Сөздің реті
Қолына қалам алып, жазба әдебиеттің қапысыз межеленген уақытына тап келгенге дейін де асыл сөздің қырық қатпар құпиясына терең бойлап, қасиеті мен кепиетін молынан сезінген халқымыз өткенді әділетті таразылап, болашаққа пәтуалы сөз айтқан кісісіне қаратып: «Құдай аузына сөз салыпты», – деп бағалапты. Сөзге қатысты осы өлшемнен артық пәтуа жоқтай. Тілдей қағазға біртұтам ойыңды жазуға ниеттенсең де, Құдай аузыңа сөз салмаса, бәрі бекер. Кейде ақындардың кеше жазған өлеңіне бүгін өзі: «осыны мен жаздым ба?» деп таңырқайтынын ойлағанда, көңілде үнемі сол баға тұрады. Сөзді қойша өргізіп, жусатамын деу – тілмен ойнау. Аузыңа сөз салмаса, нені айтасың, мағына қайдан табасың. Ауызша айтқан сөз бағалы деп есептеген Сократ жалғыз емес екен. Қазақтың қанша тарихы ауыздан-ауызға жетіп, қадым замандардың хикаяларын бүгінге алып келді. Жазба әдебиеттің заманы туғалы қазақ сөзі де, ойы да өзгеріп, ұстанымы да заманына лайықталды. Сөзге тоқтаған жұрт, енді онымен ойнайтын болды. Әдебиеттің іргелі өрісін «тың игерудің» кесапатынан артық бұзып, шұрайынан айырып жатқан жоқпыз ба деген сұрақтың жауабына жазушы да, әдебиеттанушы да түбегейлі жауап бере алмайтын болды.
Тәуба, көркем сөздің салқар көші тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да. Бірақ сәні мен салтанаты жұпыны емес пе? Осыған бәріміз бас қатырсақ, жұмыла көтеріп, азды-көпті, жаманды-жақсылы айтылған сөздің байыбына барып, бетпақтықпен емес білімдарлықпен, көлгірлікпен емес көрегендікпен, бүгежіктеп емес бүкпей айтып, адалына жүгінсек, бағытымыздан адаспас едік. Әдебиетке, әдебиеттануға сөзбен ойнау, тұғырсыз сөйлеу жараспайды.
Дүниеде қанша адам болса, сонша мінез бар деп жатады. «Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» деген Абай сөзін түсінгенімізбен, ұстанып жүру қиын. Туғаныңда бойыңа өнер дарып, мінез сіңбесе, хәкім сөзін тек ескерту ретінде ғана қабылдарсыз. «Өнерің өзіңе…» деп түсінерсіз… «Мінез болмаған соң…».
Жазуда да мінез бар. Ол мінез – біз ойлағандай тұрмыстық дүниеде кездесіп жататын арсың-күрсің жүріс, басартқы-қашартқысы көп қылтың-сылтың болмыс емес, ішкі ұстанымы мықты, қанға сіңген дегдар қасиеттің қалам арқылы қағазға түскен асыл проекциясы. Құбылмалы сөз емес, құмығыңқы үн емес. Айқын ұстаным, тұрақты қасиет.
Жазушылардың да түр-түрі бар. Өз бағасын, шама-шарқын, талантты болса, онысын, ортақол болса, мұнысын да білетін жазушылардың сөзі де, өзі де – құрметті. Артық ауыз мақтанға, асыра сілтеп даңғойлыққа бармайды. Талантты жазушы несіне мақтансын, айналасы онсыз да үлгі тұтып, сыпыра мақтап, сипай қамшылап отырса… Ортақол жазушылығын білетіндер де артық мақтауға лайық еместіктерін біліп, кеудесін соғып мақтанға бой алдырмайды. Бұндай жазушылар (ақындар да!) бізде сирек пе деп ойлаймын. Бізде көбісі өз бағасын, талант мүмкіндіктерін білмейтіндер. Бұлар да екіге бөлінеді. Бірі өздерінің зор қаламгерлік қуаты бар екендерін білмей, жөні жоқ тартыншақтап, орынды кезде орынсыз күмілжіп, бойларын жасырып жүреді. Оларды ортаға алып шығып, арнайы мақтайсың. Соның өзі оларға ауыр соққы, артық баға боп сезіледі (ең керек қасиет, бірақ көп болса, қадірі кетеді. Өзгелер басынады). Екіншісі нашар ақын, талантсыз жазушы екендерін білмейді. Сыйлық атаулыны түгел меншіктегенше, газет бетінде «классик» деп «бағаланбағанша», кітап артынан кітап ұсынып (графомандық), әр кітабын жаңалық ретінде мойындатпағанша, әдебиетке құбылыс болып келгендігі туралы сұхбат бермегенше, артынан өңкей өзі сияқты шәкірт ертіп, солардың «пұтына» айналмағанша тыным таппайды. Ең жаманы осы шығар. Қадірі қашады. Оны өзі білмейді. Жұрт мақтағансып, мазақтайды, сезбейді. Обал. Сөзге, қағазға обал.
«Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» әлі шығып жатыр ма?» деп хабарсыз кейіп көрсете сұраған Қуандық Түменбай сияқты үлкендердің түсініксіз ұстанымдары ненің кесірі, ненің қыжылы екенін де түсініп болмайсың. Талант болғаннан кейін қыр көрсеткені шығар. Шерхан Мұртазаның кезіндегі мақтаулы «Қазақ әдебиеті» газетінің тігінділерін қарасаңыз, «Бір роман туралы екі пікір», «Ақын ақын туралы», «Жазушы жазушы туралы», «Рецензия» айдарларымен ақын-жазушылардың өздері әдеби газетке атсалысыпты. Түгел дерлік әдебиеттің жәй-күйін жиі сөз етіп, ондағы тақырыптық, жанрлық мәселелерге дейін талқылап отырған. Ал қазір «Дөңгелек үстел» ұйымдастырмақ болып, бір жазушыға хабарлассаңыз, дайын еместігін айтады. Әлде басқалай бір сылтау… Бірақ әдеби сынның кенжелеп тұрғанын, поэзия, прозаның кемшілігі көптігін айтып ылғи сұхбат беріп жатады. Айту мен жазудың айырмашылығын бізден жақсы білетін үлкендер әлдеқандай бір шығармасын өзгелердің талқыға салғандарын қалап тұрып, өздерінің үндемейтіндерін білмей жатқандай.
Әдебиеттегі үнсіздік туралы көп айтылады. Қаншама сұхбаттар беріліп жатыр. Сын жоқ деп алып, шығармасына сын айтылса, ер-тоқымын бауырына алып тулаған үлкендердің пыш-пышы мен гөй-гөйіне куә болдық. Элиоттың сын кәсіби әдебиетшілер үшін, қате болсын, әділ болсын, егер шығармаңды оқырмандарың сүйіп оқып жатса, ол сын әдеби ортада ғана қалады, оның қарапайым оқырмандарға қатты әсері де болмайды деген мағынадағы пікірі бар еді. Оралханды қанша оқылмайтын жазушы деп жатса да, әдебиетқұмар жастардың ең сүйікті қаламгері. «Қалыптаспаған жазушы» деп Мағауин айтыпты дейтін, таяуда берген сұхбатында Қажығали Мұхамбетқалиұлы: «…Мен Оралханды жазушы деп есептемеймін. Ол болайын деп бола алмай кеткен жазушы. Оны қасындағылар өзгертіп жіберді. 1981 жылы жыл қорытындысында жасаған баяндамамда осыны айтқанмын», – деді. Солай да шығар, бірақ алғашқы романтикалық албырт шақтан үлкен өмірге, тұрақты көзқарасқа қадам басар сәтте көбімізде Оралхан әңгімелері есею жолына шығарып салғанын жасырып-жабу жазушы алдында қиянат болар еді ғой.
«Классикалық зерттеулердің» алғашқы томында, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің әдебиет өрісі туралы мақалалары мен сындары жинақталған. Формацияның ықпалы айқын сезілсе де, табиғатында жасандылық жоқ, шынайылығы басым екі жазушының мақалаларында әділ, қатты, қатал айтқан кездері де аз емес. Есмағамбет Ысмайыловтың адресіне айтылған Мүсіреповтің қатал сөздері үшін әдебиет сынының тарихынан ғалымның аты өшіп кеткен жоқ. Қайта оған да қарсы уәждер айтылып, қозғау болып жатты. Ал сыншыларға қай заманнан бері ақын-жазушылардың көңілі толған емес. Бірақ сол көңілі толмаушылықтан дұшпандыққа ұласқан қарым-қатынастың әдеби өмірге ықпалы болғанмен, әдебиетімізге әсері тиген жоқ. Уақыт толқынында ұмыт болатын, ұлы мақсат-мұраттардың алдында, көркемдікке жету жолында пәсейіп қалатын ұсақ-түйек мінез қай кезде де болған десек, соған бола өрекпудің де реті жоқ екен. Айтылған сөз орынды болса да, қисынсыз, жауапсыз болса да өз Иесін табады.
«Әуезов жолы – роман» деген мақаламызға орай филология ғылымының докторы Гүлзия Пірәлиева «Дәстүрi бар әдебиетке дәстүрсiз сын жараспайды» деп «Жас Алаш» газетіне (№92, 2016жыл) мақала жариялады. «Бiрiншiден, сыншы мiнеп отырғандай, қазiргi қазақ әдебиетiндегi тарихи шығармалардың бәрi «адам жанын толқытпай, құжат негiзiнде зуылдап өте шыққан шығармалар» емес. Екiншiден, «Бiзде жазылып жатқан тарихи шығармалардың жаппай оқылмауының бiр себебi – ортақ кейiпкердiң жоқтығы (Ол мiндеттi емес – Г.П). Фактiлер-дiң, тауып айтқызған шешендiк сөздердiң жиынтығы болғандығы. Әркiмнiң өз атасын дәрiптеп, оны күллi қазақтың қайраткерi қылуға талпынуынан. Бұл – әдебиеттiң әзелгi мұратынан айнығандығы» деген дүдәмал ойларын нақты әдеби фактiлермен дәлелдемей, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген сыңай танытады», – деп жазып, өзі бірқатар жазушылардың шығармаларын тарихи романдар деп тізеді. Әдебиеттанушының тізімін айтпас бұрын, осындағы бірер сөзіне тоқталайын. «Дүдәмал ойымыздың» басын ашып, өзі де ештеңе айтпайды. Сыйлық алған шығармалардың бәрі мықты емес. Өтірік мақтау жазушының абыройын одан әрі асырмайды. Ортақ кейіпкердің жоқтығына – «ол міндетті емес» деп түсінік беріпті. Міндетті болғанда қандай. Жазушы ойда жоқ дүниені, болған-болмағаны белгісіз оқиғаны тарихи оқиға ретінде ала алмайды. Өткен оқиғаның бәрі – тарих. Бірақ бәрі тарихи оқиға емес. Түсінікті болуы үшін, айтайын, ұлттың тағдырына үлкен әсер етіп, болашағына із қалдырған оқиғаға «тарихи» деп баға беріледі. Сондай оқиғалар, сол оқиғаның арасында жүрген кейіпкерлер халыққа ортақ. Алып сахарамыздың қай пұшпағында өтсе…
Енді тізімі: «I.Есенберлиннiң үш кiтаптан тұратын «Көшпендiлерi», Ә.Кекiлбаевтың «Үркер», «Елең-Алаң», «Аңыздың ақыры»,
Ш.Мұртазаның «Қызыл жебесi», «Ай мен Айшасы», М.Мағауиннiң «Аласапыраны», Ә.Нұрпейiсовтiң «Қан мен терi», «Соңғы парызы», Қ.Жұмадiловтiң «Соңғы көшi», «Тағдыры», С.Сматаевтың «Елiм-айы» және т.б. секiлдi өмiрлiк фактiлер мен тарихи тұлғалар тағдырын тiлге тиек еткен тарихи романдар – соның дәлелi. Осылардың бәрi – бiздiң рухани олжамыз. Рухани игiлiгiмiз», – дейді. Біріншіден, әдебиеттанушы-ғалым тарихи романдар деп ұсынған тізімін анықтап қарайықшы. Бұл тізімдегі, шын мәніндегі тарихи романдарды біз де өз мақаламызда әдебиетімізге керек кезінде, өз уақытымен келген олжалы шығармалар ретінде атадық (мақаланы қараңыз). Ал енді «Ай мен Айша», «Қан мен тер», «Соңғы парыз», «Аңыздың ақыры» сияқты көркем шығармалар тарихи роман емес. Кейіпкері хан, би, шешен, батыр болса, шығарманы тарихи роман деп айтуға болады деп есептейтін ғалым ең алдымен тарихи романдарды басқа романдардан ажыратып алғаны дұрыс болар еді. Жанрдың әліппесінен қателескеннен кейін одан арғы түпкі мән, мақсат, әзелгі мұрат тұрғысынан сөз айтудың өзі бекер сияқты сезіледі. Әдеби шығармаларға субъективті пікір айтуға болғаныменен, әдебиет теориясының қалыптасқан қағидаларына жеке пайымыңыз сөзін жүргізе алмайды. Роман тарихы туралы неше алуан зерттеулер жазылып, жиырмасыншы ғасырдың романдары ішкі жанрларына қарай жіктеліп, өз табиғаттарын айқындаған. Рыцарлық романдардан бастау алған бұл іргелі жанрдың бүгінгі күнге дейінгі жанрлық, мазмұндық тұрғыдан даму, өзгеру жолы, әр ұлттың осы жанрға қосқан үлесі туралы Әбіш Кекілбайұлы тарқатып-ақ айтты. Филология ғылымының докторы Зейнол-Ғабиден Бейсенғали жиырмасыншы ғасырдағы қазақ романдарын зерттеді. Әлем әдебиетінде «Истоки романа», «Роман» сияқты фундаментальды зерттеу еңбектер жарық көрді. Бүгінгі уақытта алдыңғымыз толық қаузалып, зерттеліп бітпесе де, бағытымызды айқындап, бес қаруымызды түгендеп берген үлкендердің еңбегі, сөзі тұрғанда бағытымыздан адасуға жол жоқ. Тек таным деңгейіңе, талғамыңа сүйеніп, жаңа романдарды мазмұндық жақтан талдай алсақ, олжа сол. Айтылған сөздің байыбына бармай, байбалам салу кәсібилік емес.
Екіншіден, «Ендi бiрлi-жарым батырларымыз туралы, би-шешендерiмiз жайлы шығармалар жазыла бастап едi, бiрiмiзден бiрiмiздiң атамызды қызғанып, қырық пышақ болып жатырмыз. Әрбiр бала батыр бабаларының ерлiгiн айтып мақтанбас па, ұлттық рухы көтерiлмес пе? Кiм көрiнгенге қолжаулық болып кетiп жатқан Алпамыстарымызды, Қобыландыларымызды, Қожанасырларымызды қызғыштай қорғаудың орнына, iшiмiзге қыл айналмай, өз iшiмiзден iрiп отырғанымыз қай сасқанымыз? Өзге емес, ендi өзiмiз түп тарихы түркi, сақтардан басталатын тарихымызды жиып қойып, тәуелсiздiк алғаннан бергi кезеңдi оқыту керек деген көзқарастардың туындауының өзi үрей тудырып отыр. Халық «өз қадiрiн бiлмеген кiсi қадiрiн бiлмейдi» деп тегiн айтпаса керек», – деп мүлде басқа тарапқа кетеді. Әрине, патриотизмін құрметтеймін. Бірақ «қызғанып, қырық пышақ болып жатырмыз» деп дөй-далаға кеткені жарамайды. Әдебиеттанушы-ғалым болса, білуі керек, әр мақаланың мақсаты деген ұғым бар. Мәтін жазу теориясындағы – бір категория. Біздің мақаламыздың мақсаты – роман жазылса, оның көлемі қысқармаса, кейіпкерлері де ірі болса, жетекші жанр ретінде дамыса деген тілек. «Дәлелді жазылса» дейтіндей бұл бір шығармаға арналған сын емес, әдеби мақала. Ал өз аталары туралы тарихи роман жазып кеткен үрдістің басталғаны бүгін емес. Оны өзі де жақсы білуі тиіс. Және әдебиетімізге көркемдік тұрғысынан үлес қосқан шығарма болмағандықтан, ондай қаптаған романдарды тізіп айтып шығуымда міндет емес еді. Бабалардың ерлігін айтып мақтану мен роман жазылудың қандай байланысы бар? Бір батыр, би туралы роман жазылса, өткеніміздің алдындағы қарызымыз өтеле ме? Мен айтқан сөздің төркіні, бет албаты тарихи романдар жазылмаса екен деген тілек еді. Кітап шығарудың жолы талғамға емес, қалтаға байланысты заман туғалы әркімнің атасы батыр, би болып шыққаны рас. Қай қазақтың жеті атасында би болмады дейсіз? Әдебиеттің көркемдік әлеміне қызмет қылатын тарихи роман әдебиет үшін емес, атасының атын шығару үшін жазылса, рухани олжамыз сол болып па?
Гоголь «Выбранные места из переписки с друзьями» деген соңғы кітабын жазғаннан кейін бұл кітабы оның барлық шығармаларының ішіндегі ең мықтысы деп түсінді. Белинскийдің «Современикке» жазған мақаласын оқығаннан кейін Гоголь: «Сіз менің кітабыма өкпелі адамның көзімен қарадыңыз», – дейді. 1846 жылы П.А.Плетнев деген баспагерге кітапты екінші рет кешіктірмей басу туралы айтып: «Все свои дела в сторону, и займись печатаньем этой книги… Она нужна, слишком нужна всем… Книга эта разойдется более, чем все мои прежние сочинения, потому что это до сих пор моя единственная дельная книга», – деп хат жазады. Гоголь ең мықты шығармасы деп есептеген кітабы туралы Белинский 1847 жылы атақты «Гогольге хатын» жазды. Бәріне, әсіресе үлкендерге жақсы таныс сол хаттың төңірегінде неше түрлі пікірлер айтылды. Бұл тек қана көркемдік мәселесі емес, идеялардың, саяси ұстанымдардың қақтығысы еді. Ол өз алдына. Сыншы сонда Гогольге ең ауыр сөздерін айтты. Сыншының принципі тұрғысынан ол өте әділ, қатал, тура сөзін айтқан болатын. Сыншы теоретик емес, объективті, жалпылама айтпайды. Бағасын береді, субъективті пікірін айтады. «Не будь на Вашей книге выставлено Вашего имени и будь из неё выключены те места, где Вы говорите о самом себе как о писателе, кто бы подумал, что эта надутая и неопрятная шумиха слов и фраз — произведение пера автора «Ревизора» и «Мёртвых Душ»?», – деді. Жазушы үшін бұдан ауыр сөз болуы мүмкін бе?! Менің айтпағым: Егерде бүгінгі бір жазушымызға қатал, қаттылығы жағынан сол хатқа пара-пар сөз айтылса, қара нардай қасқайып көтеріп тұра алар ма еді? Елестетудің өзі қиын. Ар жағы не болары түсініксіз. Бұлыңғыр… Сойқаннан кейінгі әлем бұлдыр…
«Ақжелкен» журналының биылғы алғашқы санында Жүсіпбек Қорғасбектің «Арылу коды – «1988», «Ақылдың кілті» – 2016» деген мақаласы жарық көрді. Негізгі айтпақ ойы – жақсы шығарма өз уақытында бағалануы керек. Орынды сөз, орнықты пікір. Біздің әдебиетімізде өз уақытында бағаланған да, бағаланбаған да шығармалар әлі де баршылық. Осы ретте автор өзінің роман-тәмсіліне («Үлпілдек») байланысты әлеуметтік желіде оқырмандардың мақтауын айта келіп, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген Нұрбек Түсіпханның мақаласын («Үлпілдектің» астары) да сөз етеді. Кезінде Жүсіпбек Қорғасбек өзі «Қазақ әдебиеті» мен «Жас Алаш» газеттерін басқарып тұрғанда дау-дамай, талас-тартыстың негізі болған мақаланы әдейі ұйымдастырмағанын айтқан еді. «Жазушыларды іштей бөлетін «өзімшілдігім» бар» атты сұхбатында (Қателеспесем: «Жас қазақ» газетіне шыққан) берген. Оны өзгелер «әдейі ұйымдастырды» деп жаңсақ ойлайтындарын айтқан. Тура сол сияқты, Нұрбек Түсіпханның мақаласы да ұйымдастырылмаған, «өз аяғымен келген» материал болатын. Жазушы мұндайды өз басынан өткеннен кейін жақсы түсінеді деп ойлаймын.
Жүсіпбек Қорғасбектің мақаласын оқығаннан кейін, шын мәнінде кітабына қиянат боп кеткен жоқ па екен деген оймен романын өзінен алып, асықпай оқып шықтық. «Газетте жарияланған авторлар пікірі редакция көзқарасы болып есептелмейтінін» неше жылдан бері баспасөзде қызмет етіп келе жатқан ағамыз жақсы білсе де: «Ұлтымыздың басындағы қамтылмай жүрген тақырыптың бірін алып, «Үлпілдек» атты шағын көлемді роман жаздым. Осы романды сынаған әдеби газет Орхан Памуктен мысал келтіріп, ол мысалды да қате келтіріп, қате келтіргенін қалың оқырманның алдында мойындамаған күйі қалды. Әдеби газет: «Орхан Памуктің: «Мне кажется, болезнь нашего времени — это искать во всем некую связь», – дейтіні бар еді», – деп, жазушы мұны кемшілік ретінде айтып отырға келтіреді. Шын мәнінде, Орхан Памук мұндай әрекетті кемшілік деп көрсетіп отырған жоқ. Қайта, екінші сөйлемінде, яғни ой жалғасында: «Поддавшись общей болезни, я и публикую эту историю», – деп шендестіре жазады. Нұрбек Түсіпхан бұл сөзді қате аударды ма екен деп қарасақ, ол да осы сөзді орысша келтірген екен. «…Орхан Памуктің: « Мне кажется, болезнь нашего времени — это искать во всем некую связь», – дейтіні бар еді. Бәлкім, біз де «Үлпілдекті» оқып отырып аңыз бен ақиқат өмірдің арасын жалғастырар көпірді іздеп, бекер әуреленген болармыз…», – деп өзінің мақала жазу барысында астар іздеп босқа әуре болмадым ба деп өзіне қатысты айтқан. Содан кейін қате келтірді дейтін де реті жоқ. Аудармаған да, тура солай қолданған. Орхан шендестіре жазса, сыншы де шендестіре қолданып, өзі де сол ауруға ілесіп кеткен жоқпын ба деп қауіп білдіреді. Жазушы «әдеби газет» деп қайта-қайта айту арқылы нені меңзегені өзіне белгілі.
«…Қазіргі өркениетті нарықтың алдында біз жабайы нарықты бастан өткердік. Күні өтіп бара жатқандар жаңа заманға бейімделе алмай жанталасты. Үлпілдек жетім қыз, яғни тағдыры адамның емес, Алланың ғана қолындағы періштедей бала. Жердегі көз алдымызда бойжететін Үлпілдек пен аспан төріндегі аңыз – жұлдыз Үлпілдектің арасындағы байланыс сонда. Әдеби газет түсінбесе соны түсінбеген болар. Не астар барын түсінбей әуре болғаны да содан шығар. Жалпы, көркем шығарманы қарадүрсін талдауға болмайды…», – дейді жазушы. Рас, шығарманы қарадүрсін талдауға болмайды. Бірақ шығарма да қарадүрсін талдануға бейім болмауы керек. «Үлпілдекті» қарадүрсін деп айтқымыз кеп тұрған жоқ…
Жазушы айтқандай, роман-тәмсілінен «ұлт басындағы қамтылмай жүрген тақырып» қайсы? Жетім қыздың зары ма? Әкесіз өскен бала ма? Үйіне әйел тұрақтамайтын, қарғысқа ұшыраған берекесіз еркек пе? Ондағы байланыс меніңше, кейіпкердің аты Үлпілдек болғанында, әрі аңыздағы Үлпілдек те арманда, роман-тәмсілдегі Үлпілдекте арманда, бар байланыс сол ғана. Одан астар іздеудің де керегі жоқ. Сыншы: «…Шешесі Гүлдерайым екеуі бір үйде өмір сүреді. Бірақ Қыранқара мен шешесінің отау құрған-құрмағаны белгісіз. Қызы қалай бойжетті? Шеше оны қалай тәрбиеледі? Оның Нұрланнан кейінгі өмірі не болды? Оқырманды мазалайтын бұл сұрақтарға нақты әрі толымды жауап айту мүмкін емес. Бақсақ, романды оқу барысында мұндай жауапсыз сұрақтар өте көп. Тәмсілге негізделген шығарма пәлсапалық, тылсымдық сыр бүккен жұмбақтай әсер қалдырады. Кейіпкерлердің ішкі монологтарға ұқсас өз-өзімен сөйлесуі немесе дәптерлердегі өлеңдермен сырласуы жиі. Сөйте тұра, психология жоқтың қасы…», – деп, тым басқа сұрақтарға жауап іздеп кетеді. Шығармадағы басты кейіпкер Үлпілдек пен Қыранқара. Екеуінің де психологиясы Нұрланның өлеңдерімен беріледі. Яғни Үлпілдек пен Қыранқара – Нұрланның үшінші даусы. Бар психология сол өлеңдерде. Оны басқа оқиғалардан іздемеу керек. Роман-тәмсілдегі бар айтпақ нәрселердің бәрі өлең өзегінде. Тіпті, ондағы оқиғалар – өлеңдер декорациясы. Әйтпесе қалың төбелестің ішіндегі адамның санасына өлең қайдан келеді? Екі аттаса болды, көк әлде жасыл дәптердегі өлеңге сәйкес ситуацияға тап келе беретін кейіпкерлердің жүріс-тұрысы да шынайы өмірден гөрі мистикаға жақын. Бәлкім, жазушы өмірдегі мағынасыз тұрмысты, мағынасыз ғұмыр кешетін жандарды айтқысы келген шығар. Ал мағыналы ғұмыр кешкісі келетін Нұрлан сияқты адамдар ылғи қыршынынан қиылады.
Роман-тәмсілдің ішіндегі негізгі қызметті арқалап тұрған өлеңдер шығарманың өзінен бұрын жазылғандай (меніңше). Әкесіне жете алмаған қыздың зары, баласына жете алмаған әкенің мұңы, ғашық болған жанын жар ғып алғысы келетін, бірақ үйіне жар тұрақтамайтын жанның қайғысы, жастығын аңсаған жігіт ағасының ішкі сыры роман-тәмсілде. Қыранқараның қалаға келуі (Нұрланның өлімінің алдындағы жазықты сезінуі), фойедегі елестер, құлағына келген сөздер де – автордың айтпақ ойлары. Қанша оқиғаға куә тақуа тарих, кейуана қабырға бүгін тек елестердің тұрағына айналғандай…
Нұрланды өлтіріп, Гүлдерайымды алып, Үлпілдектің (Үлпілдек – Нұрланның Гүлдарайымның ішінде қалған қызы) әкесіндей болған Қыранқараның бос сандалысының өзі оның өміріне мағына бергендей. Бұғашықты тапты. Қыранқараның әрекетіне қарасаңыз өлеңді түсінетін адамға мүлде ұқсамайды. Бірақ адамды сыртқы келбетіне, әрекетіне ғана қарап бағалауға болмайтынын автор меңзегендей, оған күллі өлеңді түсіндіріп қояды. Және көркемдік тұрғысынан емес, жан әлеміне кіре түсінеді, толқиды. Тіпті өзі де өлең жазатын боп кетеді.
Романдағы сөйлем құрылысына байланысты уәжге: ондағы сөйлемдерді стильдік қате жоқ, бас-аяғы түсінікті, бүтін. Жазушының қайта-қайта үтір қойып, жолды жалғастырмай астына жазғанын құптамай отырған шығар. Бірақ ол да шартты нәрсе. Егер автор нүкте қоймастан, азат жолға түсірсе, онда әр сөйлемге көп мағына бергісі келген болуы да немесе жәй форма үшін де солай істеген болуы мүмкін. Канттың: «Әсемдік формада» дейтіні бар еді ғой.
Қазір әдебиетіміздегі көп нәрсені эксперимент деп жылы жауып қоятын әдет таптық. Онысы сәтті болсын, сәтсіз болсын мәселе онда емес. Кейде қасақана жасалған қадамды ізденіс деп айтамыз. «Шығарма әр түрлі ізденістен, тіпті, адасудан да туады» деген пікірді ескерсек, Қыранқараның Дулат Исабековпен кездесуге тап келуі де, жазушының өмірде болған сұхбаттың мәтінін тура сол қалпы романға енгізуі де әдебиет үшін шетін нәрсе емес деп ойлаймын. Біреу қабылдар, біреу қабылдамас. Кейіпкер Исабековтің кездесуде айтқан ойлары емес, Қыранқараның сол кеште отырып, ештеңе түсінбей қайтуы екіге жарылған қазақ қоғамын немесе өмірден, қарапайым халықтан алыстаған қазақ интеллигенциясының жәй-күйі деп түсінуге болады. Жүсіпбек Қорғасбек сол кездесуді Қыранқараның сезімімен байланыстырып баяндап отырғаннан кейін сол кездесудегі әр сұрақ қоюшыны атымен атамауы керек еді. Өйткені, Қыранқара сұрақ қоюшыларды мүлде танымайды ғой. Дулат Исабековті (кейіпкер) таныса рахмет айтарсың.
Қыранқара қарғысқа ұшыраған адам. Гүлдерайымды маңдайдан ұрып талдырып алып кетер алдында, Нұрланды өлтірген кезде, Қаратай: «шешесінің қарғысы жаман еді» деді. Сол қарғыс қобдиша арқылы іске асады. Өмірде бәрі кездейсоқ болмайды.
Енді Гүлдерайымды алған Қыранқарға Үлпілдек өз қызындай жан. Егер адами түсінікпен қарасақ, өгей баласы болса да, баласы. Бірақ соны Қыранқараның жар етуі азғындық емес пе?
Жазушының басқа да шығармаларын қарасаңыз, оқиғалардың көбінен аттап, өзіне керек тұстарды ғана суреттейді. Әр бөлімнен кейін жаңа оқиға басталарда хронотоп өзгеріп отырады. Бейне киносценарий сияқты. «Үлпілдектегі» кей оқиғалардың түсініксіз болып қалатыны сондықтан ба деп ойлаймын.
«Ұлт басындағы қамтылмай жүрген тақырыптың біріне» «Үлпілдектен» гөрі «Көкжалдар» роман-тәмсілін жатқызар едім. Бүгінгі заманғы «Әкелер мен балалар». Қазақ интеллигенциясының балалары. Әкесі ел алдындағы азамат, жалғыз ұлы нашақор. Қанша тәртіпке салса да, үнемі әкесінен «арақ» сұрайды және ең соңғы рет деп ылғи уәде береді. Нашақор ұлынан күдер үзген Таубай ұрпақ жалғастыру үшін тоқал алғысы келеді. Өзімен көрші, әрі қарамағына жұмысқа тұрған, әрі өзінің азаматтығын құрметтейін жас қызбен көңіл жарастырады. Бірақ жас қыз да өзінің әкесіндей адаммен қосылғанын анасына айта алмай қиналады. Ақыры түсініскендей болады. Ондағы қиындықтар өз алдына… Бала қасіреті бір ғана Таубайдың басындағы хәл емес. Рас, баласын дұрыс тәрбиелей алмаған Таубай сорлы адам. Бірақ сорлы Таубай ғана ма? Соғысқа қатысқан, тарихшы әкесін төрт бөлмелі пәтерден қуып шыққан бала мен барар жер, басар тауы қалмаған қарт әкенің қасіретін кеше ғана естідік. Өз әкесінің жазғанын оқымайтын ұрпақ туралы да қаншама сөз айтылды. Ұлтымыздың басындағы осындай көңілсіз көрініс «Көкжалдарда» жазылыпты.
Әдеби ортаны «Қазақ әдебиеті» газеті қалыптастырып отырған жоқ. Әдеби орта деген сіз және айналаңыз. Өзіңізді таныңыз, айналаңызға қараңыз – әдеби ортаның сиқы сол. Алғашқы соққыға сабыр етпей, артынан сабырлы боп көріну – көбіміздің қалпымыз.
Басынан өткенді жазу шеберлік емес, ақылдың аңдағанын жазу шеберлік деген мағынадағы сөзді айтушы еді бір әдеби кейіпкер. Жазушылық та, әдебиетшілік те – түйсіктің таңғажайып жемісі. Әдебиет туралы әдеби ортада әр түрлі пікір айтылады. Бірақ соның бәрі – шындық емес. Бір шығарманы әркім өз деңгейінде, өз танымынша түсінеді, талдайды. Оның да қатып қалған үлгісі жоқ.
Бағашар Тұрсынбайұлы