Ұлы уайымның адамы
1988 жылдың мамыражай мамырында 9-сыныптың озат оқушыларының бірі ретінде осы жолдардың авторы қазақ тілі мен әдебиетінен аудандық олимпиадаға қатысты. Әр ауылдан, әр мектептен келген ұзынды-қысқалы жиырма-отыз ұл-қыз қаламымыздың басын ойлана тістелеп, алдымыздағы ақ қағазға шұқшиып, шығарма жазуға отырғанбыз. Берілген тақырып – «Өзіңізге ерекше әсер еткен әдеби кейіпкер».
Осы пәнге жауапты ұстаздар шыбынның ызыңы естілер тыныш залды аяңдай аралап, қол қимылы кібіртіктеп қалған кей оқушының арқасынан қағып, мұрны тершіп, басы қисайып өндіре жазып отырған баланың қағазына бір көз жүгірте өтіп жатыр.
Кенет менің шимайыма ұзағырақ үңіліп алған мұғалім (аты-жөні әлі есімде – Қадыр Шәріпов) аяғын жеделдете басып, үстел басында отырған өзге әріптестеріне барды да, әлдене деп сыбырлады. Олардың да қас-қабағынан таңданыс табы білінді. Сосын Қадыр аға жай басып, жаныма қайта келді де:
– Тә-әк… жазушы Дүкенбай Досжанның «Жібек жолы» романындағы Қадырхан бейнесі. Неге мұны таңдадың? – деді басқа оқушыларға кедергі келтірмейін дегендей сыбырға жуық бәсең үнмен.
– Осы шығарма өзіме ерекше ұнап еді.
– Мұны мен де қызығып оқығанмын. Дегенмен, бұл кітап, қателеспесем, қазіргі мектеп бағдарламасында болмаса керек. Жарайды, мәселе онда емес. Тарихи туынды ғой, кейіпкер де күрделі. Тақырыпты ойыңдағыдай алып шыға аласың ба? Мен соны уайымдап тұрмын.
– Алып шығамын, аға.
– Жақсы онда. Жаза бер…
Ақыры, сол олимпиадада жеңімпаз атанғанмын.
* * *
Жазушы Дүкенбай Досжан өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы әдеби үрдіске белсене араласып, қазақтың көне тарихы туралы бірнеше кітап жазды: «Жібек жолы», «Отырар», «Фараби», т.б. Осылардың ішінде «Жібек жолы» романының орны бөлек. Ұлы Жібек жолының бойында өркендеп тұрған Отырар мен Сыр бойындағы өзге де көне шаһарлардың сол замандағы кейіп-келбеті көз алдыңызға елестердей көркем де шынайы бейнеленген – у-шуға толы берекелі шығыс базары, қыштан өрілген кесенелер мен мешіттер, сән-салтанаты асқан хан сарайлары мен қарапайым жұрттың қала шетіндегі тастақты тар көшелерде орналасқан құжыралары. Осындай берекелі тіршіліктің көп ұзамай көзден бұлбұл ұшарын сездіріп, шаһар шетінде қан қатқан қу бас сүйекті дауылпазша дабылдата қағып жүрген соғыс хабаршысы – Сүлденің шаң беруі оқырманды іштей алдағы әлдебір сұмдықтың боларына дайындай бастайды. Тіпті шығарманың тілінің өзінде көне дәуірдің ізі бар: кейіпкер жауаптасуларында да, автор баяндауында да қазақтың ескі сөз оралымдары, бүгінде сирек қолданылатын байырғы тіркестер, атаулар жиі қолданылып, оқыған жанды сол заманның атмосферасына енгізіп, әсерін күшейтіп отырады.
«Жібек жолы» мені осындай ерекшеліктерімен қызықтырған еді. Романдағы Отырар билеушісі – Қадырхан бейнесі де (тарихи деректерде Қайырхан аталатын тұлғаны жазушы Қадырхан деп алған) біртұтас жағымды кейіпкер деуге келе бермейтін басты протагонист ретінде сол күрделілігімен, болмысы басқаша тұлғасымен бозбала оқырманды өзіне тарта түскен болатын. Бұл кітаптың 1988 жылы Украинада өткен әдеби бәйгеде «Тарихи тақырыптағы ең үздік кітап» сыйлығын жеңіп алуы да тегін болмаса керек.
Халықтың тарихи жады жаңа деректер мен тың зерттеулердің ықпал етуі арқасында арада жылдар, замандар өте толығып, құбылып отыруы заңды. Отырардың күйреу тарихына деген бүгінгі көзқарастың бұрынғы ұстанымдармен үйлесе бермеуі де түсінікті. Бірақ біз тарихи тақырыпты арқау еткен әдеби туындыны талдағанда, ғылыми мәліметтерден бұрын шығарманың көркемдік табыстарын көбірек сөз етуге тиіспіз.
Өз ой-пікірімен де, іс-әрекетімен де көпшілікке темірқазық бола білетін дара тұлғалардың орны қашанда бөлек. Қоғамдық санаға қозғау салатын да, үлгі-өнегесімен ел-жұртты соңынан ерте алатын да, адамның жанын ізгілендіріп, рухани баюға бағыт нұсқап, жол көрсететіндер де – солар. Тұлғатану тұрғысында да жазушы Дүкенбай Досжан – өте өнімді еңбек еткен жан. Бұған оның «Абай айнасы», «Алыптың азабы», «Мұхтар жолы» секілді шығармалары нақты дәлел. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 60 жылдан астам жабулы жатқан құпия архивіне алғаш енген қаламгер сол зерттеулердің нәтижесінде сот құжаттары желісімен «Абақты» (1992) дерекнама кітабын және 1986 жылғы Желтоқсан қырғынының қанды ізімен «Алаң» (1993) романын жазды. Шаң басқан парақтардан шындықты аршып алуға тырысты.
Жазушының әдебиеттегі тұғырлы тұлғалар туралы жазған көркем эсселерінің орны да ерекше. «Кавабатаның көз жасы», «Дала гладиаторлары», «Рыцарь в седле» тәрізді туындылары әдеби шығармадай әдемі, жеңіл оқылады.
«…Төртінші қабатқа көтеріліп, 16-пәтердің қоңырауын шаламын. Ұзақ үнсіздік. Әлден уақытта темір кәсекілі есік ашылып, арғы жағынан Герекеңнің таныс сұлбасы шалынады.
– Ай, қазақтар-ай, қазақтар-ай, сендерден еш құтылмадым ғой.
– Ғафу өтінемін, тығыз шаруам болып, бас сұға сап шығайын деп… ұйықтап жатыр ма едіңіз?
– Қайдағы ұйқы! Таңғы бестен қағазға шұқшиып, үстелге шаншылып, әлгінде ғана газет қарағалы диванға жантайып едім… Ана шарқайды іл аяғыңа, еден суық, батарея жылуды қойған, ыстық су аптадан бері тоқтаған.
Алдыма түсіп, қуықтай жұмыс бөлмесіне бастайды. Үстел үсті тау боп үйілген қағаз. «Тынығып жатқанда келіп, мазалап, ескі досты ренжіттім-ау» деп іштей қысыламын баяғы. Тезірек келген шаруамды айтып, қағаздарымды көрсете салып, тайып кетуге асығамын. Пәпкемді ашып, ішінен Мәскеудегі баспаға, шетелге жазған хаттарымды шығарып, үстел үстіне жайып салып, көрсете бастаймын. «Үстінен қарап беріңіз», – деймін.
– Бұ не пәле? Граната ма тағы? – дейді Герекең жанарын бағжитып, көзілдірігін киіп жатып.
Мәскеу, шетел баспагерлеріне жазған хаттарды «граната» дейтінбіз…
– Қанекей, гранаталарың кімнің басын жарар екен, көріп жіберейік, – деп Герекең қолына қаламын алып, қағазға үңіліп, жөндеуге кіріседі. – Е-е, бұл анау көкеңе арналған нәрсе болды ғой… е-е… ойбай-ау, мынауың граната емес, нағыз фугас бомбасы болып шығыпты ғой, қой, мұны сәл жұмсартайық, жүрегін ұшырып алып жүрерміз. Ә, мына тұсың дұрыс екен, білсін сенің текке сандалып, қағаз шимайлап жүрген халтурщик емес екеніңді!».
Әлден уақытта есік және зың ете қалады. Елең етіп:
– Бұл келіп тұрған қай қазақ тағы? – дейді, – неміс болса, алдын ала телефон шалып, ескертер еді.
Қоңырау тағы безектеді.
– Мен білсем, бұл – Әбе, – деді де, құлдыраңдап барып, есікті ашты. Шынымен-ақ арғы жағынан суық жымиып, ақырын сызып басқан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қарасы шалынады…».
Міне, «Рыцарь в седле» атты эссесінде Д.Досжан жазушы, аудармашы, сыншы Герольд Бельгердің бейнесін осылай ашады. Бұл – үзінді ғана, туындыны түгел оқыған адам Бельгер тұлғасын тұтас танып, таңданады.
Өмір бойы қара сөзбен картина салып өткен қаламгер ізденбей отыра алмайтын. Сөзді сезіну, ойдағы образды көркемдей кестелеуге ұмтылу бір сәт те тоқтаған емес. Жер қыртысын тінтетін геодезистер бұрғы ұшына алмас қондырады екен. Сол алмас қаншама қатты деген қыртыстың өзін қақыратып сөгетін көрінеді. Сөз де сол алмасқа келеді. Сөздің де дәмі, мінезі, бояуы болады.
Көркем әдебиеттің тілі Астанадан Бурабайға барар жол секілді жаңа жонылған тақтайдай біртегіс келе беруі шарт емес. Тауып айтылған тосын сөз, тың тіркес, жаңа оралым әдебиетті байыта түспесе, кері тарта қоймас. Дүкенбай Досжанның ХХІ ғасырда жазған шығармаларынан сондай жаңа үрдістер де кездеседі. «Сексеуіл шоғының қызуы» хикаятындағы «үні іріді», «назар жықты» деген секілді сөздерді кезінде сынағандар да болды. Алайда оларға белгілі әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке әдемі жауап берді. «Қайғыруының үстіне күйінуі үстеме боп, күйінуінің үстіне қобалжуы қосамжарласып тұрса, ондай халдегі кейіпкердің үні ірімегенде қайтпек? Мұндай талмауыр шақта ауыздан шыққан әр сөздің өзі буын-буынынан сөгіліп, итке құйған іркіттей ірімтіктеліп кетпеуші ме еді? «Үні іріді» дегеніміз осы емес пе?» («Тіліңді әулие тұт, сөзіңді – пір!» мақаласынан).
Өте өнімді еңбек еткен жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты марқұм Дүкенбай Досжан 11 роман, 22 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме жазды. Жеке жинақтары әлемнің 20 тілінде жарық көрген.
Ешқандай қайғы-мұңы жоқ адам қалам ұстап қарық қылмайды. Көкейінде кешегіге деген қызығушылығы, бүгінге деген өзіндік ұстанымы, ертеңге деген алаңы болмаса, ол адамнан қайраткер де, қаламгер де шықпайды. Ал Дүкенбай Досжан үнемі ой үстінде, уайым үстінде, ізденіс үстінде жүретін адам еді. Ол нағыз жазушы болатын.
Өйткені, өз сөзімен айтсақ, «жазушы – ұлы уайымның адамы».
28 мамыр күні сағат 11:00-де Алматы қаласы мемлекеттік архивінде (Алатау ауданы Ақбұлақ шағын ауданы Шуланов көшесі 159 үй, 4-қабат, Көрме залы) жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Дүкенбай Досжанның «Құдіретті қалам иесі» атты әдеби бұрышының ашылу салтанаты өтеді.
Сәкен СЫБАНБАЙ