ҚАНДАС ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ СӨЗ БОЛҒАН ЖИЫН
12.09.2022
243
0

7 қыркүйекте Қазақстан
Жазушылар одағының жанындағы «Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесінің» жиналысы өтті.


Оған мүше бірнеше елден келген қандас жазушылар үш мәселе төңірегінде әңгіме қозғады. Жиынды жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Ғалым Қалибекұлы жүргізді. Ол бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған Президенттің халыққа жолдауы туралы өз ойын жазбаша жеткізгенін, әрбір қаламгердің сөз еркіндігіне құрметпен қарап, науқаншылдыққа бой алдыра бермейтінін, сонда да шетелден келген қандастардың өкілі ретінде жолдауды қолдаған ақын-жазушылардың көптігін тілге тиек етті. Онан соң өзге елде жүрсе де Қазақстан Жазушылар одағына мүше болғысы келетін жазушылардың талап-тілектерін жеткізді. Алыс-жақын шет елдегі қаламгерлердің кітаптарын шығаратын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанындағы «Атажұрт» баспасының жабылғанын, кітап шығару ісін жандандырудың төте жолын іздеу төңірегінде де өз ойын айтты.
Жиналысқа қатысқан Кеңес Төр­а­ғасы, сыншы Әрмиябек Сағындық­ұлы, кеңестің хатшысы, ақын Бағдат Мүбәрак пен Сіламхат Сейітқамза, Тоқтарәлі Таңжарық, Мақсұтқан Дәлей қатарлы ақындар өз ойларын ортаға салды. Белгілі себептермен жиналысқа қатыса алмаған мүшелердің үш-төртеуі көтерілген мәселенің оң шешім табуына тілектес екендіктерін телефон арқылы хабарлады. Жиын соңында Моңғолиядағы, Өзбекстандағы және Қытайдан Отанына оралған бірнеше жазушыны мүшелікке қабылдау туралы, шет елдегі қандас қаламгерлердің кітаптарын «Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесі» сараптамадан өткізіп, басып-шығару ісін Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығының жанындағы «Отандастар» қоры арқылы қаржыландырса деген ұсыныстарын Жазушылар одағының басқарма хатшылығына жазбаша түрде жеткізетін болып тарасты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір