ӘДЕБИЕТ КӨГІНЕ ІЗ ТАСТАҒАН
08.08.2022
713
0

Кейінгі онжылдықтарда қазақ прозасында ерекше қолтаңбасымен көрінген қарымды қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлының туған күні 1947 жылдың 30 желтоқсаны болатын. Ол 2021 жылдың тамыз айының 29-ы күні жүрек талмасынан кенеттен өмірден озды. Көзден кетсе де көңілден кетпеген Несаға туралы естеліктерді, жылы пікірлерді әріптестері, оның қамқорлығын көрген жас қаламгерлер, жалпы оқушы қауымы үлкен ілтипатпен еске алып, үзбей айтып жүр.

Сырбаз да сыршыл әңгімелер

Н.Дәутайұлы әдебиетке көп дайын­дықпен келген, қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі терең тамырлы құбылыстарды жете зерттеп, жіті зерделеп, заман мен адам арасындағы күрделі қарым-қатынастарды биік эстетикалық-философиялық өлшемдер тұрғысынан бағалап, романтика мен реализмді шебер қиюластырып, оқырманның жан дүниесін байытатын, көңілінің айызын қандыратын тамаша әдеби тәсілді жете меңгерген қазіргі заманның қаламгер-қайраткері болатын. Жазушы өз кейіпкерлерін қалың жұрт арасынан іздеп тауып, жаңа заманның жаңа сипатты адамдарының болмыс-бітімін өзінше өрнектеп, өзіндік көзқараспен қисынын тауып көрсетуге шебер-ақ еді. Суреткердің кейіпкерлері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, олардың образдары, қызметтері де, мінездері де, көзқарастары да, іс-әрекеттері де, тыныс-тіршілігі де, тағдырлары да әр алуан жандар.
Оның «Алма ағашының бұтағы», «Ақ көгершін» және «Жол» хикаяттары әр жылдары таңдаулы көркем шығармаларға арналған республикалық бәйгелердің жүлделерін иемденген. «Көкмойнақтан шыққан көкжал» әңгімесі Ғ.Мұстафиннің туғанына 100 жыл толуына орай өткізген республикалық конкурста ең үздік шығарма атанды. «Құдірет пен қасірет» романы ҚР Ұлттық кітапханасының «Ең үздік роман» байқауында жүлдегер болды. Ол – «Әнім сен едің», «Алма ағашының бұтағы», «Көгілдір көйлекті келіншек» (2006), «Ойынды еті он бөлек» (2008) және де басқа ондаған кітаптардың авторы.
2000 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрген Несіпбектің «Құдірет пен қасірет» романы Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза және басқа да көрнекті жазушылар мен белгілі сыншылардан жоғары бағасын алды. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Батыр» әңгімесі көпшілікті тың ойымен елең еткізді, жақсы пікірлер айтылды. Оның прототипі Маңғыстау өңірінде өмір сүрген айтулы Сүйінғара батыр. «Ол – ерліктің, мәрттіктің, тектіліктің көлденең ұстасаң да, көтеріп ұстасаң да көкте ойнап тұратын көксүңгісі», – дейді автор газетке берген сұхбатында.
Мемлекеттік тапсырыспен «Жазушы» баспасынан жарық көрген Н.Дәутайұлының «Көгілдір көйлекті келіншек» (2006) атты кітабы негізінен әлеуметтік әңгімелерден тұрады. Кітаптағы осы аттас әңгімені КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов ерекше жоғары бағалап: «Сөйлемдері шымыр, шебердің қолымен өрген кірпіштей мінсіз. Бұл – әрине, талантқа тән қасиет», – деп жазған еді. Кітаптағы «Мәкеңдер, Малсекеңдер, заман» әңгімесімен жазушы «Қазақ әдебиеті» газетінің проза жанры бойынша 2007 жылғы лауреаты атанды. Ал 2008 жылы қазақ ұлттық әдебиетіндегі ерекше жетістіктері үшін Н.Дәутайұлы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. 2010 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері» атағы берілді. Мұндай жетістік әркімнің басына келіп қона бермейтін бақыт, сый-абырой!
Бір байқағанымыз, Несіпбек әрбір шығармасына бүгінгі заман үрдісіне сай, уақыт шындығына таза суреткер көзімен қарап, көркем зерделеп, одан белгілі ой түйіп, бір мерзім аясында туындайтын әлеуметтік астарын дәл байқайтын бүгінгі күннің білгір сарап­шысына айналғанына көз жеткіземіз. Басты мәселе шығарманың көлемінде емес, оның көркемдік салмағы мен өмір, дәуір шындығын ұтымды, тартымды, әсерлі баяндауында ғой. Қаламгердің қай шығармасын алыңыз, олардан туындайтын ой-тұжырымдар бүгінгі оқырмандар үшін өзекті болып қала береді.
Қалың оқырмандар іздеп жүріп оқитын кітаптар адамдардың ой-өрісін кеңейтіп, тың көзқарасқа, биік парасатқа жетелейтінімен ерекшеленеді. Жазушының сырбаз да сыршыл әңгімелері философиялық ойларға тұнып тұр, олардың қайсысы болсын өміршеңдігімен, өзектілігімен құнды. Сырғып өтіп жатқан мына өмірдің таза шындығын, қарапайым кісі бұл күндердегі дәуір мен уақыттың кейбір көлеңкелі тұстарын зерделеп байқай бермейтін, жай адамның ойына түспейтін, қаперіне ілмейтін сырлы дүниені көз алдыңа бүкпей жайып салады. Жазушының суреткерлік шеберлігі, ой зергерлігінің негізі осында болса керек.

«Айғыркісі»,
«Мінез» және басқалар

2009 жылы Қазақстан Жазушылар одағының «Ан-Арыс» баспасынан екі томдық (бірінші кітабы «Айғыркісі», екіншісі «Мінез») таңдамалысы жарық көрді. Көпшілік бұрын-соңды әдебиет­те кездеспеген тың детальдар мен сюжеттерге мол роман мен қызықты әңгімелер, хикаялармен ұшырасты. Қаламгердің қолтаңба ерекшелігі – оның кез келген шығармасы қоғамда болып жатқан кесір, кесапаттың құбылыстарын көлденең тартып, оқырманды содан ескертеді.
«Айғыркісі» атты әңгімесінің жөні бөлек, бұрын-соңды жазылмаған тақырып. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев: «Мен өз басым, бұл әңгімені әдебиетімізге келген соңғы жылдардағы үлкен жаңалықтың бірі деп есептеймін» деп ағынан жарылды («Қазақ әдебиеті», 2008 жыл, №13).
Келесі бір қаламгер, Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегері Тұрсынәлі Рыскелдиев «Жас Қазақ» (2009) газетінде: «…Жылқы баласында дәл осындай ақыл-естің кездескені тек Несіпбек Дәутайұлының жасампаздығы дегім келеді» деп жазды. Жазушының еңбегіне берілген орынды баға. Жылқы образында берілген қаратөбел «айғыркісі» қасиетті, киелі адам символы деп айтуға болады. Шығарманың лейтмотиві – қазіргі қитұрқы заманның жетегіне ілесіп кейбір пенделердің адамдық кейпінен айрылып қалу алдында тұрғаны. Автор өз кейіпкерлері Жалғас пен «айғыркісі» арқылы заманның ащы запыранын, қазіргі өмір шындығын алдымызға жайып салады. Қаратөбел жылқы образына оқушы алғашқыда сенімсіздікпен, базбірі күдікпен қараса бірте-бірте әңгіме желісіне еніп, ондағы келтірілген сюжет пен деталь­дар тайталас, тартыс оқиғалармен күрделеніп, жүрегіңді жаулап алады. Азғындау мен мәңгүрттену алдында тұрған болашақ ұрпақ жайлы ой тастап, оқырманын қатты ойландырады. Шығармада селкеулік, солғындық жоқ. Замана ауқымына, уақыт мүддесіне орай тіршілік етіп жатқан ортада, қоғамда адами қасиеттер де өзгеріске ұшырап, адамның бет-бейнесі, ой-өрісі де өзгеруге ұшырайды екен. Тәсілқой, жаңашыл автордың бұл шығармасы бұрынғы туындыларынан ерекше дүние екенін атап өткен жөн.
Мойындауымыз керек, бұл екі кітап­қа енген әрбір әңгіме шағын-шағын романдар жүгін көтеріп тұр. «Шал», «Көрбай», «Қанқызыл жалқын», «Дударай», «Мінез», «Архитектор», «Аты жоқ әңгіме» сияқты әлеуметтік-психологиялық әңгімелері уақыт шындығын шебер суреттеген, ұйқыдағы көңіл күйді жұлқып оятатын, сананы сілкитін, сөйтіп, оқушыға ой салатын, ерекше әсер ететін, тағылымы мол, кесек-кесек дүниелер. Ізгілік пен зұлымдықтың арасында ғұмыр кешетін пендені әр қырынан – шым-шытырық оқиға ортасындағы пейілі, мінезі, іс-әрекеттері тамаша суреттелген ойлы, астарлы, қатпарлы туындылар. Оларды қиял-ойдан шығарылған, қолдан жасалған хикаят­тар деуге аузың бармайды. Түгелдей алғанда, олардың әрбірінде шындық, ақиқат оты маздап тұр.
Оның «Жалғызілік» деген әңгімесінің басты кейіпкері – барлығын ұмытып, өмірін тек дүние жинауға, қорасындағы малының санын өсіруге арнаған жан. Әлгінің жанын қинап көпшілік ел-жұрттан жырақта –құлан түз далада жыл он екі ай жалғыздан-жалғыз тұрып, тірнектеп жинаған малы, еш рахатын көрмеген байлығы кімге керек? Не үшін, кім үшін тірлік етіп жүр? Өмірдің бар рахаты тек мал, дүние жинау ма? Қалың ойға қаласың…
«Мінез» деген әңгімесі де қызықты жазылған. Иә, мінезсіздік, ойлап отырсаң, адамға – қасірет. Адам болғаннан кейін әркімнің өз ойы, өз пікірі, байламы, түйсігі болғаны жөн. Олай болмаса, өз ойы, пікірі жоқ, аузында сөзі жоқ адам айдауда жүрген пендеге тең. Біреудің аузына қарап, айтқанын орындап, «ләппай!» деп жалпақтап, жігерсіз тіршілік ету – бейшаралық, мүсәпірлік.
«Өнеш, Комбинатор және алжап­қыш» әңгімесі – заман ағымына байланысты өмірде болып жатқан қулық пен сұмдықты, жақсылық пен жамандықты барынша бадырайтып көрсеткен, уақыт тынысын тамыршыдай тап басқан, қоғамның әлеуметтік өміріндегі өзгерістерді, кеселді құбылысты шебер суреттеген шығарма. Біреулерді алдап, арбап, өзінің тымысқы ісіне барынша пайдаланып, соңынан оны «лақтырып» кету бүгінде түкке тұрмай қалды, тіпті оның өмірін қиып кетуді арланбайды. Әңгімені оқып болғаннан кейін жүрегің тарсылдап, бойыңды үрей билейді, бойыңда аяныш пайда болады. Мұнда жазушы кез келген фактіге әдеби сын беру арқылы өмірдің де, әдебиеттің де шындығын айту мүмкіндігін көрсеткен. Көркем зерттеудің не екенін аша білген.
«Кісі киесі» атты әңгімесі 2021 жылы еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланғанда оқушылар арасында көп талқыланды, жағымды пікірлер айтылды. Ашаршылық жылдардың ызғарлы қасіретін, жан түршігерлік көріністерін талай жазушы мен тарихшылар жазып жүргені рас қой. Бірақ тура Н.Дәутайұлындай жан дүниеңді қопарып, астаң-кестең еткен шығарманы кездестірмеппін. Бұл – сарабдал қаламгердің қаламынан туған ерекше дүние. Оны бей-жай оқып шығу мүмкін емес. Ашаршылық кезеңін бар ауыртпалығын көз алдыңа әкеліп, азып-тозған ауылдың тіршілігін, тамақ таппай әбден діңкелеген, қалжыраған, титықтаған адамдардың аң аулағандай күре жол бойына шығып, қарақшылық жасап, жас баласы бар жеке адамдарды баласын күшпен тартып алып, тамақ орнына оны ас етіп жеуден тайынбайтын адамдардың әрекетін әңгімелеп, жан түршігерлік оқиғаны керемет суреттейді. «Аман қалғыларың келсе, баланы тастап, өздерің кете беріңдер… Таста баланы. Өздерің кете беріңдер» дейді қолдарында жас сәбиі бар әке мен ананың жолын кесіп, ойлары бұзық қаба сақалды әлгілер. Қолында мылтығы және оған бар болғаны үш оғы бар еркек-отағасы «Тоқтама, кете бер. Тоқтама» деп әзер-әзер деміге сөйлеп, әйелі мен баласын алға оздырып, артына түскен «қорқау» қарақшы адамдарға мылтығын кезеп, бас кейіп­кер Кенжеғазы жыландай арбасады. «Арада бес-алты жыл өтіп, Арқарлы асуына адам ізі қайта түсе бастағанда баяғы күре жолдың бойынан жүргіншілер шашылып жатқан адам сүйектерін көреді. Жалғыз адамның. Қазаққа сәбет сұмдықтың жасаған зұлматы ғой, деген сөз бәрінің көкейінде күңіреніп тұрды. Бірақ бір-біріне онысын дауыстап айта алмады. Қолдарынан келгені, шашылып жатқан сүйектерді жиып, жерлеп кетті. Оның кімнің сүйегі екенін олар да, кейінгілер де білген жоқ…», – деп аяқталады әңгіме. Оның әсерінен арқаң мұздайды. Ашаршылық дендеген жылдары «адамды адам жеп жатыр», «қайнап жатқан қазан ернеуінен баланың білегін көрген» деген сұмдық мәліметтер сол жылдардың естеліктерінде кездесіп отырады. Ұлы аштық қырғыны туралы жазылған Несіпбектің бұл шығармасы – қазақтың басына түскен қасіреттің айқын айнасы. Сол қолдан жасалған нәубет кесірінен миллиондаған қандастарымыз жер бетінен жоқ болды, тірі қалған ұрпақтарының жүрегінде сызат қалды.

«Менде бақытты балалық шақ болған жоқ»

Осыдан 15 жыл бұрын «Жамбыл» атты республикалық әдеби-танымдық журнал ашып, оның бас редакторы қызметін Несіпбек Дәутайұлы өмірінің соңғы күніне дейін абыроймен атқарды (өзі кеткеннен кейін журналдың шықпай қалғаны өкінішті). Еліміздің белді қаламгерлерімен байланыс орнатып, олардың сиясы кеуіп үлгермеген шығармаларын журнал бетіне жариялап, оқырмандарын жаңа, тың, тартымды туындыларымен әркез қуантып жүрді. Сөйтіп, өзінің тек шебер қаламгер екенін білдіріп қоймай, қолынан көп іс келетінін, ұйымдастыру қабілетінің зор екенін мойындатты. Еліміздің жазушылары мен оқушылары Н.Дәутаевтың еңбегін орынды бағалады, құрметтеп, сыйлады. Таразға келген ақын-жазушылар ат басын бұрып сөзіне берік, ісіне адал Несағаға сәлем берді, онымен дидарласуға ынтық болды. Сырласатын, сыйласатын адамдары да аз болмады.
Әулиеата өңірінің қолына қалам ұстап, «ақын болам» деп талпынып жүрген жастарды жанына топтастырып, әрдайым қолдап, жөн-жол көрсетіп отырды, республикалық басылымдарда жариялануына себепкер болды. Таланттыларын танып республикалық жыр бәйге-байқауларына қатысты­рып, қам­қор­лығына алды, олардың алғашқы кітаптарына алғысөз жазып, бата беріп, баспадан шығуына ықылас көрсетті. Сондықтан болар, болашағы зор тараздық жас ақындар Хамит, Ерлан, Табиғат, Данияр, Арайлым, Нұрболат, Нұржан және т.б. Несіпбектің қамқорлығын сезініп, өздеріне жақын ұстаз аға деп сыйлап, бауыр тартып, еш іркілмей, пікір алысып жүрді. Несағаң олардың біразын Жазушылар одағына мүше етті, алғашқы кітаптарын шығартты. «Әдебиет адамды тәрбиелейді» дегендей, талай тараздық жастар қабырғалы қаламгер Н.Дәутайұлының төңірегіне шоғырланып, тәлім-тәрбие жинақтады.
Ойы терең, қиялы ұшқыр, қаламы жүйрік, кең тынысты, жұлдызы жарық, суреткерлік өрнегі өзгеше жазушы Несіпбек Дәутайұлы шығармашылық толысудың асқақ биігіне көтерілген кезінде дүние салды. Жазушылар арасында «әдебиет – адамтану мектебі» деген аксиома бар. Несаға адамтану ғылымының нағыз шеберіне айналып еді. Оған оның қаламынан шыққан соңғы жылдардағы тартымды, сырлы әңгімелері куә. Оның жазғандарында жаңалық пен сонылыққа құштарлық тұнып тұратын. Жазушының жан сырын ашып, түсініп-түйсінгісі келген оқушы оның әрбір жаңа кітабын асыға күтуші еді.
Кейде жұмыс соңына қарай оның қызмет орнына соғып, бір мезгіл әдебиет жөнінде әңгіме қозғағанымызда ол тек қазақ жазушылары төңірегінде ғана сөз өрбітпей, әлемдік деңгейдегі қаламгерлердің шығармаларын жілік-жілікке бөліп талдағанын қызыға тыңдайтынбыз. «Осының бәрін қай уақытта оқиды, қайдан уақыт табады екен?» деп таңғалатынбыз.
Әдебиет әлемін терең меңгерген Несаға кей сәттерде сөзден-сөз шығарып: «Менде бақытты балалық шақ болған жоқ. Тағдыр теперішін аз көрмедім. Әкемнен 5 жасымда айырылып, шиеттей бала-шаға жалғыз шешеміздің қолына қарап қалдық. Ауыр еңбектің бейнетін көріп, қатты қиналып жүрген шешемді аяп, орта мектепті бітірмей-ақ совхоздың бір шопанына көмекшісі болып жұмысқа жегілдім. Сөйтіп, 7-8 жыл бойы қойдың соңында жүрдім. Ол жылдар мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Уақытымды бос жібермеуге тырыстым, Жазда Қордай тауының баурайында, Иірсу аймағында, қыста Аңырақайдың құмды бұйраттары мен ұлан-ғайыр жусанды даласында қысы-жазы қой бағып жүрсем де, үзбей кітап оқыдым, бойыма ой жинадым. Ауыл және аудан кітапханасында мен оқымаған кітап қалмады десем қателеспеспін. Ой қуып, тіршілік тынысын жүрегіммен сезініп өстім. Орта мектептің аттестатын 26 жасымда алдым. ҚазМУ-дың журналистика факультетін сырттай оқып, 37 жасымда дипломға ие болдым. Әрине, жазушылық, ақындық білім арқылы берілмейтіні айдан анық. Жас кезімде өлең жазып, бірнеше рет айтысқа қатысқаным да бар. Жазушылыққа, ақындыққа, суреткерлікке Алла Тағала өзі жағдай жасап, жетелеп апарады емес пе? Мұның бәрі Құдайдан берілетін сый деп ойлаймын. Мені де жазушылық әлеміне енгізген сол Жаратқан Ием. Енді, қандай ақын, қандай жазушы боласың, ол – тікелей өзіңе байланысты. Ештеңе еңбексіз өзі келмейді. Құдай бойыңа берген қасиетті одан әрі дамыта білу өз қолыңда. Мәселе сонда…», – деуші еді терең ой құшағына беріліп.
Кейде көңілде жүрген кезекті шығармасын бітіріп, өзіне демалыс бергенде, балалық шағын еске алып, Қордай өңіріндегі кәріқұлақ қариялардан тыңдаған аңыз-әңгімелері мен бастан өткізген, көрген, естіген хикая­ларды қызықты, шебер әңгімелеп, олардың біразын өз туындыларының кейіпкеріне айналдырғанын жеткізетін. Әсіресе өзінің кіндік қаны тамған қоңыр белдер арасындағы жусанды Иірсу туралы, оның табиғаты мен адамдарының тыныс-тіршілігі, мінездері мен ерекшеліктері жайлы салалы саусақтарына кезекті темекісін қыстырып алып, қоңыр, пәс дауысымен асықпай баян­дайтын. Жарықтықтың сол естелік әңгімелерінен ерекше ләззат алатынын ұғатынбыз.
Ол жалғыздықты ұнатты. Өмірінің соңғы жылдарының күндері мен түндерін жұмыс кабинетінде өткізуді әдетке айналдырды, тынымсыз өндіре шығармашылықпен айналысты. Жалғыз отырып, ой-қиялға бүкіл болмысымен сүңгіп, өзінің сырлы әдебиет әлеміне еніп кететін. Сондықтан көкмылжың, бос, пәтуәсіз әңгімені жаны сүймейтін. Біреуге жағымпазданып, жалған сөйлеп, өтірік мақтап отырғанын көрмеппін. Әділдікті, тазалықты, шынайылықты жақсы көретін. Содан да болар, бәзбіреулерге ол тым қатал мінезді, кеуделі, көп сөйлемейтін, көпке ашыла бермейтін тоқмінез, маңғаз азамат болып көрінетін. Ол пікірдің жаңсақ екенін жақын араласып жүрген біздер жақсы білдік.
Ерен еңбегінің, тартымды шығармаларының арқасында Н.Дәутайұлы бірнеше мемлекеттік марапатқа ие болып, көптеген әдебиет бәйгелердің жеңімпаз-жүлдегері, «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің және көптеген медальдардың иегері атанды. Бұл марапаттар жазушы еңбегінің орынды бағалануы еді.
2020 жылдың қысы мен 2021 жылдың көктем айларында Несаға бас көтермей Қытай елінің баспагерлерінің өтінішімен көлемді, тарихи мәні бар «Тараздың тарихи тағдыры» атты кітапты жазып бітірген болатын. Еңбек бірнеше тарихи кезеңді қамтыды. «Бұл мен үшін күрделі, ауқымды іс болды. Көп уақытымды ізденумен, зерттеп-зерделеумен өткіздім. Қолым жеткен көптеген мәліметтерді қамтыған сияқтымын. Ойымша, жаман болмауы керек. Жыл соңына дейін Бейжіңде үш тілде (қытай, қазақ, ағылшын) жарық көреді», – деп оның баспадан шыққанын күтіп жүрген болатын. Әттең, ол еңбегін өз көзімен көруді Алла нәсіп етпепті. 2021 жылдың 29 тамызында келместің кемесіне отырып, бізден алыстай берді…
Биыл, яғни 2022 жылдың желтоқсанында Несаға 75 жасқа толар еді. Ол күнге жете алмағаны өкінішті. Қолтаңбасы қайталанбайтын, жазу шеберлігі керемет қарымды қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлының артында қалған шығармашылық дүниелері халқымен бірге жасай бермек.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымының
докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Тараз қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір