Аманат арқалаған…
10.03.2017
1437
0

Қоғамда өткеннің өнегесін тәуелсіз ұрпаққа игілікті ісімен  дәріптеп, тасқа басылған тарих алдында аз да болса өз жауапкершілігін сезініп жүрген отандастарымыз қаншама. Қазақ руханияты жолында еңбек етіп жатқан бейбіт елдің бүгінгі перзенттерін біріміз білсек, біріміз білмейміз. «Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған біздер жақсының жасаған жақсылығын айтып өтуді жөн санадық. 

Өнер мен әдебиеттің астанасы іспетті шаһарымызда көненің көзіне балап жүрген мәдени орындардың біршама екені бәрімізге мәлім. Соның бірі – Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі. Осы мұражай-үйдің тынысын ашып, тіршілігін жасап жүрген ахметтанушы ғалым, филология ғылымының кандидаты Райхан Сахыбекқызы Имаханбет. Біраз жыл бұрынғы «Халық конгресі» газетінің бас редакторы Сайын Мұратбековтің Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпаннан сұхбат алу туралы арнайы тапсырмасы Райхан Сахыбекқызының өмірлік бағдары мен бағытын айқындап бергендей. Осы уақыттан бастап Райхан Сахыбекқызы Ахаң әлемінің алғаш есігін ашып, табалдырығын ұлт ұстазына деген ерекше ықыласымен, табандылығымен аттады. Мұражай-үйдің құрылу тарихына назар аударсақ, Алаш зиялысының отбасымен тұрған шаңырағын тауып, оның мұражайға айналуына сеп болған Самырат Мәшенұлы Кәкішев болатын. Ол
А.Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қор құрып, ата мұрасын жинақтап бастаған кезде өмірден озады. Арадағы өзгерістерден соң жабылудың сәл алдында тұрған мұражай-үйдің бар жауапкершілігін Райхан Сахыбекқызы өз мойнына алып, игі іске себепші болғандай-ақ. Ахаң үйінің жетекшісі мұражай ісімен ғана айналысып қоймапты: 2006 жылы мұрағат деректері негізінде «Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны, шығармашылығы» атты кан­дидаттық диссертация қорғап, 2010 жылы «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұр­сынұлының шығарма­шылық ғұмырбаяны» атты монография шығарған екен. Бұдан өзге, баспасөз беттеріндегі рухани ұстазының өмірі мен шығарма­шылығына арналған танымдық мақалалары тағы бар. Қазіргі таңда А.Байтұрсынұлы мұрасын жоғары оқу орындарында пән ретінде насихаттау үшін оқулық жазып жатқанын да құлағымыз шалып қалды. Неше жылғы ізденістің нәтижесі ондаған томға жүк болатындай. Осы тектес еңбектердің іске асып жатқанын көргенде Ахмет Байтұрсынұлы шырағының сөнбейтініне көзіміз жеткендей күй кештік.
Бүгінгі нарықтық қоғамда Алаш аманатына адал азаматтарды жиі жолықтыра бермейміз. Кездестіре қалсақ, ұйытқы болып жүрген ісіне алғыс жаудыра жөнелетініміз тағы анық. Ұлт жанашырының ошағын сөндірмей келе жатқан Райхан Сахыбекқызының кезекті сұхбатында айтқан мына бір жауабы ғалымдық емес, азаматтық, перзенттік болмысын ашып көрсеткендей: «Ахмет­тердің өмірі бәрімізге өнеге. Өздерінің жеке басынан гөрі ұлттық мүддені жоғары қойды. Ұлтқа керек дүниенің қасынан табыла білді. «Тәуелсіздігімізді 25 жыл деп қалай айтамыз? «Қазақ» газетін шығарып, ұлт рухын оятқан, 1920 жылы қырғыз деп тұрған автономияға қазақ деген атау әперген осы кісі ғой. Автономияның атауы ол кезде Қазақстан емес, Қазақ автономиясы еді. Біздің тәуелсіздігіміз сол Алашорда тұсынан басталса керек-ті». Аталған сөздерді елім деп еміренген жүрек қана айта алады деп түйдік.
Райхан Сахыбекқызының өмірдерегін ақтарып отырып, қызықты бір мәліметті байқа­ғандай болдық. Ахметтанушы ғалымның Нобель сыйлығы іспетті «Ахмет» сыйлығын тағайындасам деген ниеті бар екен. Сенімді банктен Байтұр­сынұлы атына шот ашылса, сол шотқа түскен ақша депозит ретінде өзімен-өзі көбейіп өсіп отырса, Нобель сыйлығы сияқты ұлтқа қызмет етіп жүргендерге сыйлық сол шоттан берілсе деп арман еткен Райхан Сахыбек­қызының бұл бастамасына біз де тілекшіміз. Бүгінгі бейбіт таң үшін күрескен текті қазақтың ұрпағының аманатын арқалаған Райхан Сахыбекқызы Ахаң өнегесін сөзімен ғана емес, ісімен де дәлелдеп жүр. Шолпан Ахметқызының жарық дүниеден қайтарда айтқан «Заман өзгеріп кетті ғой, алдағы уақытта қандай қиындықтар болмасын, Ахаң­ның мұражайынан кетпе, мұра­жай-үйі менен саған аманат» деген ақырғы сөзі ғазиз жүрегінде мәңгіге сақталып қалғандай. Содан болар, қандай сөз айтып, нендей іс жасаса да ұлтқа деген сүйіспеншілігінің табы білініп-ақ тұрады.
Алаш қайраткерінің рухани шәкірті Райхан Сахыбек­қызы­ның азаматтық келбеті, ғалым­дық болмысы жайында аз-кем сөз қозғағандай болдық. Қазақ­тың кешегісінің сарқытын бүгі­ніне жеткізіп отырған осы тектес перзенттердің төккен тері мен еткен еңбегін екі ауыз сөзбен өлшей алмасымыз хақ.Біздікі тек «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ниет еді…

Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір