АНА СӨЗІ ЖАДЫМДА
03.03.2017
1968
0

Сырттай қарағанда қатал көрінетін, ал жан сарайына үңілсең мүлде қарапайым адамдар тілдесе келе рухы күшті, қазыналы жан екендігін аңғаратын кездер болады. «Дос-Мұқасан» ансамблінің алғашқы жетекшісі, композитор Досым Қасымұлы Сүлеев бір көргенде маған осындай әсер қалдырды. Бүгінде халық арасында «қазақ эстрадасының аңызы» аталып кеткен ансамбльдің негізін қалаушы, академик, сазгер Досым Сүлеев мерейлі жетпіс жасқа толып отыр. Музыкадан бөлек ғылымды өміріне серік етіп, бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі салада да биік белестерді бағындырған тұлғадан осылардың сырын тарқатуын сұраған едік.

– «Дос-Мұқасан» ансамблінің атын Венгриядан келген сту­дент­тер­дің жетекшісі Янош Карпоти есім­­ді азамат ұсынған екен. Осы жай­­лы ашып айтсаңыз. «Дос-Мұ­қа­сан» ансамблін құруға не түрткі бол­­ды?
– Мені әке-шешем Кентау қа­ла­­­сындағы музыкалық мектепке бер­ген еді. Музыкамен қатар жалпы мек­теп­ті бітіргенмін. Музыка мек­те­бін­­де баян класында оқыдым. Оқып жүргенімде жігіттермен бір­ге оркестрге барып жүріп, кларнет үй­реніп алдым. Кларнет пен сакса­фон екеуінің клавиатурасы бірдей. Сон­дықтан кларнеттен саксафонға көшу өте оңай болды. Кентау қала­сы үлкен қала емес. Дегенмен, онда мықты саксафонист гректер, музыканттар болатын. Ол жерде бір ға­на билейтін алаң болды. Ең күш­ті музыканттар жазда сол жерде ойнайтын. Екі-үш жылдың ішінде сон­да саксафонда ойнайтын болып шықтым. Сөйтіп, Алматыға инсти­тут­қа түскеннен кейін, келе салып инс­титуттың үлкен оркестрінде сак­сафонда ойнадым. Ал өзіміздің фа­культетімізде комсомол же­тек­шісі Қамит Санбаев деген жігіт ­ма­ған «Дос, өзіміз ансамбль ұйым­дас­тырмаймыз ба?» деп айтты. Бірінші осы жайт түрткі болды. Оның үс­тіне менің музыкалық білімім бар. Осының бәрі қосылып ансамбль құрдық. Ал атауына келетін болсақ, бір жылдай ВИА (Вокалдық инст­ру­менталдық ансамбль) болып жүрдік.Бізді жұрт автоматика фа­куль­тетінің ВИА-сы атап жүрген. Сол кездері әр жылы жазда студент­терді құрылыс отрядына жіберетін. Бізді де өзіміздің факультетімізден сонда жіберді. Біз барған құрылыс отря­дында венгрлер (мадиярлар) іс­теді. Олар Гумбольд атындағы эко­номика институтының бесінші курс студенттері еді. Солармен бір­ге істеп жүргенде Баянауыл сов­хо­зындағы мәдениет сарайын өзіміз жөн­деп, концерт құрдық. Концерт өте тамаша өтті. Бәріміз бірге кір­пі­шін құйып, дос болып кеткен едік. Өз араңдағы достарың сахнаға шы­ғып, тамаша өнер көрсетсе, әри­не, көңіл басқа болады. Сол жақ­сы көңілмен мадиярлардың бас­шысы, бесінші курстың студенті Янош Карпоти деген жігіт шығып: «Жігіттер, мыналарың тамаша. Сен­дердің болашақтарың зор бо­ла­ды. Мен сендерге ат та тауып қой­дым» деп айтты. Біз одан «Қа­лай?» деп сұрасақ, ол «Дос-Мұ­қа­сан» дейді. Байқап қарасақ, «Дос-Мұқасан» дегеннің не қазақша, не орысша мағынасы жоқ. Біз одан «мүм­кін мадиярша бір мағынасы бар шығар?» десек, ол «жоқ, мен сен­дердің аттарыңның бірінші буы­нынан алдым. Дос – Досым, Мұ – Мұрат, Қа – Қамит Санбаев, Сан – Саня» деп айтты. Бізбен бір­ге Александр Литвинов деген орыс жігіті болатын. Ол барабанда ойнайтын еді. Оны біз жас болғаннан кейін Александр демей, Саня дей­тін­біз. Олар аты Саня екен деп «Дос-Мұқасан» деп қойған. Ол кез­де дүниежүзіне белгілі «Лос-Па­раг­вайос», «Лос-Анджелес» деген ан­самбльдер болатын. Ма­дияр­лар­дың жетекшісі «солардың жолын бер­сін, атын да соларға ұйқас қойып жатырмыз. Жазылғанда да сендер «Дос-Мұқасан» деп тере ар­қылы жазылыңдар» деді. Ал­ма­тыға келе сала «Дос-Мұқасан» деген атпен таралып кеттік. Ол кезде мен ансамбльдің жетекшісі едім. Бірде ректор маған: «сені горком партияға шақырып жатыр» деп айт­ты. Сол кезде Петр Иванович Ер­пилов деген горкомның бірінші хатшысы болатын. Сол кісі маған: «Дос, қандай тамаша ансамбль?! Жастар бәрі сендерді іздеп, жақсы көріп жатыр. Бізге де жақсы болды. Алматыдан шығып жатырсыңдар. Бі­рақ аттарың «Дос-Мұқасан» деген не? Орысша «Юность», қазақша қоямын десеңдер «Жастар», «Тұлпар» қылып қояйық деп айтты. Бізге «Дос-Мұқасан» өте қатты ұна­ған еді. Мен оның сөзін тыңдап отыр­дым да: «жоқ, біздің атымыз осы­лай таралып кетті. Өзгерт­пей­мін. Бізге осы ұнайды» дедім. Ол ма­ған «жарайды» деп жіберді. Бірақ артынша ректорға телефон со­ғып­ты. Ректор мені шақырып алып: «Дос, мұның қалай? Саған үлкендер кеңесін беріп жатыр. Тыңдамайсың ба?» деді. Ол кездегі ректорымыз Әшім Құрамбайұлы Омаров деген кі­сі болатын. Мен оған: «Әшеке, сту­денттер бәрі үйреніп қалды. Өзіңіз білесіз, «Дос-Мұқасан» десе институтымызды әрқайсысы бі­леді» дедім. Ол «жарайды, бір сөгіс берсе берер. Осылай қала беріңдер» деді. Осылайша тарихта «Дос-Мұ­қасан» болып қалдық.
– «Басқалар сезіне алуы үшін олар­дан күштірек сезіне білу керек», – де­ген екен италиялық ұлы композитор Никколо Паганини. Композитор де­генді қалай түсіндірген болар едіңіз? Кез келген адам композитор бо­ла алады ма?
– Композитор басқаларға қа­ра­ғанда жүз есе артық сезінуі керек. Әр адам композитор бола ала­ды. Ол үшін білім қажет. Компо­зиция, гар­мония деген не? Қалай симфония жазу керек? Қалай әндер жазу ке­рек? Осы сынды са­уалдардың жауа­бын білім алу ар­қылы таба алады. Дегенмен оның жүрегі сайрамаса, ішінде еш нәрсе болмаса, көп музыка тыңдамаса, ұмтылыс болмаса, технология арқасында жазып, шығармалар шығаруы мүмкін, бірақ оның әнін ешкім сүйіп тың­дамайды. Сон­дықтан оны композитор деп атауға да болмайды. Ең бірінші ұмтылыс керек. Музыканы сүю, сүйгеннен бұрын білу қажет. Қазір бізде жақсы әндер шығып жатыр, бірақ ән жаз­ған авторлардың кейбіреуінің му­зыкалық білімі жоқ. Олар да алысқа бармайды. Сондықтан бәрібір білім алу керек. Композитор болу үшін жү­ре­гінде, көңілінде музыка, ұмтылыс, сосын білім болуы керек. Солар сәй­кес келіп, өзі­нің де таланты қо­сылса, әрине, жақ­сы композитор бо­лып шығады.


– Ата-анаңыздың ұйғарымымен қо­сымша жалпы білім беретін музыка мектебінде баян класы бойынша дәріс алған екенсіз. Баланың бойында өнерге деген құштарлығын арт­тыруға ата-анасының да ықпалы күш­ті болатын сияқты. Осы жайлы да айтсаңыз.
– Мен қазір қалай музыкаға бар­дым екен деп жиі ойлаймын. Осы үшін ең әуелі әке-шешеме үл­кен алғысымды айтамын. Қазір соны терең түсініп отырмын. Ата-анам қандай дұрыс жасаған?! Біз отбасында алты адам болдық. Ең үлкені мен, менен кейін қарын­да­сым, басқалары ол кезде кішкен­тай­ болатын. Кентау қаласы шағын қала болғанымен, сол кездегі елі­міз­де енді жаңғырып шығып жат­қан қалалардың бірі еді. Қалада му­зыкалық мектеп ашыла салып әке-шешем қарындасым Күләш екеумізді сол мектепке берді. Сонда сайыстан өтіп, осы мектепке түс­тік. Ата-анам екеуі де ән салып, мандолинада ойнайтын. Дауыстары да жақсы еді. Сол кезде қазақ от­басылары туған күн, тағы да бас­қа себептермен бір-бірінің үйіне қо­наққа барып, жиналып ән салатын. Біздің үйімізде де ән бітпейтін. Сондықтан шығар, бұл кісілер өздері музыканы сүйгеннен кейін бізді музыкалық мектепке берді.
– «Алматы түні», «Той жы­ры», «Жан досым» әндеріңізден бастап, барлық туынды­ла­рыңыз­­дан ұлт­тық бояу көрініп тұрады. Ұлтқа деген махаббатты қалай түсін­дір­ген бо­лар едіңіз?
– Ұлтқа деген махаббат ең кішкентай күніңнен бас­талады. Туған жерің, ауылың бас­қалардан кішкентай, нашар бол­­са да оны жақсы кө­ресің. Біз бәрі­міз сондай болып өстік. Ал­ма­тыға түс­кеннен кейін Алматыдан керемет қала жоқ деп ойладық. Мәскеуге аспирантураға барғаннан соң «Алматымыз кішкентай-ақ екен ғой» деген кездер де болды. Дегенмен, бәрібір Алматыға ұм­тылып тұрдық. Мәскеуде канди­даттық диссертациямды қорға­ғаннан кейін ғылыми жетекшілерім «Дос, кандидаттық жұмысың өте тамаша. Егер сен қалсаң үш-төрт жыл­да докторлық­ты бітіресің» де­ді. Ол кезде менің үйленген кезім. Дегенмен, бәріміз Алматыға қай­тып келдік. Мұндай се­зім, әсіресе қазақта қатты бай­қалады. Мәселен, дағдарыс кезінде орыс, басқа да ұлттардан жақсы ға­лымдар, мамандар жол тауып, шет­елдегі үздік жерлерге кетіп қалды. Ал қазақ­тарды санасақ бір-екеу ғана болмаса, үдере көшкен еш­кім жоқ. Мен де соның біреуі бол­дым. «Дос-Мұ­қасан» құрамы­ның бәрі де сондай болды. Біз қай жерде жүрсек те елімізді сағынып, өзіміздің тесік жолымызды жақсы кө­ріп тұрдық. Махаббат деген, міне, осы. Ал «Дос-Мұқасан» бол­ған­нан кейін, атымыз шығып, бас­қа елдерде концерт бергенде бәрі қай жақтан десе, біз «Қа­зақ­стан!» деп көкі­ре­гімізді ұратынбыз. Тіпті, «КСРО» де­мейміз, «Қазақ­стан!» деп көкіре­гімізді ұрамыз. Әсі­ресе, біздің жас­тар «Дос-Мұқа­сан» десе көкірегін соғып, кәдім­гідей басын көтеріп қалаты­нын біз түсіндік. Мен қазір қарап отырсам, кезінде «Дос-Мұқасан» өз өнерімен жас­тардың ұлттық рухын көтеруде үлкен роль атқарған екен. Жел­тоқсан көте­рілісіне де жас жігіттер мен қыздар тура осындай патриот­тық сезіммен ег­е­мен­дікті аңсап шықты деп ойлаймын. Олардың тәуелсіздікке ұмтылуына «Дос-Мұқасан» әндері­нің де бір ықпалы болды ғой деген ойдамын. Одақ бізді тұншықтырып тұрған кездің өзінде ансамбль қазақтың халық әндерін айтып, жастардың рухын көтерді.
– Сізді қарапайым халық «Дос-Мұ­қасан» ансамблінің негізін салушысы ретінде таниды. Әйтсе де, ғылыми бағытта атқарған ісіңіз бір төбе. Ғылымға қалай келдіңіз?
– Ең басында музыкалық мек­теп­ке берерде анам: «балам, му­зы­каға сені кәсіби музыкант болсын деп беріп жатқан жоқпыз. Сені сегіз қырлы, бір сырлы адам болсын деген үмітпен беріп жатырмыз» деп айтқан. Сол сөзі менің есім­де. Кейін қалада, Кентауда сак­сафонда ойнап, әрі қарай бел­гілі музыкант болып «Дос-Мұ­қа­сан» шыққаннан кейін, ол ха­лық­тың сүйікті ансамблі болғанның өзінде менің ойымда анамның осы сөзі тұрды. Анам «өзің таңдаған ма­мандық иесі болып, сол маман­дығыңа істесең дұрыс болады балам» деп айтқан еді. Сол айтқан­сөз­дері әрқашан жадымда болды. Сон­дықтан университетті бітіре салып ректорға: «мені аспиранту­раға жіберіңіз. Мәскеуге, не Ленин­градқа барып түскім келеді» деп айттым. Ол кезде «Дос-Мұқасан» дүрілдеп тұрған кездер. Ректор маған: «сендер политехтың атын шығарып жүрсіңдер. Тағы бір жыл бола тұр», – деді. Бір жыл болдық. Одан кейін тағы бола тұр деді. Онда да қалуға ту­ра келді. 70 жылы Минскіде сайыс­қа қатысып, кәсіп­қой ан­самбльдердің арасында лауреат болдық. Одан соң Берлинге жіберді. Ол жерде де лауреат атандық. Осыдан кейін «Мен неге өз маман­ды­ғымды қайтадан жал­ғастыра бер­мей­мін» деп қатты ойландым. Анам­ның айтқан сөзі бар. Рек­торға тағы кіріп: «Әшеке, ұят болды. Мені үш жыл ұстап тұрсыз. Енді жіберіңіз», – дедім. Ол да ойланған болуы керек: «әй, жарайды» деді де, өзі телефон шалып, ол кезде Ресей ас­пирантурасының квотасы бө­лі­не­тін, соған арнайы орын бергізді. Мі­не, солай Мәс­кеуге барып, аспи­ран­тураға түсіп кеттім. Ал негізгі жо­лым қайсысы екенін қазірге дейін түсінбеймін. Мәселен, «Дос-Мұқасанға» «елі­міздегі эстраданың аңызы» деген ат беріп жатыр. Жай ат болса мейлі ғой, халықтың арасында сондай пікір бар. Кейін ғы­лым жолына барып, онда да биік­терге көте­рілдім. Кандидат, доктор, профессор, академик, еліміздегі ең беделді техникалық университетте ректор болдым. Үкіметте, елшілікте істедім. Онда да үлкен жетістіктер болды. Бірақ қайсы жолым негізгі екенін қазірге дейін түсінбеймін. «Дос-Мұқасанды» да қимаймын. Қан­ша әндерім шықты. Әлі де ай­ты­­лып жатыр. Ғылымды да қи­май­­мын. Үлкен ізденістер әлі ал­да.
– Ғылым мен өнерде болашақта тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазір мен үлкен бір ғылыми орталықты басқарып отырмын. Жас ғалымдарды шақырып, жұмыс беремін. Біздің ғылыми бағытымыз – өндірістік шумен күресу. Бүгінге дейін бір топ кандидат, докторларды даярладым. Солармен бірге жұмыс істеп келеміз. Қазақстанда осы бағытта ғылыми мектеп қа­лып­тасты деп толық айтуға болады. Ғалымдар өмірінің соңына дейін жұмыс істей береді дейді ғой. Сондықтан осы жұмысты аяғына дейін жеткізем деп ойлаймын. Му­зыка жағын да ұмытпаймын. Бірақ екеуін бірдей алып жүру өте қиын екен. Кезінде министрлікте істе­дім, ректор болдым. Сонда уақыт тіпті болмайтын. Соңғы жылдары уа­қыт тауып төрт сериялық киноға му­зыка жаздым. Бес-алты ән шы­ғардым. Тағы да басқа ойлар бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым Батыр.

ПІКІР ҚОСУ