Әдебиет тарихшысы Мұратбек Бөжеев
Мұхтар МАҒАУИН
Қазақ ұлттық зиялыларының алғашқы легі – патша заманында, бір тарабы Омбы, Томск, одан әрі Москва мен Санкт-Петербург, қиырдағы Варшава мен Берлинде жоғары білім алып, түгелдей дерлік Ұлт-азаттық қозғалысы Алаш Ордаға қатысқан, ақыры 1929 жылы жаппай тұтқындалып, атылып, айдалып, ең соңғы жұқанасы 1937 жылғы Үлкен террор кезінде жойылып біткен, бүткіл отарлық Азия құрлығында теңдесі жоқ, қуатты, өзгеше қауымның тағдыр-талайы көпке мағлұм. Алайда, осы жиырмасыншы-отызыншы жылдар тоғысында алдыңғы ағалардың ізімен жаңа бір толқын қалыптаса бастаған еді. Алаш арыстарының көзін көрген, сөзі мен ісін үлгі тұтқан, білімдар әрі күрескер ұлттық тұлғалардың жаңа нұсқасы. Бұл топтың ең жарқын өкілі – қаламгер, социолог, мемлекет қайраткері Смағұл Садуақасов болды. Және ғылым мен әдебиет саласында қаулап шығып келе жатқан жігерлі жастар. Бұлардың тағдыры тіпті қиын болғанын көреміз. Алдыңғылар қаншама шаруа атқарып, айтарын айтып кетіп еді, кейінгілер қоғамдық өмірге араласып, дыбысын шығарып үлгерер-үлгерместен жаппай тұншықтырылды. Әлібек Қоңыратбаев сияқты білгір әдебиетшілер айдалып, атуға кесілсе, көпшілік жастар тұяқ серпе алмаған, шарасыз жағдайда дүниеден баз кешті. Осы ретте әдебиет тарихшысы, барлық азап пен тозақтан аман өтіп, ақыр түбінде әуелгі мүмкіндігінің әлденендей бір бөлшегін кәдеге асырып, қатарға қосылған Мұратбек Бөжеев (1910–1980) тағдыры өзгеше сыпат танытады.
Мұратбек Бөжеев Қарқаралы дуаны, Дағандел болысында (кейінде Семей облысының Шұбартау ауданы) туыпты. Осы өңірдегі ежелден белгілі әулеттен. Алтыншы бабасы Жанбай-жарғышы өз заманындағы орыс-қазақ қатынасында, тарихи құжаттарда аталатын, есімі өлең-жырға қосылған тұлға. Әкесі Бөжей Мыңғатұлы әуелгі қазақ зиялыларының санатында. 1880 жылдардың орта шенінде Омбы қаласындағы «Орталық фельдшерлік мектепті» бітіріпті. Бұл – осы
80 жылдардан бастап алғашқы қазақ дәрігерлері – Жакула Күшіков, Бақи Шалымбеков, Баймұрат Досымбеков, Аббас Айманов сияқты белгілі мамандар оқып шыққан, өрелі оқу орны болатын. Бұдан соң Томск университетінің медицина факультетіне түседі. Бітірген, әлде орта жолда оқуын үзген – нақты дерегі белгісіз. Ақыры, 1890 жылдардың бас кезінде Шыңғыстаудың түстігі, Абай қонған, кейінде Мұхаң жазған Бақанас өзенінің бойындағы ата қонысына қайтып оралады. Және өз заманындағы оқыған ағайындардың көпшілігі сияқты, ел билігіне араласпай, таза дәрігерлік қызметпен айналысқан. Осы орайда Абаймен дос-жар жағдайы, жыл сайын ұлы ақынның денсаулық жағдайын тексеріп тұруы, ақыры, Абай ажал жастығына бас қойған кезде арнайы баруы – сол заман естеліктерінде таңбаға түскен. Бөжей 1930 жылы қызыл жендеттер қолынан қазаға ұшырайды.
Бала кезінен өзгеше зиыны байқалған Мұратбек әуелде үй ішінде әкесінен, одан әрі жалдамалы орыс оқытушысынан бастауыш білімін негіздейді. Содан соң Семей Мұғалімдер семинариясын бітіреді. Мұхтар Әуезовтен дәріс алған. Ізінше, Қарқаралы қаласындағы мұғалімдер курсында оқытушы болады. Мұнда Ахмет Байтұрсыновпен ұшырасады, ұлы ұстаздың үлгісін танып, тағылымын алады. Міне, осы кезде қазақ ән-күйлерін жинақтап, зерттеп жүрген атақты Затаевичпен кездесіпті. Кейінірек, 1931 жылы шыққан «Қазақтың 500 ән, күйі» жинағында Затаевичтің арнап айтатыны бар: «Жас, әрі жігерлі халық мұғалімі Мұратбек Бөжеевке мейлінше қарыздармын; ол маған көптеген қызғылықты әуендерді айтып, жаздырумен қатар, менің жұмысымның мән-маңызын түсінген саналы ісімен өз тұстастарына да үлкен қозғау салды», – деген.
Ана тілін оқып-тану, ғылым-білімді игеру туралы алғашқы бір мақалалары баспасөзде жарияланған жас жігіт Қарқаралыда көп бөгелмейді, үлкен оқу жолына талап қылған. Әуелде, 1927 жылы Саратов университетінің тарих-филология факультетіне келіп түседі. Алғашқы курстан соң Екінші Москва Мемлекеттік университетінің сәйкес факультетіне ауысыпты – Второй Московский Государственный университет. 1918 жылы жаңадан құрылған таңдама жоғарғы мектеп. Университеттің филология факультетінде Еуропа ғылымының алдыңғы қатарындағы білгір оқымыстылар – ССРО Ғылым академиясының академиктері М.Н.Розанов, П.Н.Сакулин, Н.К.Пиксанов қатарлы ғұлама профессорлар дәріс береді екен. М.Бөжеев бұдан бұрын Саратов университетінде атақты фольклорист А.П.Скафтымовтың алдын көрген. Осындай озық үлгі және тынымсыз оқу, ізденіс нәтижесінде Мұратбек Бөжеев танымы кең, білімі терең зерттеуші ретінде қалыптасады. 1930 жылы Екінші Москва университеті таратылып, үштен бір бөлшегі Педагогтық институт аталғанымен, бұрнағы оқытушы-профессорлар құрамы және тиесілі дәрістер программасы сақталып қалған еді. Білім тереңіне бойлау одан әрі жалғасады. Студент кезінен-ақ ғылымға икемін танытқан М.Бөжеев 1932 жылы атаулы оқу орнын бітіргеннен соң, МИФЛИ – Москваның философия, әдебиет, тарих институтының (Московский институт философии, литературы, истории) аспирантурасына қабылданыпты. Осында профессор В.Ф.Добрыниннің жетекшілігімен «Гончаров шығармашылығындағы Обломов» («Обломов в творчестве Гончарова») деп аталған кандидаттық диссертациясын жазып бітіреді. Алайда, қорғап үлгермепті. Жас маман шұғылынан Алматыға шақыртылады. Сөйтіп, М.Бөжеев әуелі ҚазПИ-де, осыдан соң ҚазМУ-де оқытушы профессор болады, сонымен қатар, ССРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Әдебиет секторында (кейінгі Әдебиет институты) аға ғылыми қызметкер ретінде, педагогтық һәм жан-жақты зерттеу жұмыстарын ұштастырыпты. Жас ғалым республикалық журналдар бетінде әдебиет тарихы және теориясына қатысты алғашқы мақалаларын жариялай бастайды. Оның ішінде 1940 жылы «Әдебиет және искусство» – кейінгі «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Абай және Пушкин» атты көлемді зерттеуінің орны бөлек. Бұл – өз тұсындағы қазақ әдебиеттану ғылымының биік деңгейінде жазылған, Абайтану тарабында маңыз-мағынасы ескірмейтін, зерделі талдау болатын. М.Бөжеевтің осы тұстағы тағы бір айрықша мәнді еңбегі – Мұхтар Әуезовпен бірге ұлы Абайдың екі томдық жинағын әзірлеу, тиесілі ғылыми түсініктер жазуы. Ұлы ақынның кейінгі басылымдарына тиянақ, үлгілі нұсқа болған, өзгеше еңбек. Осы кездегі және бір елеулі жұмысы – Әлкей Марғұлан және Белгібай Шалабаевпен бірге жазып, бастырған «Қазақ әдебиеті. Фольклор» оқулығы.
Өкінішке қарай, дарынды жас ғалым кеңінен қанат жайып үлгермеді. 1942 жылы, бұрынғы үстем тап – бай баласы, қазірде идеялық-саяси тұрғыда сенімсіз, «жат элемент, халық жауы» ретінде әшкереленіп, айдалады. Содан он төрт жылдан астам, ұзақ уақыт бойы атақты Карлаг – Қарағанды концлагерінде қапас тұтқында отырыпты. 1956 жылы ғана ақталып, бостандық-қа шығып, Алматыға оралады. Әлі де қатаң бақылау астындағы азат өмірде бәрін жаңадан бастауға тура келген. Тұтас бір жылға тақау сарылыс, қаншама өткелек, машақаттан соң, Ғылым академиясының, өзі негізін қалаушылардың бірі болған Әдебиет институтына Кіші ғылыми қызметкер дәрежесінде қабылданады. Бірден-ақ түбегейлі, үлкен жұмыстарға кірісіпті. Ақыры 1960 жылы Абай шығармашылығынан кандидаттық, ал 1973 жылы, көпе-көрнеу бөгесін, көлденең қиындықтардан соң, ХІХ–ХХ ғасырлар шегіндегі әдебиет тарихынан докторлық диссертацияға қол жеткізеді.
Айтқанға бәрі оңай. Мұратбек Бөжеев 1957 жылы Әдебиет институтына Кіші ғылыми қызметкер ретінде әрең-пәрең қабылданған кезде, сонау 30 жылдарда алдынан өткен шәкірті Қажым Жұмалиев – доктор, профессор, академик болып отырған. Жалғыз Қажекең ғана емес, қатарлас бастаған әмбебап Әлкей Марғұлан, ежелден дос-жар әдебиетшілер – Белгібай Шалабаев пен Есмағамбет Исмаилов, тарихшылар Бек Сүлейменов пен Тілеш Шойынбаев, экономист Серғали Толыбеков – бәрі де атақты, абыройлы. Кейінде өсіп шыққан жастарды айтпағанда. Обалы қанша, көзкөрген зерделі ағайындар мейлінше қолдап бақты. Мәселен, М.Бөжеев кандидаттық диссертациясын қорғаған кезінде, азулы академик Қажым Жұмалиев, бір замандағы ұстазының қилы тағдырына қайыса келе: «Мұратбек Бөжеевтің бұл жұмысына докторлық мәртебе берсе де артық болмас еді», – дегені бар. Сондай-ақ, М.Бөжеев Мұхтар Әуезовтің Әдеби-мемориалдық музейінде қызмет атқарған кезде ұлы жазушының қызы Ләйла Әуезованың үлкен ағаның ғылыми жұмысына ғана емес, тұрмыс жайына да қаншама қамқорлық жасағанын атап айту керек.
Мұратбек Бөжеевтің кандидаттық дәрежеден соң, Әуезов музейінде және Әдебиет институтының қолжазба, текстология бөлімінде қызмет атқарған соңғы жиырма жылы айрықша жемісті болды. Ғалымның осы кезеңде жасаған жұмыстарын: мәтінтану-текстологиялық, библиографиялық және нақты зерттеулер деп, шартты түрде үш салаға жіктеуге болар еді. Қай-қайсы да күрделі, әрі маңызы мен мағынасын жоймас, қажетті еңбектер.
Ескілікке жетік М.Бөжеев Октябрьден бұрынғы, тұтас бір ғасырлық кезеңде Қазан, Уфа, Орынбор, Ташкент, Санкт-Петербург қалаларында басылып шыққан барлық қазақ тілді кітаптарды түбегейлі саралап, аса құнды, әрі толымды библиографиялық көрсеткіш жасап бастырды. Бұл – қадыми араб жазулы, сирек нұсқалардың жай ғана тізбесі емес, әрбір кітаптың басылған жері, шыққан жылы, нақты атауымен қатар, өзіндік сыпаттамасы байыпталған, дәйекті һәм қайталанбас еңбек болатын. Кейінгі ғылыми зерттеулерге бағдарлама, деректі нұсқау. Сонымен қатар, М.Бөжеев Мұхтар Әуезов шығармаларының алғашқы, біршама толымды библиографиясын құрастырды.
М.Бөжеевтің мәтінтану және текстология тарабындағы алғашқы еңбегі – ілкіде айтқанымыздай, 30 жылдардың соңында Мұхтар Әуезовпен бірге ұлы Абайдың екі томдық Шығармалар жинағын дайындап, 1940 жылы жарияға жеткізуі. Бұл – шын мәнісінде Абайдың алғашқы академиялық басылымы болатын. Ұлы ақынның 1909 жылғы әуелгі жинағы, одан да мәндісі – Мүрсейіт қолжазбаларын саралау нәтижесінде қалыптанған және тиесілі түсініктер жазылған бұл соқталы екі кітап Абайдың бұдан соңғы, күні бүгінге дейінгі барлық басылымдарына негіз қалаған еді.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының докторлары. Мұратбек Бөжеев (оң жақтан екінші) Әди Шәріпов, Мұхаметжан Қаратаев, Зәки Ахметов және басқалармен бірге. 1976 жыл, Алматы.
М.Бөжеевтің мәтінтану және текстология саласындағы және бір күрделі еңбегі – Мұхтар Әуезовтің алғашқы толымды топтамасы – он екі томдық Шығармалар жинағын (1967-1969) дайындауға қатысты. Ұлан-ғайыр шаруаға бастан-аяқ атсалысқанымен, М.Бөжеевтің негізгі жұмысы – ұлы жазушының бастау кезеңдегі әңгіме, повесть, мақалаларына тікелей байланысты. Шын мәнісінде ескіліктен мүлде дерлік қол үзген әдеби-ғылыми ортадағы арабша қара танитын жалғыз кісі болғандықтан, «Қорғансыздың күнінен» «Қараш-Қарашқа» дейінгі барлық проза және «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз» бен әуелгі ғылыми зерттеулер және көсемсөз бен әрқилы мақалалар түгелдей М.Бөжеевтің қолынан өтеді. Тиесілі мәтіндерді сүзе қарау, артық-ауыс жаңсақ басылым, көлденең қателерден арылту өз алдына, осы шығармалардың әрқайсына тиесілі ғылыми түсінік жазылыпты. Осы реттегі тағы бір елеулі шаруа – «Абай жолы» эпопеясын дәйекті түрде жаңа басылымға дайындау болатын. М.Бөжеев алғашқы екі кітаптың араб таңбалы қолжазбасын мұқият тексерістеп, қажетті түзетулер енгізумен қатар, жазушының шығармашылық зертханасына барлау жасайды, эпопеяның жазылу тарихын айғақтайды және қазақ руханиятындағы өзгеше орнын атап көрсетеді. Мәтінді текстологиялық тұрғыдан нақтылау жұмысында М.Бөжеевке белгілі әдебиет сыншысы Б.Сахариев қолғабыс жасаған екен. Атап айту керек, «Абай жолының» М.Бөжеев басшылығымен әзірленген алғашқы екі томы және басқа бір зерттеушілер қарастырған келесі екі кітабы – жиыны төрт томдық эпопея күні бүгінге дейін осы, 1968 жылғы басылым бойынша жарияланып келеді.
М.Бөжеевтің негізгі тақырыбы – ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихы болатын. Осы ретте білгір ғалым ежелгі мұраға деген тыйым, теріс көзқарас азды-көпті оңала бастаған, арнайы өкімет қаулысы шыққан 1957 жылдан соңғы кезеңде, бұрнада мүлде дерлік жабық қалған белгілі ақындар шығармаларын қадым таңбадан бүгінгі орыс негізді жазуға түсіру жұмысын қолға алады. Әуелде Ғылым академиясының Әдебиет институты жүзеге асырған «ХVІІI–ХХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» атты жинақты құрастырушылардың бірі болды. Бұл өз заманы үшін маңызды антологияға Бұқар жыраудың Мәшһүр-Жүсіп арқылы жеткен толғауларын және Шортанбай мен Базар жырау өлеңдерін дайындап береді һәм ғылыми түсініктерін жазған. Бұдан соңғы кезеңде М.Бөжеев Шортанбайдың барлы-жоқты өлең, жырларын ықтиятпен саралап, жеке жинағын әзірлейді. Сондай-ақ, Мұрат ақынның да кейінге жеткен бір мұрасын түгендеп, таңбаға түсіреді. Және Ғұмар Қараш шығармаларының толымды жинағын қалыптайды. Және Мәшһүр-Жүсіп өлеңдерінің бір томдығын құрастырады. Осының бәрі – ескілікті жете танумен қатар, көз майын тауысқан ізденіс пен терең таным нәтижесі болатын. Алайда, қазақ әдебиетінің тарихы үшін аса маңызды бұл жинақтар өз кезінде жарыққа жетпеді. Кейінгі, заман оңалған кездегі басылым нұсқалардың өзінде әуелгі текстолог, құрастырушы, зерттеушінің есім-жөні аталмай шыққанын көреміз. Мәселен, Мәшһүр-Жүсіп өлеңдерінің толық топтамасына көлденең біреулер ие болса, Әдебиет институтының қолжазбалар қорында түптелген қалпында тұрған Шортанбай, Мұрат, Ғұмар жинақтары да өзінің бастапқы иесінен алыстап кеткендей екен. Алайда, анық – кейінгі басылымдардың барлығы да осы аталмыш қолжазба кітаптарға барып тіреледі. Есебі, Мұратбек Бөжеев ХІХ–ХХ ғасырлар шегінде жасаған осыншама ірі тұлғалардың жолын ашты, кейінгі таным мен зерттеуге ұйытқы болды деген сөз. Ешкім теріске шығара алмайтын, дәлелді, дәйекті ақиқат.
Әлбетте, Мұратбек Бөжеевтің ең негізгі мұрасы – әдебиет тарихына қатысты, өрісі кең, байыпты зерттеу еңбектері. ХХ ғасырдың басындағы, Еуропада озық орыс әдебиеттану мектебінің үлгісінде қалыптасқан Мұратбек Бөжеевтің қазақтың өткеніне, әдебиет тарихы, жекелеген тұлғаларға қатысты ой-толғамдары өз тұсынан өзгеше, мүлде соны сыпат танытады. Ең алдымен көзге шалынатыны – марксистік ілім, таптық көзқарас тұрғысынан қарастыру атымен жоқ. Тіпті, өз тұсындағы бағам мен тұжырымдарға мүлде қарама-қайшы. Мәселен, М.Бөжеевтің Мұрат ақын туралы біршама көлемді зерттеу мақаласын алайық. Күні кеше, яғни тәуелсіздікке дейін Мұраттың ресми түрде қалай бағаланғаны белгілі. Кертартпа, реакцияшыл, жаңалық, прогресс атаулыға қарсы болған, феодалшыл, тар өрісті, идеялық тұрғыдан зиянкес тұлға… М.Бөжеевтің байыбынша, әсте олай емес екен. Зерделі ғалым советтік идеология бойынша мән-мағынасы теріске айналған «Үш қиян», «Сары-Арқа», «Қалмақтың қарғысы» және басқа да шығармаларын дәйекті талдау нәтижесінде, Мұраттың азаттық жаршысы болғанын ашып көрсетеді. «Заманына наразылық білдіріп, көп шығармалар жазған Мұрат… ел байлыққа бөленіп, еркі өзінде болса екен, жер-суынан айрылмаса екен деп тілейді». «Көк ала шекпен, жез түймелерді» шенейді. «Халықтың қамын ойлап, алуан ойға түскен Мұрат әлденендей бір өзгеріс күтеді… халықты ерлікке, бостандыққа шақырады». «Өкіметтен, зорлықтан, қорлықтан құтылып, халықтың көзі ашылуын, ұят, ардың оянуын, еркіндікке арам қолын салғандардың құруын көргісі келеді». «Қазақ халқы қатарлы жұрттың бірі болса деп тілейді, өзінше көптің көңілін оятып, көзін ашсам деп талпынады. Дегенмен, халықтың ауыр халден қалай құтылуының лажын таппай, қынжылады, кейде үмітсіздікке беріледі…». Тап солай. Осыдан елу жыл бұрын бұдан асырып айту мүмкін емес еді. Өзгеше таным, ғылыми зерде ғана емес, азаматтық батырлық қажет-ті. М.Бөжеев мүмкін болған шеңбер ішінде анығын, ашығын айтыпты. Мұрат ақын – туған жұртының отарлық жағдайын әйгілеген, елінің еркіндігін аңсаған, азаттық ұраншысы екен.
Ескілікті мұраны жинаушылар қатарында аталғанымен, реакцияшыл кертартпалар санатына енгізілген Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің де ең алғашқы зерделі зерттеушісі М.Бөжеев болды. Ғалым қазақ руханиятындағы елеулі тұлғаның өмірбаянын қалыптайды және негізгі шығармаларына сыпаттама жасайды. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы жетекші сарын да қазақтың ата-мекен жерінің еркіндігі, бостандық идеясы екен. Сондықтан да ресми әдебиеттану ғылымында теріс бағаланбақ. М.Бөжеев бұл ретте де ешқандай бұлтаққа жол қалдырмайды. Мәшһүр-Жүсіп мұрасын халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан бағалайды. «Экономикалық, идеологиялық, моральдық, мәдениеттік өрлеу өте шамалы, қалың бұқараның рухани тынысы тарылып, булыққан кезде, әлеуметтік қайрат көрсеткен Көпеев халыққа деген ниетін адал ұстады. Царизм тарапынан байқалған өрескелдік пен әділетсіздікті сынаумен болды». Мұндағы алғашқы сөйлем – Қазақстан Россияға қосылғаннан соң бар жағынан шұғыл өркендей бастады дейтін қағидаға астарлы жауап. Ал «царизм» деген сөздің артында «отаршылдық» ұғымы тұр.
Осы қатарда М.Бөжеевтің ХХ ғасыр басында жасаған Нұржан Наушабаев, Мақыш Қалтаев, Тайыр Жомартбаев, Спандияр Көбеев һәм алғашқы драма үлгілері туралы және қазақ әдебиеті мен орыс әдебиетінің екі ғасыр шегіндегі өзара байланысына қатысты зерттеуі де өз заманы үшін жаңалықты, мағыналы жұмыстар болды.
М.Бөжеевтің өзгеше тұрпатты еңбегінің бірі – ХІХ ғасыр қазақ әдебиетіндегі «Қисса-хикаялар» аталатын тосын жанр туралы көлемді зерттеуі. Бұл – тек ХІХ ықылым ғана емес, қазақ руханиятының сан ғасырлық ұзақ тарихи шеруіндегі өзгеше толқын еді. Әлі күнге тиесілі бағасын алмаған, мүлде дерлік зерттелмеген, сан салалы, аса күрделі құбылыс. Жинақтап келгенде, ондаған том, әрқилы сыпат, мазмұндағы ғаламат мұра. Кезінде қазақтың ұлттық санасына, дүние танымына, керек десеңіз, діни көзқарасы мен ар-ождан, еркіндік, бостандақ ұғымының қалыптасуына қисапсыз әсер еткен, қазақ тілін мейлінше байытқан және келешек замандағы үлкен эпикаға жол ашқан, кең көлемді әдеби ағым. Бұл арналы салаға ең алғашқы болып қалам тартқан – Мұратбек Бөжеев екен. Монографиялық сыпатты, бес баспа табақ көлеміндегі зерттеудің түйінді бір тұсы:
«Қисса-хикаяларды әлеуметтік бағыты, мазмұны, идеялық-көркемдік құндылығы жағынан… бірнеше топқа бөлуге болады. Бірінші – көбіне дінді уағыздайтын, исламның қағидаларын, діни ұғым-нанымды насихаттауға бағытталған «Жұм-Жұма», «Сал-сал», «Сейітбаттал» сияқты шығармалар. Екінші – көршілес елдер мен басқа шығыс халықтарының ежелгі аңыз-әңгімелері, халық романдары мен поэмалары және классикалық әдебиет өкілдерінің поэма-дастандары: «Шаһмаран», «Сейпілмәлік», «Қасым-Жомарт» «Баһрам» «Шәкір-Шәкірат», «Мың бір түн», «Фархат-Шырын», «Ескендір»… секілді шығармалар…. Үшінші – шығыс сюжетіне құрылған, бірақ қазақ әдебиетіне сіңісті болып, қазақ фольклорының дәстүрлерімен ұштасып, төл шығарма сыпаттас болып кеткен «Бозжігіт», «Марғуба», «Мұңлық-Зарлық» сияқты шығармалар».
Бұл аталмыш үш топтағы туындылардың біразы нақты талданыпты. Ең бастысы – өткендегі қазақ әдебиетінің тарихында мазмұны бай, түр-тұлғасы әрқилы осыншама үлгілі нұсқалар бары және бұлардың асыл мұра саналуға тиіс өзіндік қадір-қасиеті айқындалған. Бүгінде бұл қисса-хикаялар қазақ халқының ата мұрасы қатарында кезек-кезек, лек-легімен жарияға шығып жатыр. Түбегейлі зерттеулер мен нақты таным – болашақ үлесінде.
Мұратбек Бөжеевтің әдебиет тарихына қатысты зерттеулерінің ең негізгі бір тұрғысы – Абай болатын. Әуелгі мақалалардан кейінгі ұзақ үзілістен соң жазылған кандидаттық диссертация да «Абай шығармаларының идеялық-көркемдік ерекшеліктері туралы» деп аталған еді. Тетелес докторлық диссертация ауқымында да Абай мұрасы – орталық, негізгі орындардың бірін алады.
«Абай қазақ халқынан шыққан өзге ақындардың қай-қайсынан болсын көп зерттеліп келеді. Ол туралы айтылған алуан-алуан ойлар кейде бір-біріне қайшы. Абай мәселесі жан-жақты тексеріліп, ғылыми өреге жеткен, түгел шешілген деу қиын, даулы, таласты пікірлер бар, талай-талай күрделі зерттеулер керек…». Бұдан әрі: «Әрине, Абайды бірден біліп, оның әлеуметтік, ақындық еңбегін көрсету ісі бір ұрпақтың айтқандарымен аяқталмақ емес…».
Демекші, М.Бөжеев зерттеуіндегі Абай – бұрнада нақты байқалмаған, бүгінгі күні де жеткілікті назар аударылмаған өзгеше қырынан көрінеді. Мұның әуелгі бір белгісі – ұлы Абайдың халқымыздың ғасырлар бойғы сөз өнерінің, бұрнағы ұлы жыраулар мен ақындардың сабақтас жалғасы ретінде, өткендегі қазақ әдебиетінің асыл қазыналарымен салғастыра қарастырылуы. Абайдың Бұқар жырау, Шортанбай, Дулат, Мұрат қатарлы, ресми зерттеулерде феодалшыл, кертартпа саналған тұлғалармен рухани және идеялық-тақырыптық үндестігі – түптеп келгенде, патшалық тәртіпке наразылық, елдің бүгінгі ахуалын танып, болашағын қамдау нәтижесі екені ашып айтылады. Осының бәрі – қазақ мүддесі тұрғысынан туындаған құбылыс екені дәлелденген. Сондай-ақ, Абай шығармашылығының өз заманы үшін жаңалықты сыпаттары, қазақ әдебиетінің даму жолындағы тың құбылыс, айтулы белес екені нақты байыпталады. Абай реализмі туралы соны пікірлер, Абай лирикасының өзіндік сыпаты, Абайдың орыс әдебиетімен ара байланысы туралы қаншама құнды пікір бар. Түптеп келгенде, М.Бөжеевтің Абай ақындығына қатысты зерттеулері – Абайтану саласында Мұхтар Әуезовтен кейінгі ең бір түбегейлі еңбектер болды.
Өкінішке қарай, өрелі ғалымның көзі тірісінде жекелеген мақалалары мен «Абайдың ақындық айналасы» аталатын, бар жағынан ықшамдалған шағын монографиясы ғана жарияға шыққан еді. Бұдан соңғы кезеңде мүлде дерлік ұмыт қалыпты. Осының бәрінің есесіне, Мұратбек Бөжеевтің 100 жылдығы өзі қызмет атқарған, алғаш құрылған кезінен бастап қаншама еңбегі сіңген Әдебиет институтының аясында кеңінен аталып өтті. Сол кездегі институт директоры, академик, профессор Сейіт Қасқабасовтың басшылығымен М.Бөжеевтің ғылыми мұрасына арналған атаулы конференция өткізілді. Ізінше, марқұмның артында қалған барлық қолжазбаларына ие болып отырған екі қызы – Гүлбаршын мен Айбарша Бөжеевалардың ұсынуымен «Замана кейіпкерлері» атты көлемді кітабы басылып шықты. Бұл Білім министрлігі һәм Әдебиет институтының таңбасымен жарыққа жеткен, монографиялық сыпаттағы соқталы зерттеудің ғылыми редакторы міндетін атқарған және байыпты, мазмұнды алғысөз жазған филология ғылымдарының кандидаты Серікқазы Қорабайдың еңбегін атап көрсету ләзім.
Әлбетте, аталмыш кітап – М.Бөжеев мұрасының әлденендей бір бөлшегі ғана. Қолжазба құқығында дегенмен, 1960 жылы қорғалған кандидаттық диссертация, 1973 жылы тиесілі бағасын алған докторлық диссертация – салмақты екі монография да қазақ әдебиеттану ғылымының тарихына енген ресми еңбектер болып саналады. Толық басылымдары және тиесілі бағамы – келешек күндер үлесінде деп білейік.
2017, қаңтар.
АҚШ.