Кемелді жиын, келелі ой
Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы талқыланды. Шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен қаламгерлер қатысты. Жиын барысында ҚР Парламенті депутаты Б.Тілеухан көпшілік қауымға Жолдауда көрсетілген міндеттер жайын кеңінен таныстырып өтті.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасы Н.М.Оразалин ашып: «Биылғы жылы екі бірдей тарихи құжат өмірге келді. Біріншісі – билік тармақтарының қызмет өкілеттіліктерін кеңейту. Оны демократиялық басқаруымыздың нышаны деп отырмыз. Екінші – араға бір жеті салып барып, Елбасы Жолдауын оқыдық. Осы күні осы екі тарихи құжат та қызу талқылануда. Елбасы Жолдауын талдап отырып, әңгіме жүргізу үшін, ресми өкіл ретінде, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан кездесуге келді. Бұл кездесуге Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалы, Алмалы ауданы әкімшілігі және Жазушылар одағы мұрындық болып отыр», – деп, сөз кезегін Бекболат Тілеуханға берді.
Б.Тілеухан Жолдаудағы бес басымдықты талдай келе, білім жүйесін экономиканың ортақ буынына айналдыру, білім сапасын арттыру міндеттері осы салада түбегейлі өзгертулер енгізуді қажет ететінін айтып өтті. Сонымен бірге, мектептегі оқулықтар жайын, ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтықты, маман тапшылығын қозғап, үш тілділікті енгізуде қазақ тіліне басымдылық берілетіні Жолдауда баса көрсетілгенін тілге тиек етті. «Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа барар жер, басар тауы жоқ. Буыны бекіп, бұғанасы қатқанша бала ана тілінде білім алуы тиіс, менің ұстанымым осы», – деген Бекболат Тілеухан: «Өкінішке қарай, біздің мектептерде оқулық сын көтермейді. Оны бұрын да айтқанбыз, қазір де айтып жүрміз. ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліппені алып тастап, оның орнына сауат ашу оқулығын енгізу – сауатсыздық дер едім. Ондай оқулықты уақыттың елегінен өткізбей, қоғаммен ақылдаспай, бес-алты жуас методистің ұсынысымен қабылдай салу – ақылға томпақ.
Парламент депутаттарының әрқайсысының өзінің маманданған саласы бар. Өздеріңіз білесіздер, мен мәдениет саласына, әрі мектепте сабақ берген, ЖОО-да кафедра меңгерушісі болған тәжірибеме сүйеніп, оқу-білім саласында болып жатқан өзгерістерді жіті қадағалап отырамын.
Нұрлан ағам Сенатта депутат болып тұрған кезде, сол кісінің бастамасымен қаламақы, таралым мәселесін Мәдениет туралы заңға енгізген болатын. Не нәрсеге де жаның ашып кіріскен кезде, оған мүмкіндік бар екенінің шет жағасын көрдіңіздер. Енді, міне, сол заң біздің қарауымызда. Бұйырса, қаламақы да, таралым мәселесі де шешімін табудың аз-ақ алдында тұр.
Тәуелсіздікті баянды ету үшін не нәрсені де ақылмен шешу маңызды. Жолдаудағы алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін ішіңді дауға, сыртыңды жауға алдырмас тастүйін бірлік керек», – деп сөзін аяқтады.
Б.Тілеухан Жолдаудағы басымдық берілген салаларды жекелей талдай отырып, кәсіптік техникалық білім беру мәселесі, білім беруді бақылау мен талапты күшейту, әлеуметтік жәрдемақыны көбейту, қаламақы туралы мәселелердің шешілуі үшін Елбасы Жолдауы аясында Парламент мінбелерінде жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қаламгерлер атынан бір топ жазушылар сөз алып, Жолдауда көрсетілген басымдықтар мен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жай-жапсары жайлы ойларын ортаға салды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Драматургия кеңесі төрағасы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев: «Елбасының билік тармақтарының өкілеттіліктерін қайта бөлу жөніндегі Үндеуіне орай үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік мекемелермен әріптес ретінде барынша тығыз байланысты жұмыс істеуі тиіс. Осыған орай, алдағы уақытта Қазақстан Жазушылар одағының да жұмыс ауқымын қазіргіден әлдеқайда кеңейтіп, жаңа деңгейге көтеруіне толық мүмкіндік туады. Бұл ретте Одақ бірінші кезекте Мәдениет және спорт министрлігімен әріптес ретінде барынша нәтижелі жұмыс істеуі керек. Осы тұрғыдан келгенде, бізді алаңдататын бір мәселенің бар екенін жасырғымыз келмейді. Қазір министрлік мәдениетке қоса спорт пен туризмді де бір шаңырақтың астына біріктіріп отыр. Тілдерді дамыту мәселесі де осы министрлікке жүктелген. Бүгінгідей заманда спорттың кез келген елді бүкіл әлемге танытудағы маңызы айрықша зор. Туризм туралы да осыны айтуға болады. Тіл мәселесі де аса маңызды. Мұндай жағдайда мәдениет мәселесі жоғарыда айтылған салалардың көлеңкесінде қалып қоймай ма? Осыған орай, алдағы уақытта Мәдениет министрлігін жеке мекеме етіп қайта құрудың мүмкіндігі ойластырылса дейміз», – деген ұсынысын жеткізді.
Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы Ахметжан Ашири: «Бүгін әрбір Қазақстан азаматының болашағы жайында сөз болып отыр. Келешек туралы үлкен әңгіме айтылса қуанамыз. ҚР аумағындағы ұйғырлардың 87 пайызы қазақ тілін біледі екен. Жолдауда мемлекеттік тілге маңыз берілгеніне біз де қуандық. Одан өзге, оқу, білім жайында айтылған сөздерді де қостаймыз», – деді.
Орыс әдебиеті кеңесінің өкілі Любовь Шашкова аударма мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Сонымен бірге, Жазушылар одағының ел тәуелсіздігінің
25 жылдығына арнап арнайы шығарған әдеби кітаптары жайлы кеңінен толғады.
Филология ғылымының докторы, профессор, сыншы Айгүл Ісмақова әдебиеттану мен қазақ әдебиеті пән ретінде ЖОО-лардан алынып тасталғанына байланысты өз пікірін былай білдірді: «2017 жылдың 17 қаңтарында Пәндер классификаторы шықты. Онда әдебиеттану деген мамандық жоқ. «Әдебиеттану», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі» келер жылы тек «тіл білімі» деп оқытылатын болған екен. Оны айтасыз, «Филология» деген мамандық жоқ. Қазір ЖОО-ларда тек «тіл білімі» деген мамандық қана белгіленген. Мен Ресей мен Қытай университеттерінде жылына екі рет «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша дәріс оқимын. Ал ол «Қазақ әдебиеті» неге өзімізге керек болмай қалды?», – деп, осы мәселенің шешімін табу үшін арнайы депутаттық сауал жолдауын сұрады.
Б.Тілеухан кездесу барысында қаламгерлердің сұрақтарына да жауап берді. «ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу туралы айтылған 26 баптағы «Қазақстан азаматы» сөзінің «Әркім» болып ауысуын қолдайсыз ба?» деген сауалға: «Бұл әлемдік практикада бар. Мәселен, Өзбекстан, Ресейдің заңында «әркім» деп қолданады. Қазір біз бұл заңды қарау үстіндеміз. Айта кетерлігі, бұл баптың жерге еш қатысы жоқ. Бұған байыппен қарау керек. Жер мәселесі 6-шы бапта анық айтылған. Сондықтан саяси астар іздемеген жөн», – деген пікірін білдірді. Одан өзге мектепте үш тілде сабақ өткізу жайлы сауалға: «Жеке ойым, баланы 11-12 жасқа дейін көп қинамау керек. Алайда, ағылшын тілін білу заман талабы екенін де ескерейік» десе, «Академиялық неміс театрында неге ғимарат жоқ?» деген сауалға болашақта ол мәселені де тиісті органдардың құзырына жеткізетінін айтты.
Жиын соңында Н.Оразалин қаламгер қауым атынан Б.Тілеуханға алғыс айтты. ҚР Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы Б.Тілеуханға арналған жырын оқыды. Көпшіліктің сұрауы бойынша Б.Тілеухан ән салды.
Қарагөз Серікқызы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.