ГЕРМАНИЯНЫҢ «МҮМКІНДІКТЕР ТЕРЕЗЕСІ» АШЫҚ
05.02.2024
297
1

(ҚР ГФР-дағы елшісі Нұрлан Онжановпен «Қазақ әдебиеті» газеті үшін арнайы сұхбат)

Германия – дүниежүзіндегі экономикасы айрықша дамыған жетекші елдердің бірі. Халқы 84 млн. Қазақ-неміс байланыстары 1992 жылдың ақпан айынан басталады. Қазақ­станның бұл елдегі дипломатиялық миссиясын бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ­станның Германиядағы Төтенше және өкілет­ті елшісі, филология ғылымының кандидаты, көрнекті дипломат Нұрлан Онжанов басқарады. Қазақ­стан Жазушылар одағы Деректі проза кеңесінің төрағасы, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев таяуда шығармашылық сапармен Германия, Франция, Швейцария елдерінде болып қайтып еді. Төмендегі сұхбат осы сапар аясында дүниеге келді. Сұхбат­та Елші мырза екі елдің арасындағы өзекті мәселелерді қозғап, әдеби байланыстарды жетілдіру мүмкіндіктері туралы баяндайды.

– Құрмет­ті Нұрлан Баймолда­ұлы, «Қазақ әдебиеті» газеті еліміздегі мәдени, әдеби дара апталық болған соң, бұл апталықтың оқырмандары әңгіменің руханият дүниесінен басталғанын қалайды. Ал алаш пен алман жұртының арасындағы әдеби байланыстарды сөз етер болсақ, алдымен Абай мен Гёте еске түседі. Бүгінгі таңда Қазақ мәдениеті мен әдебиетін насихат­тау бағытында неміс елінің мүмкіндіктері қандай?

– Құрмет­ті Марат Бәйділдаұлы, біздің елшіліктің қызметіне назар аударғандарыңыз үшін сізге, сіз арқылы Қазақ­стан Жазушылар одағына алғыс айт­қым келеді. Мереке Құлкенов басқарып отырған ұйымның игі істерінен құлағдармыз. Ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарыңыз жемісті бола берсін! Мүмкіндікті пайдаланып, өзімнің және елшіліктің атынан «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымын басылымның 90 жылдық торқалы тойымен құт­тықтаймын! Шығармашылық сәт­тіліктер серік болсын!
Енді сұрағыңызға келейін, Абай мен Гете өз халықтарының бай рухани, әдеби әлемін бүкіл әлемге паш етуге айрықша тарихи үлес қосқан тұлғалар ғой. Әйгілі неміс әдебиет­танушысы Леонард Кошут өзінің «Халық және әлем. Аңызға айналған баспагердің өмірбаяндық дәлелі» («Volk und Welt. Autobiographisches Zeugnis von einem legendaren Verlag» 2002) деген шығармасында Абай туралы әңгімелеп, Абайды «қазақ Гётесі» деп атады.
2001 жылдан бері Қазақ­станның Германиядағы Елшілігіне жақын орналасқан Берлин көшесі «Abai-Straße» деп аталды. Ал 20 жылдан кейін, 2021 жылы Берлинде Абай ескерткіші ашылды.
2006 жылдан бері Елшіліктің «Қазақ кітапханасы» жобасы жүзеге асып келе жатқанын мақтанышпен айта аламын. Қазақ авторларының 26 кітабы аударылып, неміс тілінде жарық көрді (Абай, М.Әуезов, Ә.Нұрпейісов,
Т.Ахтанов, И.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, Г.Бельгер және т.б.). Осы жоба аясында 2010 жылы Абай сөзі («Abai. Buch der Worte») неміс тілінде шығарылды. Естеріңізде болса, 2020 жылы Абайдың 175 жылдығына орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен 10 әлемдік тілге, оның ішінде неміс тіліне Ұлы Ақынның шығармалары аударылды.
Осылайша, Батыс Еуропаның жүрегінде, Гетёнің отанында ұлы Абайдың даналығы мен тәлімі неміс оқырманына жеткізілуде.

–Бүкіл әлем 2023 жылдың қорытындысын шығарып, алдағы кезеңге межелер белгілеп жатыр ғой. Сіз Елші ретінде Қазақ­стан мен Герман елінің түрлі салалар бойынша өткен жылғы екіжақты байланыстарын қалай бағалар едіңіз?  Елшіліктің неміс еліндегі қандастарымызбен байланысы қандай? Мәдени қолдау, қазақ жастарына тіл үйрету жағы қолға алынған ба?

– Иә, қандастарымызбен байланыс тығыз. Елшілік тарапынан оларға қажет­ті қолдау көрсетілуде. 2021 жылғы 19 қыркүйекте ҚР ГФР-дағы Елшілігінің қолдауымен Берлин қаласында «Мирас» ат­ты қазақтар қауымдастығының салтанат­ты ашылу рәсімі өт­ті. Этникалық қазақтар бұл елдің Мюнхен, ­Кельн және Берлин қалаларында шоғырланып тұрады.
Қазіргі таңда қауымдастықтың 50-ден астам тұрақты мүшесі бар. Әр апта сайын қауымдастық мүшелері бірге жиналып қазақ тілін оқып, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, ата-бабаларымыздың мұрасын сақтауға және оны жас ұрпаққа жеткізуге тырысуда. Болашақта қауымдастық мүшелері қазақ мәдениетін, әдебиетін және қазақ тілін неміс қауымдастығы арасында насихат­тауды да мақсат етіп отыр.
Қазақ диаспорасының өкілдерімен бірге кез­десулер және шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Былтырғы жылы Германияның бірқатар қалаларында қазақ ұлт­тық музыкалық топтарының концерт­тері ұйымдастырылды.
2023 жылдың мамыр айында Кельн қаласында Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы болды. Сонымен қатар былтырғы жылы Баден-Вюртемберг федералдық жерінде Абай үйі ашылды.
Елшілік Қазақ­станнан көшіп келген этникалық немістерге «Kulturabend Kasachstan» мәдени іс-шарасын ұйымдастыруға көмек көрсет­ті. Осылайша, 29 сәуірде болған іс-шарада қонақтарға Қазақ­станның мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы ақпарат берілді. «Мирас» қауымдастығының өкілі домбыра аспабын таныстырып, бірнеше күй шерт­ті.
«Отандастар» қорымен бірге Германияда тұратын қандастарға жәрдемдесу жұмыстары жалғасуда. Атап айтсақ, қазақ тілін, мәдениетін, тарихын, әдет-ғұрпын үйренуге, тарихи отанына оралуға және басқа да тұрмыстық әрі ұйымдастырушылық сұрақтары бойынша көмек көрсетіледі.
Оған қоса, шетелде тұратын этникалық қазақтарға және елге оралған қандастарға көші-қон мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат­тық-консультациялық жұмыстар жүргізілуде.

– Бәрекелді! Ал енді екі ел арасындағы ресми қарым-қатынасқа байланысты сауалдарға ойыса­йық. Бүкіл әлем 2023 жылдың қорытындысын шығарып, алдағы кезеңге межелер белгілеп жатыр ғой. Сіз Елші ретінде Қазақ­стан мен Герман елінің түрлі салалар бойынша өткен жылғы екіжақты байланысын қалай бағалар едіңіз?

– Ең алдымен, Германия – экономикасы қуат­ты, өмір сүру деңгейі жоғары, әлеумет­тік қорғауы және демократиялық саяси жүйесі дамыған Еуропа мен әлемдегі дамыған және ықпалды елдердің бірі екенін атап өткен жөн.
Біздің мемлекет үшін осы елмен ынтымақтастықты тереңдету өте маңызды болып табылады. Қазіргі уақыт­та Қазақ­стан мен Германия арасындағы өзара ынтымақтастық сенімді диалог пен дәстүрлі достық негізінде дамуда.
Оған өткен жылы екіжақты қарым-қатынастарда байқалған серпіліс дәлел болып табылады. 2023 жылы 19-21 маусым аралығында Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер елімізге мемлекет­тік сапармен келді. Бұл оның 2022 жылғы ақпан айында қайта сайланғаннан ке­йінгі Орталық Азияға жасаған алғашқы сапары болғанын айта кеткен жөн.
Астанада Ф.В.Штайнмайер Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен келіссөздер жүргізіп, екі мемлекет басшысы Қазақ­стан және Германия жоғары оқу орындары ректорларының, сондай-ақ Қазақ­стан-Германия бизнес форумдарына қатысты.
Германияның басшысы 21 маусымда Маңғыстау облысына барып, Қазақ­стан-Германия тұрақты инженерия институтының ашылуына және «Svevind» компаниясының «жасыл» сутегін өндіру бойынша сынақ бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсіміне қатысты. Ол Құрық портында «Орта дәліздің» қазақ­стандық көлік-логистикалық жобаларымен танысты. Бұл жерде Франк-Вальтер Штайнмайердің елімізге жасаған сапарының маңызды бір ерекшілігін атап өткім келеді – ол еліміздің Батыс өңіріне арнайы барған ЕО-ға мүше елдерінің бірінші мемлекет басшысы болды.
Үш айдан соң 28-29 қыркүйекте Мемлекет басшысы Германияға ресми сапармен келді. Берлинде Қасым-
Жомарт Кемелұлының Франк-Вальтер Штайнмайермен Астанада басталған диалогы жалғасын тапты, сондай-ақ ол Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцпен келіссөздер жүргізді, «Берлин жаһандық диалогы» форумына және Германия экономикасы Шығыс комитетінің мүшелерімен «дөңгелек үстелге» қатысты, сөйтіп біздің елімізбен ынтымақтастықты жолға қоюға және кеңейтуге мүдделі бірқатар жетекші неміс компанияларының басшыларымен кез­десті.
29 қыркүйекте біздің Президент Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімен бірге Берлинде Германияның бастамасымен өткен Орталық Азия – Германия форматындағы бірінші саммитке қатысты.
Германиямен сауда-экономика саласындағы қарым-қатынасымыз 2022 жылы рекордтық деңгейге көтерілді, екі жақтық тауар айналымы неміс статистика мекемесінің ақпараты бойынша 10 млрд евроға жет­ті.
Бұл межеге жетуіміз Германия­ның біздің елге және аймаққа қарай «бұрылуына» байланысты болып отыр. Бұрын бастамалар негізінен біздің тарапымыздан шықса, қазір неміс серіктестеріміз өздерінің жаңа идеялары мен жобаларын ұсынуда белсенділік танытуда. Бұндай ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне жету, Мемлекет басшысының елде жүргізіп жатқан өзекті саяси, экономикалық, әлеумет­тік реформаларының және халықаралық аренада атқарылған жұмыстарының жемісі деп есептеймін.
Өткен қыркүйекте алғашқы 45 студент Германияда оқуын бастады. Оқу аяқталғаннан кейін түлектер Қазақ­станда да, Германияда да танылған қос диплом алады.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақ­стан техникалық университетінің базасында Германия университет­тері консорциумының қатысуымен Қазақ­стан-Германия ғылым және технологиялар институтының ашылу жұмыстары жүргізілуде.
Ғылыми салада да байланыс жалғасуда. Өткен жылы ғана екі елдің ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында, Германияның Федералдық білім және зерт­теу министрлігі бастаған герман делегациялары елімізде үш рет іс-сапарлармен болды. Делегациялардың құрамында, Лейбниц қауымдастығының, Макс Планк қоғамының, Германияның академиялық алмасу қызметі (DAAD), Орталық Азия тұрақты инновациялар бюросы (CASIB),
Гельмгольтц неміс зерт­теу орталықтары қауымдастығы, неміс зерт­теу қауымдастығы (DFG), Александр фон Гумбольдт қоры, DLR-PT Жобаларды басқару агент­тігінің және неміс университет­тері мен басқа ғылыми орталықтарының өкілдері кірді.
Жалпы, 2023 жыл Қазақ­стан мен Германия үшін серпілісті жыл болғанын батыл айтуға болады. Оған мемлекет басшыларының өзара сапарларының нәтижелерінде қол жеткізілген уағдаластықтар, ынтымақтастықтың барлық бағыт­тары бойынша әртүрлі деңгейлердегі шаралар ықпал еткенін атап өткім келеді.

– Президент Қ.Тоқаевтың өткен жылдың соңында Германияға жасаған сапары күтіліп отырған нәтижелерге қаншалықты әсер ет­ті?

– Жалпы халықаралық қатынастарда мемлекет басшылары деңгейінде өзара сапарлар елдер арасындағы ынтымақтастыққа елеулі серпін беретіні сөзсіз. Осы рет­те, сіздің назарыңызды тағы бір маңызды мәселеге аударғым келеді. Германия басшылығы Астанада да, Берлинде де елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды қоғамдық-саяси және әлеумет­тік-экономикалық реформаларды қолдайтынын мәлімдеді. Сапардың бірқатар маңызды практикалық нәтижелері де болды. Еліміз 2022 жылы G7 саммитінде Германияның бастамасымен құрылған Климат клубына қосылды.

– Елші мырза, Қазақ­станның инвестиция тарту мүмкіндігі төмендеп кеткен жоқ па? Тікелей Германияға қатысты не айтар едіңіз?
– Керісінше, қазір Германиядан инвестиция тартудың ең қолайлы сәті туды. Германияның «мүмкіндіктер терезесі» әрдайым ашық. Біз соңғы жылдары неміс серіктестерімізбен ынтымақтастықтың өте тиімді және сенімді формуласын құрып, екіжақты қарым-қатынастарды жаңа стратегиялық деңгейге шығара алдық.
Өткен жылы Қазақ­станды Германия үкіметі стратегиялық маңызды 34 әріптес елдің тізіміне енгізді. Мұндай елдердегі бірлескен жобалар үшін Германия үкіметі инвестицияларының 97,5%-на дейін жабатын инвестициялық кепілдік беруге дайын.
Осындай кепілдікке ие болған алғашқы қазақ­стандық-неміс жобасы «SVEVIND Energy» компаниясының жасыл сутегін өндіру жобасы. Бұл Қазақ­стандағы қолайлы инвестициялық ахуалды растайтын үлкен жетістік.
Мұны Халықаралық Валюта Қоры мен foreign investment monitor fDi Markets деректеріне негізделген зерт­теу нәтижелері растайды, онда ТШИ тартатын әлемнің 50 ірі еліндегі макроэкономикалық жағдай мен тікелей шетелдік инвестициялардың траекториялары бағаланады.

– Алдағы 2024 жылға арналған жоспарларыңыз қандай?
– 2023 жылы қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, ынтымақтастықты қеңейту жолында жаңа бағыт­тарды дамыту бойынша Елшіліктің алдында жаңа мақсат-міндет­тер тұр. Осыған байланысты неміс әріптестерімізбен осы жылға арналған барлық бағыт­тар бойынша көптеген шаралар жоспарлануда. Олардың ішіне әртүрлі деңгейлердегі өзара сапарлар, қоғам­аралық ынтымақтастық, парламент­тік дипломатия, сауда-экономикалық миссиялар кіреді.
Экономика саласында «мүмкіндіктер терезесін» барынша тиімді жүзеге асыру үшін қазіргі қолайлы сәт­ті пайдалану керек. Айтарлықтай нәтижелерге соңғы жылы қол жеткізілді, алайда ынтымақтастықтың әлі де пайдаланылмаған әлеуеті зор.
Ағымдағы жобаларды жүзеге асыру үшін алда әлі жұмыс көп. Қазіргі кезеңде неміс инвесторларының қатысуымен бірқатар инвестициялық жобалар пысықталуда. Бұл рет­те, біз еліміз үшін жаңа перспективалы және сұранысқа ие жобаларды іздестіру мен жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақ­стан мен Германия­ның іскер топтары арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту жұмыстарын жалғастырамыз.

– Берлинде болған кезімізде трамвай мен автобустарда түрік, күрд, араб жастары көп екенін байқадық. Бүкіл Еуропаны бүгінде мигрант­тар мәселесі айрықша толғандырады. Қазақ­стан үшін де бұл маңызды мәселе. Германия осы проб­леманы қалай шешуде?
– Көші-қон және босқындар жөніндегі федералдық ведомствосы шетелдіктердің Германияда болуын рет­тейді. Сіздер көрген жастар елде неміс үкіметінің арнайы рұқсатымен тұрады және жұмыс істейді.
Канцлер О.Шольц Германияда қалуға заң бойынша құқығы жоқ барлық адамдарды депортациялау керек деп мәлімдеді, бірақ сонымен бірге Германияның баспана алуға құқығы бар адамдарды қабылдауды жалғастыруы мен елдегі жұмыс күшінің тапшылығына байланысты білікті иммигрант­тарды тартуы қажет екенін атап өт­ті.
Сондай-ақ ГФР үкіметінің басшысы Еуропа Одағына заңсыз көші-қон үрдісін шешу үшін ЕО-ның сыртқы шек­а­раларында бақылауды күшейту қажет екенін атап өт­ті. Германия көршілес Швейцария, Польша және Чехия шек­араларында стационарлық бақылауды енгізуде. Соңғы екі елмен шекарадағы икемді бақылау қыркүйек айының соңынан бастап күшіне енді. ГФР Ішкі істер министрлігі бұл шараларды заңсыз көші-қонды шектеу және контрабандистерге қарсы күресті күшейту қажет­тілігімен негіздеді.
Германия Еуропадағы заңсыз көші-қонмен күресуде. Заңсыз жұмыспен қамтуға қарсы күрес онымен тығыз байланысты, өйткені заңсыз жұмысқа орналасу перспективасы елге заңсыз кіруге ынталандыруды арт­тырады.
Германия көші-қонды рет­теу және мигрант­тардың заңсыз легін болдырмау үшін сыртқы шекараларында шек­аралық бақылауды күшейту, ішкі шекара аумағында, пойыздарда және теміржол нысандарында тексеру шараларын тұрақтандыру, шекара маңы аудандарында федералдық және жергілікті полиция мен федералдық кеден басқармасы арасында ынтымақтастықты күшейту сияқты маңызды шараларды қарастыруда.
Тағы бір айта кетерлік жағдай, неміс үкіметі бұрын-соңды болмаған қадамдар жасап, Германиядағы мигрант­тар мен босқындарды бейімдеу және репатриациялау үшін орасан зор ақша бөлуді жалғастыруда.

– Қазақтар экономикалық және әлеумет­тік тұрғыда неміс­терден нені үйренсе болады?
– Германия көп жағынан әлемдегі жетекші елдердің бірі болып табылады, сондықтан біз Германияның озық тәжірибесін белсенді түрде талдап, оларды Қазақ­станда бейімдеу және енгізу бойынша ұсыныстар дайындап жүрміз.
Мәселен, экономиканың қажет­тілігі үшін кәсіптік-техникалық кадрларды даярлауда дуалды оқыту жүйесінің маңызына мән берілуде. Қазіргі уақыт­та жинақталған тәжірибе мен заманауи тенденцияларды ескере отырып, Қазақ­стандағы дуалды білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру және кеңейту үшін неміс серіктестерімен бірлесіп мақсат­ты жұмыс істеген жөн.
Шығармашылық индустрияны қолдау және дамыту бойынша жақында бекітілген ҚР Үкіметінің қаулысы, Сыртқы істер министрлігі шетелдік мекемелерінің халықаралық тәжірибесін мұқият талдау арқылы берілген ұсыныстары негізінде жасалған. Үкімет қаулысы жобасының орындаушылары, өз сөзінде негізінен Германия тәжірибесіне сүйенгенін атап өт­ті.
ҚР Германиядағы Елшілігі, жалпы СІМ еліміздің дамуына қолайлы перспективалық идеяларды іздеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде.

– Неміс қалаларын аралай жүріп қала құрылысы, экология салаларында үлгі аларлық тұстар баршылық екенін байқадық. Сондай өнегелі тұстарды жинақтап, Үкімет назарына ұсынып көрдіңіздер ме?
– «Жасыл» трансформация бүгінде жаһандық тренд болып табылады. Біз осы салада Қазақ­станмен Германия арасында тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты дамыту бағытында неміс әріптестерімен өте тығыз жұмыс жасаудамыз.
ESG қағидат­тары сарапшылар қауымдастығының басты назарына айналды және жаңа жобаларды жүзеге асырудың қажет­ті шарты ретінде бірінші орынға шықты. Осыған байланысты біз қарастырып жатқан ұсыныстар тұрақты даму қағидат­тарына сәйкес болуына үлкен мән береміз.
Жалпы, экологиялық дипломатия сыртқы саясат­тың белсенді дамып келе жатқан бағыт­тарының біріне айналды. Мәселен, 2023 жылдың наурыз айынан бастап Астанада Германия Сыртқы істер министрі А.Бербоктың бастамасымен Германияның сутегі дипломатиясы кеңсесі ашылды. 2023 жылғы 7 маусымда Астанада Германия халықаралық ынтымақтастық агент­тігі (GIZ) және Германия энергетика агент­тігінің (DENA) қатысуымен сутегі дипломатиясы бойынша бірінші Қазақ­стан – Германия арасындағы симпозиум өт­ті.
Өңіраралық ынтымақтастық та, халықаралық қатынастарда маңызды рөл атқарады. Атап айтсақ, 2023 жылдың соңында Елорда мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов бастаған Астана қаласының делегациясы Берлинге іссапармен келді. Сапар барысында Берлин қаласының басшылығымен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, қоғамдық көлікті дамыту, коммуналдық шаруашылықты басқару, қала бюд­жетін қалыптастыру, әлеумет­тік инфрақұрылымды салу, білікті кадрлар даярлау және т.б. салаларда ынтымақтастықты жалғастыру және тәжірибе алмасу туралы келісімдерге қол жеткізілді.
2023 жылы Тюрингия, Бавария,
Заксен-Анхальт федералдық жерлерінің басшылары мен бизнес-делегациялары Қазақ­станға барып қайт­ты. Жалпы, 2023 жыл Қазақ­стан-Германия екіжақты қарым-қатынастары үшін өте жемісті және маңызды жыл болды деп айта аламын. Енді биылғы жылы Қазақ­стан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және нығайтуға бағыт­талған көптеген жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға күш саламыз.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет!
– Сізге де рақмет. «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарына сәт­тіліктер тілеймін!

Сұхбат­тасқан –
Марат ТОҚАШБАЕВ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 14.04.2024 | 15:57

fff

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір