Қоғамдық диалог – өркенді істің бастауы

Ел өміріндегі орталық және жергілікті органдар шешімін табуы тиіс түйткілді мәселелер айтыла-айтыла жауыр болып, «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым» дегеннің керінен қажыған жұрт көп жағдайда, Президентке жүгінуге мәжбүр болып жататыны жасырын емес.
Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында мемлекет өз азаматтарының пікірін мұқият тыңдауы қаншалық маңызды екенін айтып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялады. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыруды міндеттеген осы тұжырымдама аясында қарапайым елдің көкейіндегі ой жетер жеріне жете бастады. Халықтың талап-тілегін тиісті орындарға жеткізетін басты буын – халық пен билік арасында алтын көпір қызметін атқаратын депутаттар. Халық қалаулылары өңірлерге жұмыс сапарында ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, қоғамдық қабылдауларда елдің арыз-шағымын қарастырады, түйткілдер шешімін табуына өз құзіреті тарапынан ықпал етеді.
Соңғы жылдары туризмді дамыту, оның ішінде қазақстандықтардың еліміздің әр аймағына саяхаттап, туған жер табиғатын тамашалауына қажетті инфрақұрылымдық жағдай жасау арқылы ішкі туризмді дамытуға баса назар аударылуда. Еліміздің түкпір-түкпірінен көптеп келетін демалушыларды айтпағанда, алыс-жақын шетелдерге де аты мәлім Жетісу өңіріндегі бірегей табиғат сыйы – Алакөл. Дегенмен тұтас еліміздің туристік бренді болып саналатын осы көл жағалауында демалып келген жұрт аузынан көңілге кірбің түсірер кейбір келеңсіздіктер туралы аз естімейтініміз де рас. Осы ретте күні кеше Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек Алакөл жағалауында болып, демалыс орындарының қазіргі жағдайымен танысты. Облыс құрылғаннан бері Алакөл ауданына 4,8 миллионнан астам турист келген екен.
Коммуналдық жағажай мен бірқатар туристік нысанды аралап көрген Болат Керімбек санитарлық тазалық, кәріз жүйесі, көлік бақылау және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстарының маңыздылығына назар аударды. «Соңғы жылдары Алакөл жағалауында инфрақұрылым едәуір жақсарды. Электр жарығы мен интернет мәселесі шешілді. Кәріз жүйесі салынып жатыр, бірақ әлі де жүйелі шешімді қажет ететін мәселелер бар. Біз үшін басты мақсат – табиғат байлығын сақтай отырып, халықтың демалысы үшін жайлы жағдай жасау. Бұл бағытта мемлекет пен кәсіпкерлердің күш біріктіруі аса маңызды», – деді депутат.
Мәжіліс Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алакөл жағалауында туристік нысандар саны бір жылда 270-тен асқан. Үздіксіз жарық берілу үшін 56,7 шақырым электр желісі тартылып, қосалқы стансы салынған. 16 базалық стансы орнатылып, жағалау интернетпен қамтылды. Ақши ауылында 69,7 шақырым кәріз желісі тартылып, тазарту құрылғысының құрылысы басталды.
Өз тілшімізден