ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ
Көші-қон мәселесі әлі күнге дейін ел назарынан түскен емес. Тарыдай шашылған қазақты отанға көшіру үрдісі еш тоқтамайды. «Елге ел қосылса – құт» деген бабаларымыз. Өз қазағымыз тұрмақ, кезінде жер аударып келген өзге ұлт өкілдеріне пана болғаны тарихтан белгілі.
2021 жылдың сәуір айындағы мәлімет бойынша сол жылы Қазақстанға 3966 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесіне ие болған. Осы жылдың басынан бастап елге келген қандастардың жартысынан астамы, яғни 75,6 пайызы Өзбекстаннан, 11,9 пайызы Қытайдан, 5,8 пайызы Түркіменстаннан, 3 пайызы Моңғолиядан және 3,6 пайызы басқа елдерден келген. Еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,9 пайыз болса, еңбекке қабілетті жастан кіші 24,1 пайызды, ал зейнеткерлер 16,0 пайызды құрап отыр.
Былтырғы өткен үкіметтің жиналысында Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың түсіндіруінше, «Ашық Қазақстан 500+» тұжырымдамасы елімізге білікті кадрлардың келуіне, шетелде жұмыс істейтін отандастарымыздың құқығын қорғауға және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жоюға, жалпы көші-қон саясатын тиімді «жаңғыртуға» бағытталады деп атап өткен екен. Елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылатын болады делінген.
Тұжырымдамада тағы бір қамтылған мәселе – шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау.
Ал енді сол жиында Үкіметбасы Ә.Смайылов былай деген: «Біздің отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетілетін болады. Ол үшін қазақстандық азаматтар көп жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалады. Қай елде еңбек етсе де, біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек».
Бұның бәрі «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізілетін болады. Мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асады.
Тағы бір қуанышты хабар, биылдан бастап шетелде тұратын қазақ балаларының басын қосатын жазғы лагерь биыл 1-14 шілде аралығында ұйымдастырылады екен. Алыс-жақын шетелден 150 бала қатысады делінген.
2022 жылы Бурабай төріндегі «IQanat» мектеп базасында ұйымдастырылып, Франция, Түркия, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей сынды 8 мемлекеттен жалпы саны 84 бала қатысқан. 2023 жылы 1 шілдеден 14 шілдеге жалғасқан қазақи жазғы лагерь бағдарламасында балалар атқа міну, садақ ату, асық ойнау, киіз үй тігу, ұлттық аспапта ойнау, интенсивті форматта қазақ тілін үйрену сияқты ұлттық құндылықтармен қатар, мобилография сияқты заманауи сабақтардан білімін жетілдіреді.
«Жазғы лагерь» жобасына қатысу үшін «Отандастар қоры» 12-17 жасар шетелдегі этникалық қазақ балалары арасында өткізетін онлайн байқауға қатысып, тегін жолдама ұтып алуға мүмкіндік бар.
Міне, осындай игі шаралар қандас балалардың жасөспірім жаста келіп, елді аралап, табиғатымен танысып, ата бабасының жеріне табан тіреп, болашақта елге оралуға септігін тигізеді.
Қандастарға жайлы жағдай жасауды мемлекет күн тәртібінен түсірмек емес.
Жанна АҚБЕРГЕНҚЫЗЫ