ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАЗҒАНЫ ЕЛГЕ ЖЕТПЕСЕ…
Біліп жазғанға не жетсін. Әлемге әйгілі Габриэль Гарсиа Маркес бір мақаласында: француз жазушысы, философы Альбер Камю киносценарийлер жазып күн көрді. Өлерінен бір жыл бұрын қолы жеткен Нобель сыйлығы әйтеуір бала-шағасына бау-бақшасы бар үй сатып алуына жағдай жасаған болатын, – депті.

Камю іспетті дөй қаламгердің күн көрісінің оншама мәз болмау себебін Маркес былайша түсіндіреді: «сатып алушының кітапқа төлегенінің тек он пайызы ғана авторға тиеді. Яғни кітапты, мәселен, жиырма песоға алған оқырманның жазушы дәулетін нығайтуға қосар үлесі екі песоға тең. Қалған туындысын басып шығаруға тәуекел еткен баспагерлер, таратушылар, кітап саудасымен айналысатындар алады»1.
Қазіргі Қазақстанда ғана емес, жалпы адамзат тарихына «алтыншы империя» болып енген Кеңестер Одағының бауырынан өрген қай-қай елдерде де жазушы ондай шамалы үлес-сыбағаға жарып жүрген жоқ. Қазақстан Жазушылар одағының ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған пленумында Одақ төрағасының баяндамасында, жарыссөзде шығып сөйлеген шешендердің сөздерінде жазушы еңбегінің өтеусіздігі, қаламақысы арзымайтыны айрықша атап көрсетілді…

Дегенмен… Соңғы жылдар әлетінде жиі айтылып, қоғам назарына іліккен бұл мәселенің оң шешім таба бастағаны аңғарылады. Нұрлан Оразалиннің ұсынысымен «Мәдениет туралы» Заңға енгізілген өзгеріс, түзетулер арасынан көркем әдебиетке мемлекет тарапынан қаламақы төленетіндігін естіп, қуанып қалдық. Бұл – дұрыс. Әділетті шешім! Айтулы мәселенің бір қыры бұл. Мәселені толық шешудің бар қырын ескеріп, барлық жолын қарастырғанда ғана әдебиеттің жолы ашылып, ұлттық көркем ойдың көсегесі көгермек.
Әйтпесе… Үлкен жолдың бөгелгені бөгелген.
Осы орайда, кітап шығару ісіне өмірін арнаған адамның бірі ретінде өз ойымды ортаға салғым келеді.
Өз басымнан өткен бір жәйтті айтайын. Шығармалар жинағымның 4,5,6-ыншы томдарына баспагер екеуара жасалған келісім шартқа қаламақы алудан бас тартамын деп қол қойғызып алды. Ол-ол ма. Жинағымның қалған томдарын енді керек десеңіз гонорарсыз да шығара алмай жүрмін. Жоғарыдағы министрліктегілер қаражат тапшылығын желеу етеді.
Кітап және кітап ісінің қазіргі нарық жағдайындағы ауыр ахуалы жайлы ренішті сын пікірді әнеу бір әзірде Ұлттық қітапханада өткен Парламент мәжілісінің көшпелі отырысында Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов жалғастырды:
«Мен өзім атақты ақын атансам да, соңғы 25 жылда шыққан кітаптарым үшін 1 теңге де қаламақы алмаппын. Мінеки, мемлекет менің кәсіби шығармашылығымның лайықты бағасын бермеген сияқты болып көрінеді. Бірақ мен ақындық еңбегімнің жемісі – өлең жинақтарым үшін лайықты қаламақы алуға тиістімін ғой»2.
Ақынның соңғы 25 жыл бойы шығармалары үшін қаламақы алмадымының астарын түсіну оншама қиынға соқпаса керек. Олжас Сүлейменовтің Кеңес кезінде жарияланған атышулы «Аз и Я» кітабының (1975) әр баспа табағына 400 рубльден қаламақы төленді. Ол кезде рубль долларыңнан да құндырақ болатын. Кітап көлемі 15 баспа табақтан астам. Есептей беріңіз… Ақынның кей өлеңдер және поэмалар жинағы 200 мың данамен шықты. Гонорар әр жолына төленді. Ал Олжас Сүлейменовтің 2002 жылы жарық көрген «Тюрки в доистории» кітабының таралымы небары 1000 дана. Авторының көк тиын қаламақы алмағанын былай қойғанда.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған пленум мінберінен көрнекті қаламгер Кәдірбек Сегізбаев жазушылар бүгіндер жетім баланың күйін кешіп келе жатқанын айта келе:
«Мұның бәріне… әдебиетке, өнерге деген мемлекеттік қамқорлықтың азайғаны себепші екені сөзсіз. – деді. – Содан да болар, қаламгер атаулының кітабы шықса, қалтасын толтыра қаламақы алатын кеңестік кезеңді жиі еске алатынымыз»3.
Ешкіміміз Совет өкіметін сағынып жүргеніміз жоқ. Десе де, сол кезде істелген істің бәріне күйе жаға беруге және болмайды. Кеңес жылдары баспа ісінде қол жеткен көп-көп табыстардан нарық заманында айырылып қалғанымыз жасырын емес. Оның үстіне өткеннің сол үздік тәжірибесі жөнді зерттелмеуде, зәуменде еске алына қалса, мән-мағынасы көпе-көрнеу бұрмаланады.
Жуықта бір газет мақаласынан: «…совет үкіметі орнап, өз баспаларымыз ашылған кезде бәрін үкімет басқаратын болды. Баспа ашқан да үкімет, кітапқа тапсырыс берген де үкімет, оны таратқан да, қаламақы төлеген де үкімет» деген сөздерді оқыдым. Біліп жазуға не жетсінді мұндайда айта алмасақ керек.
Кеңес уақытында кітап шығару ісін баспа, полиграфиялық өнеркәсіп және кітап саудасы орындары атқарды. Бұл салаларға басшылық еткен Қазақ ССР Мемлекеттік комитеті бір жағы идеологиялық мекеме де болатын. Сол себепті, шығарылатын кітаптардың тақырыптық жоспары, саяси-идеологиялық бағыт-бағдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бюросы, секретариаты, идеологиялық бөлімдерінің тікелей басшылық, бақылауында болды. Тақырыптық жоспар Одақтық Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитетте, ақыр соңында КПСС Орталық Комитеті насихат бөлімінде қаралатын. Ал баспа ашу мәселесін тек Мәскеу шешетін. Мысалы, «Жалын» және «Өнер» баспалары КПСС Орталық Комитеті Секретариатының қаулысы бойынша ашылды.

Сонсоң, жоғарыдағы мақаланың «қаламақы төлеген де үкімет» деген сөздері нақтылы шындыққа сәйкеспейді. Мемлекеттен дотацияны шағын мөлшерде тек «Мектеп» баспасы ғана алатын. Ал «Қазақстан», «Жазушы», «Жалын», «Өнер» және «Қайнар» баспалары өздері шығарған кітаптары есебінен күн көретін. Баспалар, полиграфистер, кітап саудасы орындары үкіметтен бүгінгідей қарыз-қаражат сұрап алақан жаймайтыны былай тұрсын, Мемлекет бюджетіне 12 миллион рубль таза кіріс келтіретін!
Тәуелсіздік және демократия заманының жақсылық жаңалығы – цензура (лито) жойылды, сөз бостандығы жарияланды. Баспа ашып, жабу да оңайлады. Жамандығы – баспа кітаптың кім үшін шығарылатыны түсініксіз: халық үшін дейін десең, таралымы айтуға тұрмайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кітап неге барлығы екі-ақ мың ғана данамен тарауы тиіс? Біздің республика сияқты кітаппен сусындап қалған байтақ елге, әлбетте, бұл аздық етеді»4, – деп тегіннен тегін айтпаған.
Бүгінгі Қазақстанда 17 миллионнан аса халық тұрады. Оның
66 пайыздан астамы, Аллаға шүкір, қазақ – 12 миллионнан астам. Сырт елдердегі қандастарымызды қосып есептегенде – 15 миллиондаймыз. Сонау 1928 жылы жазушы Ғабит Мүсірепов «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінде жариялаған мақаласына «Таратпасақ, кітап басып керегі не?»5 деп ат қойған екен. Бүгінгі заманғы баспа кітаптың жарытымсыз таралымы туралы мақалаға үлы сөз зергерінің қойған тақырыбын қайталауға мәжбүр болып отырмыэ. Тиражы әрі кеткенде 2000 дана кітапты қазіргі 15 миллиондай қазаққа көздің дәрісі етіп тамызсаң да жетпейді гой.
Алматыдағы «Атамұра» корпорациясынан басқа, 280 шамалы жеке меншік баспалар тендерде жеңіп мемлекеттік бюджеттен тиісті қаржы бөлінген соң ғана аз-маз кітап шығарған болады. Және сол азын-аулақтың да түгел сатылуы неғайбыл. Өйткені, бағасы удай. Тиражы там-тұм кітапқа кәсіпкер арзан баға қоя алмайды. Кітап басуға жұмсалған шығынды қайтару үстіне, өзіне нәпақа табуы керек қой. Ал Олжас Сүлейменовтың таралымы 60 мың, әр данасы 74 тиын тұратын «Аз и Я» кітабы қас-қағымда сатылып кеткен болатын.
Нұрлан Оразалин мырза баяндамасында мемлекеттік бюджеттен жазушыларға қаламақы төлеу мәселесі таяуда оң шешіліп, өз мәресіне жетіп қалар деп сенім білдірді. «Аузыңа – май, астыңа – тай» дейді ғой мұндайда қазақ. Алайда, түптеп келгенде, бұл игі іс-шара жүзеге асқан күнде де тираж, қаламақы проблемасы бәрібір жарытымды шешілмейді. Ол үшін Кеңес кезіндегідей баспалардың іргетасы мықты қаланып, көп тиражды, арзан бағалы кітап шығарылуы қажет.
Бұл айтылғандардан, әрине, Кеңес заманында ғана көп тиражды кітап өндірісін ұйымдастыруға болатын еді деген сыңаржақ қорытынды тумайды. Кілтипан – қоғамдық құрылыстың сипатында емес. Баспа кітап жырын нарық та жырлай алады.
Бір ғана мысал. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында орыс баспагері және кітап сатушысы Александр Филиппович Смирдиннің нарық жағдайында атқарған игі істері «Книговедение. Энциклопедический словарь» кітабында былайша баяндалады: «Впервые в рус. печати С. ввел постоянную полистную оплату авторского труда (знаменитым писателям выплачивал огромные гонорары), издавал книги большими тиражами и продавал их по низкой цене»6. Атақты жазушылар деп отырғаны, Александр Сергеевич Пушкин, Николай Васильевич Гоголь…
Смирдин тәрізді баспагерлер жеткілікті қаламақы төлемесе, орыс классигі Федор Достоев-
скийдің күні бүгінге дейін күллі әлем ынта қойып қызыға оқитын дана шығармалары дүниеге келер ме еді, келмес пе еді. Иван Тургеневтің крепостнойлары, Лев Толстойдың – Ясная Полянасы болды. Көпестің баласы Иван Гончаров – бір жағы қызмет істеді. Ал жарлы-жақыбайлар емшісінің отбасында туған Федор Достоевскийдің гонорардан өзге ешқандай табыс көзі болған жоқ. Ол бір кезде тіпті былай депті: «если не удастся пристроить первый свой роман «Бедные люди», то лучше броситься в Неву»7.
Ескі капиталистік Ресейдегі және бүгінгі капиталистік Ресейдегі өнер адамдарының күн көрісі жер мен көктей. Ерлі-зайыпты, атағы жер жарған орыс өнерпаздары – композитор Щедрин мен балерина Майя Плисецкая қазір Германияда тұрып жатыр. Мұның себебін сұраған тілшіге Майя Плисецкая былай деп жауап қайтарыпты: «Біз – Ресей азаматымыз, паспортымыз ресейлік. Мюнхенде Родион Константинович жер жүзіне әйгілі «Шотт» баспасымен жасасқан келісім-шарт бойынша шығармаларының барлығын жариялатты… Ал егер біз Мәскеуде авторлық гонорарға қарап қалсақ, қайыршының күнін кешер едік. Германияда авторлық құқық мүлтіксіз сақталады, қаламақы неміске тән ұқыптылықпен төленеді»8.
Ау, сонда бұл қалай? Қазіргі капиталистік Германиядағы «Шотт» баспасындай баспалар бүгінгі капиталистік Ресейге немесе Қазақстанға неге бұйырмаған?! деп таң-тамаша қаласың.
Еңбегіне тиісті қаламақы ала алмай жүрген бүгінгі Қазақстан ақын-жазушылары әр жерде қосымша қызмет жасап жан сақтайды. Әбдіжәміл Нұрпейісов нарық заманында көп жылдар бойы Қазақ «ПЕН-Клубын» басқарды, Олжас Сүлейменов шет елдерде дипломатиялық қызмет істеді, біраз қаламгерлер Жазушылар одағында, газет-журнал редакцияларында, баспаларда жұмыс істеп жалақы алады. Өзгелері өлместің күнін кешуде.
Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды сол, баспа кітабының бүгінгі күй-жайы мемлекеттік зор проблемаға айналып отыр. «Қалауын тапса, қар жанады» дейді атам қазақ. Үкімет, парламент болып қаламақы төлеудің кілтін тауып, ол үшін бізде не бар, не жоқтың бәрін есепке ала отырып, көп тиражды, арзан бағалы кітап шығарудың кешенді бағдарламасын ойластырулары керек.
Көп тиражды, арзан бағалы кітап шығарудың ілкі шарты – ана тілімізде оқитын оқырман жеткілікті болуы керек. Шүкірлік, бұл көрсеткіш жағынан кенде емеспіз.
Жуырда «Литературная газетадан» атақты удмурт жазушысы Вячеслав Ар-Сергидің мақаласын оқыдым. Сол мақалаға қарағанда, қазір ұлттық жазушылар өз оқушыларынан күн санап айырылуда. Оның үстіне нағыз удмурт тілінде жазатын қаламгерлер бірлеп-екілеп қана саналады. Республика мектептерінде удмурт тілінің пән сағаты қысқартылуда, ал басқа пәндерден удмурт тілінде сабақ беретін мектептер іс жүзінде болған да жоқ9.
Немесе қалмақ ақыны Эрдин Эльдышев: «Бүгіндер қалмақ тілі біртіндеп өшіп барады. Қалмақ жазушыларының басым бөлігі шығармаларын орыс тілінде жазады», – деп күңіренеді10.
Біз, қазақ та бір кездерде осының кебін киюге, ана тілімізден айырылуға шақ қалғанбыз. Тәуелсіздік жылдары, Құдайға тәубе, Абай мен Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов бастаған классиктеріміз, т.б. қаламгерлер жасаған көркем әдебиетті оқитын аудитория жылдан-жылға ұлғаюда. Сырт елдерден миллионға жуық қандастарымыздың атамекенге оралуының өзі не тұрады! Оның бер жағында соңғы ширек ғасырда елімізде салынған 1356 мектептің дені – қазақ мектептері. Бір ғана Алматыда қазір 65 таза қазақ мектебі істейді. 104 мыңға жуық қазақ баласы, яғни оқушылардың
80 пайызы ана тілінде білім алуда. Бұған оңтүстік астанамызда үш мыңнан аса өзге ұлт өкілдерінің қазақ мектептерінде білім алып жатқанын қосыңыз.
Баспаның көп тиражды кітап шығаруы үшін ендігі бір шарт – елде жоғары технологиялы полиграфия өндірісі жұмыс істеп түруы керек. Абырой болғанда, бізде Кеңес кезінде-ақ барша облыс орталықтарында баспаханалар мен кітап қоймалары жаңа типтік жоба бойынша салынды. Целиноградта, Қарағандыда полиграфкомбинаттар бой көтерді. Алматыдағы Кітап қалашығында кітап фабрикасы, баспагерлер үйі, кітап қоймасы, полиграфистер даярлайтын жатақханасы бар училище, тұрғын үйлер тұрғызылды. Сол кездің өзінде-ақ фото және компьютерлік терім енгізіле бастады. «Вычислительный центр коллективного пользования» атты одақтық кәсіпорын көп тиражды кітап шығару ісін жеңілдетті. Кітаптың өзіндік құнын едәуір кемітуге жол ашатын қазіргі электронды басылымдар, яғни ақпаратты электронды құрылғыларға жазу арқылы тарату ісі жүзеге аса бастады.
Көп тиражды баспа өндірісін тиісті дәрежеде жүргізуге қабілетті маман кадр баулып өсіру ісінде де алдыңғылар санатындамыз. Алматы Кітап қалашығындағы полиграфиялық училище 10 мыңнан астам білгір мамандар даярлап шығарды. Бүл училище қазір Алматы полиграфия колледжі деп аталады.
Ендігі жерде істелетін күн тәртібінде тұрған шұғыл шаруа – жоғарыда сөз етілген қолайлы факторларға арқа тірей отырып, көп тиражды кітап өндірісін ұйымдастыруға кесірін тигізіп келе жатқан кедергілерді қысқа мерзімде жоюға күш-жігер салуымыз міндет.
Зор кедергінің бірі – Республикамызда қағаз өндірісі атымен жоқ десе болады. Кітап және газет басатын қағазды Ресейден тым қымбат бағамен тасымалдаудамыз. Алматыдағы «Дәуір» баспасының бас директоры Светлана Мырзахметқызы Назарбаева «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында бұл жөнінде былайша тебіренеді:
«Менің өз басым сан рет Мәскеуге, Соликамскіге, Сыктывкарға, Санкт-Петербургке барып, қағаз өндіруші өнеркәсіптің жетекшілерін тікелелей келісімшарттарға отыруға шақырдым. Дөңгелек үстел басында белгілі бір мөлшерде шегініс жасағанымен, келесі тоқсандарда бағаны бәрібір көтеріп жібереді»11.
Біреулер қағаз өндіретін зауыт салу үшін көп ағаш кесу керек. Республикамыздағы шағын орман алқабы оны көтере алмайды деседі. Олай болғанда, қағаз өндіруді қытай технологиясы бойынша бидай сабаны, нар қамыс өңдеу негізінде неге ұйымдастырмасқа? Тағы бір елеулі резерв – құрамында 72 пайыз жабысқыш, иілгіш целлюлоз бар қарасора егістігін барынша кеңейту болып табылады. Қазір Оңтүстік Қазақстан өңірінде бұл іс айтарлықтай қолға алынуда12.
Ендігі бір шешімін табуға тиісті күрделі проблема, елімізде кітап басуға керекті бояу қат. «Бояуды еске алғанда, – дейді жаңағы сұхбатында Светлана Назарбаева, – жылағың келеді! Бояуды, пластина металдар мен полиграфияға қажетті барлық құрамаларды шетелден аса қымбат бағаға сатып аламыз… Өндіріске күнделікті қажетті жіптің өзіне шетелге тапсырыс береміз».
Елімізде индустрияландыру бағдарламасы қарқынды атқарылуда. Жоғары технологиялы кәсіпорындар үсті-үстіне салынуда. Солардың қатарында қазіргі бизнесмендеріміз ірілі-уақты мындаған полиграф кәсіпорындары үшін баспа бояуын өндіретін өндіріс ашса, пайданың астында қалмай ма?!
Ендігі бір шиесін жатпай-тұрмай шешетін сүбелі мәселе – кітап саудасын жолға қою. Кеңес Одағы кезінде республикамызда 700 қазақ мектебі жабылып, жастар тарапынан оқырман азайғанда да казақ көркем әдебиет кітабының тиражы 30 мынан кем болмайтын. Бұл нәтижеге кітап саудасының республикамыздың барлық аймақтарында кең қанат жаюы арқасында қол жетті. Алайда, нарыққа көшкенде бұрынғы Мемлекеттік Баспа комитеті мен Казпотребсоюздың қалалар мен аудан орталықтарындағы, совхоз, колхоздардағы мыңдаған кітап дүкендері заматта ғайып болды. Сөйтіп, оқырманға кітап жеткізудің басты арнасы құрғап қалды. Мәскеулік «Литературная газета» баспалардың банкротқа ұшырап, жүздеген кітап дүкендерінің жабылып қалуын «гуманитарлық апат» санаса13, бұл артық айтқандыққа жатпайтын ащы шындық.
Бүгіндер 66 миллион халқы бар Францияда 3500 кітап дүкені, 80 миллион халқы бар Германияда – 4700 кітап дүкені істейді. Халқы 18 миллионға жуық Қазақстанда ондай дүкендер саусақпен санарлық. Және сол азын-аулақ кітап дүкендерінің бірсыпырасы қазақ кітабын сатпайды. Алматыдағы Ресей баспаларының өнімдерін саудалайтын кітап дүкендерінің сөрелерінен қазақ баспалары өнімдерін көрмейсіз.
Қазіргі уақытта елімізде 4168 кітапхана істейді. Мемлекеттік бюджеттен, міне, осыларға мол және жетімді қаражат бөлінуі тиіс. Ұлттық кітапханаларға шығып жатқан кітаптардың бір-бір данасын тегін жеткізіп тұруға міндеттейтін заң бар. Ал бұл заңға кіргізілмеген кітапханалардың оқырмандары да жаңа кітапты оқығысы келеді ғой. Осы кітапханалардың әрқайсысы жаңа кітаптардың бір-бір данасын сатып алып отырған күнде қазіргі екі мыңдық тираж екі еседен аса көбейіп, бір оқпен екі қоян атып алар едік қой!
Республикамызда кітапхана қоры (библиотечный фонд) азайып барады. Бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша «Атамұра» корпорациясы, «Мектеп», «Қазақ университеті», «Фолиант», «Экономика» баспалары өнімдерінің бір-бір данасын Кітап палатасына қазір де ұқыпты түрде жіберіп тұрады. Алайда, соңғы жылдары баспалар мен баспаханалардан кітап және басқа да баспа өнімдерінің міндетті даналары келіп түсуін заңды түрде реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттан Республикалық Кітап палатасы алынып тасталуы салдарынан кішігірім баспалар, мысалға «Шың-кітап», «Аударма» баспалары кітаптарын палатаға бірде жібереді, бірде жібермейді. Тіпті, баспа өнімдерін мүлдем жібермейтін баспалар да бар, мысалы «Эверо», «Көкжиек», «Горизонт» және т.б.
Республикамызда кітап сатуды көбейту көздерін аршу, табу ісімен ұдайы шұғылдануымыз қажет. Газет-журнал киоскілері арқылы кітап сату ісін жаңғырту жөн. Мәселенки, Алматыдағы киоскілердің әрқайсысы күніне үш кітап сатса, кітап таралымын арттырудың бұл да бір қайнар бұлағына айналар еді.
Бүгіндер Ресейде интернет-магазиндер арқылы сатылған кітаптар саны елеулі түрде өскен. Біршама оқырман белгілі кітапқа заказды үйінде отырып-ақ жасайды. Жеке меншік баспалар «піс, аузыма түс» деп отыра бермей, осы мүмкіндікті де пайдаланулары тиіс.
Баспа кітап шығаруды жолға қоюда тағы бір есте мықтап ұстайтын маңызды мәселе – жаһандық сипатты заманауи өзгерістердің адам болмысына едәуір өзгерістер енгізгендігі. Қазақстанда «кіtар кz», «Audio – kitap» арқылы 500-ден астам автордың электронды кітаптары сайтқа енгізіліпті. Дегенмен, оқырман жұрттың, әсіресе жастардың компьютер мониторы мен смартфонға шамадан тыс қадалушылығын құптауға болмайды. Жуырда Алматыда ЮНЕСКО-ның қамқорлығы аясында «Оценка грамотности, разработка и дизайн видов тестирования» атты үш күндік семинар өтті. Семинарда сөз сөйлеген ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластер Бюросының директоры Андрей Шевелев:
– Қазіргі балалар уақытының көбін интернетке, ұялы телефондарының экрандарына сұқтанумен өткізеді. Смартфон арқылы түрлі әлеуметтік желіге байланған бала адамдармен қарым-қатынастан алыстап, үлкеннің ақылын тыңдаудан біртіндеп айырыла бастайды. Осыған байланысты ЮНЕСКО қазір жасөспірімдердің интернетке шұқшию сағатын шектеу конвенциясын талдап шешуге кірісуде, – деді.
АҚШ тұрғындары смартфон экрандарына күніне орта есеппен 150 рет, яки әр бес минут сайын үңіледі екен. Зерттеуші мамандар смартфонға тәуелділіктің психологиялық аспектісі бар екенін, дисплейге шамадан тыс төнушілік адамның жеке тұрмысына өлшеусіз зиян тигізетінін анықтады. «Исследователи допускают, что чрезмерная тяга к смартфонам портит романтические отношения настолько, что на ней лежит часть вины за увеличивающийся процент браков, заканчивающихся разводами: сейчас в США эта цифра составляет 40 процентов»14.
Мемлекет бағдармалардың сапалы һәм жемісті орындалуының бас бақылаушысы – «Нұр Отан» партиясы, басқа да партиялар, жергілікті әкімдіктер кітап оқудың адамның ойлау қабілетін күшейтуде, тіпті денсаулығын сақтауда смартфондарға қарағанда әлдеқайда тиімді екенін, бұны жаһандық оқымыстылар ғылыми тұрғыдан толық дәлелдегенін оқырман жұртқа кеңінен түсіндірулері тиіс. Ресей Ғылым Академиясының Н.П.Бехтерев атындағы Адам миы институтының директоры Святослав Медведев:
– Компьютерлік ойындарға шамадан тыс берілу адам миының шешім қабылдау қабілетін нашарлататынын, ал көркем әдебиетті оқу кейіпкерлердің характерін, ойы мен іс-әрекеттерін талдауға көмектесетінін жазады. Мұның үстіне, – дейді Медведев, – кітап адам қиялына қанат бітіреді, ойлау мәдениетін дамытады15. Электрондық гаджеттер мидың қағаз кітап оқыған кездегі бөліктерін емес, басқа нүктелерін қимылға келтіреді. Нәтижесінде, ақпараттың логикалық талдануы (интерпретациясы) бейне түрінде құрастырылмай, басқа бір неомифологиялық сананы оятады.
Кітап оқу – әлемдік мәдениеттік құбылыс, ХХІ ғасырда парасатты ұлт қалыптастырудың сара жолы. Мәдениет саласына бюджеттің қалған-құтқан сарқытын (остаточный принцип) қалдыру әдеті ұлтымыздың былайғы дамуына кедергі жасайтынын түсінетін уақыт жеткен сияқты.
Белгілі сазгер, өнертанушы, қоғам қайраткері Михаил Казинник мына бір қызық жәйтқа көңіл аударады: «В Швеции на культуру отпускают больший процент бюджета, в России – намного меньший. И даже эта разница сразу отражается на духе страны. В Швеции живешь как на другой планете: спокойные, улыбающиеся люди, тихо разговаривают друг с другом…Когда мы туда переехали, то без всяких опасений отпускали 15-летнего ребенка на улицу до полуночи и двух ночи, хотя до того он не знал, что такое гулять во дворе…»16.
Баспа кітап шығарудың кешенді бағдарламасында мемлекеттік баспа құруды да ойластырған жөн. Мәселен, Саха (Якутия) республикасында «Бичик» атты ұлттық баспа әлеуметтік маңызы бар әдебиет, оның ішінде көркем әдебиет үлгілерін шығаруда.
Немесе «Қазақ әдебиеті газетінде жарияланған мына бір ақпаратқа көз тігелік. «Италияда 1998 жылы барлық жекеменшік банктер өздерінің жылдық табыстарының бір бөлігін Мәдениет министрлігіне және тәуелсіз қоғамдық мәдени ұйымдарға» аударатыны туралы «Чампи заңы» шықты. Бұл қаржы… классикалық әдебиетті қолдауға жұмсалады»17. Мұндай игілікті істен біздің олигархтарымыз тыс қалмағаны, шық бермес Шығайбай болмағандары жөн.
Баспа кітап шығару ісін дамыту мақсатында салықтық жеңілдіктер қарастырылуы керек. Ресейде баспалар қосымша салық төлеуден босатылған. Еуропалық одақта, Швейцария, Норвегияда салық басқа кәсіпорындармен салыстырғанда бірнеше есе төмендетілген.
Немесе жарнама мәселесін
алайық. Үкімет еліміздің жас тұрғындарына арналған әдеби шығармаларды тегін жарнамалауға мүмкіндік беру жағын қарастыруда. Қазақстандықтардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында кітап оқуды қолдау жөнінде ведомствоаралық кеңсс құрылмақ. Сол кеңесте телеарналардың жарнамалық қызметін жақсарту шаралары да қарастырылса. Қазір «Хабар», «Қазақстан» теледидарлары аптекалардың бір жылда екі есе қымбаттайтын дәрі-дәрмек жарнамасын серия-серияларының ара-арасына бес-он минут сайын тықпалап мезі етеді. Олар дәріні жұрттың бәрінен көп сатып алатын зейнеткерлердің қалтасын тақырлауға жәрдемдескенше, бір уақ кітап насихатына көңіл бөліп, теледидар үлттық тәрбиенің маңызды құралы екендігін ұмытпаулары керек қой.
Баспа өнімінің сапалы шығуы кітаптың тез тарап кетуіне септесетінін дәлелдеудің қажеті аз. Көп баспа өнімдерінің оқылмайтыны, стилистік, емле қателерінің жаңа шыққан кітапта өріп жүруінің себебі, жеке меншік баспа аппаратында редакторлар, корректорлар құрамы жетімсіз. Тіпті, «И швец, и жнец, и в дуду игрец» деген сияқты өзі директор, өзі редактор, өзі корректор болып істейтін баспалар да ұшырасады…
* * *
Бір кезде Мұхтар Әуезов: Сартау жайылымына барып қайтқан Ғабит Мүсіреповтің ойлы да өткір очеркін оқығанын жаза келе, былай деп толқыды:
«Жазушы «алты аяқтың» астында өмір сүрген шопандарды суреттейді. Малшылар жылдар бойына кітап көрмеген. Осыдан 10-15 жыл бұрын сауатсыздығын жойған адамдар қазір қайтадан сауатсыз қалпына түскен тәрізді. Осының бәрі кітап оқымаудың салдарынан болған сорақылық»18.
«Осыған орай, – деп жазады ұлы Мұхаң, – бір жайды ерекше айтпасқа болмайды. Қазақ ССР Мәдениет министрі тираж мәселесінде… кейбір қауқарсыз, құнтсыз, жалғаншыл қызметкерлердің жетегінде кеткені байқалады»19.
Ал қазіргі уақытта елімізде баспа, полиграфия және кітап саудасы мәселелерімен шұғылданатын арнайы министрлік тұрсын, агенттік те жоқ. Бұл күрделі шаруашылықтың тетігін білетін мамандар қайда істеп жүргендері белгісіз. Айналып келгенде, баспа кітап ісі кенже қалып, енді шопандар ғана емес, жалпы қазақ кітап оқудан қалып барады. Ұлы Мұхаңды ренжіткен сорақылықтың көкесін ХХІ ғасырда көреміз деп кім ойлаған.
Мағжанша айтқанда, «Алтын Хакім» Абайдың: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге, Артық білім кітапта. Ерінбей оқып көруге» деген «мың жыл жүрсе де дәмі кетпес» мәслихаты – қасиетті, құдіретті ұлағат. Кітап – ой кеніші. Кітапсыз ел-жұрт мәдениетін көтеру, интеллект, парасатын тереңдету мүмкін емес.
Шериаздан Елеукенов,
СССР «Үздік баспагері» белгісінің иегері
Сілтемелер:
1«Қазақ әдебиеті» газеті. Габриэль Гарсия Маркес. «Газеттік жазбалар». Орыс тілінен аударған Б.Әдетов, 18.11. 2016.
2«Қазақ әдебиеті» газеті. Қарагөз Серікқызы. «Кітап – ұлттық қазына».
4-10 қараша, 2016 ж.
3«Тәуелсіздік – ұлт рухының бастауы». «Қазақ әдебиеті» газеті. 2-8 желтоқсан,
2016 ж.
4Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2006 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатынан.
5Ғабит Мүсірепов. Суреткер парызы». «Жазушы» баспасы. Алматы. 1970. 16 б.
6Аталған кітап. Изд. «Советская энциклопедия. 1982. с.489.
7Николай Никулин. Литературовед Игорь Волгин: «У Достоевского был выбор: либо пристроить свой роман, либо броситься в Неву». Газета «Комсомольская правда». 11.11. 2011.
8«Комсомольская правда». 20 ноября,
1910 г. с.10.
9Анастасия Ермакова. Творить не благодаря, а вопреки. «Литературная газета». 23-29 ноября, 2016 г.
10Эрдин Эльдышев. Язык – душа народа. «Литературная газета». 7-13 декабря,
2016 г. с.11.
11Талғат Сүйінбай. «Дәуір» «Дәуір» болғалы қағаз қат-бояу қымбат».
12Бақтияр Тайжан. «Қарасорадан қағаз өндіріледі. «Егемен Қазақстан» газеті. 8 шілде, 2016 ж.
13Сергей Дмитриев. «Страшно представить Россию без книжных магазинов». «Литературная газета» 18-24 февраля, 2015 г.
14Газета «Московский комсомолец». «Смартфон неожиданным образом вредит интимной жизни». 21-27 декабря, 2016 г. стр. 24.
15«Комсомольская правда». 7-14 декабря, 2016 г. с.22.
16 Газета «Время». 24. 11. 2016 г.
17«Қазақ әдебиеті» газеті. Қарагөз Серікқызы. «Кітап – ұлттық қазына». 4-10 қараша, 2016 ж.
18Мұхтар Әуезов. 19-том. «Сөз – кітап достың жөнінде. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы. «Жазушы». 1985. 316 б.
19Сонда. 347 б.
ПІКІРЛЕР1