«ТҰҢҒЫШ КӨРДІМ ӨЛГЕНІН ШЫН АҚЫННЫҢ…»
Төлеген кенеттен қайтыс болғанда, ет жүрегі езіліп, Алатаудан сонау бір қиырдағы Қарақалпақстанға бауырымдап барып, жаназасы үстінде қабырғасы қайысып тұрып, аза жырын оқыған Мұқағали еді. Бұл жайды ұстазымыз, марқұм Қаржаубай Жұмажанов айтып және өзінің архивінде сақталған Төлегенді соңғы сапарға шығарып салар сәтте түсірілген суреттегі Мұқаңның бейнесін көрсеткен болатын. Сол суреттің түпнұсқасын ақиық ақынның қызы Салтанат Айбергенова Төлегеннің 70 жылдық мерейтойына орай «Білім» баспасынан жарық көрген «Жан еді өлең үшін дара туған» (2007) атты кітапта жариялады.
Тірілерге баға беруге өте сараң, әдеби ортадан әділ бағасын ала алмаған Төлегенді сол бір жоқтау өлеңі арқылы «шын ақын» деп бірінші болып бағалаған да – қайран, Мұқағали екен-ау! Төлегеннің өз сөзімен айтсақ: «Теңіздің теңіз екенін тану да үлкен қасиет».
Төлеген Мұқағалиды жақсы білген. Бұлар жайлы жазылған кез келген естеліктерден олардың тығыз шығармашылық достық байланыста болғанын байқауға болады. Ал Мұқаңның Төлегенді білгенін «Ақынды көмсін білмес басқа жандар» деген өлімге қимас өлең жолдарынан-ақ анық аңғаруға болады. Немесе: «Асығыс ылғи жортып жүруші еді, Бетпақтан су іздеген жайрандайын» дегені Төлегеннің жалпы өмірде ылғи бір нәрседен кешігіп қалатындай асығыс жортып жүретіні туралы естеліктерде айтылған фактілермен дәл келетіні де бар.
Төлегеннің кіндік қаны тамған Бесқаланың Қоңырат ауданы, бұрынғы Чкалов, қазіргі «Таң нұры» ауылынан көшіп келіп, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Базарбай ауылына қоныстанған Таубаев Айназар ақсақалдан Төлген ақын жайлы деректер жазып алдым. Айназар қария: «Төлеген жүргенде төсті алға тастап, көкірегін керіп, қайқайып жүретін. Ондайды қазақтар кейде «құс төс» деп те жататын», – деген еді. Сол сәтте менің ойыма Мұқағалидың Төлегенге арнаған өлеңіндегі «Сұңқар төсі томпиып, қарсы қарап» деген өлең жолдары келе қалды.
Мұқаңның:
Қаралы лек.
Бозғыл шаң шұбатылды.
Бара жатыр жерлеуге шын ақынды, –
деген өлең жолдары Саттар Сейтхазиннің естелігіндегі: «… бізді күтіп тұрған халықтың шегі жоқ. Бүкіл Нөкіс тұрғындары түгел жиналған дерсің. Машиналар өтер жер таппай бұралаңдап, Қаралы үйдің қорасына әрең жетті…», – деген деректі мағлұматтарды дәл суреттеп тұрғанын байқау қиынға соқпас.
Мұқағалидың төрт томдығындағы «Қазақ жырының бір жылы» (1971) атты мақаласынан Төлегеннің шығармашылық тағдыры туралы құнды пікірін кездестірдім. Мұқаң бұл мақаласында 1971 жылы жарық көрген жыр жинақтарына енген бірнеше жас ақындардың шығармаларымен танысып, солар жөнінде жылы пікір мен қатқыл сын да айтыпты. Онда Мұқаң: «Бұл күндері бәріміз құлай ұнатып жүрген кешегі Төлеген Айбергенов жырлары – көзінің тірісінде-ақ жарық көрген дүниелер. Марқұм көзі тірісінде өзі ести алмаған, өзі зәру боп өткен ол туралы айтылып жүрген пікірлерді тірілеріміз енді естіп жүрміз. Жырлары жөніндегі пікірге марқұмның құмнан су іздеген құландай құмартқан творчестволық тағдыры біздің есімізде…», – деп көп нүкте (…) қойып, Төкең туралы жазары әлі де бар екенін байқатып кетіпті, жарықтық. Маған сол көп нүктені Мұқаң ол ойдың ар жағында айтылмай қалған тағы бір ойы бар екендігін не болмаса, айтылмақшы пікірдің толық аяқталмағанын білдіру үшін қойған сияқты сезіледі.
Қорыта айтқанда, Мұқағали – шынайы шын дос. Қаламдас дос-інісі Төлегенге «шын ақын» деп баға беріп, оның жырларын үнемі есінен шығармай құлай ұнатып жүруі де, сол шынайылығы деп білемін!
Әлімбай НАЙЗАБАЕВ.
Жүрекке айтылған өлеңдер
ӨСІП КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН
Кеудесінде таулардың,
Кемесінде арманның,
Жалау етіп өрлікті,
Ескек етіп ерлікті,
Есіп келе жатырмын!
Адал терін әрдайым,
Моншақтатып маңдайым…
Соқсын дауыл, соқпасын,
Қиындықтың көк тасын,
Кесіп келе жатырмын.
Кейде күнмен теңесем,
Таласып күнмен мен өсем.
Гүл теремін жерімнен,
Бірге туған еліммен
Өсіп келе жатырмын!
ПІКІРЛЕР1