Бірегей бітімді тұлға (Ұстаз хақындағы сөз)
Алғаш рет мен Кенжеғали Әбенұлын 1969 жылдың күзінде біздерге – бір топ абитуриенттерге Алматы халық шаруашылығы институтының студенттігіне қабылдау туралы ректордың бұйрығын оқығанда көрдім.
Ол факультет деканының орынбасары еді. Қыр мұрынды, арықтау келген қара торы жас жігіттің сұсты, қаталдау боп көрінетін бейнесі есімде қалыпты. Күзде біз ауылшаруашылық жұмыстарынан Алматыға келгенімізде 31 жастағы сол жігіттің институттың партия ұйымының хатшысы болып сайланғанын естідік. Ол заманда партия комитеттері мен олардың хатшыларының құзыреті зор еді. Ректордың өзіне айтқанын орындатып, тіпті партиялық сөгіс те арқалатып жіберер құқығы бар болатын. Содан бері, міне, 47 жылдан астам уақыт бойы мен ағаның соңынан еріп, шәкірті болып келе жатырмын. Енді қазір өзім де жастарға тәлімгер, ініге аға, немерелерге ата болар жасқа жеттім. Ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас үнемі жайма-шуақ жаздай бола бермейді, кейде жауын-шашынды, бұлтты күзге де ұқсап кететіні, анда-санда екі жақтан да өкпе-реніш те туындайтыны бар…
Ағамыз мені жастайымнан жанына жақын тартты, қасынан қалдырмады. Болашағыма сенім артты. Әр түрлі жоғары оқу орындарының ректоры болған кезінде басшылық жұмысқа қойды. Қазақ мемлекеттік экономикалық университетінде Коммерция факультеті деканының орынбасары, «Маркетинг» оқу-ғылыми кешені проректорының орынбасары, Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде «Экономика және бизнес» оқу-ғылыми-өндірістік кешені жетекшісінің орынбасары, Халықаралық бизнес университетінде Іскерлік әкімшілік факультетінің деканы қызметтеріне тағайындады.
Аспирант кезімізде біз ұстазымызды мақтан тұтып, оны арқаланатынбыз. Ол кісінің Қазақстанда ғана емес, Одақта Мәскеу, Ленинград ғалымдарының арасында беделі жоғары еді. Сағадиевтің есімі біздерді әр түрлі кедергілерден өткізіп, сиқырлы кілт сияқты жолымызды ашып жіберуші еді.
«Менің Әуезовім! Мен оны мақтамаймын, мен онымен мақтанамын», – деген өзінің әйгілі сөздерін академик З.Қабдолов «Менің Әуезовім» атты кітабында өз ұстазы Әуезов туралы осылай айтып еді. Сол сияқты, К.Сағадиев туралы біз, оның шәкірттері: «Біздің Кенже-аға! Біздің ұстазымыз! Біз оны мақтамаймыз, біз онымен мақтанамыз», – деп айтуымызға толық негіз бар. Ол шынында да мақтануға тұрарлық, соған лайық жан.
Кенжеғали Әбенұлының өмір жолы біреулерге Санкт-Петербургтегі Нева даңғылындай тура, үнемі өсу жолы болып көрінуі мүмкін. Сырттан қарағанға солай сияқты. Орта мектепті күміс медальмен бітірді, ҚазМУ-дің комсомол жастар ұйымының белсендісі, Лениндік стипендия иегері, 1957 жылы 3 курста «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» КСРО медалімен наградталды, Кеңес Одағындағы ең беделді экономикалық жоғары оқу орнының – Г.В.Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтының аспиранты, экономика ғылымдарының кандидаты және докторы, атақты «Нархоздың» іргесін қаласып, бұғанасын қатайтып, іргелі оқу орнына айналуын ұйымдастырушылардың бірі, Алматы халық шаруашылығы институтының партком хатшысы, кафедра меңгерушісі, оқу ісі жөніндегі проректоры, Целиноград ауылшаруашылығы институтының ректоры, Қазақ мемлекеттік басқару академиясының ректоры, Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры, Халықаралық бизнес университетінің президенті, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық беру Комитетінің мүшесі, Солтүстік Қазақстан жоғары оқу орындары ректорлар Кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық Қазақстан бөлімшесінің ғылыми секциясының жетекшісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Президиумының Бас ғылыми хатшысы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының жалпы жиналысында баламалы түрде көпшілік дауыспен ҚР ҰҒА президенті және толық мүшесі (академигі) болып сайланды, Қазақстан Республикасының Ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің төрағасы, республиканың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысушы, елдегі әр түрлі экономикалық өзгерістердің бастамашысы, «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясының мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 3-ші және 4-ші шақырылымының депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қаржы және бюджет Комитетінің төрағасы, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі кеңестердің мүшесі және төрағасы. Бұл оның алуан түрлі қызметінің жеке қырлары ғана. Сөйлесе сөздің – шешені, басқарса көптің – көсемі.
Алмастың қырлары неғұрлым көп болса, соғұрлым оның құндылығы арта түсетіндей, адамның да сегіз қырлы, бір сырлы болуы оның халық арасындағы салмағын, беделін арттыра түсетін жағдаят. Нәтижесінде, жоғары білім мен ғылым саласының көрнекті өкілі ірі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде аты шықты, көпке танымал болды.
Шынында да Қазақстан ғылымы мен жоғары мектебі тарихында бір адамның қатарынан республикалық 4 жоғары оқу орнын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясын басқаруы, сондай-ақ ҚР жоғары заң шығарушы органдарына 2 рет сайлануы сирек кездесетін құбылыс. Бұл оның ғылыми интеллектуалдық деңгейі мен жоғары біліктілігінің, ұйымдастырушылық дарыны, ерекше қарым-қабілетінің, дара тұлғасының белгісі.
К.Сағадиев әдебиетші болмаса да, қазақ халқының біртуар азаматтары Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Қаныш Сәтбаев, Шахмардан Есенов, Евней Букетов, Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазиндердің көркем портреттерін асқан шығармашылық шеберлікпен жасады.
Маркетологша сөз саптасақ, академик Кенжеғали Сағадиев өз ұлтының бренд-тұлғасына айналып кеткен адам. Күрескер тұлғаның жолында тосқауылдар да, қиындықтар да мол кездеседі, өйткені ол қалыптасқан жағдайды бұзып, өзгерістердің болуын қаламайтындарды жылы-жұмсақ, жайлы орнынан қозғап, олардың өршеленген қарсылығын, өсек-аяңын, жоғары билік жаққа шағым-арыздарын тудырады.Сондықтан да Кенжеғали Әбенұлының өмір жолы күреске де, тартысқа да толы, бұралаңы мен бұрылысы да көп, қиын, бірақ жеңіске толы жол.
Нағыз адамның қасиеті басына қиыншылық туғандағы іс-әрекетінен, мінез-құлықтарынан да көрінеді. Сонда ақылмен ойлап, жол тауып, өзінің қажыр-қайратына сеніп, қайсарлығымен қиындықтарды абыроймен жеңіп, бір биіктен екінші биікке самғап көтерілгенінің куәсі болып едік.
Ұлы Абайдың кемел, толық адамның сипаты жайындағы:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек, – деген сөздері тура біздің Кенже ағаға арналып айтылғандай.
Әрине, оның қайраткерлік істері, жетістіктері достарын, адал шәкірттерін қуантады, ал тарлық жасайтын жандар арасында қызғаныш та тудырады. Дана халқым «Жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан шөп ереді» деуші еді. Қанша жерден кейбір жандар сыртынан кінә тағып, кемсітпек болса да, ол өзінің шыққан биігінен төмендемейді.
Мен Кенжекеңмен 1998 жылы 27 наурызда Т.Рысқұлов атындағы экономикалық университет жанындағы диссертациялық кеңесте Қазақстандағы лизинг саласы бойынша алғашқы кандидаттық диссертация қорғаған кезде жолықтым. Қорғауды болдырмай тастауға қарсы әрекет жасалды. Соққы ұстазыма да, маған да бағытталды. Диссертациялық кеңес мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, белгілі профессор қорғау басталмай жатып, атып шығып, қағазға жазып алған мәлімдемесін асығыс-үсігіс оқи бастады: «Мен бұл диссертацияны қорғаудан алуды ұсынамын. Диссертация жаман емес, бірақ ізденуші көптеген құқықтық идеяларды ұсынады, оған біздер, экономистер, сараптама жасай алмаймыз. Сондықтан диссертациялық кеңеске ірі заңгерді енгізу керек. Ол сараптама берсін», – деді. Мақсаты – қорғауды болдырмау, кейінге қалдыру.
Реті келген соң айтып отырмын… Міне, осындай қысылтаяң сәтте, тағдырым қыл үстінде тұрғанда, тығырықтан алып шыққан екі ағама – көрнекті мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Жұмақан Балапанұлы Балапановқа және диссертациялық кеңестің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Дүйсенхан Қабдиұлы Қабдиевке қарыздармын. Осы ағаларымның аруағына әрқашан басымды иіп, тағзым етемін.
Қорғау сәтті аяқталып, құттықтаулар қабылдап жатқанда студенттік кезден досым Минаш қасыма келіп: «Әй, Әділбек, мұндай қысымға қалай шыдадың, сенің орныңда басқа біреу болса, жүрегін ұстап баяғыда-ақ құлап қалатын еді», – дегені әлі есімде.
Ұстазымыздың көп уақыты білім мен ғылым саласындағы ұйымдастырушылық жұмыстарға кетті.
Өзім байқаған ағамыздың қызметінің бір ерекшелігі туралы айта кеткен жөн: 25 жылдан астам алты ірі қызметпен қоса кафедра меңгерушілігін, ғылыми Орталықтардың басшылығын қатар алып жүргендігі. Яғни нар тұлғалы ағамыз шын мәнінде бұл кезде нардың жүгін көтеріп жүрген.
Целиноград ауыл шаруашылығы институтында ол салдыртқан тамаша оқу корпусы, жатақханалар, мал дәрігерлік емхана, тұрғын үйлер, бұрынғы Кеңес Одағындағы алғашқы алты биотехнологиялық орталықтардың бірі қалды. Бұл орталық дәнді дақылдардың жаңа, жоғары өнімді сорттарын шығарды, тиімді биопрепараттар жасады. Қазақ мемлекеттік басқару академиясында (қазіргі «Нархоз» университет) ректор К.Сағадиевтің басшылығымен жоғары экономикалық білім беру саласында 1992-1994 жылдары жүргізілген кешенді реформа өз нәтижелерін берді. Кейіннен көп сатылы білім беру жүйесін (бакалавр, магистр, PhD докторы) қалыптастыру, нарықтық экономикаға қажетті жаңа мамандықтар бойынша кадрларды дайындау жөніндегі жаңашыл бастамалар, Басқару академиясы дайындаған оқу жоспарлары, жаңа пәндер бағдарламалары, жоғары білім берудің жаңа мамандықтар бойынша Мемлекеттік стандарттары бүкіл республика оқу орындарына кеңінен тарады.
Жылдар өте келе өз жемісін беріп келе жатқан Кенжеғали Әбенұлының бір көрегендік ісі – Басқару академиясы жанынан экономикалық әдебиеттерді шығаратын арнаулы «Экономика» баспасын құруы, авторларды ынталандыру мақсатында 100-ге жуық жеке және бірлескен авторлық топтармен ректордың келісімшартқа отырып, алдын ала сыйақы төлеуі болды.
Соңғы жылдары осы баспадан қазақ және орыс тілдерінде қаулап шығып жатқан отандық төл оқулықтар мен оқу құралдары аталған шаралардың тікелей жемісі.
1994-1996 жылдары Ұлттық Ғылым академиясының президенті болғанда академияның ғылыми кадрларының негізін және оның материалдық-техникалық базасын сақтап қалуға тырыса отырып, ол ғылымның озық бағыттарын дамытуға қажет төрт жаңа ғылыми-зерттеу институттарын ұйымдастырды. Олар: Алматы қаласындағы Жалпы генетика және цитология институты, Әлеуметтану және саясаттану институты, Шымкент қаласындағы Аймақтық экономика институты, Қарағанды қаласындағы Фитохимия институты. Соңғысы бүгінгі күні шет елдерде сұранысқа ие дәрілік препараттар жасап, халықаралық аренаға шығып отыр.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде академик К.Сағадиев бастаған команда бес жыл ішінде екі дербес институт негізінде аграрлық университетті толық қалыптастырып, мемлекеттік аттестациядан өткізіп, оның дәрежесін Қазақ Ұлттық аграрлық университеті статусына дейін көтерді.
Кенжеғали Әбенұлы ең алдымен еліміздің жоғарғы оқу орындарында танылды, одан республика деңгейіне көтерілді, қанатын кең жайып Одақ көлемінде, одақтық республикаларда есімі белгілі болды, тәуелсіздік жылдары халықаралық семинарларда, симпозиумдар мен Конгрестерде жасаған баяндамалары арқылы әлемдік аренаға шықты.
Ұлттық Ғылым академиясы мен оның Президиумы Орта Азияның ұлы ғалым – энциклопедист және мемлекет қайраткері Мұхамед Тарағай Ұлықбектің 600 жылдығына, Қырғыз эпосы «Манастың» 1000 жылдығына, қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына орай өткізген сессияларымен конференциялары сол уақыттың ірі оқиғаларына жатты. Мысалы, ҚР ҰҒА-ның Абайға арналған сессиясына 50-ден астам ғалым, әлемнің 22 елінен қоғам қайраткерлері, ЮНЕСКО және басқа халықаралық ұйымдардан, шетел елшіліктерінен қонақтар келді. Сонымен қатар, ғылыми және білім беру саласындағы байланыстарды құру немесе дәріс оқу үшін АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Пәкістан, Иран, Израиль, Қытай және басқа шет елдерге шықты…
Кенжеғали Әбенұлы табиғатынан тынымсыз жан, томаға-тұйық, тыныш зейнеткерлік өмірді керексінбейді. Оның белсенді өмірлік позициясы, қайнаған өмірдің ортасында болуға итермелейді, қоғам өмірінің тамырын тап басып, үнемі әр түрлі маңызды істердің басында жүргенін көресіз. Ол әлі де тұғырдан тайған жоқ, одан түсуді тіпті ойламайды. Үйдегі Нағытай апамыз: «Әй, Кенжеғали, қоғамға, елге көп еңбек сіңірдің, енді жетер, тыныш дем ал. Артыңнан келе жатқан балаларыңа жол бер», – деп айтатын да шығар-ау…
Міне, сексеннің сеңгіріне аяқ басқан ұстазымыз, Кенже-ағаның денсаулығы зор болып, жүйрік қаламы мұқалмай, Нағытай апамыз бен балаларының, немерелерінің ортасында сүйікті жар, қамқор әке, аяулы ата, шәкірттеріне талапшыл ұстаз болып жүре беруіне біз, шәкірттері, шын жүректен тілектеспіз!
Айта берсек, ардақты ұстаз, ұлағатты ғалымның рухани өмірімізде үлкен ұйымдастырушы, беделді тұлға, белгілі ғалым, үлкен жүректі ұлт перзенті ретінде атқарған ісі ұшан-теңіз. Өзі киелі топырағын кешіп өскен, күні кешегі Алаш арыстары – Ахаңдар мен Жахаңдарды жаратқан құнарлы аймақтың перзентінің Ел Тәуелсіздігіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Оның бәрін бұл арада тізіп жату мүмкін емес. Қазақ Елі дейтін тамырын тереңнен тартар ғажайып мемлекеттің баянды бүгіні мен өскелең ертеңіне дарынын, перзенттік қарым-қабілетін арнап келе жатқан Кенжеғали Әбенұлы, сөз жоқ, өз дәуірінің бірегей бітімді тұлғасы.
Әділбек Смағұлов,
ҚР Ұлттық инженерлік академиясының
корреспондент-мүшесі.