Трамптың мүмкіндіктер есігі
Франция қаласы Реймсте неміс армиясының тізе бүгуінен арада төрт күн өткеннен кейін, 1945 жылдың 11 мамырында швейцариялық Die Weltwoch газетінде әйгілі психолог Карл Густав Юнгпен «Жан тыныштық таба ала ма?» атты сұхбат жарияланды. Қоғамда орын алар оқиғаларды күні бұрын анықтап, қорытынды шығару үшін сол ортаның психологиясын зерттеудің маңыздылығы жайлы аналитикалық психологияның негізін қалаған Карл Юнг осы сұхбатында сипаттап береді.

Ол бұл сұхбатында неміс халқының 30-40 жылдар аралығындағы психикасына тоқтала келіп, Германиядан кейін неміс халқының санасына кіріп алған әзәзілдік тылсым күштің өз мақсатын іске асыру үшін басқа да иланғыш халықтарды іздейтінін айтады. Немістердің өз қателіктерін мойындағанда ғана жаны тыныштық табатынын, бірақ басқа халықтардың немістердің айыбына жиіркенішпен қарай отырып, өз кемшіліктерін ұмытқан жағдайда ессіздіктердің құрбаны болатынын түсіндірген. Осыдан келіп, сол кезеңде Америкада «жалпықоғамдық иланғыштықтың» үлкен роль атқарғанын, сондай-ақ, ресейліктердің де осы бағытта екендігін сөз етеді. Карл Юнгтің келтірген болжамдары қазіргі әлемдік саясат сахнасында да көрініс таба бастағандай. Бірақ қазіргі Америкада орын алып отырған оқиғалар американдықтардың «иланғыштығынан» гөрі мейлінше ашық ойлайтынын көрсетіп отыр. Бір ғана адамның қоғамдық санаға әсер етуі мүмкін бе деген ой көпшілікті мазалайтыны сөзсіз…
Төрткүл дүниенің тағдырындағы маңызды мәселелерді шешуге келгенде салмақты дауысқа ие Америка мемлекеті соңғы жылдары өзгерістер алаңына айналғандай. Президенттік сайлауда Дональд Трамптың жеңіске жетуі саясаткерлер мен бұқара халықтың ойын сан-саққа әкетті. Кезінде фашистік Германия көсемін халық жаппай қолдаса, ал Дональд Трамп мемлекет басына келгеннен бері Америка халқының салмақты бөлігі қарсылық білдіруде. Қоғам өзі қарсы шықса ол қалайша президент болды деген сауал туындайды. Әрі оның мемлекет басына келуі тек американдықтарды ғана емес, бүкіл әлемді шулатқан жаңалық болды.
Америка халқы либерализмнің алтын қағидасы «менің бостандығым сенің бостандығың басталған жерден аяқталады» қағидасына беріктігін тағы дәлелдеді. Либерализмнің Отаны саналатын алып мемлекет басына бизнесмен әрі көпшілікке шыдамсыз, қызуқандылығымен танылған Дональд Трамптың келуі алдағы әлемдік саясатта әлі талай өзгерістер болатынын меңзегендей. 2015 жылы ол өзінің президент болғысы келетіні жөнінде БАҚ өкілдеріне жариялаған еді. Дональд Трамп сайлауалды мәлімдемесінде «Американы қайта ұлы мемлекетке айналдырамыз» деген ұран тастады. Үлкен саясатта ешқандай тәжірибесі жоқ адам қалайша президент болады деген сауал көпшілікті толғандырғаны анық. Көптеген саяси сарапшылар оның сайлауға қатысқан күннің өзінде 0-ден 35 пайыз көлемінде ғана дауыс жинауы мүмкін екендігін болжаған. Әйтсе де бизнестің «жілігін шағып, майын ішкен», ал саясатта тіпті «орта білімі» жоқ Трамп 2017 жылдың 20 қаңтарында ресми түрде Американың қырық бесінші президенті болып сайланды.
Еуропа баспасөзі беттерінде Трамптың жеңісінен кейін «Америкалық ессіз», «О, құдай!», «Трамп дауылы», «Беймәлім беткейге секіру» сынды тақырыптар қаптап кетті. Бұл еуропалықтардың Американың жаңа президентіне деген көзқарастарының көрінісі болатын. Францияның Вашингтондағы елшісі Жерар Аро Твиттер парақшасында Трамптың жеңісінен соң: «Брекситтен және осы сайлаудан кейін мүмкін емес дүниенің өзі қалмағандай. Әлем біздің көз алдымызда бөлшектеніп, басымыз айналуда» деп жазды. Еуропаны алаңдататын Дональд Трамптың сыртқы саясаттағы ролі болып отыр.
Бір жарым ғасырдан бері Америка жаһанданудың бастамашысы әрі әлемдік экономикаға әсер етуші алыптардың біріншілігінен көрінген еді. Ал Дональд Трамп «Америка өзінің ішкі мәселелерін шешкенде ғана қайтадан ұлы мемлекетке айналады» деп, амарикалық жаһандану кемесінің рулін кері бағытқа қарай бұрды. Техниканың қарыштап дамуының арқасында дүние жүзі «үлкен мемлекетке» айналған кезеңде ол қалайша уақыт пен қоғам талаптарын айналып өтті? Біріншіден, Дональд Трамп – медиамагнат. Ол саясатқа келмей тұрып-ақ аталмыш салада салмақты роль ойнайтын медиа бизнесті жете меңгерген. Халықтық санаға қалай әсер етуді жақсы білетін бизнесмен саясатты да шоу-бизнестегідей шулатып үлгерді. Екіншіден, Дональд Трампқа уақыт пен кеңістіктің өзі қолдау көрсеткендей. Ол әлемде теңсіздіктер орын ала бастаған кезеңде саясат сахнасына шықты. Мұндай «қолайлы» жағдай Трамптың ұпайының артуына қызмет етті.
Дональд Трамп президент болғаннан кейін халық арасында митингтер орын алғаны мәлім. Ресми түрде қарсылық білдіргендер саны бір миллион деп көрсетіледі. Негізінен екі жарым миллионға жуық адам наразылық білдірген. Демонстрация Сиэтл, Бостон, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Вашингтон сынды ірі қалаларда орын алды. Ел астанасының өзінде бес жүз тоқсан жеті мың адам митингке шыққан. Наразылық білдіргендер тек қана американдықтар емес, сондай-ақ, көпшілігі еуропалық қалаларда тұратын әйелдер. Вашингтондық құқық қорғаушылар тобы Дональд Трампты Конституцияны өзгертті деп айыптауда. Конституция бойынша Америка президенті өзге елдің үкіметінен ақша не материялдық құндылықтарды алмауы керек еді. Бірақ жаңа президент «Trump Organization» арқылы өзіне мүмкіндіктер есігін ашып қойды.
Үлкен саясатта саясаткер тарапынан болашақта жасалынуы мүмкін дүниелерді алдын ала болжау үшін оның психологиялық потретін жасау өте маңызды дүние болып саналады. Сөзсіз, Дональд Трамп өзіне неғұрлым көп аудитория жинауды қалайды. Президенттікке ресми түрде тағайындалған рәсімде жиналған халық саны журналистердің берген ақпаратынан көп болғанын айтып, тілшілермен сөзге келгендігі – оны көпшіліктің басқаларға қарағанда артығырақ қолдағанын дәлелдеуге тырысуы. Әдетте жеңіске жеткен адамды мұндай «ұсақ-түйек» қызықтырмайды. Бұл Трамптың басқа саясаткерлерден «ерекшелігінің» бір көрінісі. Елді елең еткізу бұрынғы «шоумен» үшін аса маңызды дүниелердің бірі. Ол өзінің отбасында жақсы жар, қамқор әке болғанымен, амеркандықтардың көбі оны аса ілтипатты адамдар қатарына жатқызбайды. Твиттер парақшасында қарсыластарымен бірме-бір айтысып отыратын Трамптың саясатқа келіп, салмақты бола қалатынына сену қиын. «Сүйекке сіңген мінез өзгермейтінін» жаңа президенттің күрделі шешімдері дәлелдей түсуде. Оның Мексикамен арада үлкен қақпа орнататынын айтуы да алған бетінен қайтпайтын «қайсарлығының» айғағы. Бұл шешімді де іске асыратындығына жүз пайыз сенімді. Ол халықты өзіне иландыру үшін де медиа саласында жиірек көрінді. Америка халқы оны бір жағынан шоумен ретінде таниды. Оның тіпті Лос-Анжелестегі Голливудтық даңқ аллеясында жұлдызы да бар. Сондай-ақ, Трамп бизнесте тәуекелге жиі баратын адам. Ол осы салада көптеген сәтсіздіктерге ұшырса да өз мақсатынан айнымай келеді. Әйтсе де, бизнес пен саясат екеуі жер мен көктей екені даусыз. Саясатта тәуекелге барудан алдын, сан мың сұраққа жауабың дайын тұруы керек. Әсіресе, әлемдік алыптардың бірі – Америка сынды мемлекет билігінің тұтқасын ұстау ғаламдық жауапкершілік жүктейді. Бұл елдің басшысының қабылдаған шешімі дүниежүзі халқының тағдырына тікелей әсер етуі ықтимал. Қазіргі әлемдік саясаттың тұрақсыз кезеңінде Трамп өз мақсатына сенімді ме екен? Болашақта өзінің қабылдаған шешімдеріне толық жауап бере алады ма деген сауал туындайды.
Бүгінде ол өзінің мақсаттарын бір-бірлеп жүзеге асыра бастады. Дональд Трамп президент болып сайланғаннан бері Америка саясатына түбегейлі өзгерістер әкелуде. Мәселен, оның Транс Тынық мұхиты серіктестігінен шығу жарлығына қол қоюы нені білдіреді? Барак Обаманың басшылығы тұсында жүзеге асқан бұл серіктестіктің американдықтар үшін ғұмыры аяқталды. Дональд Трамп «әлемді жарылқауды» аса құп көрмейді. Ол тіпті Канадамен және Мексикамен Солтүстік Америка еркін сауда аймағы туралы келіссөзді қайтадан жүргізетінін де мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл келісім АҚШ-тағы жұмыс орындарының азаюына себеп болып отыр. 23 қаңтарда Дональд Трамп SpaceX компаниясының басшысы Элон Маскпен, Dow Chemical, Johnson & Johnson, Ford және Lockheed Martin компанияларының басшыларымен кездесу кезінде АҚШ-тағы жетекші бизнес жеңілдіктер алатынын, ал шетелге шығатын тауарларға шекарада кәдімгідей салық салынатынын мәлімдеді. Ол өз өкілеттілігі арқылы «Америка тек американдықтар үшін» екендігін дәлелдегісі келетіндей. Оның мұсылман халықтарына деген ұстанымы да осы ниетінен дерек береді. Дональд Трамп бүкіл әлемдегі кішігірім жүйелерді қаржыландырудан бас тартты. Бұл бас тарту жиырма бес жылдан бері әлемдік балансты сақтауға тырысқан Американың империялық мақсатының енді еш маңызсыз екендігін білдіретіндей. Дональд Трамп Америка саясаты сахнасына шыға отырып, өзі басқаратын кеменің рулін жаһанданудан кері бағытқа қарай бұрып отыр.
Нұрлайым БАТЫР.
ПІКІРЛЕР1