Бақыт кілті неде?
Бақытты болу адамзат баласын қашан да толғандырған. Бақыт туралы ойланбаған адам, қалам тербемеген ақын-жазушы жоқ шығар, сірә! Ең қызығы, сол бақытты әркім әр жерден іздеп әлекке түсіп жатады.
Бірі бақытты баға жетпес байлықтан, бірі денсаулықтан, бірі атақ-даңқтан іздесе, енді бірі отбасы – ошақ қасы, бала-шағадан табуды жөн көреді.
Өмірде аянбай еңбек етіп, маңдай термен тапқан бір күндік адал азығын қанағат тұтып, көңілі тоқ, жайбарақат күй кешіп жатқан жандар жетерлік.
Керісінше, күндіз-түні тыныштығын қорыған қарауылдары бар, зәулім сарайда тұратын ауқаттылар не ішем, не кием деп басын қатырмайды. Сырт көзге үлде мен бүлдеге оранған бұл көрініс керемет бақыттай көрінеді. Бірақ бақуатты адамның бәрі бірдей бақытты бола бермейді. Шынымен де, қалтаңыз ақшаға, қораңыз малға толы болса да, қиын сәтте жаныңыздан табылар тірі жан болмаса – оның не керегі бар? Демек, бақыттың кілті байлықта болмағаны ма? Сонда неде? Көкейде сауал көп, жауап жоқ.
Жақында Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында тұсауы кесілген «Бақыт кілті» атты драма дәл осы сұраққа жауап іздепті. Авторы – жас драматург – Қ.Мұрат. Режиссері – танымал өнер тарланы Е.Обаев. Қоюшы-суретшісі – өз ісінің хас шебері М.Сапаров. Актерлік құрам да мықтылығымен көзге түсті.
«Бақыт кілті» – қазіргі қоғамдағы бизнес саласындағы келеңсіздіктер жайлы баяндайды. Жақсылық пен жамандық. Адалдық пен сатқындық. Жалғандық пен ақиқат. Осы қасиеттердің барлығы да спектакльдің өн бойынан табылған. Қойылым желісінде бақыттың кілті махаббат пен достықта, не болмаса сыйластық пен түсіністікте болатын шығар деп болжағанымды жасырмаймын. Бірақ олай емес…
Пьеса бас кейіпкердің көлік апатынан көз жұмғаны жайындағы радионың xабарламасымен басталады. Кейінірек, кәсіпорын басшысының өлім құшқанға дейінгі басынан өткізген шытырман оқиғаларымен жан-жақты өрби түскен.
Сахнаның декорациясы да драманың тақырыптық-идеялық негізіне сай сәтті таңдалғандықтан болар, өзіміз де оқиға кейіпкерлерімен бірге шахтаға түсіп кеткендей күй кештік. Күңгірт мекен. Алтын тәрізді фон. Әрбір эпизодтағы жарық пен музыканың үндесуі. Мұның бәрі де қойылымға ерекше бедер беріп тұрды. 3 Д форматындағы проекциялардың оқиға желісімен үйлесім табуы әрі экшн детальдарының көрініс табуы кино әлеміне сапар шектіргені сөзсіз. Драманың басты ерекшелігі осы болды деп ойлаймын.
Бас кейіпкер – көпшілікке «Бауыржан Момышұлы» фильмі арқылы таныс Е. Дайыровтың актерлік шеберлігіне баға беріп жатудың өзі артық. Оның бастан кешкен оқиғалары жүректі шымырлатып, көзге жас алғызды. Ерлі-зайыптылар арасындағы өзара диалог жанға жылылық сыйлап, романтикалық өмірдің бояуын береді. Азат Сейтметовты үнемі жағымды образда көргендіктен болар, басында жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдай алмағаным рас. Ал мафияның мүгедек баласының рөлі шынайы шыққаны соншалық, көзімізге еріксіз жас үйірді. Жалпы, мұндағы актерлердің қай-қайсысы болсын өте сәтті таңдалған.
Жас кәсіпкер қара басының қамы үшін емес, қазақтың қара баласы үшін еңбек етеді. Алайда, ең сенімді серігім деп жүрген Ермектің сатқындығы өмірінің астаң-кестеңін шығарды. Оқиға желісіне еніп кеткенім соншалық, Ермектің образын қойылымның соңына дейін жек көріп отырғанымды жасырмаймын.
Жолында кездескен барлық қиындықтарға қасқая қарсы тұра білген кәсіпкердің қарапайым халықтың жағдайын жақсарту жолындағы жасаған игі істері көрерменнің көңілінен орын тапты. «Мақсатсыз өмір сүру – нағыз қасірет» деп санайтын кейіпкер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Спектакльде маған қатты ұнаған фраза: «Қазақ – жалқау емес! Қазақтың да қолынан бизнес жасау келетіндігін дәлелдеймін!». Бұл күллі қазақ баласының ұраны сияқты көрінді. Сонымен қатар, бас кейіпкердің аузымен айтылған: «Мен Тәуелсіз елдің шындығымын. Ал шындыққа ешқашан оқ өтпейді» деген сөздер ерекше әсер еткені бар. Бұл жердегі бізге үлкен ой тастағысы келген драматургтің идеясы жақсы жетті. Демек, «Бақыт кілті – шындықта»…
Пьеса өз елінің мүддесін ойлаған жастардың өзінің еліне, жеріне деген ыстық ықыласы мен ізгі ниеті алға қойған мақсат-мұратына жеткізетіндігін көрерменге көрсеткісі келеді. Сахнада бейнеленген кәсіпкер келбеті көрерменді өзіне баурап алғаны анық.
Қорыта айтқанда, қойылым бір отбасының шынайы өмірде орын алған трагедиясы арқылы бүгінгі күннің түйткілді мәселелерін қозғай отырып, қалың жұртшылыққа терең ой салады.
Нәзира Бұрханова.