Біз екеуміз…
21.01.2025
112
0

Үйдегі фотоальбомдарды парақтап отырып, Намазалы екеуміздің шаңырақ құрғанымызға ширек ғасыр толғандағы аға­йынмен бас қосқан кішігірім дастарқанымызды бейнелеген фото-сурет­тердің бірінің астына:
25 жыл талай қырат, жар асып,
Кейде тату, кейде ұрсып, таласып…
Өткізіппіз күміс Күн мен алтын Ай
Аясында дәм-тұзымыз жарасып, –
деп жазыппын.
Иә, дәм-тұзымыз жарасып, бір шаңырақ астында күн кешіп жатқанымызға жарты ғасырдан асқан екен. Аз ба, көп пе, білмеймін. Білетінім – біз бір-бірімізді қас-қабағымыздан тани алатын дәрежеге жеткеніміз; тағдырдың қат­тысын да, тәт­тісін де бірге татып, бір-бірімізді толықтырып жүргеніміз.
…Екеуміз үйленген 1972 жылы мен – он сегізде, сен – жиырма бірде болатынсың. Тым жас едік. Біз қыста үйлендік. Тап сол жылы Алматыдағы Неке сарайы жаңадан ашылған-ды. Үйленген жастар көп еді. Некеге отыру үшін кезекке тұрдық. Кезегіміз 22 наурызға тұспа-тұс келді. Ол кез­де Наурыз мейрамы туралы еш хабарымыз жоқ болатын. Сонымен, біздің неке туралы куәлігімізде «шаңырақ құрған күніміз жылдың басы – 22 Наурыз!» деп жазылған. Тап мұны бүгін мақтанышпен айтып отырмын.
Ерлі-зайыптылық өмірдің жарты ғасырлық ғұмырына «алтын той» деп айдар тағылған. Елу жыл бұрын некеміз қиылған Алматыдағы сол Неке сарайын­да алтын тойымызды шағын көлемде, жанымызға жақын адамдармен, балаларымыз және немерелерімізбен атап өт­тік. Жиен-немерелеріміз Мүневвер мен Ерасыл қыз жолдас, күйеу жолдас болды. Иә, алғаш отбасылық өмірге аяқ басқан баспалдақтарымызбен жоғары көтерілдік; Неке сарайы қызметкерінің құт­тықтауын естідік; марапат­таған сертификатын алдық; алтын сақиналарымызбен алмастық; «Той жыры» әуенінде қалқып биледік; балаларымыз бен немерелеріміздің, келіндеріміз бен күйеубаламыздың ақжарма тілектеріне куә болдық, құрмет­теріне бөлендік. Бұл іс-шараны Намазалы екеуіміздің ұрпағымызға көрсеткен өнегеміз деп түсіндік.
Сені қайдам, өзім махаббат деген ұлы сезімнің жетелеуімен, өзіңмен қол ұстасып кете бардым. Бірақ отбасылық өмірге дайын емес едім. Қатаң талап қою арқылы отанасы қатарына қосқан да өзіңсің. Ата-анасының еркетотай қызы ол талапты қаталдық деп қабылдады. Дегенмен мойынсынды.
Менің алпыс жылдық мерейтойымда: «Мен өз өмірімді Кларасыз елестете алмаймын. Егер өмірімде басқа адамды жолықтырсам қалай болар еді деп ойласам, тіптен санама сыйдырар емеспін. Тап Кларадай мені түсінетін, жаныма жақын адам бұл дүниеде жоқ. Өйткені менің сөйлер сөзім, қояр талабым белгілі. Оны Клараға айт­қандай ғып басқа шашы ұзын ұрғашыға айта алмаймын, жеткізе алмаймын және ол адам қанша данышпан болса да, Кларадай түсіне алмайды. Тіпті қиялға салып көре­йін десем де, менің өмірім Кларасыз болмайтын сияқты. Бұл – менің босаңдығым емес, бұл – менің ақиқат көңілім. «Ерлі-зайыпты бірге ғұмыр кешкен 25-30 жылда бір-біріне бауыр басқаны соншалық, әйелі – қарындасындай, күйеуі – ағасындай болып кетеді» дегенді естуші ем. Сол рас екен. Клара – менің жанашыр қарындасымдай, мен оның арқа сүйер ағасындаймын қазір», – дедің. Маған деген құрметіңе рақмет!
Мені Намазалымен жолықтырған тағдырыма ризамын! Өйткені ол – менің өмірлік ұстазым бола білген жан.
Оң-солын толық танып білмеген, сезімнің жетегімен ата-ана әлпешіндегі он сегіздегі ерке қыздың ерте тұрмысқа шығуы «үйлену – оңай, үй болудың – қиындығымен» бетпе-бет кез­дестірді. Мені сол қиындықтан алып шыққан Нәкең болатын. Оның бәрін тәптіштеп жазар болсам, ұзаққа кетермін…
Сыртқы бейнесі суық, сұсты көрінгенімен, оның жаны жұмсақ, бауырмал жан. Біз университет бітірер жылы қайын атам қайтыс болды да, Нәкең (сегіз аға­йынды) өзінен ке­йінгі іні-қарындастарын түгел өз қамқорлығына алды. Оқимын дегенін – оқыт­ты; жұмыс істеймін дегенін – жұмысқа орналастырды; ұлдарды – үйлендірді; қыздарды – ұзат­ты; бастарына үй алып берді.
Намазалының жанының жұмсақтығы болмаса, мен шешемді қолыма алар ма едім?! Анаммен бірге отыз жылға жуық бір шаңырақ астында тұрдық. Күйеубаласы енесімен «мамшкелеп» қалжыңдасып отыратын. Жасы ұлғайған сайын өзінің мәңгілік мекені туралы ойлайтын болуы керек, шешем бірде: «Ертең мен өле қалсам, қалай ат­тандырасыңдар» дегенді бізге жұмбақтап жеткізді. Сонда Нәкең: «Мамшке, шұрқ етпе, сіз олай-пұлай боп кетсеңіз, басқаны қайдам, өзім жұмыс істейтін ұжымдағылардың бәрі «апалап» жылайтын болады», – деп қалжыңдаған-ды.
Ке­йін шешем қайтыс болғанда аға­йындардан басқа, Нәкеңді сыйлайтын Алматының бүкіл зиялы қауымы – академик-профессорлар, жазушы-журналистер сияқты сыйлы азамат­тардың анамның жаназасында қаздай тізіліп тұруы Нәкеңнің жоғарыда айт­қан сөзінің дәлелі еді.
Кірпігі шаң-шаң болып, көптің ішінде білінер-білінбес боп жүргенді Нәкеңнің суқаны сүймейді. Сондықтан өте талапшыл. Ең алдымен, өзіне және айналасындағыларға талапты қатаң қояды. Алдыңғылардың қатарынан табылуға тырысады. Бұл – оның өмірлік ұстанымы. Алдыңғы шепте жүру оңай емес.
Ол күні бүгінге ше­йін «ауырдың астымен» келе жатыр. Ғалымдық жолындағы кедергілерді өзінің қайрат-жігерінің арқасында жеңе білді. Екінің бірі өз елінде, өз ортасында ғылым кандидаты, докторы болып жатқанда, оның осы атақтарды Мәскеу оқымыстыларының алдында дәлелдеп шығуының өзі қайсарлық дер едім. «Онда тұрған не бар?» деулеріңіз мүмкін. Оған жауап бере­йін: Орысы жоқ ауылда өмірге келіп, қазақ мектебін, одан ке­йін университет­тің қазақ бөлімін бітірген қазақ баласының түсі сұп-сұр, өңінде жылылықтың ізі байқалмайтын орыс оқымыстыларының алдында өз еңбегін (өзге тілде!) дәлелдеп шығуын ерлік демегенде не де­йін?! Дегенмен сол сұсты оқымыстылар әділет­ті екен. Алдарында сөйлеп тұрған қазақ жігітінің тілдік барьеріне қарамастан, еңбегіне тәнті болған олар бірауыздан мақұлдап, диссертациясына оң бағаларын берді.
Сол бір сәт­тері туралы Намазалы: «Архив материалдарын парақтай бергеннен саусақтарым ақ жем боп кететін. Кешке де­йін бір орыннан қозғалмай отырғаннан болар, архивтен шыққан кезімде көзім қарауытып, басым айналатын. Содан жатақханама келіп шәйнекті тыз еткізіп бір шыны ыстық қара шайды ішкенімде, па, шіркін, қазы-қарта жеп, сорпа ішкендей сел-сел терлеп бір рақат күйге түсуші едім!» – дейді.
Иә, сол Мәскеуде өзі айт­қандай «тепеңдеп» он екі жыл жүрді. Бір емес, бірнеше диссертацияға жетерліктей көп материал жинап қайт­ты. Материалдары тақырып бойынша жылдарымен қат­талып «қыздың жиған жүгіндей» ұқыпты рет­телген. Басшылық жұмыстарда жүріп, ол материалдарды пайдалана алмады. Уақыт жетпеді. Бет­терін қызыл, көк, қара сиямен текшелеп жазған деректерге толы қызыл-қоңыр дәптерді анда көшсек те, мында көшсек те «Намазалының көз майын тауысып жазған еңбегі ғой» деп тастауға қимай сақтап жүрдім. «Мүмкін, балаларыма керек болар» деп ойлап ем. Бірақ олар қажетсінбеді.
Намазалы ешқашан қиындықтан қашпайды, керісінше, қиындықпен бетпе-бет келгенде ширай түседі. Сондықтан да маған онымен бірге өмір сүру – жеңіл. Өйткені ол – бар ауыртпалықты өз мойнымен көтере білетін жан. Тағы бір артықшылығы – бүгін бітіретін істі ертеңге қалдырмайтыны, тығырыққа тірелген жағдайда шапшаң шешім қабылдай білетіні.
Оның шапшаң қабылдайтын шешімімен Астананың да дәмін тат­тық. Жастығымыздың, махаббатымыздың куәсі болған, қырық жылғы қонысымыз – әсем Алматыны жасымыз жер ортасына келгенде қиып кетуіміз тек Намазалының нартәуекелінің арқасында ғана болды. Алматыдан Астанаға ат­танарда құдам: «Құдағи, өйтіп-бүйтіп Нәкеңді төркініңе әкетіп барасың-ау», – деп әзілдеген еді. Керісінше, Нәкең мені қайын жұртына алып барып еді.
Алғашында үйрене алмай жүрген Астанаға да бауыр басып, жақсы жандармен араласып, пікірлес дос-жарандар тауып, бір мүшел уақытымызды өткіздік.
Өмір – күрес. Қазір аурумен күресіп, қайтсек те жеңеміз деп, өз-өзімізді рухтандырып жүрміз. Нәкеңнің күрескерлігі осы заманның обасымен бетпе-бет келгенде де байқалды. «Сіздің асқазаныңызда осындай кесел бар екен. Тез арада ота жасамасақ, басқа ағзаға шауып кетуі мүмкін» деген дәрігер сөзін аса сабырмен құп алды. Жоғарыда айт­тым ғой, тағы қайталаймын, ол – тез шешім шығарып үйренген адам. Бұл жолы да нартәуекелмен хирург қандауырын қабылдады. Асқазаны мен көкбауырын ауруханаға тастап шықты.
Аурумен күресу оңай болған жоқ. Бүрі бар, қалың асқазанның жұмысын жіп-жіңішке, жұқа ішек атқаруына тура келді. Асты талғап, таңдап жеу, режимді бұлжытпай сақтау арқылы нәтижеге қол жеткізді. Аллаға шүкір, жаман емес.
Сөйтіп жүріп, бірнеше кітап жазып тастады: «Алаш көсемсөзі», 10 том; «1920 жылдардағы кеңестік журналистика», 1 том; «Жиырмасыншы жылдар журналистикасы», 2 том; «Радиожурналистика негіздері» оқулығын жазды. «Жүзжылдық жылнама» деген атпен шыққан «Егемен Қазақ­стан» газетінің 100 жылдығына арналған 5 томдықтың жарық көруіне атсалысқан бірден-бір ғалым. 2019 жылы осы еңбегі үшін «Егемен Қазақ­стан» номинациясы бойынша байқаудың жеңімпазы ретінде «Үркер» ұлт­тық сыйлығын (1 000 000 теңге сертификатын) алды. Бұл оның өмірге деген, өзінің мамандығына деген құштарлығы дер едім.
Үйленгеннен ке­йін өмірге балалар келді. Оларды жеткіземіз дедік, жұмыс істейміз, ғалым боламыз дедік, тұрмысымызды түзейміз дедік… әйтеуір, ұшы-қиыры жоқ қым-қуыт тірлікпен жүре беріппіз. Шүйіркелесіп әңгімелесуге де уақыт болмапты. Аппақ қарға оранған асқақ Астананың қақ төсінде, Арқаның саф ауасын сіміре жұтып, Есіл өзенінің жағалауында өткен күндерді еске түсіре «есілтіп» он үш жылымызды өткіздік. Өткен өмірімізді сағынышпен тілге тиек ет­тік, алыстағы балаларымыздың болашағын, немерелеріміздің тәт­ті қылықтарын әңгімеледік, өмірде болып жатқан жаңалықтар… әйтеуір, әңгімеміз бітпейтін. Жастық шағымызда пайдалана алмаған ұлы уақытымызды, осылайша, рақат­тана өткіздік.
Өкініш жоқ. Ару қала – Алматымызға қайтып оралдық. Алатау алақандағыдай көрініп тұратын саябақтың жанынан жанымызға жайлы баспана алдық. Таудан соққан самал жел, айналаны әнге бөлеген бұлбұлдың әуеніне елітіп, сол баяғы ақсақалдық аяңмен, әдемі естеліктердің әсерімен күн кешіп жатырмыз. Аллаға шүкір, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мына өмірде бір шаңырақ астында жарты ғасырдан аса ғұмыр кешіп келеміз. Кешегі 21 жас бүгіндері 75-ті қуып жет­ті.
Әр қиындықты жеңген сайын ширап, алдағы күндерімізге үлкен үмітпен ұмтылдық. Бүгінгі жеткен биігіңе апарар сен жүріп өткен ойлы-қырлы жолдар көз алдымда. Адамға даналық уақытпен келеді. Нәкең қазір сондай дана ақсақал жасына келді. Ғибрат­ты ғұмыр кештік деп білемін. Хоббиім болған қабырға газет­терімнің қай санын ашып қарасам да, сенің өсу жолыңды көремін. Өзіңмен бірге біз де өстік…
Алатаудың баурайында жүріп айтар әңгімеміз таусылмасын. Алла тағалам балалар мен немере-шөберенің қызығын екеуімізге бірге көруді нәсіп еткей! Жасыңа жас қосылып, денсаулығың мықты, жылдар бойы тірнектеп жинаған абырой-беделің үстем болсын, өмірге деген құштар көңіліңе көлеңке түспесін!

Клара ХАМЗАҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір