Дала екеуміз дерттіміз тең ұшынған…
17.02.2017
1241
0

***
Түсіне білсең әзірге өкпең жоқ маған,
Сора боп айтар сорлылар басқан соқпақ ән.
Естімей көрші: еңірегенін Ертістің,
Буыршынды да, шулап-тулап тоқтаған.

Жарыңа наз, айтуың қиын досқа әзіл,
Тілейтіндері, мадақ пенен бопса құр.
Басыма тиіп бағдарымды оңап жіберер,
Тоғайда алма жоқ қазір.

Ағашқа шығып, сермейтіндердің қолды айға,
Қолтығына тығылмағандар сорлай ма?
Кеміген келіп, кетілген білмен толмай ма?
Жаманда тек, жақсыда кек болмай ма?

Осыған орай жауап табыңыз енді сіз,
Ғасырдың ғазал қадамы адам сенгісіз.
Дайындайтыным ас па, тас па білмеймін,
Жолаушы қайсы, тонаушы қайсы белгісіз.

Көзінен атар көрінбеген соң құралай,
Шаншылды оғым, төсіне таудың сынадай.
Оңатын еді, кінә-қай?
Өмірдің мәнін түсінер пенде жоқ шығар,
Жеті мүшесі жерге тиіп құламай.

Қарғадан сәлем айттым
Астан-кестең болды аспан аядай-ақ,
Қиялым қар кешеді жалаң аяқ.
Бүрісіп үйде отырып қалқатайға –
Қарғадан сәлем айттым алақанат.

Хабаршым бара жатты асығыс тым,
Мазақтап мазамды алды мақұлық түн.
Жалаң аяқ қиялым таптап өткен,
Қан аралас қар суын тасып іштім.

Базарға өзендердің басын іліп,
Қарадық дүниеге қақырынып.
Жер бетінің желігі жеріткен соң,
Жер астынан іздеді асылын жұрт.

Топқа ергім кеп менің де шекем қызып,
(Шылбырауын шындықтың кетем бе үзіп).
Қарғаларға тастап өз өлексесін,
Бөрілер жүр бөктерде бөкен қуып.

Шындық, бөрі, қар, қиял және бөкен,
Қарға әкелер хабардан дәмелі екем.
Білесің үлесіңнің қанша екенін,
Заманақыр, міне, осы қане десең.

Соңына еріп өзім
кеттім елестің
Соңыма ерген көлеңке ме, өлім бе?
– Бұл екеуден құтылатын жоқ ешкім.
Көрінгеннен қалған күпті көңілге,
Жүрек үні естіледі елестің.

Соңыма ерген қызғаныш па, өсек пе?
Бұл екеуден құтылуға болады.
Арып келіп қисайғанда төсекке,
Есік қағар шақырмаған қонағым.

Шылқадай мас шырт ұйқыда шырақтар,
Есік есті сыр бермейді сыртына.
Төсегімді төпештесе сұрақтар
Ұяттымын ұйқыма.

Соған тәуба соңыма емен шөп ерген,
Туған жерде өскен екем сұлтан боп.
Жаннат қой деп Асан атан шөгерген,
Мына маңда шөп ерген не, қылтан жоқ.
Көлеңке өсек, қызғаныш, һәм өлім,
Өмірдегі серіктерім секілді.
Қиялымның ұлан-ғайыр әлемін,
Хиқыметтер қыдырады не түрлі.

Шөп ермеді деп мақтанам несін мен,
Жақсысың деп жарылқаған жоқ ешкім.
Ергендерді шығарам да есімнен,
Соңына еріп өзім кетем елестің.

***
Оңай ма ойдан мәрмәр мүсін оймақ,
Қиял теңіз көрмеген кісі бойлап.
Ойран боп өзім ғашық кісіні ойлап,
Жүйкемді сергеткелі жіп иірсем,
Шүйкемді әкетеді мысық ойнап.
Түтіліп түгеп барам шүйкедей боп,
Екенін енді ұғындым – сүйсе бейнет.
Біреуді шақырып ап жүйкені емдеп
Желпінсем жеңгесудың желігімен,
Түңілу түрткілейді сөйте қой деп.

Туа да тұтқын дейсің қышқылға кім,
Бүлдіріп бүтін тұрған істің бәрін.
Өзімше, деп өмірді мысқылдадым,
Бір ішіп көрейін бе естен танып
Ірітіп таңдайдағы сүттің дәмін.

Құрдымның құлы етем бе құлқынымды,
Шаршадым қуа-қуа түлкі мұңды.
Батырып криссталға кірпігімді.
Ойымнан мүсінді оям, жігіт қызға
Қос қолдап сыйлап тұрған бір шыны уды.

Сағыныш
Балдауренді сағындым,
Саясында сайрандаған сағымның.
Самал желпіп, желбіретіп кекілін,
Кете берді не қылдым.

Сағындым әжемді,
Әніменен әлдилеген әлемді.
Дөкейлікті мен көрсетер едім ғой,
Әжем болса бәлемді.

Әкемді сағынуым күрделі,
Жүрегі де, жанары да нұрлы еді.
Арқалансам атағына айқайлап,
Ақымақ деп жазғыра алар кім мені.

Туған жерді көп аңсайтын боп алдым,
Көкшіл әлем, көркем сурет көз алдым.
Салмағынан қайысады қабырғам,
Кірпігіме қонақтаған тозаңның.

Дәл мен құсап сағынып көр кәне сен,
Жоғалғаным жолығар деп дәметем.
Осы ұлы сағыныштар тұрғанда,
Сүйгеніңді сағынуың ән екен.

Мені-дағы…
Құлқын қуып бойынан қашқан құны,
Сені ұмыттым тағдырдың тастанды ұлы.
Менің мұңым жер мұңы, аспан мұңы
Дала дейтін бір әуен бастап алғам,
Қала дейтін қақпанды басқан күні.

Жаңғырықты сол әнім тасқа ұрылып,
Ұлар шулап кеудемде қасқыр ұлып.
Ереуілсіз ер құлап, ат сүрініп,
Құм мен суды серік қып, құтырды жел
Құрығына ақ төгіліп.

Сен құтырдың сапырып көлді көлге,
Мені-дағы шақырып мердігерге.
Ел мен жерді сүю еді ерлік ерге,
Тау тұлғалар кеудесін тосып тұрды,
Жегізбеудің қамында жерді желге.

Жапырақсыз, бұлбұлсыз тал бұтағы,
Уілдеген бір әуен салды тағы.
Қара жердің кеудесін зар қысады,
Шаранасы кеппеген өскін өмір
Қара уыздың орнына шаң жұтады.

Қалбаңдаған қаңбаққа жел ұшырған,
Арнау бақыт секілді мен үшін ән.
Дала екеуміз дерттіміз тең ұшынған,
Мені осылай салдыңдар үрейлі ойға,
Жел екеуің жалғасып жең ұшынан.

Әзия Мағыперқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір