Сәл ғана мызғып ап…
Тәңірінің талғап жаратқан пенделеріне кейде «Өлді деп білместікпен ат қоятын» сияқтымыз… Бұл ойдың
«Осы мен, өлмейтін,
өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын», – деген Мұқағали ақынның әр жылғы туған күні сайын келетіні бар.
Сүлеймен Демирел университетінде өткен «Не деген керемет күн!» атты поэзия күнінде ақын рухы бір сәт сілкініп, жаны таза, ары таза, қолы таза жастардың ортасына келгендей көрінді…
Аталған университеттің филология факультеті мен «Сөз өнері» зертханасының бастамасымен ұйымдастырылған шара «Қарнымыз ашса, тамақ ішеміз, рухымыз ашықса, не істейміз?» деген сұраққа жауап іздеуден басталған болатын. «Ешбір мәжбүрлеусіз, жаттанды қалыпсыз-ақ, бір күнімізді өлең оқуға арнайықшы» деп келісілген еді осы күні.
«Сүйікті ақыны жоқтың – рухани жақыны жоқ…» деп аталған айдарда студенттер мен ұстаздар, қызметкерлер қауымы расымен де өздерінің сүйікті ақындарының өлеңдерін оқыды. Олардың басым көпшілігінің сүйікті ақыны Мұқағали болатындығын болжаған едік…
«Сіз білесіз бе?» деп аталатын жылжымалы айдарда студенттер университеттің әрбір мүшесін іздеп барып, оларға поэзияға, ақындық шеберханаға қатысты түрлі сұрақтар қойып, викториналық ойындар ойнатты.
«Қалқам, мен Лермонтов та, Пушкин де емен…» айдарында «Өлеңге таласы бар» жастар берілген кілт сөздерді пайдалана отырып, жыр жазды. Жыр бәйгесін «Әй, қалай болар екен?» деген күдікпен бастаған біз «Ойпырмай, бұлай да болады екен, ә!» деген таңданыспен түгестік.
Күндердің бәрі керемет болуы өз қолдарында екендігіне көздері жеткен С.Демирел университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығармашыл жастары (жетекшілері: Е.Солтанаева) кеш соңында шағын сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.
…Ол расымен де керемет күн болды деседі көргендер…
Баян Керімбекова,
С.Демирел университетінің «Сөз өнері» зертханасының меңгерушісі.