«Жүргейсіңдер еске алып…»
Мен Жүсіп Қыдыровтың тіршіліктегі соңғы бес жылғы өмірінде қасында болдым. Осы бес жыл көлемінде мәңгілік өмір үшін күрескен ерлігін, жарық дүниенің әрбір минутын тиімді пайдалана білген жанкештілігі мен махаббат сезіміне деген адалдығын сан рет өз көзіммен көрдім. Соның жарқын көрінісі – ақынның адал сезімі, мөлдір сұлу махаббаты, оның поэзия мен күйшілік өнерінде мәңгілік дүние болып көрініс тапты.
Мұны ақын тіршілігінің тамырын дөп баса білген Тұмағаң, Тұманбай Молдағалиев ақынның өзі өмірден өткен соң жарық көрген «Сүйемін сені өмір!» атты жинағына жазған алғы сөзінде: «Бұл кітап – махаббат жыры. Махаббат жырын жазу үшін ақын өзі ғашық болуы керек. Өзің ғашық болмай, бір сәулеге асық болмай, басқалардың көңіліне жол табатын өлең жаза алмайсың. Әсіресе, махаббат жырын жаза алмайсың», – десе, ақын Қадыр Мырзалиев өзінің «Оралу» атты мақаласында: «жазғыштар көп болғанмен, ақындар аз. Өте аз… Ал сол аздың ішіне Жүсіп Қыдыров кіреді. Ол – ақын. Қаламдас қатар құрбыларының арасында оқшау тұрған дарын», – деп салмақты бағасын берді.
Ақын небәрі 46 жас қана жасады…
Тәтті тіршілікке шөлі қанбай кеткен Жүсіп осы ғұмырында көзі тірісінде бес том етіп реттеп қойған 80 баспа табақ дастандары мен өлеңдерін, 10 баспа табақ драмалық шығармаларын, 7 баспа табақ әдеби сын мақалаларын, 10 баспа табақ әлемдік классик ақындар туындыларының аудармасын қалдырды. Мұнымен қабат 10 баспа табақ оқырмандармен, көрнекті қайраткерлермен, ақын-жазушылармен жазысқан хаттарын, 42 күйін, 4-5 әнін таспада қалдырыпты. Жарық көрмеген әдеби шығармалары мен қолжазба нұсқалары, мақалалары, фото-архивтері тағы бар…
Аз ғұмырында артына осыншалықты мұра, халқымызға келелі рухани қазына қалдырған ақын-сазгердің өзі туып-өскен «Талап» кеңшарындағы бүгінде өз атымен аталатын орта мектепте 60 жылдығы аудандық дәрежеде аталып өтті. Бұл мерекеге Алматыдан сол кездегі Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Темірхан Медетбек, ақынның жары Ақжолтай, белгілі ғалымдар Рахманқұл Бердібай мен Құлбек Ергөбек, ақындар Қомшабай Сүйіншев, Тынышбай Рахимов, Адырбек Сопыбеков сияқты қазақтың танымал жазушылары қатысып, естеліктер айтып, жырларын арнап, ақынның туған елін шаттыққа кенелдірген еді. Кеште ақынның жерлестері мен замандастары, туыстары мен ел ағалары да Жүсіп туралы жүрекжарды жарасымды лебіздерін білдірген болатын.
Алматыға келген соң осы сапардағы салтанат жиыннан түсірілген бейне көріністерге белгілі қаламгерлер Қадыр Мырза-Әлі мен Зейнолла Серікқалиевті қатыстыра отырып түсірілген «Ғашық ғұмыр» атты қырық минуттық бейне фильмді «Қазақстан» телеарнасы арқылы эфирден өткіздік. Сол жылы Түркістан қаласы қаладағы Циолковский көшесін Жүсіп Қыдыр атымен атау туралы шешім шығарса, Алматы жаңа мөлтек аудандағы үлкен көшеге есімін берді. Ақын-сазгер Ж.Қыдыровтың алпыс жылдығына нүкте Қазақстан Жазушылары одағы үйінде қойылды…
Байқап отырған боларсыздар, еліміздегі екі-үш қала Жүсіптің 60 жылдығын атап өтуге атсалысып жатқанда Қызылорда үн-түнсіз қалды. Осы селқостыққа мән берген ақын, республикалық жастар сыйлығының иегері Байбота Серікбаевтың ұйымдастыруымен Тұманбай Молдағалиев бастаған бір топ белгілі ақын-жазушылардың «Ер қастерлеу – елге сын» атты Қазақ ССР халық депутаты, халық депутаттары Қызылорда облыстық Кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановқа Ашық хаты («Қазақ әдебиеті» газеті, 25.11.1991 ж.) жарияланды. Осындай игі ұсыныстың нәтижесінде кезінде Қызылорда қаласындағы бұрынғы Ыбырай Жақаев атындағы үлкен көшеге сазгер-ақын Жүсіп Қыдыровтың есімі берілген болатын.
Бұл жайларды еске алуым, ақын-сазгер Жүсіптің 60 жылдығын атап өтуде жасалған жарасымды шаралар кейін одан әрі өз жалғасын таппады. Несін жасырамыз, Жүсіп туып-өскен Жаңақорған ауданы соңғы уақытта мәдениет пен өнерге жанашырлықпен қарайтын бірінші басшыға жарымай-ақ қойды. Бұл пікірді жан-жағымыздағы жұрт жасап жатқан тіршілікті көріп, көңілімізге реніш түскеннен соң амалсыз ауызға алуға тура келіп отыр. Мұқағали тойына байланысты ақынның ауылында бір емес, бірнеше рет болуға тура келді. Ауданда Мұқаңа арналған бұрынғы музей Үйі қайта жаңғыртылып, ел назары түсер киелі шаңыраққа айналды. Алыстан менмұндалап тұр. Ауылындағы ескерткіші Алматыда тұрғызылған ескерткішінен әсте де кем емес. Бәрінен бұрын бұл күндері ақын атындағы мектептің оқушылары мен оқытушылары ғана емсе, бүкіл ауыл тұрғындары кез келген ортада ақын өлеңін жатқа соғып, жерлестерінің қаншалықты мерейін көтеріп жатқанын көргенде әуесің кетеді екен. Дәл осындай дәстүр қазір еліміздің шығысында, кезінде Жүсіппен «Лениншіл жас» газетінде қызметтес болған інісі, жазушы Оралхан Бөкеев ауылында да қалыптасып отыр. Жыл сайынғы өткізілетін республикалық «Оралхан оқуы» дәстүрлі байқауының эпицентрі Оралханның өз туған ауданы болып келеді. Осыдан екі жыл бұрын сол Оралханның 70 жылдығы облыс көлемінде қалай дүркіреп өтті десеңші! Облыста 4 орта мектепке жазушының есімі беріліп, туған ауданы мен облыс орталығында екі бірдей керемет ескерткіштері қойылды. Семейдегі Абай ауданына барсаң да ауданда жасалып жатқан шараларды зердеңе тоқып, өзіңнен-өзің Абайтанушы болып шыға келгендей әсерде қаласың. Осы сияқты Қарағандыда ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы да ел есінде ұзақ сақталардай қандай үлкен абыроймен өтті. Ұйымдастырушыларға рахмет.
Осындай игі дәстүрді қазаққа белгілі ақын-сазгер Жүсіп Қыдыровқа байланысты қызылордалықтар да жалғастыруға болатын еді ғой. Жүсіп туып-өскен Жаңақорған ауданы өрісі малға, Сыр бойы дәнге толы болумен қатар, шығысында Шалқиядай кеніші, батысында Қазақстан ғана емес әлемдегі ең бай уран қоры сақталған «Қорасан» сияқты байлығы тасып шалқыған қазынасы мол аудан. Ауданда мәдени шараның небір түрлерін дүрілдетіп өткізуге негіз бар. Құдайдың қазынасы жетеді, бірақ осы аудан қолдағы барды ұқсататын көкірегі ояу басшыға зәрулікпен келеді. Әйтпесе, Қызылордадағы Ж.Қыдыров даңғылы мен Жаңақорған ауданы орталығына әлдеқашан ақынның мүсінін орнататын, дайын тұрған 6 томдық кітаптарын баспадан шығарып, оқырман қолына тигізер уақыт болды ғой. Бірақ қызылордалықтар мұндай кесек дүниені қолға алмақ түгілі, ақын атымен аталатын орта мектепке бюстін қоюды да әлі күнге қолға алмағанын қалай түсінуге болады. Мен үш жыл бұрын осы мектепте болып қайттым. Ақын атындағы мектеп оқушылары мен мұғалімдерінің әдебиетке деген ықыластарын көргенде іштей егілдім. Есіл мектептің еңсесі түсіп кеткен. Ұят…
Кезінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Н.Оразалиннің Жүсіптің 75 жылдығын атап өтуге байланысты бұрынғы облыс әкімі атына жазған хатына облыстық Мәдениет басқарма бастығының орынбасары Ж.Құрамысованың атынан Үкімет қаулысын алға тартып: «…жекелеген тұлғалардың мерейтойлары алғашқы жүзжылдықта – жүз жылдығы, одан кейінгі жүзжылдықтарда әрбір жиырма бес жылда атап өтіледі», – деп көрсетілген. Осыған сәйкес, 75 жылдық мерейтойларды атап өтуге басқарманың 2012 жылға арналған жұмыс жоспарында қаржы қаралмаған», – деген жауабын да алғанбыз. Сонда жоғарыда біз мысалға келтірген, өз жерлес жазушыларының жылма-жыл туған күндерін дүркіретіп өткізіп отырған облыс басшылары заңға қарсы жұмыс жасағаны ма? Олар ел есінде қалар мұндай игілікті тіршіліктерді қалай ұйымдастырып отыр? Осы мәселе Қырымбек інімізбен болған арамыздағы әңгімеде өзек болған еді. Соған орай менің атыма 06.12.2013 жылы мынадай хат та келген:
«…Қызылорда облысының Мәдениет басқармасы Сіздің Жаңақорған ауданының тумасы, сазгер-ақын Жүсіп Қыдыровтың аудан орталығынан бюстін орнатуға және ақынның 6 томдық кітаптарын баспадан шығаруға қолдау көрсету туралы облыс әкімінің атына жазған ұсыныс хатыңызға байланысты төмендегіні хабарлайды.
Ж.Қыдыровқа туған жері Жаңақорған ауданында ескерткіш-бюст орнату мәселесі бойынша аудан тарапынан қолдау тауып, қаржысы шешілген жағдайда, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес қажетті құжаттарды (ескерткіш орнатуға қажетті құжаттар: ескерткіш орнатылатын тұлғаның өмірбаяны, ескерткіш орнату жөніндегі ұжымдық (шығармашылық одақтар) жиналыстың хаттамасы орнатылатын жердің шешімі, ескерткіш орнатылатын жердің (аудан, қала) жер қатынастары бөлімінен келісілген сызбасы, орналасу схемасы, ескерткіштің материалы жөнінде мәліметтер) ұсынылғаннан кейін облыста жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сондай-ақ оларды мәртебесінен айыру туралы қорытынды әзірлейтін облыстық комиссияның кезекті отырысында қаралып, оң қорытындысы негізінде Қазақ-
стан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Мемлекеттік комиссияның келісімін алуға ұсынылады.
Ақын Жүсіп Қыдыровтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін Қызылорда қаласы әкімінің 1992 жылға 8 қаңтардағы №12 шешімімен қала көшелерінің біріне атау берілген болатын. Ал, сазгер-ақынның жарық көрген еңбектерін одан әрі насихаттау мақсатында 2014 жылы Қызылорда қаласында Ж.Қыдыровты еске алуға арналған мәдени шаралар бағдарламасын әзірлеп атап және ақынның
6 томдық кітабын баспадан шығаруға қажетті қаржыны Жаңақорған ауданы тарапынан 2014 жылғы бюджеттік комиссияға ұсыну жоспарлануда».
Басқарма басшысының орынбасары Ж.Құрамысова.
* * *
Мен бұл хатты Жазушылар одағы мен ақынның жары Ақжолтайға кезінде шүйіншілеп жеткізіп едім, бірақ асығыстық болыпты. Арада қандай қара мысық өтіп кеткенін құдайым білер, хат аяғы құрдымға кетті. Жауап хаттағы мәселелер күні бүгінге дейін қолға алынған жоқ. Осымен бірге, әрине, «облыстық комиссияның кезекті отырысына ұсынылады» деген шаралар да аяқсыз қалған…
Бұл мақаланы жазып отырғаным, биыл ақынның 80 жылдығы. Менің сұрастырып анықтағаным, бұл мәселені облыстың биыл өткізілетін мәдени шаралар бағдарламасына да енгізбепті. Қабырғама осы мәселе қатты батып жүр еді, Құдай жарылқап өткен жылдың мамыр айында туған жерім Бесарық елді мекенінде өткен Мәдениет үйінің ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ініммен кездесіп қалып, өзімен үш жыл бұрын болған кездесуден соң келген жауап хатын ұстатып, мәселені тікелей өз қолына алуын өтіндім.
Өйткені, енді төрт-бес айдан соң келер сазгер ақын Жүсіп Қыдыровтың 80 жылдығын өз дәрежесінде өтуге өнер және өнер иелерінің белгілі жанашыры, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бауырымның өзі азаматтық әрі әкімдік мүмкіндіктерін салмаса «жүргейсіңдер еске алып, пайғамбар аттас ақынды» деп аманатын айтып кеткен ақын рухы алдында тағы да ұятқа қалатын сияқтымыз…
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.