Істің адамы
Серік Сейдуманов хақында сөз айтарда оның бірнеше жыл қатарынан Алматы секілді алып шаһар әкімінің орынбасары болған мәртебелі қызметі бірден еске түседі. Оңтүстік Астананың идеологиясын басқару – зиялы қауымның, «қайырымды қала тұрғындарының» мәдени, әдеби, рухани тыныс-тіршілігін асқан нәзіктікпен барлап, қазақ қаламгерлері мен өнер қайраткерлерін бесігінде тербеген кіндік қаланың тамырына қан жүргізе білу – қиын да күрделі қызмет екенін екінің бірі болжап біле бермейді. Көңіл-күйі сан алуан халық мекендейтін, арқасын сүйеген Алатаудай асқақ тұрғыны мол, сол себептен де әкім-қараның мойнына артылған жүгі ауыр бұл қызмет Сейдумановқа да үлкен жауапкершілік жүктегені айдан анық. Алматының тыныс-тіршілігі және күн санап емес, ертегілерде айтылатындай сағат санап ұлғайған қала аумағының сансыз мәселелері, экологиясы, экономикасы, шаһар мәртебесіне қатысты түйткілді жағдайлар – бәрі де қала әкімімен қатар, қала әкімі орынбасарын да «түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым» деген жағдайда еңбектенуін талап ететін.
Әрі Серік Тұрарұлы қызмет еткен жылдары саяси-экономикалық жағдайларға құлағы түрік Алматының мәртебелі бірқатар оқиғалардың алтын арқауы болғанын да, халықаралық дәрежедегі ірі кездесулер, дүниежүзі көз тіккен додаларды да абыроймен атқарғанын да есте тұтқан ләзім. Өзі туып-өскен Алматы шаһарының идеологиясына қызмет еткен Серік Сейдумановтың қаланың байырғыдан жеткен әдеби, мәдени, рухани өмірінің кескін-келбетіне кір жұқпауы үшін еңбек еткені көпшілікке мәлім. Алматы әкімінің орынбасары қызметінде жүрген уақытында Серік Тұрарұлы ішкі саясат, денсаулық сақтау, тұрғын үй, білім, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, туризм, жастар саясаты, ұлттық мәдени орталықтар мәселелеріне қатысты жауапты қызмет атқарды.
Серік Тұрарұлы 1998 жылы әлеуметтану мамандығы бойынша «Қазақстанда көппартиялықтың қалыптасуы: саяси-әлеуметтанулық талдау» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 100-ден аса ғылыми еңбектердің авторы. Оған қоса, бірнеше ғылым кандидатының жетекшісі. Мұны тәптіштеп айтып отырған себебіміз, Серік Сейдуманов ғылымды да өміріне серік етіп келе жатқан ғалым. Қазақстан әлеуметтанушылары Ассоциациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы әлеуметтанушылары академиясының академигі. Әлеуметтану – қоғамның қалыптасуы және даму заңдылықтарын зерттеп, фактілерді, үдерістерді, қатынастарды, жеке тұлғалардың, әлеуметтік топтардың қызметін, олардың ролін, мәртебесі мен әлеуметтің мінез-құлқын саралайтын ғылым саласы екені белгілі. Демек, қоғамды сараптау дағдысы ғылыми тұрғыдан қалыптасқан Серік Тұрарұлы ғылым мен басқару қызметін ұштастыра білген тұлға деуге әбден лайық.
Серік Сейдумановтың еңбек жолына үңілсек, бірқатар салаларда үлкен міндеттер жүктелгенін бағамдаймыз. ҚР Президенті Әкімшілігі Ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары, жастар, туризм және спорт вице-министрі, Білім және мәдениет министрлігі үйлестіру және қадағалау департаментінің директоры, ҚР Парламенті Аппараты Ақпараттық-талдау орталығының директоры, Президент Әкімшілігі ішкі саясат басқармасы қоғаммен және баспасөзбен байланыс бөлімінің меңгерушісі, Президент Әкімшілігі әлеуметтік-саяси бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің бесінші және алтыншы шақырылымының депутаты деп жалғасып кете береді. Серік Тұрарұлы 2016 жылдың наурызынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты, экология және табиғатты пайдалану сұрақтары бойынша Комитеттің, «Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшесі.
Өзіне жүктелген қызметті аброймен атқарғанының белгісі сол, бүгінде «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», Польша Республикасының «Кавалерлік Құрмет Ордені», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалдарымен марапатталған.
Серік Тұрарұлының тағы бір айта кететін қыры – ашық байланысқа бейімділігі. Ол журналистердің сауалдарына жауап беруден қашпайды. Мұны өз сұхбаттарында да айтып жүр. Қазіргі технологиялық заманда интернеттегі ақпараттарды қалт жібермей, түрлі пікірлерді оқып отыратынын да сол сұхбаттарда тілге тиек еткен болатын.
Ширек ғасырлық еңбек жолында ғылым мен саясатты ұшастыра білген Серік Тұрарұлы Сейдумановты абыройлы алпыс жасымен құттықтай отырып, алдағы жоспарларына оң қадам тілейміз!