Сөз бен істің қабыспауы – қай қоғамды да кері сүйрейді
17.10.2023
2884
3


Қанат ӘБІЛҚАЙЫР, жазушы

Әр кітапта белгілі бір кезеңнің, қоғамның тарихи бедері сайрап жатады. Саяси тақырыптар да оқырман назарынан тыс қалып көрген емес. «Талғам-таразы» айдарының кезекті шығарылымында жазушылар – Қанат Әбілқайыр мен Арман Әлменбеттің оқыған кітаптарынан қоғамға кері ықпал ететін көріністер мен басқару жүйесі туралы ой түйеміз.  Соңғы кездері жапон жазушысы Мисимоның «Алтын ғибадатханасын» оқып шықтым. Адамның Құдайға деген сезімі, сенімдердің бекуі мен күйреуі, шексіз махаббат пен жек көру, құмарту мен жеріну – бәрі-бәрі жаныңды табаға салғандай шыжғырып отырады екен. «Алтын ғибатхананың» айналасындағы пірәдарлардың арсыздығы, істеген әрекеттері, уағыздары мен істерінің бір-бірімен қабыспауы біздің бүгінгі қоғамды көз алдыңызға әкеледі. Мисимоны оқып отырып, Нобель сыйлығын алған Иво Андричтің «Дринадағы көпір» романы есіме түсе берді. Мұсылман мен христиан әлемін екіге бөліп тұрған көпірдің айналасындағы оқиғалар Мисимода Құдайға сенетіндер мен сенбейтіндер арасында жүріп жатқандай көрінді. Бүкіл қазақ тарихының куәгері Ясауи кесенесі туралы дәл осындай роман жазылса ғой деп ойладым.

 

Арман ӘЛМЕНБЕТ, жазушы

Басқарудың екі үлгісі

Кейінгі кезде сүйсініп оқып шыққан кітабым Михаил Фишман есімді ресейлік журналистің «Мұрагер» («Преемник») кітабы болды. Кітаптың мұқабасында «Борис Немцов пен ол кісі президент бола алмай қалған елдің тарихы» («История Бориса Немцова и страны, в которой он не стал президентом») деп жазылған.
Қайта құру, тоқсаныншы жылдар, жекешелендіру, жаңа мыңжылдық қарсаңындағы биліктің ауысуы, кейін­гі саясат – бәрі қамтылған. Автор Борис Немцовтың өмірі арқылы елдегі саяси және экономикалық ахуалды, елдің санасы қалай өзгергенін суреттейді. Бірақ кітапты мазмұндау мақсат емес, өзіме ерекше әсер еткен бір жайтты айтып көрейін.
Кітаптан Ресейдің екі президентінің екі түрлі кадр таңдау тәсілін байқауға болады. Борис Ельцин мықты-мықты менеджерлер мен мамандарды шақырып, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берген екен. Елді дағдарыстан шығару керек болды, сондықтан басқа амалы болмаған да шығар. Дегенмен ірілігі, өзіне деген сенімі арқылы да оң бағыт-бағдарды таңдаған деп ойлаймын. Өйткені сол Немцовтың өзі Дмитрий Гордонға берген сұхбатында осы қасиетін ашық айтады. «Ельцин өзінен асып түсетін тұлғалардан қорықпайтын, өйткені өзі де тұлға еді», – дейді. Сондай-ақ тоқсаныншы жылдары өзіне қарсы шыққан саясаткерлерге Ельцин өшікпегенін және телеарнадағы өзін оңдырмай сынап, келеке қылатын «Қуыршақтар» («Куклы») секілді бағдарламаларды жаптырмағанын еске алайық. Осы жайттар оның ұсақ мінезден ада екенін көрсетеді.
Ұсақ мінезден ада болғандықтан да өзінен мықты адамдарды қызметке алудан қорықпаған.
Енді Владимир Путин не істеген? Келе сала Ельциннің командасын құртуға шамасы жетпеген, бірақ уақыт өте келе бәрібір тазалап шыққан. Жаңа басшыға бейімделе алғандарын ғана қалдырған. Совет одағынан шыққан елдердің бәрінде солай дерсіз. Тіпті «шағын мекемелерде жаңа келген басшы өзінің командасын ерте келеді» деп уәж айтатын шығарсыз. Қош, солай дейік. Алайда жаңадан алған адамдары өзіне қарсы шықпайтын, өзінің көлеңкесінде тұруды ғана білетін маман болып келетіні қалай? Қарсы шыққандармен жау болып, түбіне жеткенше ұстасып кеткені несі? Ешқандай сын айтылмайтындай ғып, тек қолдау мен мақтау айтатындай етіп барлық БАҚ-ты тазалағаны ше?
Осы екі мысалға қарап, басшының екі түрі болатынын түсінеміз. Ел басқара ма, облыс басқара ма, мекеме басқара ма, тіпті бір бөлімді басқара ма, бәрібір. Бір адамдар жұмыстың жүруін бірінші орынға қояды да, қол астына білікті, талантты мамандар мен менеджерлерді қызметке ала бастайды. Ондай қызметкерлер еркіндікті ұнатады, мінезді болуы мүмкін. Мықты басшы ондайдан қорықпайды. Себебі ол үшін бірінші кезекте жұмыстың жүргені керек әрі өзіне де сенімді. Шаруаны дөңгелетіп әкетейікші деген мүдде басшыға да, маманға да ортақ болған кезде екеуі бірін-бірі сыйлайды. Басшы өзінің міндетін дұрыс атқарып, жұмысшыға жағдай жасай алса, талап та қоя алады. Білікті маман өзі-ақ жанын салып істейді. Міне, осылай жұмыс өнеді. 
Ал енді шаруаны емес, өзінің жеке басын бірінші орынға қоятын әрі өз-өзіне сенбейтін адам айналасына өзінен төмен, жоқ дегенде өзіне қарсы шықпайтын адамдарды жинайды. Өзінен жоғары тұратын, өзінен сапалырақ жаратылған адамды көрсе, іштей жек көріп тұрады. Билігі жеткен жерге дейін жолатпауға тырысады. Осыдан келіп кері кету басталады.
Енді, бұндай адамның маңайына бұның өзінен де ұсақ адамдар көптеп жиналады. Және де бірінші басшының әрекеті төмендегілерге үлгі болатыны да түсінікті. Олар дәргейіндегілер тура сондай патша болуы үшін, шама келгенше өзінен төмен, төмен болмаған жағдайда жоғары екенін әдемі жасыра білетін адамдарды жинайды. Олардың әрқайсы тағы сондай адамдарды іздеп тауып алады.
Уақыт өте келе лайықты адамдар үлкен істерден қалыс қалып, олар істеуге тиіс жұмыстар істелмей, тоқырау басталады. Жаңа өсіп келе жатқан буын кімге қарап үлгі аларын білмей аңтарылады. Ақылы «нәтижеге қара» дейді. «Сен жеткің келетін жерге жеткен адамдар секілді бол» дейді. Түйсігі дұрыс адамдарға жақын болуы керек екенін сезеді. Ақырында тұрмыс жеңіп, өзін-өзі қайта тәрбиелеп, жағымпаздар мен ештеңеден тайынбайтын қулардың жолына түседі.
Кейін келген ұрпақ өздеріне дейінгілердің әрекетіне баға бергенде осы екі түрлі басқару үлгісі анық көрініп тұрады. Кім құлдыратты, кім өрге сүйреді – бәрі сайрап жатады.
Мінеки, Борис Немцов туралы кітапты оқып отырып, түсінген, ендігәрі көңіліме түйіп жүрейінші деген бір ойым – осындай.

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 17.10.2023 | 17:46

Біздегі жағдай да осындай. Сөз бен істің қабыспауын бұрынғы шал көрсетіп еді, сөз бен істің қабыспауын енді оның ізбасары көрсетіп жатыр.

Аноним 29.03.2024 | 12:03

Таң қалтын ештеңе жоқ. Тура осы жағдай бізде.

Аноним 29.03.2024 | 12:04

Бұл кітап интернетте бар ма екен? Қалай табуға болады екен?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір