Жігерлі жандар ғана жеңіске жетеді
12.08.2021
421
0

Токио-2020 олимпиадасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 11 студенттері мен түлектері бақ сынасты. Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының құрамына кірген ҚазҰУ студенттері мен түлектері есебінде; 1. Дмитрий Баландин – жүзу, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы. 2. Виталий Худяков – 10 км. ашық суда жүзу, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, заң факультетінің 2 курс студенті. 3. Нұрдәулет Жұмағали – жүзу, Токио 2021 XVI – жазғы Параолимпиадалық ойындарының қатысушысы, медицина факультетінің 1 курс студенті, дене шынықтыру және спорт мамандығы. 4. Елдос Сметов – дзюдо күресі, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. 5. Жансай Смағұлов – дзюдо күресі, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. 6. Данияр Қайсанов – еркін күрес, медицина факультетінің 1 курс студенті, дене шынықтыру және спорт мамандығы. 7. Әлішер Ерғали – еркін күрес, медицина факультетінің 1 курс студенті, дене шынықтыру және спорт мамандығы. 8. Игорь Сон – ауыр атлетика, медицина факультетінің 1 курс студенті, дене шынықтыру және спорт мамандығы. 9. Жанна Мамажанова – жеңіл атлетика, марафон медицина факультетінің түлегі. 10. Эльмира Сыздықова – әйелдер күресі, Рио-де-Жанейро 2016 олимпиада ойындарының қола жүлдегері. 11. Санжар Мұсаев – садақшы, Азия Кубогінің қола жүлдегері, заң факультетінің 2 курс студенті. 12. Нұрислам Санаев – еркін күрес, 2018 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, заң факультетінің түлегі.
Токио-2020 олимпиадасына қатысушы түлектеріміз бен студенттеріміз еліміздің әрі университетіміздің абыройын асқақтатып, өскелең ұрпаққа үлгі бола білген спортшылар. Олимпиада төрінде бірі туымызды көкке көтергенде ел болып бөркімізді аспанға атсақ, енді бірінің тілеуін тілеп халық болып қолдадық. Бұл қуаныш қара шаңырақ ҚазҰУ-дың да беделін көтере түсті.
Дзюдошы Елдос Бақтыбайұлы ҚазҰУ-дың заң факультетін бітірген. Токио-2020 олимпиадасында 60 келі салмақта ел намысын қорғап, қола медальға қол жеткізді. Осы орайда, біз Елдос Сметовтың ұстазы, биофизика және биомедицина кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Зифа Асқарованы әңгімеге тарттық.
— Университетімізді тәмамдап кеткен, әрі әлі оқуын жалғастырып жатқан барлық спортшылар біздің мемлекеттің намысы, һам мақтанышы. Ал біздер ұстаздар үшін қуаныш. Неге десеңіз баласы тұлпарға мінгенде «тақымын басып» отыратын біз де екінші анамыз. Міне, қанша жыл өтсе де студентім Елдос Сметов әлі күнге кешегідей есімде қалған. Оның да бір себебі, қаншалықты спорт шебері болса да адами құндылығының жоғары болғандығынан болар. Достарымен, курстастарымен тату-тәтті қарым-қатынаста болды. Менің «Адам физиолгиясы» атты пәніме бір жыл бойына қатысқан-ды. Ол кездің өзінде ол бірнеше олимпиадалар мен халықаралық, республикалық жарыстардан жүлделерге ие болып жүретін. Сондағысы, бойында «чемпионмын» дейтіндей мысқылдай мақтаныштың яки менмендіктің нышаны байқалмайтын. Ол жарысқа барып қанша шалдығып-шаршап қайтса да берілген тапсырманы орындайтын. Ол жеңімпаз болдым немесе анықтамам бар деп орындамай қоюына да болатын еді. Әсіресе, оларда жарысқа шығардан алдын машықтану, жаттығу күніне екі, үш реттен болатын. Соның өзінде сабаққа қатысып, дәрістерді өткізіп алмай жүрді. Жалғыз Елдос қана емес, оның қасындағы жолдастары да сондай болатын. Қазақ-орыс топтары бірлікте дәріске де, спортқа да уақыттарын арнай білген-ді. Ішкі мәдениеті, білімі, әрі спорттық шеберлігі бір-бірімен үйлесіп тұратын. Осындайда әл-Фараби бабамыздың: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы», — деген сөзі ойға оралады. Бұл бекерден бекер айтылмаса керек. Құдды біздің спортшы түлектерімізге қарап айтылғандай. Өскелең осынау ұрпақтарға қарап отырып, олардың әрі тәлімді, әрі білімді екеніне қарап көңілің толады. Мен Елдос шәкіртімнің бұған дейінгі Рио-де-Жанейро 2016-да, Азия ойындарында, Әлем чемпионаттарында жеткен барлық жеңісі үшін қаймана халықтың бірі және ұстазы ретінде қуаныштымын. Студент кезінде жеткен жеңістіріне өзі де қуанатын, өзгені де қуанта білетін. Әлі де сол қалпынан таймай келе жатыр. Әлі де ұзаққа шабатынына сенем. Ұстаз болып шәкірт тәрбиелеген соң ба, баланы жіті таниды екенсің. Бір көргеннен-ақ қайсысының қандай салаға қабілеті барын, не ойлап, нені аңсап тұрғанын да сезесің. Елдостың биязы, тыныш қалпының ар жағында үлкен арман жатқанын сонда-ақ ұғындым. Ол Кейптаун қаласында (ОАР) өткен дзюдо күресінен жастар арасындағы Әлем чемпионатында университетіміздің бірінші курсын оқып жүргенде ІІІ орын иеленген-ді. Сонда ол: «Мен өз жетістігімді Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаймын. Менің елімнің Әнұраны жеңіс тұғырынан мақтанышпен естілуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын», — деген болатын. Сол сөзін бүгінде тағы бір мәрте дәлелдеп бақты. Биылғы жеңісін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап отырғаны да анық, — деп жауап берді ұстаз.

Токио-2020 олимпиадасының тағы бір жүлдегері – Игорь Сон, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алуда. Ол 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ауыр атлетикадан жұлқа көтеру және серпе көтеру жаттығуы бойынша 294 (131+163) келіні бағындырып Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Ол жөнінде ұстазы Медицина және денсаулық сақтау факультеті, Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының профессоры, Анатолий Арещенко өз ойын білдірді:
— Игорь Сон өте қажырлы азамат. Ол күніне үш реттен үздіксіз жаттығатын. Сол себепті сабағына да көлеңке түспей қоймады. Дегенмен барлығымыз оған үлкен үміт арттық. Ол да Күншығыс елінде үмітімізді ақтады. Ол Азия чемпионатында жеңімпаз атанған шағында 51 кг салмақта болатын. Ал бұл салмақта олимпиада ойындарында өнер көрсету мүмкін емес-ті. Сол себепті ол 10 кг салмақ қосып, 61 кг салмаққа дейін жетті. Яғни, салмақ жинаудың өзі оңай емес. Оған ерік-жігерлі еңбек қажет. Физикалық тұрғыдан көп дайындық керек болды. Сол салмаққа жету мен жаттығу үшін оның көп уақыты спортқа кетті. Мен оларға сабақ беретін болғандықтан, барынша түсіністікпен қарадым. Оның жаттығудан қалған уақыты тамақ ішу мен ұйықтауға ғана кеткен. Сонда, ойлай беріңіз қаншалықты күш жұмсағанын. Игор Сонның бұнысын ерлік деп айтсақ бекер емес. Қазақстаннан ауыр атлетикадан олимпиадаға лицензия алған екі жан болса, соның бірі біздің студент Игорь Сон. Ол келешегі бар жігерлі жас.
Виталий Худяковтың қандай тәуекелге барғанына баршамыз куәміз. Олимпиада ойындарына дайындық ретінде Ыстықкөлдегі Шолпан-Ата және Каджи-Сай қалалары бағыты бойынша бір жағадан екінші жағаға жүзіп өтті. Тарихта алғаш рет қалалар арасындағы 60 км. қашықтықтағы көлді жүзіп өткен біздің студент. Бұл дегеніңіз қайран қаларлықтай оқиға. Барлығы білетіндей университетіміз спорттық жетістіктерімен танымал. Осы күнге дейінгі олимпиадаларда университет түлектері төбе көрсетіп келеді. Олардың жеткен жеңісі мен асқан асулары баршаға мәлім.
Ал бүгінде біздің түлектердің Токио-2020-дан жеңіспен оралуы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дене шынықтыру және спорт кафедрасы және Университеттің спортклубы жоғары және сапалы дәрежеде екендігін көрсетеді. Біз осымен ғана тоқтап қалмаймыз деп ойлаймын. — дейді ұстаз.
Дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі экономика ғылымдарының кандидаты Ермек Қырғызбайұлы олимпиада мен кафедраның студенттері хақында былай дейді:
— Биыл Covid-19-ға байланысты көптеген түлектеріміз бен студенттеріміз олимпиадаға бара алмай қалды. Жалпы тізімде 25 студентімізді олимпиадаға жіберу керек болғанбыз. Келешектегі олимпиадаларға ҚазҰУ стуенттерін бұдан да жоғарғы дәрежеде дайындамақпыз. Біздің дене шынықтыру және спорт кафедрасына Қазақстандағы ең деген студенттер ғана оқуға түседі. Олар көріп отырғандарыңыздай міндетті түрде олимпиадаға барады. Оларға университетімізден түрлі жеңілдіктер де беріледі. Халықаралық жарыстарға спорттың әр түрлі бағытынан барған студенттеріміз себепті біздің университетімізге осындай шәкірттерді тәрбиелегеніміз үшін алғыс хаттар жіберіліп тұрады. Баршасы білетіндей біздің спорт кафедрасының дипломы өте жоғары дәрежеде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың спорт кафедрасы әлемдегі топ-200 университеттің спорт кешендері қатарында, — дей отырып кафедра меңгерушісі, қазіргі таңда университетімізде денешынықтыру мен спорт саласының дамуы үшін барлық жағдай жасалғанын, сапасы керемет техникалық база студенттердің кез-келген уақытта келіп, әр түрлі секцияларға қатысып, спортпен айналасуына үлкен мүмкіндік беретінін қоса айтты. Жаттықтырушы мен спортшыларымыздың талмай еңбек етуінің арқасында ҚазҰУ түлектері қазіргі таңда Токио-2020 олимпиадасында сәтті өнер көрсеткенін тілге тиек етіп, сөзін қорытындылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өз атынан және университет ұжымы атынан Елдос Сметов пен Игорь Сонның жеңістеріне құттықтауын жолдады. Еліміздің бедел-абыройын асқақтатқан ҚазҰУ студенттерінің спорттағы жетістіктерімен мақтана отырып, барлық спортшыларымыздың болашағына зор үміт артамыз!
P.S. Бет қатталып жатқанда еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрислам Санаев Токио олимпиадасының қола жүлдегері атанған сүйінші хабарды естідік. Ол кіші финалда болгариялық Георгий Вангеловті 5:1 есебімен жеңген-ді. Жерлесіміз жартылай финалда, өкінішке қарай, Үндістан балуаны Рави Кумарға есе жіберіп қойды. Қола медаль үшін күресте Нұрислам намысты қолдан бермеді. Университет түлегін жеңісімен құттықтай отырып, мақтан етеміз.

Дайындаған Нұрбек Нұржанұлы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі
8-727-377-31-48
e-mail: farabipress@gmail.com

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір