білемін, сондықтан бірден ату жазасына кесіңдер», – деген екен. Өйткені ол өзі жасаған қинау, мәжбүрлеу машинасының жұмысымен жақсы таныс еді. Оның алдындағы Ягода да бірден айыбын мойындай салған. Барлық жазалау саясатын жасады деген Берияның өзі де ың-шыңсыз, жертөледе атылып өлді ғой.
Мұндай алапат жазалаудың бастауы мен шегі белгілі еді: оның түп негізі тұйыққа тірелген мемлекеттік идеологияда жатты. Жеке билік бір адамға сүйенген кезде, сол биліктің соңы өз қолын өзі шайнаумен аяқталады. Мұндай жазалаудың дүниежүзінде бір-бірімен шырмауықша матасып астасып жатқан тұстары көп. Мао Цзэдунның да, Чан Кай Шидің де, Гитлер мен Мусоллинидің де қасіреті осында – биліктің бір ғана адамның қолына шоғырлануында жатыр. Мұндай биліктің түбі жақсылыққа әкелмейді. Мұны қағынған қоғамның қасіреті деуге болады.
– 1937-38 жылдардағы репрессияның бастауы арыда десек те, бұл алапат қырғынның «себебін» сол кездегі үкімет, үш әріп қалай түсіндірген еді?
– Иә, оның себептері көп болды. «Совет мемлекетінің өсуі өліп бара жатқан таптық кландардың қарсылығын өршіте түседі… Олар соңғы демі қалғандықтан жанталасып бағады… Бір бұлтақтан екінші бұлтаққа көшіп, жұртшылықтың артта қалған қауымын үгіттейді… Бұлар үгіт жұмысына бұрынғыдан да бай мазмұнда кіріседі… Адам деген атынан айрылғандардың Совет үкіметіне жасамаған қастандығы, жаппаған жаласы жоқ… Кертартпа элементтерді біріктіріп қарсы қоймаған әрекеті жоқ… Бұрынғы элементтердің де тіріле бастауы мүмкін, бұл әрине, қорқынышты емес, бірақ сол элементтерден тез құтылғымыз келсе, осының барлығын естен шығармауымыз керек. Жазаға тартуымыз керек», – деген Сталиннің сөзі бар. Сталиннің осы сөзі жаппай жазалаудың басы болды. Яғни Совет одағы жеткен әрбір жетістіктің артында оны көре алмаған жау тұр деп қабылдады. Сталин, тіпті, өз үй ішінен де үрейленді.
Күллі Совет елін шарлап кеткен бұл жаза – үрей билеген жаза еді. Және бұл жазалаулардың бетін – Сталиннің және жазалау органдарының осы бір арандату саясатын қолдап, қуаттаған үндеулермен бүркеп отырды.
Сталиннің жазалау саясатын қолдаған үндеулер Қазақстанда да, өзіміздің «Қазақ әдебиеті» сияқты басылымдарымызда да жаппай жариялана бастады. Бұл сарындағы ең алғашқы мақала 1936 жылы, қазан айында, «Попытки зачислить Абая в «Алашорду» деген атпен жарық көрді. Бұдан кейін, 1937 жылдың қаңтар айында «Очистим наше общество от остатков националистов, разгромленных на культурном фронте!» деген атпен Темірбек Жүргеновтің мақаласы басылды. Осындай мақалаларды басу арқылы, халықты жалған жауды әшкерелеуге желіктіріп, дайындап алған соң, 1937 жылы, қаңтар айында Орталық Комитеттің халық жауларын әшкерелеу туралы қаулысы шықты. Есі кірген баладан бастап, есін жиған даналарға дейін осы қаулыны қолдайтын дабыра қолдау – «отклик» жаздырған. Мұндай қолдауды жазуға бүкіл жазушылар атсалысқан. Олардың «Халық жауын құртуымыз керек, әшкерелеуіміз керек» деген қолдаулары әуелі «Социалды Қазақстанға», кейіннен жекеленген газеттерге жаппай жарияланды. «Халық жауларын құртамыз» деген сөздер сол жылдары жарыққа шыққан барлық қаламгердің мақалаларының ішінде кезігеді.
– Қазақ қаламгерлері арасында баудай қиылып кете барғандардың алғашқы легінде Кеңес үкіметінің жаңа өмірін шығармаларында сөйлеткен Бейімбет Майлин сияқты қаламгерлер тұрды. Олардың репрессия тырнағына бірінші болып ілігуінің себебі неде?
– 1937 жылы, осыдан дәл сексен жыл бұрын, үшінші наурызда ОК-тің ұйымдастыруымен пленум өтті, онда: «Шпиондық ұйымдарды, зиянкестерді, кісі өлтіруші жауыздарды білеміз, көргенбіз, олардың көзін жоюымыз керек» деген сарында баяндамалар жасалады. Сол жылдарғы басылымдарды қарап отырсаңыз, «Правдадан» бастап, «Социалды Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» сияқты басылымдардың төрт беті тек қана әшкерелеу мақалаларынан тұратын. Өкінішке қарай, сол кездегі әшкерелеу материалдарын, «Халық жауларын әшкерелейік» деген қаулыларын газет бетінде жариялауға қол қойған, «Қазақ әдебиетінің» сол кездегі бас редакторы Бейімбет Майлиннің өзі өз газетінде әшкереленіп және қазақ жазушыларының ішінде алғашқы болып, 1937 жылдың маусым айында қамауға алынған. Бір қарасаң, Кеңес өкіметінің саясатын бір кісідей жазған қаламгер. Қамауға алынғандағы басты айыбы – «халық жауы». Сол жылдары жазушылардың барлығының бұрынғы жазған шығармалары бір томдық, екі томдық кітап ретінде қайтадан жеке-жеке жинақ болып шыққан еді. Бейімбеттің сондай бір жинағына оның жиырмасыншы жылдары жазылған бір әңгімесі еніпті. Ал жиырмасыншы жылдары Троцкий – Лениннен кейінгі екінші адам деп есептелетін. Міне, сол жылдары жазылған Бейімбеттің әңгімесінде «Троцкийдің қызыл армиясы жеңістен жеңіске жете берсін» деген сөйлем болған екен. Бұл сөйлем 1936 жылы шыққан кітаптағы әңгімеде де қысқартылмай кетіп қалған ғой. «Осы сөйлемді әдейі жіберді» деп газетке әшкерелеу мақала шықты. Осылайша, жазушылардың арасында бірінші болып Бейімбет Майлин ұсталған. Сол жылдың тамыз айында Ілияс Жансүгіров, қыркүйекте Сәкен Сейфуллин тұтқындалды. Ең соңғы толқынды әшкерелейтін қорытынды жиналыс Жазушылар одағында 1937 жылдың қазан айында өтті. Ол жиналыста Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер Жазушылар одағының мүшелігінен, партия қатарынан шығарылған. Және бұл жаза оларды тұтқындаудың алдындағы ең соңғы жаза ретінде қарастырылған. Бұдан кейін олар міндетті түрде тұтқындалуы керек еді. Дәл осы жылдың қазан-қараша айларында Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаев та қамауға алынды. Ахмет Байтұрсынов бірден ату жазасына кесілді және үкім шұғыл орындалды. 1937 жылдың наурыз айынан басталып, тоғыз айға созылған сүргіннен кейін, 1938 жылы қаңтарда Орталық Комитеттің жаңа қаулысы шықты. Ол қаулы «Партия ұйымдарының коммунистерді партиядан шығарудағы қателіктері, БК(П)-дан шығарылғандардың шағымдарына формалді-бюрократтық көзқарас туралы және бұл кемшіліктерді жою жөніндегі шаралар туралы»» деп аталды. Яғни 1937 жылы «халық жауларын» кімдер әшкереледі, кім ұстап берді, кім көрсетті, кім әшкерелеуші мақала жазды, солардың өзін әшкерелеу туралы жаңа науқан басталды. Сөйтіп, Ягоданың өзінен бастап, тоғыз ай бойы «халық жауларын» әшкерелегендердің өзінің көзін жою әрекеті қарқын алды. Енді Сәкендерді, Бейімбеттерді, Ілиястарды кім көрсетті, олар туралы кімдердің қарсы мақаласы шықты – солардың өзі ұсталды. Оларды ұстап, қамап, жазалап болғаннан кейін, 1939 жылдың басында тағы да: «бұл жазалау саясаты да қате жүргізілді, бақылау одан әрі күшейтілсін» деген жаңа қаулы қабылданды. Енді Ежовтың өзі бас болып ұсталып, оның орнына Берия келді. Сөйтіп, 1937, 1938, 1939 жылдар ішінде үш министр бірінің көзін бірі жойды. Міне, осы үш қаулыдан кейін бүкіл Совет үкіметінде бас көтеретін адам қалмады. Бір рет емес, үш рет оталып, өртеніп кеткен орманның орнында не қалуы мүмкін?
Бұл «тазалау» жұмысында ешқандай адамгершілік те, саяси ұстаным да, жеке басқа аяушылық та, адамды түсінушілік те жоқ еді. Неге ұсталғандар бірден ату жазасына кесіліп отырды? Себебі, жазалау машинасы ұсталғандардың көзін жойып, екінші науқанды тездетіп бастауы керек еді. Қисынға жүгінсек, 1938 жылы қаңтарда шыққан қаулы негізінде 1937 жылы ұсталған Сәкендер, Бухариндер ақталып шығуы керек еді. Олай болмады. Олар жаңа қаулы күшіне енгенше, яғни 1938 жылдың ақпан-наурыз айларында, сол ұсталған түрмелерінің жертөлесінде шұғыл және жаппай атылды. Артық куәлардың көзі жойылды. Ал 1939 жылғы қаулы 1938 жыл ұсталғандарды жазалады.
– Репрессия шеңгеліне ілінсе де, ауыр үкімнен аман қалған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды қаламгерлерді анық-қанығына бармай, «сол заманның басты кінәлілері» қатарына қоса салу мінезі байқалып жүр. Оларға мұндай кінә арту ауыр емес пе?
– Жаңа айттым, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевтар 1937 жылдың қазан айында тұтқынға алынды. Сол түні Мұхтар Әуезов те ұсталуы тиіс еді. Егер Әуезов ұсталса, бір сағаттан кейін, немесе Әуезов түнде ұсталса, таңертең Сәбит Мұқановтың да келмеске кететіні анық болатын. Ғабит те ұсталатындардың тізімінде тұр еді. Бұл жерде олардың ұсталмай қалуына өмірлік факторлар әсер еткен сияқты. Алайда, бұл – олар жазадан қашып құтылды деген сөз емес. 1937 жылдың қазан айында өткен пленумда ОК-тің үгіт-насихат бөлімін басқарып отырған Ғабит Мүсірепов те, Жазушылар одағын басқарып отырған, бүкіл идеологияның бас серкесі Сәбит Мұқанов та, оған қоса Мұхтар Әуезов те, толық жазаланып, партиядан, Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылып қойған еді. Демек, олар жазадан құтылған жоқ. Ғабит Мүсірепов партия қатарына 1956 жылы ғана қайта қабылданды. Сәбит Мұқанов сол кезде шыққан Жазушылар одағының мүшелігіне 1941-42 жылы ғана қайта алынды. Ал Мұхтар Әуезов өмір бойы партия қатарына өтпей кетті.
Осы қиғылықты басынан кешкен Мұхаметжан Қаратаев, Дихан Әбілев, Әлжаппар Әбішев сияқты адамдардың өздерімен әңгімелестім. «Бұл процестерге сіздер де қатыстыңыздар ғой, сонда не болып еді өзі?», – деп ашығын сұрадым. Олар өздерінің көрген-білгендерін менен жасырған жоқ. Оның аужайы «Талқы» деген еңбегімде баяндалды. «Ұраным Алашта» да анық жазылған. Айтып өткенімдей, олардың ұсталмай қалуына жеке өмірлік фактілер әсер еткен сияқты. Мысалы, Ғабит Мүсірепов қазан айында партиядан шығып, қуғындалғалы тұрған кезінде оның шағын әңгімесі «Правда» газетіне аударылып басылады. «Правда» газетіне әңгімесі шыққан адамды, ол кезде қандай НКВД болса да, ұстай алмайды. Себебі, «Правда» – Сталиннің сөзі. «Правдаға» әңгімесі басылса, демек, оның Сталинге қатысы бар деп ойлайтын заман еді ғой. Сондықтан да Мүсіреповті тұтқындау уақыты кейінге шегерілген. Осы уақытты пайдалана отырып, Мүсірепов Мәскеуге жүріп кетіп, Фадеев арқылы бір демалыс орнына орналасыпты. Осы екі-үш айдың ішінде 1938 жылғы қаулы шығып, Мүсірепов аман қалған. Ол кісінің талқыға салған адамдар бертінге дейін тірі жүрді.
Мұхаметжан Қаратаевтың (Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы) айтуы бойынша, ол Мирзоянға барып: «Қазақ әдебиетінде жазушы қалмады», – депті. Мирзоян Сталинге: «Сіздің берген тапсырмаңызды орындап жатырмыз, бірақ егер де осы науқан осы күйінде кете берсе, Қазақстанда жазушы қалмайды, Мүсірепов, Мұқанов, Әуезов сияқты жазушыларды не істейміз», –деп хат жазыпты. Хаттың жауабын күтеді. Сөйтіп, оларды тұтқындау кешеуілдеп қалады. Арада аз уақыт өткенде, Москваға кетіп бара жатқан жерінде, 1938 жылдың көктемінде Мирзоянның өзі де ұсталады. Демек, сіз айтып отырған жазушылардың ешқайсысы да жазадан тыс қалған емес.
«Билік үшін ең қауіпті адам – жазушы» деген Гюгоның сөзі бар. Диктаторлық биліктің бірінші жауы – жазушы болатыны да сондықтан. Қазақстандағы әрбір үш жазушының екеуі осы жазалау саясаты кезінде атылып кетіпті. Демек, жазушы кез келген диктаторлық басқару жүйесі үшін, оның ішінде Сталин үшін де басты жау болып есептелген.
– «Халық жауларының» әйелдері туралы не айтамыз? Күйеуі сотталып, айдалып, атылып кеткенде де, кейбірі АЛЖИР-дің азабын тартып жатса да, олар адалдығын сақтай алды. Үлкен азаптауға, қорлауға шыдап, өздері ғана аман қалып қоймай, кейінгі қалған ұрпағын тәрбиелеуге барынша тырысты. Қазақ әйелінің кез келген ауыртпалықтарда да адамдығын сақтап қалатынына кәрі тарих куә. Одан өзге, қаншама тұлғаларымыздың өмірдерегіне үңілсек, әйел баласының қай ұлтқа жататынына қарамастан, атылып, айдауға кеткен еріне деген адалдығын сақтап қалғандарына көз жеткіземіз. Кеңес үкіметінің репрессиясына ілінген, жанамалай болса да салқыны тиген әйел қауымы туралы не айтасыз?
– Ел басына түскен қасірет – ерге түскен қасірет. Ал ерге түскен қасірет – әйелдің жанына түскен қасірет. Егер де, сол 1937-38 жылдары, тіпті 1927-30 жылдардағы әйелдердің және олардың ұрпағының басына түскен қасіретті еске алар болсақ, үш айға дейін өксігің басылмайтындай күйге түсесің. Және ол өксікті өмірбақи ұмытпайсың. Ол террор – әйелдердің маңдайының бес елі сорына айналды.
Бұл, біріншіден, әйелдің – азамат, адам ретінде қорлануы, екіншіден, әйел ретінде қорлануы, үшінші, ана ретінде қорлануы еді. Олар ері үшін де, өзі үшін де, баласы үшін де күйікті бірдей тартты.
Мен білген деректерде тергеушілерге қарсы шығып, «Бұларың әділетсіздік» деп, тергеушінің өзімен кәдімгідей жұдырықтасып қарсылық білдірген жан – Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал апай. Бейімбеттің ұрылып-соғылғанын көрген кезде: «Жазықсыз адамдарға не істедіңдер», – деп, өзі отырған орындықпен тергеушіні ұрып жыққан ғой. Сол кезде өзге тергеушілер кеп, әзер ажыратып алыпты. Гүлжамал апай қарапайым, оқымаған, мінезі кең және ашуы тез келіп, тез тарқайтын арынды адам болған. Гүлжамал апай тергеушілерге ашық қарсылық көрсеткені үшін сотталып кете барған. Үш баласы үш жақта қалады. Әуелгіде Қарағандының лагеріне қамалады. Кейін: «Әйтеуір үйренген дала ғой. Бір есебін табармын», – деп, Қояндының маңындағы, Қарасор көлінің жағасындағы лагердің малын бағуға шығып кетеді. Қысты күні аязда, боранда, мұз үстінде ықтаған қойларды бағып жүріп қасқырмен де алысады. Ашуы қысқан болуы керек, сол қасқырдың өзін де сойылмен соғып алыпты-мыс. Сөйтіп, небір қиындықты бастан өткерсе де тірі қалады. Жазда баққан қойын Семейдегі қасапханаға өткізу үшін қой айдап барады. Сол арада бір амалын тауып, қаңғып кеткен балаларын іздейді. Олардың біреуін – Семейден, біреуін – Сарқаннан, біреуін – тағы бір жақтан іздеп табады. Содан Қарағандыда бір тауыққораны тауып, балаларын сонда тәрбиелеп өсірген. Соншама қатыгездікті басынан өткере жүріп, жүректерінен мейірімін жоғалтпаған жандар – осылар. Кезінде менің ұлым Сұңқар Бейімбеттің қызымен сөйлесіп, естелігін жазып алып еді. Айтқандарын тыңдасаң, зәрең ұшады.
Ал аяғы ауыр Фатима Ғаби-
тованы олар тұрған үйден бір жазушы қуып шығыпты. Фатима ұлы Болатты көшеде, бораған қар астында дүниеге әкелген. Жас балалы ананы содан кейін ғана амалсыз перзентханаға апарған. Ол жақтан қайтып келгенде де әлгі адам Фатима Ғабитованы үйге кіргізбеген. Содан Гүлжамал апайдың үйіне барып, паналаған. Баласын абақтыға апарып, Ілиясқа көрсеткенде Ілияс: «Бұл баланың атын Болат қойыңдар, заманына болаттай берік болсын. Екінші, ешқашан жазушы, интеллигент болмасын, өйткені жазушының көретін күні белгілі. Ең болмаса, тірі жүреді, етікші қылып тәрбиелеңдер», – деген екен.
Сәкеннің жары – Гүлбаһрам апайдың да бастан кешпегені жоқ. Сәкеннің жалғыз ұлы Аянның бір жасқа толу қуанышын атап өтеміз деп жүргенде, Сейфуллин ұсталып кетеді де, кейін ату жазасына кесіледі. Гүлбаһрам апай Ақмолаға айдауға кетеді. Жолай Сәкеннің жалғыз ұлы – Аян екі жасқа толмай, шетінейді. Баланың шетінеп кеткенін білсе, жолай алып алар деп, сәбидің өлі денесін тірі адам сияқты арқалап жүріп, Гүлбаһрам апай Көкшетау қаласына барған соң, жолдағы бір үйден бір шәйнек су сұрап алып, баласын сол сумен жуындырып, өз қолымен арулап жерлейді…
Мұндай азапқа кім көнеді? Тек әйел ғана көнеді. Бұл жазушы жарларының тағдыр тәлейі ғана. Ал жәй ғана жүзтаныс, көзтаныс болғаны үшін жалған куәге тартылуға мәжбүр болғандардың тағдыры ше? Ахмет Байтұрсыновқа куә болған Қабдалиева деген кейуанамен кездестім: «Мен Ахаңды бірде көшеден көріп қалып, сәлеметсіз бе деп, бас изеп амандастым. Сол үшін ғана мені: ол кісіні қайдан танисың, не байланысың бар деп, қорқытып, үркітіп, үстінен арыз жаз, – деп мәжбүрледі. Мен жазбадым», – деді. Ол кезде «мәжбүрлеудің» қандай жолдармен жүргенін білмейтіндер, әйел адамның басына түскен қиын тағдыр туралы төрелік айта алады деп ойлаймын.
Міне, осыған қарап-ақ, қазақ әйелдерінің, қазақ қана емес, бүкіл әйел атаулының қасіреті, соры ол заманда қандай қалың болғанын білесің. Сондай қиын заманда әйелдердің ұлтқа, дінге бөлінуге мұршалары болмаған.
Ал түрмедегі әйелдерге көрсетілетін қорлықты жіліктеп отырудың өзі – ауыр. Түрмеде ұры-қары, неше түрлі бұзық әйелдерден жеке топ құрылған. Тергеушілердің айтқанына көнбеген, тергеу актісін мойындамаған әйелдерді әлгі бұзық әйелдерге апарып қорлатқан. Қашан «мойындамайынша» оларға адам естімейтін зорлық пен зомбылықтарды жасай берген. Сол ауыр күндерді басынан кешкен адамдардың өзі көрген азаптарын тарқатып айта алмайды. Қиындық кешкен апалардың көбімен сөйлестім, бір-екеуінен өзгесі, бастан кешкен қиындығы туралы жақ ашпайды. Тек күйеулерінің, өзінің жазықсыз сотталғанын қайталап айта береді. Қорлаудың мұндай машинасы еш жерде болған жоқ.
Сол жылдары әйелдердің бастан кешкенін баяндайтын, тек қана естеліктерден тұратын бір хикая жазғым келген еді. Жаза алмадым. Менде қырықшақты әйелдің естеліктері бар. Жастау кезімде жүрексініп жаза алмадым. Егде тартып, адамдардың қасіретін, ойын жүрекке терең қабылдамайтын болдым-ау деген кезімде де қаламым жүрмеді. Бұл қасіретті, тіпті, орыстар да жазбаған шығар. Беларусьтың Нобель сыйлығын алған әйел жазушысы Светлана Алексиевичтің ғана «У войны не женское лицо» деп жазғаны бар.
– Өткен– өтті ғой. Сол репрессия салған жара айығар ма? Сатқындық, қорқақтық, уәдеде тұра алмау мінезі сын сағатта тұтас ұлтты құрдымға жібермеу үшін біз өткеннен қандай сабақ алдық?
– Өкінішке қарай, мүмкін мен асылық айтып тұрған шығармын, біз сол бір жазалау саясатының сабағын толық түсініп, бойымыздан өткізіп, сезіне алған жоқпыз. Зиялы қауым сол заманғы үрейден әлі де арыла алмай келеді. Біз, ұлт ретінде, сол уақыттағы жазалау саясатындағы барлық мінезді талдап, талқылап, себептерін анықтап, бүгінгінің бойында сіңіруіміз керек еді. Бұл енді қайталанбайтындай және ұлттың санасында үрей тудырмайтындай, сол үрей басылып болғанша, талдап, талқылап, таразылап, өзімізді, ұжымды, мекемені, мемлекетті басқаратындай дәрежеге жетуіміз керек еді…
Қиын заман тумасын деңіз. Егер қиын заман орнайтын болса, дәл қазір біз жек көрінішпен айтқан сатқындық мінез біздің де бойдан оп-оңай табылатындай, бірімізді-біріміз әшкерелеуге дайын тұрған сияқтымыз. Осы күні еркін ойлы деген жазушыларымыздың өзі күмілжіп сөйлеуге айналды. Жазушы – қоғамның емшісі, қоғамның ойы, ақыл иесі. Сол ақыл еске – Ие, сөзге – Ар, адалдық, турашылдық, шындық бітпей, ешқандай қоғам дертінен жазылмайды. Сол үшін де жазушының қаламының ұшында – шындық, жүрегінде – тәуекел, басында – еркін ой болуы керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.