Өлең бар жерде – Айбергенов бар
03.03.2017
2664
1

Сабыр АДАЙ,
ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері


Мәңгілік тарқамайтын тойы ба­р екенін, толассыз  ағыстар­мен жа­­ғаласып, халқымен бірге ға­сыр­­­лар­­дан-ғасырларға сапар шеге бе­ре­тінін айтқан ақын. Еш­кімнің алар асуын күндемей, өз биігінде ақ жаңбырлар тоздыр­ған тау сияқты қаз-қалпында қалған ақын. Тылсым дүниемен күні бұ­рын серттесіп, тіл табыс­қан ақын да, сол, Төлеген Айбергенов!.. Ақын­­ның құпия сан­ды­ғын ашу үшін – Қазақ, Орта Азия, Кеңес үкі­меті тұ­сын­дағы әдеби таным­дар­дың бәрін де ақтаруға тура ке­леді. Бірақ ұлты­мыз­дың ауызекі мұралары мен Маңғыстау жыршы-жыраулары­ның орасан зор әсері ақын­ның шығармасында ерекше елеулі мәнге ие. Мұны ғылым да дә­лелдейтін болар. Қалай болғанда да, ақынның көкі­регінде Маң­ғыс­тау жырла­ры­ның  жаңғырығы бар. Қап теңізінің тасқынындай бұр­қа­сын бұла шабыт пен ақын­ның Маң­ғыстауға деген ерекше жан сусар жырлары со­ның ай­ға­ғы. Жү­ре­гінің махаббатына тамыр сал­ма­ған тақырыпты ақын қанша мық­ты болса да жырлай алмайды. Ақын­ның Маңғыстау өлкесіне де­ген махаббаты, ай­шық­ты жырлары – тарих пен тағдыр қалып­тас­тырған себеп пен салдардың жан туыс, ар туыс жемісі. Төле­ген­нің ерекшелігі – ұлттық рухани құндылықтың адами болмысымен біте қай­на­суында. Сарқылмас сағыныш­тың, қайсар жігер, те­біре­ніске то­лы тектіліктің үр­дісі – ақын­ның жан бояуымен қа­ныға түс­кен. Осы қасиеттердің өзі ұлт­тық рух­қа шөл оқырманның көңіл-қарнын әлі күнге дейін нәр­лен­­дірумен келеді. Бұл кезінде әде­биет әлеміне асқан жаңалықтың ле­бін әкелді. Орта мен кезең, мекен мен тағдыр, тарих қалып­тас­тыр­ған қа­ғи­далы ғұмыр өт­кен­нің ті­нін болашаққа жалғап кетті. Тө­ле­ген қазақы құнар мен нәрді, ек­пін мен еркіндікті, кеңіс­тік пен та­залықты және өлшеусіз сенім мен әдепті, өр­некті,  өмірге деген құш­тарлықты әкелді.


Сен менің өзімді көрсең…


Төлеген дүниеге асқақтап қарамайды, асқақ қып жырлайды. Ол табиғат алдында, өмір алдында өз кеудесін өзі ұрғылап желпіне сөйлемейді, адамдарды бауыры боп аймалап, табиғатты перзенті боп саялайды; олардың бойынан сезім серіппесін шиыршық атқызар шындықты тауып алып, серпіле жырлайды. Сондықтан да оның жырлары көптен ұшыраспай сағынып көрген досыңның сырларындай шынайы естіледі, қанша өр, қанша жалынмен айтылса да, жалған ғой деп тіксінбейді.

Әбіш Кекілбаев.


Өткен ғасырдың басындағы қуғын-сүргіннің зардабы мен үрейі ұлтымыздың бойында әлі бар. Сол қанжап, қаралы кезеңде Орта Азия өңірінде онсыз да опасыз ойын, ойранды дауыл орнаған болатын. Оның үстіне қылша мойыны қиылған қазақтың тал-сүйегіне табыт жетпей жатты.
Соның барлығын көзімен көрге­сін бе, Әжем Айтжан: «Я, Құдай, елге ты­ныштық бер!?.. Адамзаттың баласына қайыр мен қанағат бер!?» деп, көкке қолын созып, дұға қылатын да жүретін. Біздің үйдің ауыз бөлмесіне ұя салып, көп жыл қонақтап, бірнеше ұрпақ өрбіткен қос қарлығаш бар еді. Көктем шыға бастағаннан-ақ Әжем қос қарлығашты күтіп, олар үйдің базары мен ажары ғой деп әңгіме қыла бастайтын. Қарлығаштар сәл кешіксе жанына шоқ басқандай шыдамсызданып: «Ай, Құдай-ай, ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқап, мынау көктем жақсылығымен келгей-дағы», – деп әбігерге түсіп, кезерген еріндері кә­ли­ма-тілектен босамайтын. Сөйтіп отырғанда қанатына көктемді ілесті­ріп сан сырлы әнге салып қарлығаштар да келетін. Әжем байғұс қалбақтап есік пен терезенің бәрін ашып: «Елдің берекеті мен бірлігінің жаршысы, аман екен ғой қарлығашым!.. Енді күн жылынады, жарқыраған жаз келеді, жақсылық атаулының барлығы осы киелі құспен бірге келеді, қарлығаш­тарың­ды үркітпеңдер!..», – деп біз­дерге де мейіріммен қарап, алыс сапардан келген ақбауыр құстарына да үн қатып жататын. Осы көрініс, қазақтың тым ескі де жаңа, тым кәрі де мәңгі жас поэзиясының АҚ ОРДАСЫНА ЖАСАМПАЗ ЖАҢАЛЫ­ҒЫ­МЕН келген Төлеген Айбергеновті еске салады. Мен үшін Әләй жалғанды – Әжемнің жүре­гін­сіз, қарлығаш қанат өлеңді – Мұқағали Мақа­таев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза­Әлі, Төлеген Ай­бергенов, Есенғали Рауша­нов­тардың жыр-кесте тілегінсіз елестету мүмкін емес. Жасампаз ғұ­мыр­ды, сұлулық пен сымбатты, адалдық пен уыз сезімді қанатына ілестірген жыр-жұмақтың періштесі Олар. Шың­ыраудан терең шын талант, шың­нан биік асқақ арман, аққан жұлдыздай асау көңіл, тарпаң қуат, өлімнің өзінен шабыт алған, өмірдің көзінен үміттің гүлін терген өшпес от, сөнбес шырақтың өзі еді – Төлеген Айбергенов!..
Ақын:
Не кездессе өздеріңмен көрмекпін,
Қарапайым адамдары еңбектің,
Барлығында бағыштар ем сендерге
Махаббатын маған берсе жер-көктің, –
деп ағынан жарылады.
Осы қарым-қасиеттерді ақынның бойына қарапайым орта мен бағзының бағытынан адаспаған баһадүр жырлар қалыптастырды. Шарқайрақтан шашырай шығып, ұшқын күйінде қалып қойған аталар мен әжелердің отты сөз, ойлы әрекеттері қалыптас­тыр­ды. Кезінде Қарақалпақ елінде тұрған, Төлеген Айбергеновпен дәм­дес, сапарлас, үндес болған көрнекті қоғам қайраткері, өнертанушы, ақын, білікті әдебиетші, марқұм Қаржаубай Жылқыбаев, Қуандық Нұран секілді ұстаз-ағаларымыз Бейнеу өлкесінде өмір сүрді. Олар Төлегенді айрықша құбылыс ретінде мадақтап, әспет­тейтін. Ақынның Маңғыстау өлке­сіне, оның ақын-жырауларына деген ынтызар-ықыласын баян ететін. Ағаларымыз: «Төлеген Айбергенов Маңғыстау ақындарының жырларын өте көп білетін еді», – деп отыратын. Орта Азияда, соның ішінде қара­қал­пақ, түрікмен елдерінде жыршы-жыраулар мігірсіз ел аралады. Олар ұлттық мұрамызды дәріптеп ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткізуге көп еңбектерін сіңір­ді. Сүгір жырау, Наурызбек жырау, Дүзмағанбет жырау, Таңатар жырау, Базарбай жырау, т.с.с. көптеген жыраулардың кейбіреулерін бала болсақ та тыңдап, біздің өзіміз көріп өстік. Қырымның қырық батырынан бастап, небір жырларды іңір озып, таң атқанша жырлайтын еді. Ақсақалдар мен әжелер жылап отыратын. Сол көз­ден шыққан мөлдір жас пен жү­рек­тен тамған мөлдір шықтың тамшысынан жаралған Төлеген Айбер­геновтің жырлары қайғырса да, қуанса да шынайылығымен қымбат. Қай­ғыра білмейтін ұлт қуана да біл­мейді. Шетелде, жат аймақтарда жүр­ген қазақтар ұлттық бет-бейнесін сақтау үшін, әрқайсысы бір-бір күрес­керге айналды. Бірлігімен қоса, бүкіл ұлттық құндылықтарын көздің қара­шығындай сақтауға ден қойды. Басқаша жол жоқ болатын. Төлеген Айбергенов – Атамекенін аңсаған шетелдердегі барлық бауырлары­мыз­дың ортақ келбеті, жүрегінің лүпілі. Қайғы мен қасіреттен, сарғайған сағы­ныштан бақыт жасап, баршаға шаттық пен шабыт сыйлап, өмір­шеңдіктің үлгісін көрсете білген талант иесі, тарихи тұлға! (Осы орайда сан мыңдаған қаракөз қазақтары­мызға қамқор болған іргелес Орта Азия елде­ріндегі діндес, ділдес ба­уыр­лары­мызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алланың нұры жаусын, туыс­ты­ғы­мызға жік түспей, өсіп өркендей берейік дегім келеді).
Ақын: «САПАР» атты өлеңінде:
Көк самолет біз мінген
Көтеріле аспанға,
Мен де ұқсадым әлемнің
Көк қақпасын ашқанға.

Алда қазақ даласы
Ару қырын гүл басқан.
Артта Арал жағасы
Әмуменен сырласқан, –
деп толқыса, «Алматыға» атты өлеңін­де:
Жүрегіме жақын сенің есімің,
Әкем десем, анам десем несі мін, –
деп бір әке мен ананың қолтығынан түлеп шығып, бүкіл ұлтына перзент болып, қара нардай халқының жүгін кө­теруге келе жатқандығын байқа­тады.
Сол далалық мектептің дархан кеңістігінен жусан исі жұпар шашып барған Төлегенді Атажұрты ерекше құштар-көңілмен қабылдады. Әмуден ұшқан, қасқалдақ тектес қағілез қара баланың ішінде бүкіл қазақ елін, оның өлең әлемін дүр сілкіндіретін жанартау жатыр еді. Ойлап отырсақ: Бізге, бүгінгі Тәуелсіздік – қазақ халқының басқаға басын имейтін, балталаса да өлмейтін ұлттық өнері мен өлеңінің, рухының және азбайтын асыл тектілігінің арқасында ғана жеткен сияқты. Міне, осындай ал­тынның сынығы, абыздарымыздың мұрагері – Төлеген Айбергенов бү­гінгі Тәуелсіз Қазақстанның көктемін жақындатқан кешегі күннің ақ тілек қарлығашы. Уақыт деген құралайды көзге атқан мерген сияқты, мінтіп басып, мірдің оғындай нысанаға қа­далып, дегенін жасатып, аңдығанын құлатып, аяусыз жылатып талай ха­лықтардың тағдырына нүкте қойып жатыр. Сол, жау жағаласқа, керауыз керіске, сойқанды соғысқа толы «ӘЛЕМ!» атты кеменің үстінде біз де бармыз. Көздің қарашығындай қазақпыз. Аруана бауыр – Төлеген, Қарлығаш қанатымен жүрегіміздің таңдайына туыстықтың таңын, бірліктің нәрін септі. Тірліктің мәні мен сәнін – адал еңбек пен адамға, Атамекенге деген шексіз махаббаттан іздеуге үйретті. Ұлттық болмысымыз бен адамзатқа тән иман-әдептен, сенім мен сезімнен бақытты ғұмыр жасауға болатындығын айтып кетті. Сергектікке, жасампаз жаңашыл­дыққа, ғылым мен білімге, өркениет­тік өндіріске бағыт сілтеп, мұнара­лар­дың басына жырдан шырақ жақты. Тұр­мыс­тың тауқыметін аяусыз тартты, бір­ақ мойып, сынып, езілген жоқ. Болашақты сүйді. Ал болашақ немесе біздің жастарымыз Төлеген сияқты аталары Аманат еткен ұлт бақытын кімдерге, қандай жағдайда табыс­тамақ. Қоғамның, ұлттың бүгінгі және ертеңгі жағдайы – ұлттың күрескерлігі мен сандық және са­па­лық болмысына тікелей байланысты. Қазақ поэзиясы – ұлт жүрегінің дәстүрлі қалыбы, сапалық көрсеткі­ші. Ұлттың өлең мен жырдан, өнер мен салт-дәстүрден алшақтауы – ұлттық сананың өле бастауының көрінісі екенін бәріміз де білеміз. Бірақ Тө­легенше ұлтты сүйіп, көңілге көрік, жанға ләззат алуды бәріміз бірдей білмейміз. Төлегеннің тәні ғана жас кетті. Ал оның рухы ұлтымен бірге. Ол бәрімізден де бақытты. Себебі, оған жаратушы ЖАНИЕМ ұлтын сүйе білетін сана мен сезім және жүрек берді. Сондықтан бақытты бол­ғысы келетін жастар Төлеген тектес ақындардың жырларын жүрегіне құндақ, тілегіне бесік қылып өсуі тиіс. Ұлтын сүйе білетін жастың өлең білмейтіні жоқ. Ал өлең білмейтін жастың ұлтын сүйе білмегі екіталай. Өткенге құрметпен қарай білетін, ғибрат ала білетін жастардың ішінен ғана, қазақтың болашағына ие болатын тұлғалар шығады.
Қазақта: «Жаманның үйінен, жақсының моласы артық» деген сөз бар. Төлеген ортамызда жоқ. Бірақ өз рухының аясында ұлтын сүйген ұландардың басын қосып, ту көтеріп ұрандап келеді. Бұл «ТІРІМІН» деп жүрген кейбіреулердің бірді-бір рет санасына кірмеген амал-әрекет болуы мүмкін. Біз Төлегендерімізді іздеу арқылы ұлттық сананың сарайына енеміз, асқар шыңына шығамыз. Ұлттық сана – сән мен салтанатқа ие болып, биіктеген сайын, өзгелердің бізбен тең сөйлесіп, сыйласуына тура келеді. Міне, нағыз ұлттық Тәуелсіздік дегеніміз осы. Ақ сөз, адал жыр – ұлт­тық рухтың айнасы! Ұлттық сана мен дәстүрдің, өнер мен өлеңнің пат­шалығы құлаған жерден – ұлттық мемлекет қалыптастыру мүмкін емес. Әлемде БАР болғысы келген халық қана ақындарын іздейді. Ақынды –ғылыммен танып, иманмен сү­йіп, сезіммен аялап, намыс пен дәріп­те­ңіздер! Ұлттық сана – Тәуелсіздіктің тұғыры! Ұлттық сананы оятатын ұлы күштің бірі – ӨЛЕҢ! Өлең бар жерде – Төлеген Айбергенов бар! Әжемнің қарлығаштары – көктемнің қан­ша­лықты ажары мен базары болатын болса, Төлеген Айбергенов қазаққа тән руханияттық көкжиектің дәл сондай мәңгілік ажары мен базары болып қала бермек. Қарлығаш­та­рыңызды үркітпеңіздер, сақтаңыздар, сендерге олардан асқан тілекші жоқ дегім келеді. Қазақы рухтың қайнар бұлағы – қазақтың ПОЭЗИЯСЫ! Оған аса құрметпен және ерекше қажеттілікпен қарау – Мемлекет­тігі­міз­дің негізін қалаумен бірдей, ілуде бір өнегелі іс.
Гүлденсін қырдың көк белі,
Тілге енсін елдің өткені.
Қарлығаш ақын сайрасын,
Жайнасын, жырдың көктемі!
Бейнелеп айтқанда: Төлеген Айбергенов – Ұлттық рухтың бұлбұлы, қарлығашы!

Ақтау қаласы.


Жүрекке айтылған өлеңдер…


Өкпелемеңдер, ағалар

Жер бетінде қанша өкпелі ағам бар,
Бәрі менің болашағыма алаңдар.
Бірақ маған сенімменен қараңдар,
Мен сендерді алдамаймын, адамдар!
Көз алдымда келесіңдер алаулап,
Менен бұрын көтерілген жалаулар!
Сендер барда мен де таңмын шығыстан,
Шұғылаңды батысқа алып жылысқан.
Сенімдерің қалар болып мұратым,
Жігіт болсам бір өкпеге тұратын.
Алыстама, бермен кел,
Көк теңізде көтерілген желкендер.
Өкпелеңдер, күйініңдер,
ұрсыңдар,
Бәрің маған сыңғырлаған жырсыңдар,
Әйтеуір тек үміт үзе көрмеңдер…


Сен менің өзімді көрсең…


Төлеген – анық ақындық шабыттың, ақтарылма ашық сырдың бейнешісі еді. Оның жыры – ақынның азаматтық сезімінен, заманы, замандастары алдындағы борышкер сезімінен туындап жатады. Ұраншыл, даңғаза шу емес, Айбергенов әсте қызыл сөзге, қазымыр ақылгөйлікке, дидактикаға ұрынбайды.

Оразбек Сәрсенбаев.

ПІКІРЛЕР1
Бекбол 04.03.2017 | 22:27

Өте керемет жазылған дүние екен!!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір