КЕЛЕЛІ ЖИЫН
24.02.2017
1278
0

Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің Кіші залында «Халал және органикалық өнімдерді сертификаттау процесін ұйымдастырудағы өзекті мәселелер» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өтті.

Шараны ұйымдастырушылар: Қазақ Ұлттық аграрлық университеті мен «Аккредиттеудің ұлттық орталығы» ЖШС. «Дөңгелек үстелге» Қа­зақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов, «Техникалық реттеу және метрология» комитетінің төрағасы Біржан Қане­шев, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС-інің директоры Серік Құрманғалиев, сондай-ақ, Қа­зақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы минстрлігі, Техникалық реттеу және метрология комитеті, «Ұлттық ауыл шаруашылығы зерттеулері мен білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, Қазақ стандарттау институты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситеті,т.б. бірқатар жоғары оқу орындары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҒМ ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми-академиялық қоғамдастықтың және ірі бизнес құрылымдардың өкілдері қатысты.
ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполов өз баяндамасында органикалық таза өнім өндіру, Қазақстанның аграрлық секторын дамыту, ғылым нәтижелерін өндіріске енгізу мақсатында Қазақ Ұлттық Аг­рарлық университеті бірқатар жұмыстар жүзеге асырып жатқандығын, осыған орай өткен жылы аталмыш оқу орнында «Агротехникалық Хаб» құрылғандығын айта келіп: «Қазіргі таңда органи­калық өндіріс жаһандық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің шамамен 1%-ын алып жатыр. Қазақстанның да органикалық өнім өндіріп, әлемдегі ең ірі экспорттаушы елге айналуына бар­лық мүмкіндіктері бар. Әсіресе, «made in Kazak­hs­­tan» брендін (органикалық ауыл шаруа­шы­лы­ғы өнімдері, халал өнімдер) дамытуымыз қажет» деді.
Шара барысында сөз сөйлеген академик Төре­гелді Шарманов тағамның ел өміріндегі маңызын айта келіп, болашақта еліміздің органикалық таза өнімді тағам түрлерін қолданысқа енгізетіндігін айтты. Соның бір мысалы ретінде жылқы еті мен сүті Қазақстанның бренді боларын атап өтті. Сон­дай-ақ, осындай игі мақсаттарды жүзеге асыру үшін ол Қазақ Ұлттық Аграрлық университетімен бір­ге жұмыс істеудің маңыздылығын тілге тиек етті.
Жиында халал өнімдерді сертификаттау, азық-түлік қауіпсіздігі үшін зертханалық жаб­дық­тар саласындағы инновациялар, әлемде және Қазақ­станда органикалық шаруашылықты дамытудың жолдары, органикалық балды Қазақс­тан Респуб­ликасының бренді ретінде белгілеу, органикалық және халал өнімдері мәселелері бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы зерттеулердің әдіснамалық негіздері сынды мәселелер талқыланды.
Гүлән Нұрсадықова.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір