Сара жолы
Биыл жетінші ондыққа кіргелі отырған жазушы, қаламы қарымды журналист Сара Ләтиеваның мақалаларын мен мектепте жүргенде-ақ жиі оқып жүретінмін. Екі мың он бірінші жылғы ақпан айында болуы керек, «Алматы Ақшамы» газетінен «Махаббат пен сағыныш» деген эссеге көзім түсті, құмарта оқуға кірістім. Сахна саңлақтары Хадиша Бөкеева мен ерекше дауыс иесі, әнші Байғалидың адами тұлғасы, махаббаты мен сағынышын қалай мөлдіретіп жазған. Мына қым-қуыт, жанталасқан заманда осындай шығарманы оқығанда жаның бір тазарып қалады екен. Содан «Алматы Ақшамы» газетіне, «сол кісінің өзіне берерсіз» деп лебізімді жөнелткен-ді…
…Сөйтсем, ол кісім менен бар болғаны үш-ақ жас үлкен екен.
…Біз Одақтағы бір кездесуде жолықтық. Сырт келбеті тартымды, сымбаты бұзылмаған, басына ораған шарфтың ұшын шиыршықтап әкеліп әдемі байлаған, көзі өткір, ал сөзі мірдің оғындай жан екен. Көп сөйлемейді. Дөп сөйлейді.
Ал жазуды – мектепте жүргеннен бастапты.
Сара Ләтиева Қазақстан Журналистер одағының лауреаты. Өзінің еңбек жолын кеңес өкіметінің «Қазақстанда қой санын елу млн.-ға жеткіземіз!..» деген ұранымен өндірістен бастап, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алып, республикалық «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінде, «Ақ желкен» журналында, Қазақ радиосында, Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында» жемісті еңбек еткен.
Әрине, энциклопедиялық білікпен қаруланған сары қыздың нашар жазуға еш құқысы жоқтығы өзінен-өзі мәлім. Ал бойға біткен қайсарлық пен талмай ізденгіш қасиеті қалам сілтесінен сезіліп тұр.
Сараның жарық көрген кітаптарын оқып отырып, оның өнерге ғашық жүрегін танисың. Әр сөйлеміне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын ұғасың.
Сараның «Бұлбұлы» – бұл қазақ ұлтының даңқын Одаққа, қала берді, барша әлемге асқақдатқан бұлбұл көмей Күләш Байсейітова туралы кітап. Ол кітаптан күміс көмей әнші Күләшті ғана емес, сол заманда қазақ өнерінің бастауында болған ірі-ірі тұлғаларды, күллі театр өнерінің тынысын танып білгендей боласың. Күләштай өнер иесінің, аяулы жар, абзал ана, қазақ елі үшін шырылдаған перзент жүрегінің лүпілін тыңдайсың. Өзіңді тірі адамдардың нақ ортасында жүргеніңдей сезінесің. Содан да шығар, кітап халықтың сұрауы бойынша бірнеше қайталап басылды.
Адам өміріндегі нақты деректер арқылы сол кезеңнің тарихи бейнесін жазушылық пайымдау арқылы жүрек көзінен өткізуі үлкен толғанысты қажет ететіні рас. Оған Сараның қарым-қабілетінің қаптал жететініне де еш дау жоқ. Солай дей отырсақ та, Сара негізінен өнерпаз жандарға, сахнада қызмет еткен дарындардың жан сарайына үңілуге әуес. Сараны оқу арқылы мен де ол өнер әлемін ұната бастаған сияқтымын. Маған оның адам жанының терең қойнау-қатпарынан нәзік сәулені ойнатып, соған өзге жүректі ынтық ете білуі, сол арқылы мына өмірді сүюді қара сөзбен жырлағаны ұнайды. Автор әр сөзіне, тіпті титтей дерекке де өте мұқият. «Көз – таразы, көңіл – қазы» деп, сыдыртып өте салмайды. Әр сөйлеміне үлкен жауапкершілікпен қарап, оқырманын ойдан ой туындатуға жетелейді.
Қаламгерлердің өткен жылы ғана жарыққа шыққан «Туған жердің түтіні» маған Сараның тұлғалық тұтас келбетін көз алдыма әкелгендей әсер етті. Онда мына ақша қуған нарық заманында Отанды сүю (патриотизм), өмірге, өнерге ғашық көзбен қарай білу дегенді өз кейіпкерлерінің бейнесімен, еңбегімен көрсете білген. («Өнерге өктемдік жүрмейді», «Ең әдемісі – Жер», «Наркескен», т.б.).
