ҰЛЫТАУДАҒЫ ҰЛЫ ЖИЫН
27.06.2022
835
0

Қазақ халқы ежелден татулық пен бітімгерліктің ордасы болып келеді. Хандар мен қараша халықтың, билер мен бұқараның алтын қазығына айналған мекендер бүгінде көнеден сыр шертіп тұр. Ұлы хандар мәңгілік тұрақ тапқан – Ұлытау, орда тіккен – Кішітау, Хан жайлаған – Қаратау мен Хантау, Жәнібек пен Керей хандық құрып, жиын өткізген – Қозыбасы, Шыңғысханның Мыңбұлағы, ел адамдары салиқалы кеңес құрған – Мәртөбе, Күлтөбе, Ордабасы… Міне, осы қастерлі орындардың қай-қайсысы да халық тағдырымен, ұлт тарихымен бітеқайнасып жатыр.

Дала деморатиясының тіні үзілмеген жалғасы іспеттес тағы бір келелі жиын тарих беттерінде алтын әріппен жазылатын болды. Ата-баба дәстүрінің озық үлгісіне баланып үлгерген Ұлытаудағы құрылтайда мемлекеттік мәселелердің біразы талқыланып, біршама оң шешімдер қабылданды.
«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз  атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық.  Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиынның ашылуында.
«Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады. Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиынмен басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты», – деп, Мемлекет басшысы айтқандай, облыс мәртебесін қайта алған Ұлытауда өткен құрылтайға Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам қатысқан. Олардың қатарында ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бапи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова бар. Ұлытаудағы ұлы жиынның тізгінін ел Президенті қолға алып, орынбасары ретінде мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен «Бас редакторлар клубы» республикалық бірлестігі президенті Бибігүл Жексенбай тағайындалды.
Жиында елдің өткені мен бүгінін, ертеңін жан-жақты зерделейтінін аңғартқан Президент: «Бұл жерде барлық рудың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт  бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев: «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас», – деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда  қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен  Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз», – дей отырып, алғашқы тапсырмасын берді.
Сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасат­ты пайымдар мен озық ойлы ұсыныстарға айрықша мән берілуі керек екенін еске салған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірінші – Жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз», – деп, Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуға тиіс үш негізгі мәселені атады. Оның: «Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болу керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азамат­тың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс», – деуі де даңғойлық пен пысықайлыққа, жалған атаққұмарлыққа нүкте қойғандай болды.
«1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуел­сіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деп, Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, кейінгі жылдары атаусыз қалған  Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған Президент: «Әлеуметтік желіде «Ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған  революциялардан кейін де бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер бар. «Шенеу­нік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз», – деу арқылы жұрт пікірін, көпшіліктің көзқарасын ескерусіз  қалдырмайтынын аңғартты.
Мемлекет басшысының: «Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKELODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді», – деуі де қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі тұғырына қонатынына деген сенімді нығайта түскендей. «Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн». Бұл да – көптің көкейінде жүрген басты түйткілдердің бірі.
«Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Біз Жаңа цифр­лық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен «Qurultay» деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет», – деген Президент халық пен биік өкілдерінің арасында тығыз байланыс орнайтынын нақтылап, сөзінің соңында осыған дейін қазақ қоғамын толғандырған келелі мәселелердің бәрі Ұлытауда, Ордабасыда, Мәртөбеде, Күлтөбеде өткен осындай кеңестерде шешілгенін айта келіп, Ұлттық құрылтайдың келесі жиынын Түркістанда өткізуді ұсынды.
Құрылтай барысында биыл мерейлі 80 жасқа толған ақын Мұхтар Шахановқа Президент жарлығымен Еңбек ері атағының берілгені де Алты алаштан жиылған қауымды қуанышқа бөледі.
Кезекті сөзді алған жиын спикері Ерлан Қарин: «Құрылтайда талқыланған идеялар мен бастамалардың Парламентте, аймақтық мәслихат пен қоғамдық кеңестің алаңдарында қоғамға жеткізіліп отыруы аса маңызды. Осы мақсатпен таяу күндері Мәжіліс жанынан әртүрлі ұстанымы бар, саяси ұйымдар өкілдерін, сарапшылар мен қоғам белсенділерін қатыстыратын қоғамдық палата өз жұмысын бастайды», – деген жоспарын ортаға салды.
Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде ұйымдастырылған Ұлттық құрылтайдан халықтың да күтері көп. Жаңа Қазақстанның жаңа парақтарын ашқан келелі кеңесте ортаға салынып, ой өзегіне айналған жайлар ел игілігіне айналар күн алда деп білеміз.

Әзірлеген
М.Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір