ҚҰРАННЫҢ ҚҰДІРЕТІ НЕДЕ?
Бұл мақала осыдан үш жарым жыл бұрын жазылып, жеке мұрағатымда жатты. Оны жазуға себеп болған жағдай – ел басына сын түскен пандемия кезіндегі шектен шыққан сорақылық салдары еді. Өйткені пандемияның зардабы алқымнан алғанда адами құндылықтан айырылғанымыз соншалықты, мәйітханадағы имансыздар мәйітті алу кезінде жаралы жанның жарасын таңудың орнына, қара жамылып тұрған адамнан ақша сұрауға дейін барды. Ақша берсең, мәйітті алып кетуге рұқсат береді. Ал енді бермесең, өздері арнайы қаздырып қойған жерге апарып, жаназасын шығармай жерлеуге мәжбүр етті. Бұдан артық имансыздық бола ма десеңші. Осылайша, «Адам азды, заман тозды…» дегеннің не екенін көрдік сол кезде…

Ал енді жаны қиналғандар «Жедел жәрдем» шақырды. «Жедел жәрдем» ақша берсең ғана ауруханаға алып кетеді, бермесең үйіңде қала бересің. Ауруханаға жете алмаған кейбір науқастарды ажал құшты. Дәріханалар дәрі-дәрмексіз қаңырап бос тұрды. Дене қызуымыз қырыққа таяп, тынысымыз тарыла бастаған кезде керекті дәрілерді бірнеше есе бағасына Астанадан ұшақпен алдыруға тура келді. Сол кезде біздің: «Қазақ – қонақжай халық», «Қазақ – астындағы жалғыз атын сойып беретін дархан халық», «Қазақ – бауырмал халық» дейтін халықтық қасиетіміз қайда кеткен?» деп күйіндім. Бір сенгенім Алла Тағала ғана болды. Күнделікті қолымнан Құраным түспеді. Сондықтан да адами құндылықты білмейтін кейбір пенделер осы бір қасиетті Кітап – Құранның бетін ашар болса, қара түнек басып қалған жан сарайына бір жарық сәуле түсе ме деген үмітпен қолыма қалам алдым.
Мен аса діндар адам емеспін. Алайда 114 сүре мен 6346 аяттан тұратын күллі мұсылман қауымының аса қасиетті кітабы – Құранды бірнеше мәрте оқығаннан кейін барып, Алла Тағаланың жалғыз, ал қасиетті Құранның сөзі шын екеніне көзім жетті. Сонымен қатар қасиетті Құран жөнінде түсінік берген бірнеше кітаптар мен мақалалардың ішінде көңілімнен шығып, көзімді көп нәрсеге ашқан екі шығарманы ерекше атап өткенді жөн көрдім. Біріншісі – Түркияның кемеңгер философы Аднан Октардың «Чудеса Корана» атты кітабы (Ескерту: Аднан Октардың екі псевдонимі бар. Джавит Ялчин және Харун Яхья. Аталмыш кітаптың авторы псевдониммен Харун Яхья деп көрсетілген). Екіншісі – есімі елімізге танымал белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат әрі ғалым және аудармашы Әділ Ахметовтің «Құранның
ғажайып құпиясы» атты мақаласы. Екі шығармада да бір-біріне ұқсастық бар. Осы орайда, оқырманға түсінікті болу үшін Әділ Ахметов ағамыздың «Құранның ғажайып құпиясы» атты мақаласынан Құрандағы математикалық жүйе жөнінде үзінді келтіре кеткенді жөн көрдім:
«1974 жылы, яғни Құран дүниеге келгеннен соң арада 1406 (19 х 74) жыл өткен кезде, мұсылман әлемінің қасиетті кітабының ішкі құрылымы математика ғылымы тұрғысынан мұқият зерттеліп, нәтижесінде бірде-бір жұмырбасты пендені жайбарақат қалдыра алмайтын ғажайып сырдың шымылдығы ашылды. Бұл сырдың негізгі кілті Құрандағы «Мудессир» немесе «Тығулы құпия» атты айдармен берілген жетпіс төртінші сүренің отызыншы аятында ескертілген, ұлы жұмбақтардың бірі делінген 19 саны о бастан-ақ Құран құрамында тұрғанымен, Құраннан бергі 14 ғасырдан асып жығылатын ұзақ заманда әлгі жұмбақ сырт көзге сыр бермей, өзінің межелі мезгілін күтіп, бұғып жақтан сыңайлы.
Әлемде теңдесі жоқ бұл құпияның сырын ашу философия ғылымдарының докторы, америкалық ғалым-биохимик Рашад Халифаның маңдайына жазылған болса керек… Лауазымды ғалым Рашад
Халифа 1969 жылы компьютердің көмегімен математикалық әдістерді шебер пайдалана отырып, 114 сүре мен 6346 аяттан тұратын Құран мәтінінің өн бойындағы әрбір әріп пен әрбір сөздің мән-мағынасын, олардың жалпы санын, бір-бірімен ара-қатынасын, т.с.с. анықтау мақсатымен ғылыми зерттеу жұмысын бастап кетіпті. Ғалымды бұл жұмысқа құлшындырған және итермелеген ең басты себеп, біріншіден, Құранның адам қолымен емес, керісінше, нағыз Алланың әмірімен туындаған қасиетті кітап екендігіне ғылыми тұрғыдан көз жеткізу болса, екіншіден, Құраннан соң оған түсініктеме ретінде жазылған сансыз көп хадистердің арасында қасиетті кітаптың құнын түсіретін жалған да зиянды дүниелердің бар екенін әшкерелеу болған. Бұған түрткі болған Құранның өзі екен.
Мәселен, ғалым Құранды зерттей келе, 19 санымен байланысты төмендегідей құпиялар тізбегін ашқан:
«Бисмилладан» басталатын бірінші сүредегі арап әріптерінің жалпы саны 19-ға тең. Сосын Құран түскен заманда 1,2,3,… т.с.с. сандық таңбалар немесе цифрлар арабтарда болмаған. Олардың орнына сандық мәні бар әріптер пайдаланылған. Сандық таңбалар немесе цифрлар арабтарға тек тоғызыншы ғасырда ғана Индиядан ауысқан.
– Құран 114 сүреден тұрады. Бұл сан 19-ға бөлінеді немесе 19 бен 6 санының көбейтіндісіне тең.
– Құрандағы аяттардың ұзын саны – 6346 немесе 19 х 334 = 6346.
– 6346-ны құрайтын 6,3,4 және 6 сандарының өзара қосындысы (6+3+4+6) да 19-ға тең.
– Құранда «Бисмилла» 114 рет қайталанады. Бұл 19 бен 6 сандарының көбейтіндісіне тең.
– «Бисмилла» тоғызыншы сүреде кездеспейді, бірақ оның есесіне 27-ші сүреде екі рет қайталанады. Сөйтіп, 9 бен 27 сандардың арасындағы сүрелер тізбегі тағы да 19-ға теңеледі».
Құрандағы жоғарыда айтып өткен математикалық жүйе бұнымен бітпейді. Мен қысқаша алты мысалға ғана тоқталдым. Оның бәрін айту үшін мақаланы толықтай көшіру қажет. Құранның құдіретін бұдан да тереңірек білгісі келген адамға бұл мақаланы тауып оқу аса қиынға соқпас деп ойлаймын. Аталмыш мақала автордың «Түбі түркі өркениет» («Арыс» баспасы, 2009 жыл) атты кітабына енгізілген. Ал енді Құранда жоғарыда айтып өткеннен басқа да математикалық жүйе кездеседі. Бұл мысал да «Құранның ғажайып құпиясы» атты мақалада көрсетілген. Мысалы:
«ай» (арабшасы – «шеһр») деген сөз 12 рет қайталанады.
«күн» («юм») деген сөз 365 рет кездеседі.
«күндер» («ейам» немесе «юмейн») 30 рет қайталанады.
«шайтан» («шейтан») мен періште («мелек») 88 реттен.
«дүние» («дүния») мен «ахрет» («аһираһ») 115 реттен.
«сенім» («иман») мен «күпіршілік» («куфр») 25 реттен.
«әділеттілік» («кист») пен «әділестіздік» («зулм») 15 реттен қайталанады.
Демек, соңғы төрт жолдан Құран жақсылық пен жамандықтың қатар жүретінін, олардың егіз екенін, қарама-қарсылықтың бірлестігін және олардың тепе-теңдік сақтайтынын өте айқын байқатады.
Осылардың бәрі кездейсоқ немесе жасанды деуге ешкімнің батылы бара қоймайды. Өйткені олай деуге Құранның 72 сүресінің 28-ші аятындағы (72:28) мына сөздер жібере қоймайды: «… Ол (Алла – автор) күллі дүниенің есебін біледі».
Ал енді түркиялық кемеңгер философ ғалым Харун Яхьяның «Чудеса Корана» атты кітабынан да (аудармасыз, орысша күйінде) кішкене үзінді келтіре кеткеніміз жөн шығар. («Повтор слов о Коране», стр. 73.) Құранның математикалық феномені туралы айта келе автордың Құранда тепе-теңдікпен қайталанатын сөздердің тізбегіне тоқталайық:
«Семь небес» — 7 раз.
«Сотворение небес» — 7 раз.
«мир» — 115 раз.
«потусторонний мир» — 115 раз.
«Вера» — 25 раз.
«Безбожие» — 25 раз.
«Закят» — 32 раза.
«Благоденствие» — 32 раза.
«Милосердие» — 79 раз.
«Вступление на поиски пути истинного» — 79 раз.
«Сотворил вас» — 16 раз.
«Рабство» — 16 раз.
«Вино» — 6 раз.
«Пьянство» — 6 раз.
«Богатство» — 26 раз.
«Бедность» — 13 раз.
«Кара» -117 раз.
«Прощать» — 2х117=234 раза.
«Растение» — 26 раз.
«Дерево» — 26 раз. т.б.
Міне, жоғарыда айтып өткен мақала мен кітапта келтірілген мысалдар мен дәлелдерді ой елегінен өткізер болсаң, ұлы Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген сөзіне еріксіз бас ұрасың. Егерде қасиетті Құранды және оған түсінік берген шығармаларды Құдайдың барына, Құранның шындығына шүбә келтіріп, басқа діннің төңірегінде адасып жүрген кей пенделер оқитын болса, онда олардың райларынан тезірек қайтып, мына он сегіз мың ғаламның әміршісі және жаратушысы – Алланы мойындаудан басқа амалы қалмайтынына ешбір шек келтірмеймін. Әсіресе ислам құндылықтарын теріс пайдаланып жүрген кейбір қаба сақалдылар мен шолақ шалбарлыларға үлкен сабақ болар ма еді. Себебі Құранда қаба сақал қою мен шолақ шалбар кию жөнінде ешбір насихат жоқ.
Мақала соңында қасиетті Құранның өзіме ерекше ой салған және басымды июге мәжбүр еткен кейбір сүрелердегі аяттарға қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдім:
«Аллах тағала екі теңізді қатар қойды. Бірі – тұщы (ауыз) су, бірі – тұзды (ащы) су. Екі арасына араласпайтын бөгет жасады». «Әл-Фурқан» сүресі, 53-ші аят.
«Аллах тағала әркімді істеген істеріне қарай жазалайды. Өйткені, Аллах тағала тез есеп алушы». «Ибраһим» сүресі, 51-ші аят.
«Тозақтың жеті қақпасы бар. Олардан әр топ бөлініп, тиесілі қақпасына жіберіледі». «Әл-Хижр» сүресі, 44-ші аят.
«Аллах тағала жеті қабат аспанды екі күнде жаратты. Әр қабаттың міндетін белгіледі…». «Фуссилат» сүресі, 12-ші аят. (түсініктеме: Аспанның жеті қабат екені 20-шы ғасырда ғана дәлелденді).
«Аллах Тағала егер күналары үшін адам баласын жазалайтын болса, жер бетінде адам қалмас еді. Бірақ оларды белгілі бір мерзімге дейін кешіктірді. Олардың есеп беретін мезгілі жеткенде, олардың істеген істеріне қарай сый не жаза береді. Аллах тағала құлдарының іс-әрекеттерін көріп, бақылап тұрады.» «Фатыр» сүресі, 45-ші аят.
«…Аллах тағаланың Кітабында жазылған өмір ұзартылмайды да, қысқартылмайды…» «Фатыр» сүресі, 11-ші аят.
«Ер адам әйеліне билік етеді. Аллах тағала біріңнен-біріңді артық етіп жаратты. Олар мал-дүниесін де нәпақа (маһр) етіп берді. Ерлер әйелдер үшін табыс табушы, асыраушы. Салиқалы әйелдер ерлеріне бойұсынады. Ерлері жоқ кезде өз абыройларын сақтайды»… «Ән- Ниса» сүресі, 34-ші аят.
«Бастарыңа келген бір ауыртпашылық өздеріңнің істегендеріңнің салдарынан болады және де Алла Тағала көбін кешіреді». «Аш-Шура» сүресі, 30-ші аят.
«Ақшаны өсім пайызбен беретіндер ақирет күні жын соққандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың «сауда дегеннің өзі өсімқорлық қой» дегендері үшін. Алла Тағала сауда-саттықты адал етіп, өсімге (харам деп) тыйым салған. Кім Раббысының тыйым салғаны деп өсімді тоқтатса, оның бұрынғы алғандары өзінікі болады. Оның істері Алла Тағаланың билігінде, ал кім оны жалғастырса, жалындаған отқа түседі, әрі онда мәңгі қалады». «Әл-Бақара» сүресі, 275-ші аят.
«Сабыр қыл. Сөз жоқ, Алла жақсылық етушілердің еңбегін зая кетірмейді.» «Һуд сүресі», 115-ші аят.
«Шайтандар кімге үйірсек екенін сендерді хабардар етейін бе? Олар әрбір өтірікші, өсекші күнәһарға үйір». «Әш-шұғарп» сүресі, 221-222-ші аяттар.
«Шындығына келсек, дүниені бет алды шашушылар шайтанның туысы болады. Ал шайтан жаратқан иесіне қарсы». «Әл-Исра» сүресі, 27-ші аят.
«Мен ертең міндетті түрде істеймін деп ешнәрсе айтпаңдар».
«Бірақ, Алла қаласа де…» «Әль-Капф» сүресі, 23-24 аяттар.
Иә, қасиетті Құранды жете назар салып, тыңғылықты зейінмен оқыған адамның көңіл сарайы көп нәрсеге қанық болады. Құранда жоғарыдағы сүрелерде келтіре кеткен мысалдардан басқа намазды қаза қылмай оқу, жетімді жебеп жүру және оның несібесін жемеу, зекет беру, адамдарға шамасы келгенше жақсылық жасау, қиналған адамның мойнындағы қарызды шама келгенше кешіре білу, таразыдан жемеу, ғылымға бой ұсыну, отбасының берекесі, ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы, кешірімді және сабырлы болу сияқты адами құндылықтар жөнінде де керемет айтылған.
Мысалы, «Тозақтың жеті қақпасы бар. Олардан әр топ бөлініп, тиесілі қақпасына жіберіледі» деген «Әл-Хижр» сүресінің 44 аятына қысқаша тоқталып өтейік. Былай ойлап қарасаңыз, мына фәни жалғанда да адамдар өзінің жасаған күнәсі мен қылмысының ауырлығына қарай тиісті заңмен әртүрлі дәрежеде жазаланады. Атап айтсақ, ату, мәңгілік бас бостандығынан айыру, қылмыстық, шартты, әкімшілік және тәртіптік жаза сияқты жаза түрлері бар. Біз бұл мысалдан фәни жалған мен бақи дүниенің өзіндік ұқсастықтары бар екенін аңғарамыз. (Алайда ақиқаттың және әділ соттың бәрі бақи дүниеде ғана).
Мысалы, мына фәни жалғанда бір ғана күнә жасаған адам бақи дүниеде талай адамның қанын төккен немесе елдің несібесін жеген тойымсыз қылмыскермен тозақтың бір қақпасынан кіріп, бір қапасында отырмайтынын байқаймыз. Сондықтан да тозақтың жеті қақпасы да күнәһарларды фәни жалғанда жасаған күнәсіне қарай іріктейтіні ақиқат екенін мойындаймыз және Алла Тағаланың алдында бәріміз де есеп беретінімізге шүбә келтірмейміз. Сонымен қатар «Фуссилат» сүресінің 19 аятында: « Сол күні (қиямет күні) Алланың дұшпандары тозаққа айдалуға жиналғанда, олар екіге бөлінеді (яғни, күнәларының ауыр-жеңіліне қарай)» деп жазылған.
Осы орайда жер басып жүрген жұмырбасты пенделердің барлығы Алланың қасиетті кітабы – Құранда айтылған киелі сүрелер мен аяттарға жете назар аударатын болса, біз пайдакүнемдік пен парақорлықты, пейілдегі тарлықты, жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты және арамдық пен азғындықты жеңіп, ауызбірлігі мықты ел болып қалыптасуымыз да қиынға соқпас еді. Мына түрімізбен сол күнге жете аламыз ба? Ойланып көрейікші…
Және де осы мақаланы жазып отырғанда есіме Мәшһүр-Жүсіптің: «Елді жетпіс жыл дінсіздер билейді, отыз жыл ұры-қары билейді. Содан кейін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келеді», – деген сәуегейлік болжамы орала берді. Алайда бұл сөзді Мәшһүр-Жүсіптің айтқаны жөнінде нақтылы тарихи деректер жоқтың қасы. Дегенмен әдебиет пен тарихқа жақын адамдар бұл сәуегейлікті Павлодар облысының Баянауыл өлкесінде данышпанның көзін көрген бір қарияның айтып кеткені деп тұжырым жасауда. Қалай дегенмен де «Халық айтса, қалт айтпайды» деген нақыл бар. Сондықтан да аңыз бен ақиқатқа үйлескен осы бір киелі тұжырымның артында жарқын болашақтың сұлбасы бой көрсетіп тұрғандай көрінеді. Дәйім солай болғай…
Бекен НҰРАХМЕТОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты,
полковник
ПІКІРЛЕР2