ЖАДЫМДА СОЛ КҮНДЕРДІҢ ЖҮР ІЗДЕРІ…
01.11.2023
487
0

Мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының әкімі де болды, ҚР Энергетика және минералдық ресурстар бірінші вице-министрі, министр, Парламент Мәжілісінің спикері қызметін де абыроймен атқарды. Б.Ізмұхамбетов – мемлекеттік қызмет атқарып жүрсе де қолынан қаламын тастамаған ақын, қоғамдық мәселелерге дер кезінде үн қосып отыратын қаламгер. Ол, осындай елеулі еңбектері ескеріліп, бұған дейін «Құрмет», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған. ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Республикалық Ардагерлер кеңесінің Төрағасы Бақтықожа Салахатдин­ұлына Республика күні қарсаңында «Қазақстанның Еңбек Ері» Алтын жұлдызы табысталды. Қаламгерді мерейлі сәтімен құттықтай отыра, оның бір топ өлеңін назарларыңызға ұсындық.

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ

Деп тілейік…

Ежелден жетсек-дағы аз халықпыз,
Сан жылдар күресуден талмадық біз,
Біраз жыл бодандықта өмір сүріп,
Қырылып, елден қашып аз қалыппыз.

Біразы кетсе-дағы сұралмай бір,
Сақтаппыз жерімізді ұлан-ғайыр.
Қазір де сырттан қарап кейбіреуге
Кеңдігі еліміздің ұнамай жүр.

Саясат ұстап көп жыл кіріптар ғып,
Биліктің қол астында сұрыпталдық.
Сыртпенен араласып тек орталық,
Дамымай, ұзақ артта тұрып қалдық.

Көрмей өсіп өмірін басқалардың,
Маңынан аса алмай басқарғанның,
Кейін білдік, бейшара болыппыз біз,
Қарауменен биліктің қас-қабағын.

Меншіктеп Совет деген ел, өлкені,
Өтіпті талай жылдар көлеңкелі,
Қояйық десең-дағы айта бермей,
Жүрдік қой, орын тиіп төмендегі.

Тұрса да іште әлі занта жатып,
Жараны тырнай бермей қанталатып,
Қайтеміз деп кей сәттер тоқтасақ та,
Желтоқсан қойды ойды арқалатып.

Жадымызда ұстаймыз Желтоқсанды,
Жанымызға ызғарлы жел соққан-ды.
Шегіне жетіп билік басынғаны,
Таусылды шыдам бітіп ел бұққаны.

Өрім жас талап етіп әділдікті,
Сұм саясат аямай зәрін төкті,
Сабалып, қанжоса боп, иттер талап,
Қамалып, қуғын көрді әр күдікті.

Сұраусыз бәрі осының жабылғасын,
Апыр-ай, жаның қалай ауырмасын.
Арашалай алмаса қара басын,
Туады екен талай адамға сын.

Орталық өзін-өзі жүрген мақтап,
Қазақты кеткеннен соң бірден аттап,
Одақтың ыдырауы сол кездегі,
Көрініс тапқан екен бізден бастап.

Болсақ та бүгін енді егемен ел,
Тынши алмай әлі де билегендер,
Отырғысы келеді қабақ түйіп,
Сес көрсетіп, сөйлеумен кейбір күндер.

Көршіден біз аулақпыз алшақтаудан,
Аманбыз, өршеленген жан-жақ даудан,
Бәрінен қымбат бізге бейбіт өмір,
Сақтағай бұқпалақтап, жан сақтаудан.

Ешкімге бағынышсыз кезге келіп,
Байқалмай кетті өмір тез өзгеріп,
Араласып әлемдік саясатқа,
Ел болдық беделі бар, сөзге берік.

Әлі де межелер көп жететұғын,
Жолымыз болғай сәтті өтетұғын,
Деп тілейік кең пейіл қазағымның,
Көк байрақ төбесінде бекем тұрғын!

Жету

Өмір қысқа екенін білесің бе?
Өмір – қызық, жылайсың, күлесің де…
Қимас күндер кетумен қайталанбай,
Кей сырыңды үлгеріп айта да алмай,
Өтесің бәрін ойлап жүресің де.

Өтеді біреу шалқып, біреу малтып,
Қиналып, үй-тұрмысы жүдеу тартып…
Кештім бастан осының екеуін де,
Тағдырдың ересің де жетегіне,
Қойған соң бір әулеттің жүгін артып.

Жеткенде бір межеге қарайлайсың,
Алаңдайсың жиірек маңайға тым,
Кешкенмен тәтті ғұмыр кемді күнде,
Байқайсың, татқаннан соң кермегін де,
Екенін бұл өмірдің талайға сын.

Жетпегенде жүресің шегіншектеп,
Табасың тиын-тебен теріп ептеп,
Сонда да өз ортаңнан қалмайын деп,
Білдірмей еместігін жағдайың көп,
Табыласың маңынан төңіректеп.

Жетеді қолы көпке ұмтылғанның,
Жамайды жыртықтарын бір туғанның,
Кетпейді босқа еңбек тер төккенге,
Шығады қиындықтан ептеп пенде,
Қалады бір кез артта бұлт тұрған күн.

Мінез

Асау емен тимеген жүген-құрық,
Өзгелеу бойымдағы жүрген құлық,
Алып-ұшпа көңілім сарт сынады,
Кей сәтте сөз астарын бірден ұғып.

Асау емен шапшыған, әл бермеген,
Іздеймін әділ баға әрбір күннен,
Басымнан сөз асырмай қалам жиі,
Келмейді сөз естігім әлдекімнен.

Асау емен алысқан ауыздықпен,
Кездессем арамдықпен, жауыздықпен,
Айтып салып, ойланбай тұрсам қарсы,
Босағандай боламын ауыр жүктен.

Асау емен дарыған сынбас мінез,
Өткізген қызбалықпен күн аз емес,
Өкпем жоқ мінезіме, тіршілікте
Тиіпті тағдыр жазып біраз үлес.
Басымнан өтсе-дағы талай күрес,
Жетсе де өз-өзіме қарайтын кез,
Ашу жылдам келеді, тарайтын тез,
Қайтейін бітсе бойға адай мінез!

Кездері көп жанымның жай таппаған…

Жаймағанмен сырымды көпке бірдей,
Айтып жүрмін біразын бүкпелемей.
Басын бастап, аяғын жасырмайын,
Ойымды үш нүктемен нүктелемей.

Болса да бойда талай кемістігім,
Көп менің өмірдегі жеңіс күнім.
Болған жоқ оңай кейде айыруға,
Қадамның байқау оң мен терістігін.

Көп межеге ұмтылдым, жетемін деп,
Көрмей өстім қамқордың жетегін көп.
Жүрдім ойлап алдымен анашымды,
Борышымды балалық өтегім кеп.

Тек өзіме сендім де бала шақтан,
Іздедім өз орнымды болашақтан.
Бірі болдым ішінде жарыстардың,
Бәйгеде алғы топта ала шапқан.

Тағдыр ма, қасиет пе бойға біткен,
Асықпай көргенім жоқ ойланып мен.
Жастайымнан осылай қалыптасып,
Келемін жүріп әлі сол қалыппен.

Тырысумен басуға байқап қадам,
Кездері көп жанымның жай таппаған.
Бірақ айтар сөзімде ешқашан да
Көрсеткем жоқ мінезді тайсақтаған.

Өңімде кетіп кейде арман қуып,
Түсімде өз-өзімді таңғалдырып,
Жоғарыдан қараумен жүргем ұшып,
Кіргенмін ой, арманға таңнан тұрып.

Өмірде талай сыйлы орын тиді,
Түсімді жақсылыққа жоритын-ды.
Әр сатыға басқанда сәтті қадам,
Түс көрген ойлай берем сол ұйқымды.

Ырымшыл болған жоқпын дегенменен,
Ғажайып бұл құбылыс терең дер ем.
Болатынды алдымен түсте көріп,
Ішімнен түске кейде сенем дегем.

Ренжіткім келген жоқ ешкімді де,
Бірақ кейде қатемді кеш білгенде…
Қиналғам, қуанғанмын кездескенде,
Өкпесі жоқ екенін естігенде.

Сәл нәрсеге баладай өкпелеймін,
Ешбірін сақтамаймын көпке дейін,
Кешірмеймін біреудің қиянатын,
Жанымды жараласа текке кей күн.

Жолымды бөгеген бар, бір кездері,
Жадымда сол күндердің жүр іздері.
Кейбірі ашық істеп, енді бірі,
Шалғанын көпке дейін білгізбеді.

Өмірден аларыңды ыңғайланған,
Кей сәттер ұялмастан ұрлай алған,
Пенделер бар, сөйлейтін ылғи жалған…
Сақтана білген дұрыс мұндайлардан.
Тоқтайын бәрін тізіп айта бермей,
Өтеді әр мезетің қайта келмей.
Азаймайды бойдағы кемшілігің,
Ескертіп, біреу саған байқа демей.

Айттым тағы, осыны ескерген жөн,
Кемістіктің біразын кеш көргем мен.
Қайталайды екенсің қателерді,
Біреуден көрген кезде жек көргенмен.

Бірін көріп жасыңның жастығынан,
Ал біреуін көңілдің мастығынан…
Байқамайсың өзіңнің алдыменен,
Кінәлі екеніңді басты бұған.

Сабақ болсын деп жаздым бәрін мұның,
Есептеулі өмірде әрбір күнің.
Айналаңа қарап ап жаса қадам,
Ойланып ал, асықпа, сәл кідіргін.

Наз

Десем де ешкімді де жазғырмайын,
Жүрген соң ұлттың ойлап тағдыр, жайын.
Көрінген соң сырт пішін жат боп бізге,
Қалайша қазағыма наз қылмайын.

Киіммен бұзған деймін ұлт кескінін,
Дәреже деп, бет жауып жүздескенін,
Амандықта қараны жамылғанға,
Дегім келіп тұрады, бұл не еткенің?

Айтқам бұрын, тағы да қайталадым,
Әлемнің араладым шартарабын,
Әр елдің, әр халықтың қалыптасқан,
Көргенмін әдет-ғұрып, салты барын.

Демеймін басқалардан көргем көп деп,
Шыдап шөл аптабына жүргем ептеп,
Етіп еңбек арабтың бір елінде,
Кейбіріміз сол елге жүр еліктеп.

Жазда алпыс, қысында отыз ыстық,
Топырақ бастырмайды отсыз ысып.
Қара киіп, бас, бетке қара жауып,
Әйелдер жүретін-ді тым ығысып.

Табиғат құм боранын боратқасын,
Амалсыз бетін жауып, орап басын,
Бейімделсе ол жақта, ал біздерде,
Налисың, ұлттық түрді жоғалтқасын.

Ал біз араб емес, қазақпыз ғой,
Басқалардай көп емес аз-ақпыз ғой.
Қайтеміз шаш сарғайтып, бетті бүркеп,
Бағынышты емеспіз, азатпыз ғой.

Аулақпын киін деуден ашып бәрін,
Демекпін еліктеуге асықпағын.
Бірімін әкелердің қыз өсіріп,
Тілеген, жібергей деп ашып бағын.

Әдемі, болса сақал қиып, күткен,
Қосылып тұратұғын миық мұртпен.
Жігіттің көркін бұзар мұртсыз сақал,
Тырбиса, иектегі сұйықтықпен.

Сырт пішінге жүрмесек біз абайлап,
Түріміз осындайда ұнамай қап…
Ұсқынсыз халық екен қазақ ұлты,
Кім кепіл демесіне сынай қарап.

Бұзықтар бар жүретін дін жамылып,
Кейбіреуді алдаумен жүр сабылып…
Жоқ оларда ешқандай имандылық,
Жүрсін тек өздеріне мін тағылып.

Бірімін қасиетті дін сыйлаған,
Емеспін дін жолына міншіл адам.
Тек жастар ілеспесе екен деймін,
Адасқанға дін бұзып, тыншымаған.

Жаны пәк, ары таза, тәнін күткен,
Аспайтын пайда үшін әділдіктен.
Жандар ғана бет бұрса дін жолына,
Табар-ды иман, сауап фәниліктен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір