БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ НЕ?
Адам өмірінде ең маңызды орын алатын рухани байлық пен материалдық қажеттіліктің бағасын таразыға тең қойса, қайсысы басым түсетінін жұмыр басты пенденің ешбірі нақты айта алмаса керек. Бұл сауалдың жауабын адамзат баласы бізден мыңдаған жыл бұрын іздеуге кіріссе де, осы бір қалыпқа сыймас сұрақты әр ойшыл әрқалай топшылаған. Өйткені, адам баласына рухани құндылық қаншалық қажет болса, сол жолда өмір сүріп, қызметін айқындау үшін материалдық қажеттіліктің керегі де табиғи заңдылық. Жеке адамның өзі дүние есігін ашып, ақыл-ойы қалыпқа келе бастағаннан-ақ осы бір сауалға жауап табуға тырысады. Ал бұған бір ғана жанның басындағы мәселе деп қарамай, тұтас бір халықтық шамада қарастырсақ, қалай болар екен? Яғни халықтық байлық деп нені айтамыз? Тұтас бір ұлттың байлығының өлшемі қандай? Бұл сауалдың нақты теориясы бар ма?
– Қазақ халқы ежелден байлықтың басын жер деп белгілеген. Даласын анасындай аялап өмір сүрген ата-бабамыздың бұл ұстанымына жаңа дәуір азаматы ретінде қандай ой қосқан болар едіңіз?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнертанушы:
– Иә, оныңыз рас, ұлтарақтай жер үшін ұлы майдандар болған. Сонау ғұн дәуірінің көсемі Мөде хан билік құрған заманда Қытаймен қырғын соғыс болғаны белгілі. Сол соғыстың тұтануына қытайлардың жер сұрауы себепші болған екен. Мөде хан сол жолы қытайларға жер беруді жақтаған уәзірлердің барлығын өлім жазасына кесіпті. Өзі Қытайға майдан ашып, ғаламат жеңіске жеткен екен. Сол Мөде бабамыздан: «Жер өспейді, ел өседі» деген атақты сөз қалған. Осы ұранды сөз XX ғасырға дейін қазақ хандары мен ел көсемдерінің басты ұстанымы болды. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының да «Алаш» деп атқа мінгендегі мақсат-мұраты қазақтың жатқа кеткен жерін қайтару болды. Әлихан Бөкейханов бастаған Алашорда зиялыларының да басты ұстанымы осы жер мәселесі еді. Алашордашылар бұл миссиясын абыроймен атқарып, тарих сахнасынан кетті. Мәселен, Әлімхан Ермеков 1920 жылы Ленинмен және оның шовинист серіктерімен бірнеше сағат жүргізілген ауыр келіссөздердің нәтижесінде қазіргі Қазақстанның бірнеше облысын Ресейге өтіп кетуден аман алып қалды. Алашордашылардың бұл жолын кеңес заманында Жұмабек Тәшенов жалғастырды. Ол кісі Н.Хрущевпен айқасып жүріп, Қазақстанның бес облысын Ресей, Өзбекстан және Түркіменстанға өтіп кетуден сақтап қалды.
Ерлан РЫСҚАЛИ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші:
– Жер мәселесі – жарты әлем жапырақ жамылып жүргенде алтыннан сауыт киген түркінің, оның ішінде қазақтың жанды жері. Ең өзекті мәселесі. Біз жерді еміп өскен халық емеспіз бе? Сондықтан қасиетті Жер-Анаға қатысты дүние өткен дәуірде де, осы дәуірде де және келешекте де маңыздылығын жоймайды. Жер бар болса қазақ бар, жоқ болса қазақ та жоқ.
Кеңшілік ТЫШҚАН, дінтанушы:
– Әрине, жер біздің халқымыз үшін өте маңызды. Халық даналығында «Ұлтарақтай болса да туып өскен жер қымбат, ат төбеліндей болса да туып өскен ел қымбат» демей ме?! Сондықтан жер халық қазынасы, тарихы, тәуелсіздігінің бір бөлшегі. Осы орайда, қазіргі әлем елдерінде жерге қатысты әр түрлі ұстанымдар бар. Кейбірі жерді табыстың көзіне айналдырып, сатып, басқа да мақсатта жалға беріп отырады. Ал біздің халықтың ұстанымы өзгешелеу. Біз әлі де жерді қасиетті мекен деп санаймыз. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деп туған жердің тасын да, тауын да қымбат санағандықтан қазіргі әлем елдеріндегі кейбір қолданыстардың еліміздің заңдарында көрініс табуына азаматтарымыз түбегейлі қарсы екендігін көрдік. Бұл қазақта бұрын дауға себеп екі нәрсе болса, бірі – жер дауы, екіншісі – жесір дауы болған. Сол себептен де халықтың туған жерге деген құштарлығы мен жанкештілігі әлі де бар. Санасы уланбаған ұрпақ басқаша ойлауы да мүмкін болмас деп санаймын.

– Біздің жерімізде Менделеев кестесіндегі барлық элемент бар деп жатамыз. Ол құндылықтарды өзіміздің игілігімізге жарата алудамыз ба? Шерхан Мұртаза кезінде Камал Смайыловқа жазған хатында «Алтын сандықтың үстінде отырмыз дейсің. Ашпаймыз ба сол сандықты? Алтын сандықтың кілті кімде?» деген сауал тастап еді. Сіз бұл жайлы қандай пікірдесіз?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Өкінішке қарай, «Алтын сандықтың» кілті жат жерліктердің қолында.
Тәуелсіздік алған бетте «Кемелденген социализмнен» жабайы капитализмге бір-ақ секірдік, яғни кері секірдік. Соны – капиталистік қоғам құрып жатырмыз деп мақтан тұттық. Қазір жабайы капитализм сатысынан өтіп, бюрократикалық капитализм «деңгейіне» көтерілдік. Әйтсе де қазақта әлі де ұлттық буржуазия жоқ. 2000 жылдары ұлттық буржуазия бой көрсете бастап еді, жат жерлік олигархтардың «өтінішімен» оларды құртып тындық. Ұлттық буржуазиясы жоқ капиталистік мемлекет болмайды. Болған күннің өзінде ғұмыры ұзаққа бармайды. Сондықтан «Алтын сандыққа» ие болу үшін шетелдік олигархтардың қалтасындағы «алтын кілтті» алуымыз керек.
Ерлан РЫСҚАЛИ:
– Иә, шынында біз жер асты қазба байлығы мол мемлекетпіз. Бірақ бізде бәрі бар деп Құдайдың берген көл-көсір дүниесін ерсілі-қарсылы шаша беруге болмайды. Сондай-ақ, «бізде анау жоқ, мынау жоқ» деп не болса соны сылтауратуға да болмайды. Жер-Ананың қойнындағы байлықты игеру керек. Оны осы елдің заңды мұрагері – халықтың игілігіне жаратуымыз қажет.
Кеңшілік ТЫШҚАН:
– Әлемде жер көлемі жағынантоғызыншы орын алатын елімізге қызыға да, сұқтана да қарайтындар бар. Оның үстіне, жер асты және жер үсті байлығы мол болса тіптен бөтен назарды тартары даусыз. Бірақ елімізде сол жерге иелік етіп, ел игілігіне жаратар қалталы да, ұлтжанды азаматтардың қарасы мол дей алмаймын. Оның үстіне қаншама ұлыс өкілдері еліміз азаматы саналатындықтан қызығын көбінесе жат көріп жатыр ма деген де ой мазалайды. Жер игілігін еш пайдаланбай жатырмыз деуге болмас. Әйтсе де, қызығын көріп отырғанымыз шамалы деп санаймын. Оның басты себебі, елімізде жайылымдық жерлер тарайып, ертеден бері мал шаруашылығын жетік меңгерген халықтың қазір мал ұстауға да құлқы басылғандай. Ал өндіріске келер болсақ, бұл сала әлі де ақсап тұр. Кейде біреулер ойлайтын шығар, «қазақ не өзі игермейді, не өзгеге игертпейді» деп. Бірақ біздің халықтың бір ерекшелігі – болашағын бүгінгісінен артық ойлайды. Сондықтан қазір біз қол жеткізе алмаған жетістікке ұрпақтарымыздың жетіп, біз игере алмаған байлықты болашақта солардың игеретіндігіне сенеміз.
– Әбу Насыр Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарында» ізгілікті қала бес түрлі жандардан, яғни ең құрметті адамдардан, шешендерден, өлшеушілерден, жауынгерлерден және байлардан тұрады дейді. Бұл жерде басты құндылық адамға, оның рухани байлығына ерекше көңіл бөлінген.Адамды байлық деп атамастан бұрын оның рухани жағына да назар салу керек секілді. Біздің бабаларымыз рухани терең тамыр жібергендігі үшін де жердің қадірін ердің қадіріне балаған болса керек?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Асан Қайғыдан қалған:
Суда жүзген сүңгуір,
Көл қадірін не білсін.
Түзде жүрген дуадақ
Шөл қадірін не білсін.
Жарлыдан жаңа байыған,
Жалғыздан өсіп көбейген,
Ел қадірін не білсін.
Өзі көкайыл, өзі дию, пері,
Өзі долы қатын,
Ер қадірін не білсін?! –
деген сөз бар. Қазіргі қазақ қоғамында да Асан ата айтқан осы сөз көкейкесті болып тұр. Өйткені қазір құндылықтардың құны кеткен заман. Жоғарыда айтқан жабайы капитализм адами, рухани құндылықтардың ара-дарасын шығарды. Шортанбай айтқан: «Сауып ішер сүті жоқ, ақша деген мал шықты» дегендей алға ақша деген «құндылық» шықты, яғни ақшаның культі алдыға озды. Бұл ең қауіпті індет. Қазір, Әл-Фараби айтқан қайырымды қала тұрғындарының әлгі атаған бес түрлі жандары: шешені де, өлшеуіші де, жауынгері де, байы да, басқасы да ақшаға сатылады. Содан соң қоғам қайтіп оңады. Рухани аштыққа ұшыраған қоғамда әділдік, ізгілік, мейірімділік ешқашан салтанат құрмайды. Ондай мемлекетте береке болмайды. Өзіңіз қараңызшы,қазір елімізде кім кедей – рухани бай, арлы адамдар кедей. Кім жарлы? Өте талантты, білімдар адамдар жарлы. Керісінше, арамнан мал жиып байыған алаяқтар шылқыған бай. Қоғамда солардың сөзі өтеді. Олар депутат, сот, прокурор, әкім болып алған. Ал енді осы арамнан мал жиып, әр түрлі қитұрқы жолмен билікке келіп алғандар «қайырымды қала тұрғындарын» оңдыра ма?! Жоқ! Өйткені, олар ешқандай құндылықтың қадірін білмейді, дәлірек айтқанда не елдің, не ердің, не жердің қадірін білмейді. Осындай қадір білместердің қолына билік тигенде қоғам ішінен аза бастайды. Ұлы Абай мұны: «Ел бұзылса салады шайтан өрнек» деген…
Ерлан РЫСҚАЛИ:
– Әрине, тәннің қорегін ішіп-жеумен, дүние-мүлікпен толыққанды адам болған тірі жан жоқ. Біздің бабаларымыз тәннің қорегінен жанның қорегін бірінші кезекке қойған. «Бір адам көрдім үстінде киімі жоқ, бір киім көрдім ішінде адамы жоқ» деген тәмсіл бар емес пе? Рухани аш, жаны жалаңаш күйінде, мың жерден үлде мен бүлдеге орансын, ол толыққанды адам емес. Рухани байлықтың қайнар көзі – кітап, ата дініміз, салт-дәстүріміз, ән-күйіміз, жыр-дастанымыз. Осыларды мейлінше дәріптеп, бар байлықтан жоғары санап, қадір тұтуымыз керек.
Кеңшілік ТЫШҚАН:
– Иә, адамның руханияты – ең басты өлшем. Біз «адам» деген сөзді басқаша түсінеміз. Яғни оны бір тіршілік иесі түрінде емес, рухани жетілген, атына лайықты жан ретінде. Сондықтан жер жалаң атау немесе жапан дала емес, ол біздің ата-бабаларымыздың төгілген қаны, батырларымыздың, боздақтарымыздың қиылған жаны деп білген абзал. Кезінде аталарымыздың, арыстарымыздың армандаған елдігі мен тәуелсіздігіне қол жеткізген ұрпақ ретінде оны қадірлей білу, түсіне білу жәй «адамның» қолынан келмейді. Ол үшін руханият, жанашырлық, тарихқа, бабалар рухына адалдық керек. Бұл ұлттық руханияттың күштілігіне байланысты, тілі шұбар, діні дүдәмал адамнан елге, жерге деген жанашырлықты күту, талап ету ақымақтық. Қазірде қазақтың рухы, тілі, діні жаңғыру үстінде, болашақта жер қадірін білетін адамдар көп болады дегенге сену керек. Керісінше түсіндіргісі келетін, елі болмаған, жері болмаған дегісі келетіндер бар. Бұл тек арандату ғана емес, арам пиғыл. Сондықтан қазірдің өзінде қазаққа сергектік, беріктік, бірлік керек. Жер мен ел тағдыры осы қасиеттердің үстіне құрылады. Ал алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді.
– Алаш қайраткерлері кезінде қазаққа үлгі боларлық ел деп Жапонияны атаған болатын. Әйтсе де ол ел сол дәуірде дамудың шыңына жеткен еді деп те айта алмаймыз. Алаш зиялылары олардың қандай қасиетіне қызықты екен… Бірақ соғыста жеңілсе де жарты ғасырдан соң Жапония әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналды. Ал біз ше?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
– Алаш зиялыларының ел дамуына Жапонияны үлгі қылып алуының бір себебі – 1868-1889 жылдары Жапонияда «Мэйджи революциясы» деген төңкеріс болған. Мұны «Жапонияның жаңғыру дәуірі» деп те айтады. Өз кезегінде бұл саяси-әлеуметтік, экономикалық, әскери бағыттағы кешенді реформалар еді. Осы реформалардың негізінде Жапония ұлттық жаңғыру жолына түсті. Бұл жолда олар батыстық даму үлгісін жатсынған жоқ. Мінеки, Әлихан бастаған Алашорда қайраткерлері Жапония дамуындағы ұлы өзгерістерді көрегендікпен байқай білді. Олар да Жапония сияқты тәуелсіз ел болып, қазақты ұшпаққа жеткізгісі келді. Тірі болғанда Алашорда қайраткерлері бұл мақсаттарына діттейтін еді. Бұған олардың ақыл-парасаты, білімі мен саяси ерік-жігері еркін жететін еді. Қазақ қазір Жапония сияқты гүлденген, ата-бабаларымызша айтқанда, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүретін еді. Құдай тілекті бермеді… Сол өкініш…
Ерлан РЫСҚАЛИ:
– Мүмкін Алаш зиялылары жапонның алға қойған мақсат-мұратының жолында барын салатын жанкештілігін, адалдығын үлгі тұтқан болар. Олардың білімқұмарлығын, еңбексүйгіштігін, қарапайымдылығын ұнатқан шығар. Мен «біздің еліміз пәлен-түген» деп айтудан аулақпын. Себебі, мен бұл елдің перзентімін. Ал баланың ата-анасын сынауға еш хақысы жоқ. Әрі мен кешегі Алаш қайраткерлерінің деңгейіндегі жан емеспін. Әлемнің алдыңғы қатарлы елі болу үшін өзгені өзгертудің қажеті жоқ. Әр адам өзін өзгертсе, білімге, еңбекке ұмтылып, осы жолда адал болса Алла өзі-ақ бізді шыңға шығаратыны хақ.
Кеңшілік ТЫШҚАН:
– Иә, кейде адамның немесе қоғамның тығырыққа тірелуі ойлануға итермелейтіндігі заңдылық. Сол себепті де орынды талпыныс жасай алған елдер Жапония болсын, Германия болсын соғыстан кейін дамудың қарқынын күшейте білді. Бізде сырттай да, генетикалық та ұқсастықтың бар екендігі айтылып жүр. Бірақ бұл біздің де солар сияқты дамуымызға кепілдік бола алмайды. Еңбек мен талап әрбір азаматтың жеке қасиетіне айналуы тиіс. Ал мемлекеттік мекемелер мен шығарылған заң сол азаматтың мүддесіне жұмыс жасауы керек. Қазіргі екі елі балық бір елі балықты жұтып жатқан біздің қоғамда күштінің арты диірмен тартып тұрғандай. Ал дамыған елдерде мұндай бассыздыққа жол берілмейді. Кәсіпкер ешқашан әділетсіздер мен күштілердің құрбанына айналмайды. Сондықтан алдымен түсінікті, содан кейін заңды жолға қойған абзал. Оның үстіне «қазақ жалқау, жатып ішер, сатқын» деген сипаттар сырттан таңылған. Қазір қазақ соған сене бастағандай. Сол үшін осынша мүмкіншіліктің ішінде екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер мен такси, күзет жағалаған ер азаматтар осы түсінікке берілгендей көрінеді. Даму үшін дағдарыс, өркениет үшін соғыс тілеуден аулақпын. Бейбіт күннің, тәуелсіз елдің азаматтарының рухы мен ұстанымы жаңа дәуірге лайықты болар деп сенемін.
Жанболат ҮСЕНОВ,
саясаттанушы, Халықаралық қатынастар
жөніндегі Еуразиялық кеңестің директоры
Жер-Ана идеясынан жоғары бір-ақ құндылық бар…
Біріншіден, жер, шекара, егемендік, халық – мемлекеттіктің басты белгілері. Алақандай ғана аумағы бар Ватикан мен Лихтенштейндерді қосып іздесек, ғаламшарда жерсіз мемлекет жоқ. Жердің өзі пайдалы, геосаясат тұрғысынан маңызы зор ресурс болып табылады. Сонымен қатар, жер қоймасындағы пайдалы қазбалар да, жер бетінде өсетін астық та жұртты қызықтырады. Алайда, қазақ халқы жердің тек қана практикалық қолданысына емес, оның идеологиялық құндылығына табынады. Жер-Ана, Атамекен – бұл көне заманнан қазіргі қазақтарға мұра ретінде тапсырылып, ертеңгі еліміз үшін ұлттық идеяның берік тіреулеріне айналуы мүмкін нақты ұғымдар. Жерден, Жер-Ана идеясынан жоғары бір ғана құндылық бар – ол қазақ халқының өзі.
Қазақстанның жері пайдалы қазбаларға бай екені сөзсіз. Бірақ бұл ресурстардың маңыздылығы өткінші екенін әрдайым есте сақтау керек. Мысалы, шамамен бір-ақ ғасыр бұрын мұнайдың керектігі қанша болды? Ал бір ғасырдан кейін ол қажет болады ма? Қазіргі халықаралық энергетика индустриясы айтарлықтай көлемде талап ететін қазақстандық уранды алайық. Ол жүз жыл бұрын бірде-бір мемлекетке керек пе еді? Ертең оны сатып алуға дайын алармандар қалады ма? Сондықтан қазбалы ресурстардың өзі емес, оларды мемлекет қандай мақсатқа жету үшін пайдаланатыны маңызды. Бұл ойымды әлемдік мұнайгаз қоғамдастығы жақсы танитын «екі Н әріпі» тұжырымдамасымен дәлелдеуге болады. Бірінші «Н» – ол жемқорлық пен қақтығыс балшығына батып бара жатқан Нигерия мемлекеті. Мұнай қорларының байлығы бойынша әлем мықтыларының бірінші ондығына жататын бұл ел нашар мемлекеттік басқару мен жемқорлық салдарынан бүгінгі өкінішті қалпына келіп отыр. Екінші «Н» болса, ол халықаралық сахнада сапалы даму үлгісіне айналған Норвегия мемлекеті. Нигерияның мұнай қорлары Норвегияға қарағанда шамамен 7 есе үлкен. Бірақ өмір сапасы, адами даму жағынан скандинавиялық елдің қол жетпес биіктікке көтерілгені анық. Осыған қоса, Норвегияның мұнай сатудан түскен кірісті жинақтау үшін құрылған қаражат қорында 1 триллион долларға жуық ақша жиналып қалғанын айта кету жөн. Бұл елдің үкіметі қазір осы қаражатты Норвегияның экономикасын қыздырып жібермей халықтың игілігіне пайдалану мүмкіндіктерін қарастырып отыр. Салыстырып көрсек, 1 триллион доллар – Қазақстанның қырық жылдық мемлекеттік бюджеті. Тағы да бір айта кететіні – халықтың денсаулығы, білімі және даму мүмкіндіктері үшін пайдаланған ресурстарды ғана байлық деп атауға болады.
Адамның рухани байлығы, халықтың мәдени дамуы секілді құндылықтар елдің ұзақ мерзімді өркендеуіне, тұрақтылығына тікелей әсерін тигізеді. Оларды қолдау әр мемлекеттің маңызы зор, жоғарғы дәрежелі мақсаты болуы тиіс.
Сонымен қатар, психология ғылымында жиі пайдаланатын «Маслоу үшкіліне» көңіл бөлсек, біріншіден, адам баласының қарапайым негізді талаптарын қанағаттандыру қажет. Сонда ғана ол асқақ дүниелерді армандап, рухани құндылықтарды іздеуді бастайды. Яғни халықтың рухани байлығын арттыру үшін ең алдымен жұрттың әл-ауқатын қамтамасыз етіп, оған білім беріп, денсаулық сақтау жүйесін орнатып, қауіпсіздік пен тәртіптің негіздерін қалау керек.
Осы мәселеге қатысты әлемге өз дәстурлері және рухани байлығымен белгілі Ұлыбританияның екі көшбасшысы есіме келеді. Сол елдің бұрынғы Премьер-Министрі Тони Блэр «Сіздің саяси ұраныңыз қандай?» деген сұраққа «Менің саяси ұраным үш қарапайым сөзден тұрады, олар: «білім беру, білім беру және білім беру» деп жауап беріпті. Ал Блэрден бірнеше жыл бұрын британиялық үкіметке төрағалық еткен Маргарет Тэтчер болса «Мемлекетте табиғи ресурстар болмаса да байлыққа қол жеткізуі мүмкін. Оның басты ресурсы – адам. Байлыққа жеткізетін жол – адам дарындарының өркендеуіне жағдай жасау» депті. Өз халқының қамын ойлап, жағдайын жасауға тырысатын мемлекет рухани байлықтың артуына жол ашады десек, қателеспеспіз.
Жапонияны өз елімізбен салыстырып көрсек, айырмашылықтары көп. Оңашаланған аралда дамыған жапониялық мәдениет осыдан санаулы ғасырлар бұрын ғана әлемге ашылды. Осы тарихи кезеңнен бастап, Жапония ғаламдық қоғамдастықта өз орнын іздеумен шұғылданды. Бұл елдің жетістіктерін аңғарып көретін болсақ, ол өз дәстүрлерін, рухани құндылықтарын жерге тастап кетпей, Батыстан келген демократия мен құқықтық мемлекет, адам құқықтары мен заңның ұлықтылығы ұғымдарын толығымен қабылдады. Осы жетістігінің арқасында Жапония әлемнің ғылым мен технология көшбасшылары, ең дәулетті елдердің қатарына қосылды.
Жапониядан нені үйренсек болады деген сұраққа жауап беретін болсам, олардың дәстүрлі қасиеттері – жауапкершілікті, еңбекқорлықты және адалдықты деп айтар едім.
Әзірлеген Нұрлайым БАТЫР.