Кітаптағы «Сахнаның падишасы» повесть-эссені оқи отырып, дәл осы шығарма артистер дайындайтын курс студенттерінің әрқайсысының қолында жүрсе, сахна өнерін меңгертуге таптырмас құрал бола алғандай екен деп түйдім.
Қараңыз: «Өнер өнер болып жаралғалы оның тұрақты да басты тақырыбы АДАМ болып келеді. Ғасырдан ғасырға өтіп келе жатқан өнерде оның өмірі мен тұлғасы бейнеленген. Театр, бейнелеу және мүсіндеу өнері арқылы адам өзінің ҒАЛАМ туралы көзқарасын көрсетпек болған. Өнер арқылы мұң төгіп, өнер арқылы сұлулық пен ерлікті мадақтайды. Біз ӘЛЕМ-ді тек қана оның АДАМ мен ҮЙЛЕСІМІ арқылы танимыз және осы үйлесімнің болмысынан басқа ешқандай өнерді білгіміз де келмейді».
Немесе: «Заманаға лайық суреткерліктің бірден-бір белгісі және негізгі қасиеті – азаматтық толысу болмақ».
«Баланың көркемдік талғамын, рухани мүмкіндігін қалыптастыру жұмысы отбасы мен мектеп қабырғасында қалануы тиіс («Туған жердің түтіні» кітабынан).
Былтыр «Орбита» ықшамауданындағы №29-шы Балалар кітапханасында өз кезінде «Қазақстан әйелдері» журналына жарияланған мақаланың ізімен «Қазақтың үш тотысы» – Мағира Қожахметова, Шәрбану Бейсенова және Сара Ләтиева сынды ұлт мақтанышына айналған жазушылармен мектептің жоғары сынып оқшылары кездесу кешін өткізді.
Сонда Сараны жаңа бір қырынан таныдық. Сараның аузынан естіген бір мақалды ғана айтайын:
«Қызға қырық үйден тию» дегенді ести жүріп, оның екінші сыңары бар екенін тіпті білмеген екенмін дей келіп, Сара алдында мөлдіреп отырған жоғарғы сынып оқушыларына неше түрлі ойларымен осы мақалдың екінші сыңарының мәнін ашты. Болашақ иелері – қазіргі жастарға небір мәйекті сөздермен бағыт бере келе, қазақ қоғамындағы отбасының алар ролі, шаңырақтың қасиет-киесі туралы толғады. Ұйып тыңдаған жастардың көзін шырадай жандырды.
«Қызға қырық үйден тию, ұлға отыз үйден жию».
Қызды қырық үйден тыйсақ – болашақ ұлттың тәрбиешісін баптағанымыз. Ал ұлдың ішінде талаптысына отыз ағайыны ортадан көмек көрсетсе – елдің ырысы артқаны. Бағы жанғаны. Биылғы жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінен мына бір дәнді дәйекті оқыдым:
«…Таңданарлығы сол, ағайындары жылда Ташкентте орыс гимназиясында өте жақсы оқып жатқан Мұстафаның оқуына сүйсініп, бәрі бір-бір ірі қара малдан береді екен. Сол ауылда жиналған малды бір кісі Ташкенттегі базарға апарып сатып, соның ақшасын Мұстафаға жеткізіп отырған. Оқуы сәтті, жақсы жүрсін деп ағайындары осылай қолдау жасаған. Ол кезде оқу қиын болған. Мысалы, шәкірт ауылдан кеткеннен кейін ауылына жылдап келе алмаған. Қатынас өте қиын. Сондай жағдайда қаржылай көмек берудің мәні өте үлкен екені өзінен-өзі түсінікті»…
Міне, сізге Сара айтқан мақалдың жарқын үлгісі.
«Асықпай жазамын. Жүзге дейін әлі уақыт мол» деп Сараның өзі айтқандайын әлі халыққа ұсынар (стөл тартпасында дайын тұрғаны бар, жазылып жатқаны бар, ойда жүргені бар) шығармаларыңызды асыға күтеміз. Ең бастысы, «Құдай қуат берсін!» деп тілейміз.
Маркиза Базарбайқызы.