Қазақ халқының бірегей тұлғасы
29.09.2024
466
0

25 қыркүйек күні Н.Оңдасыновтың өмір жолы мен қазақ халқына жасаған ерен еңбегін дәріптеу мақсатында №53 мектеп гимназиясында №6-кітапхананың ұйымдастыруымен “Ел үшін туған ер еді” атты іс-шарасы өтті. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген қағидаға сүйенсек, әр халықтың даму кезеңінде ерекше тұлғалар маңызды рөл атқарады. Олардың іс-әрекеті мен қайраткерлік болмысы ел жадында ұзақ сақталады. Қазақ халқының сондай ұлы тұлғаларының бірі Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов – қоғам қайраткері, тілші-ғалым, Қазақ КСР Жоғары кеңесі Төралқасының төрағасы және ғылым докторы. Оның өмірі мен еңбектері ұлт үшін өнегелі бола білді.

№6-кітапхана меңгерушісі Қадырбекова Балнұр Асқарқызы

Нұртас Оңдасынов 1904 жылы Түркістан облысында дүниеге келген, бала кезінен ұлттық рухта тәрбие алып, білімге құштар болған. Ол Ташкенттегі мектеп-интернатта тәрбиеленіп, кейін Орман шаруашылығы техникумында оқыды. Еңбек жолын Қызылорда Су шаруашылығында статист болып бастаған. 1928 жылы Талас-Ассы су көздерін іздестіру мекемесінің, 1928-1930 жылдары Шымкент Су шаруашылығында техник маман ретінде қызмет атқарған.

Нұртас Оңдасынов заманның ауыр кезеңінде 13 жыл бойы Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төреғасы болды. Үкімет басына келісімен бірінші кезекте елде жүріп жатқан сауатсыздықты жоюды қолға алып, оны сәтті аяқтайды. Шалғай аудандарда мұғалімдер дайындайтын курстар, училище, облыс орталықтарында мұғалімдер институтын ашып, Орталық Комитеттің саясатының жүзеге асуына күш салады. Қазақстан Орталық Комитетінің бюро мүшесі ретінде ол мәдениет мәселелеріне жауапты болды. Нұртас Оңдасыновты еске алу іс-шарасында оның өмір жолынан көрініс қойып, көрерменге оның қайраткерлік тұлғасы көрсетілді.

Әдеби кеш барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандитаты Меңілбаев Ғани Абылайұлына, №53 мектеп гимназиясының директоры Омишова Асем Нұрмұханбетқызына, №53 мектеп гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жиганбаева Мадина Кенжебековнаға сөз берілді. Сондай-ақ дарынды оқушыларымыз Нұрболатқызы Шырай, Асхат Ақбота, Әбілғазы Жанна өлең шумақтарын арнаса, Бекжанұлы Амирлан керемет күйін шертті.

Қазақ халқының бірегей тұлғасы, қоғам қайраткері, бірнеше сөздіктердің авторы, адал, парасатты ұлы Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған тарихи-танымдық әдеби кешті №6-кітапхана меңгерушісі Қадырбекова Балнұр Асқарқызы қорытындылап, қатысушылар мен көрермендерге өз алғысын білдірді.

№6-шы кітапхана қызметкері
Бақ СЫМБАТ

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір