ТҮРКІСТАННАН ӘЛЕМГЕ АШЫЛҒАН ҒЫЛЫМ МЕН МӘДЕНИЕТ ЕСІГІ
08.10.2024
507
1

Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи университетін жұрт түркі әлемі жастары бір шаңырақ астында білім алып жатқан шығыс жауһарындай көреді. Содан да болар, іргесі 1991 жылы қаланған, небәрі 33 жылдық тарихы бар осынау білім ордасына қарты да, жасы да ғылыми потенциалы мен ұлт­тық кадр даярлаудағы білім беру бағдарламалары халықаралық талаптарға сай оқу орны деп қарайды.

Мұндай білім ұясын басқару, әрине кім-кімге де болса да қиын соғатыны дау­сыз. Әрине, бұған дейін бұл университетке Мұрат Жұрынов, Мұстафа Рысұлы, Оразәлі Сәбденов, Серік Пірәлиев, Лесбек Тәшімов, Уәлихан Әбдібеков, Болатбек Әбдірәсілов сияқты жоғары білім жүйесін басқарудың айтулы менеджерлері басшылық ет­ті. Еуропаның, оның ішінде, Түркияның жетекші университет­терінде білім алған, TÜBİTAK сынды маңызды ғылыми орталықтардың грант иегері болған, ТҮРКСОЙ халық­аралық ұйымында еңбек еткен, Алматыдағы жекеменшік университет­терді басқарған, басқаша айтқанда әрі халықаралық, әрі отандық ғылым мен білім ордаларында тәжірибе жинаған Жанар Темірбекова ректор болып келген кезде, ашығын айтайық, «қыз бала ғой, осындай екі мемлекетке ортақ оқу орнын басқарып алып кете алар ма екен?» деген күмәнді көзқараста болған әріптестеріміз де табылды. Бірақ салған жерден өзінің іскерлік машықтарымен, ұйымдастырушылық қабілетімен оқу орнының академиялық саясатын іске асыруды қолға алған жас басшы көп уақыт өтпей-ақ бірден оқытушылар мен студент­тердің сүйіспеншілігіне бөлене бастады. Ахмет Ясауи іліміне сүйене отырып, академиялық принциптерге сай түркі әлемінде алдыңғы қатарлы, білікті және жаңашыл тұлғаларды тәрбиелейтін университет болу миссиясын басшылыққа алған ректор білім берудің тың әдістері мен шығармашылық тәсілдерін әзірлеуге және зерт­теуге тікелей өзі мұрындық болып, ғылыми-инновациялық жаңа мүмкіндіктерге жол аша бастағаны тек оқытушы-профессорлар құрамын ғана емес, өңірдің дамуына немқұрайды қарай алмайтын жергілікті мамандар мен билік органдарын да қуанта бастады. Себебі университет мұрындық болған жаңа ғылыми технологиялар өндіріске еніп қана қоймай, аймаққа белгілі бір дәрежеде кіріс әкеле бастады. Университет пен облыс әкімдігі бірлесе атқарған стратегиялық жоспарлар, оқу орнының ғалымдары жүзеге асырған екіжақты ғылыми-инновациялық жобалар жаңа қарқынмен дами бастаған өңір игілігіне жұмсалып, креативті жас кадрлар дайындау ісі жолға қойылды, яғни Түркістанның әлеумет­тік-экономикалық дамуына университет ұжымының да үлес қоса алатынына сенім арт­ты.
Жанар Амангелдіқызы келгелі бері, жыл сайын қыркүйек айының соңы мен қазан айының басында университет ұжымы мен Түркістан халқына ашық түрде есеп беріп келеді. Биылғы 2023–2024 оқу жылын қорытқан қоғамдық есеп беру жиынына да қала ақсақалдары мен ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, оқытушы-профессорлар мен студент­тер көптеп жиналды. Бұл, бір жағынан, ректордың қарымы мен қабілетін сынамаққа келген сындарлы топ болса, екінші жағынан, университет дамуына жанашыр, тілеулес жандар болатын. Ал ректордың бұл жиында айтары да, мақтан етіп көрсетер жетістігі де жетерлік еді.
Ректор жиналған қауымға өткен оқу жылында академиялық, ғылыми, әлеумет­тік, шаруашылық және өзге де бағыт­тарда атқарылған ауқымды шаралар туралы ақпарат берді.
Алдымен, көпшілік назарына салалар бойынша фокус-топтар құру машығы ұсынылып, миссия мен стратегиялық мұрат­ты талқылау, қабылдау, сауалнама әзірлеу және сауалнама жүргізу тәсілдері арқылы қол жеткізуге болатын алдағы даму бағдарламасының жобасы көрсетілді. Тұрақты институционалдық даму мен академиялық үстемдікке қол жеткізу арқылы ғылыми-инновациялық әлеует­ті арт­тыруға, оқу орнының жанындағы клиникалық-диа­гностикалық орталықты дамытуға бағыт­талған стратегиялар ұсынылды. «Сапалы профессор» әлеуетіне қол жеткізу үшін оқытушы-профессорлар біліктілігін арт­тыру, өзін-өзі үздіксіз дамыту, сапалы білімгер тарту идеясының қалай жүзеге асып жатқаны баяндалды. 42 білім беру бағдарламалары аккредит­теуден, 22 білім беру бағдарламалары постмониторингтік аккредит­теуден өткені айтылды. «Орта білім беруді жаңғырту» жобасының аясында 18 инновациялық білім беру бағдарламалары енгізіліп, үш білім беру бағдарламасының мазмұны жаңартылған. «Педагогикалық білім моделін енгізу және оның мазмұнын нығайту» жобасы аясында 187 оқытушы жоғары білім бағдарламасын әзірлеу және силлабус құрастыру дағдылары бойынша 160 сағат­тық кәсіби біліктілігін арт­тырған. Назарбаев университетінің Хяме қолданбалы ғылымдар университетімен біріге отырып, университет­тің белсенді оқытушылары «Білім саласындағы көшбасшы» біліктілік арт­тыру курстарына қатысқан. BMG Upskill компаниясымен келісімшарт жасалып, Coursera платформасындағы дәрістерге 152 лицензия сатып алынып, студент­тердің әлемнің алдыңғы қатарлы университет­терінің профессорларының дәрістерін қазақ тілінде тыңдауына мүмкіндік берілген.
Өткен оқу жылында нанотехнология және энергетикаға арналған жаңа материал­дар мен микробиология, биотехнология, вирусология зертханалары ашылып, интер­активті видео студия жасақталды. Университет жанындағы лингвистикалық тілдер орталығында студент­тердің түрік, қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерін тереңдетіп оқытылуына мүмкіндіктер қарастырылған.
Соңғы төрт жылда мақұлданған жобалар саны 44-ке жетіп, 7 407 915 078 теңге соманы құрап отыр. Жас ғалымдарды грант­тық қаржыландыру жобаларының жалпы саны да 9-ға жетіп, 568 324 975 теңгеге жеткен.
Оқу орнында ивент-туризм мен ғылыми-көпшілік туризм де кеңінен жолға қойылған. Сонымен қатар университетіміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turktime» бастамасына да елеулі үлес қосты. Бұған 30-дан астам елдерден 850 шет­ел ғалымдары мен 1650-ден астам еліміздің ғалымдары қатысқан «Түркі әлемі бірінші халықаралық география» конгресінің, «Түркі әлемінің жаңару кезеңіндегі интеллектуалдық қозғалыстар», «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумдарының, «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи», «Орталық Азияның тарихи географиясы» конференцияларының, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Манас атындағы қырғыз-түрік университеті арасындағы ортақ сенат мәжілісінің осы университет базасында өтуі куә. «Ясауи қысқы мектебі» жобасы аясында оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің бір ай бойы білімдерін жетілдіріп, халық­аралық байланыстар және қаржылық сауат, ішкі сапаны қамтамасыз ету, стратегиялық басқару және менеджмент, ғылым және академиялық менеджмент тақырыбында білімдерін жетілдіруі – университет ғылыми потенциялының артып жатқанының бір көрінісі. «Түркология жазғы мектебі», «Жаңа энергия технологиясы жазғы мектебі» аясында студент­тер 14 мемлекет­те болып, түрлі салада академиялық білімдерін ұштады.
SciVal, Scopus, WOS базасындағы жарияланымдар көрсеткіші біршама артқан. Ғалымдардың h-index көрсеткіштерінің алды 35-ке жетіп отыр. Университет­те түрлі бағыт­та 7 ғылыми журнал жарық көреді. Оның біреуі – импакт-факторлы, екіншісі – ВАК тізіміне енген журналдар қатарында. Оқу орны оқытушы-профессорларының импакт-факторлы журналдардағы жарияланымдарын ынталандыру сомасы 2020 жылғы 1 568 957 теңгеден 19 710 435 теңгеге артқан.
«Ғылым қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен іске асырылып отырған коммерцияландыру жобасы аясында университет іргесіндегі ботаникалық бақта жемістерді қайта өңдейтін цех жұмысы жолға қойылды. Цехта кептірілген өнімдер Түркістан қаласындағы дүкендерде сатылымға шықты. Қазіргі таңда кептірілген қауын қақ, өрік, алмұрт сияқты 13 түрлі өнім өндіріліп, нарыққа жол тартып отыр.
Университет­те атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі ретінде халық­аралық рейтинг агент­тіктерінің статистикасын көрсетуге болады. Білім ордасы Qs World University Rankings рейтинг базасы бойынша әлемде 816-орында болса, Asia University Rankings рейтингінде 203- орынға жайғасты. Орталық Азия университет­тері арасында 7-орында. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсат­тарына (CDG) сәйкестігін бағалайтын Times Higher Education Impact Rankings халықаралық рейтингіне әлемнің 1963 университеті кірсе, Қазақстандағы 26 жоғары оқу орындары арасында ХҚТУ 5-орынды иеленді.
Осындай көрсеткіштердің жемісі болар, биыл Халықаралық қазақ-түрік университетін таңдап, мемлекет­тік грант иегері атанған студент­тердің де саны артқан. 2022–2023 оқу жылымен салыстырғанда, грант саны 995-тен 1281-ге өскені байқалады.
Бір жыл ішінде оқу орнын көруге, ұжым және студент­термен кездесуге келген қонақтардың да қатары көп. Қазақстанның Сенат төрағасы мен Түркия Республикасының вице-президентінен бастап, министрлер мен депутат­тар, түрлі билік өкілдері, дінбасылары, бірнеше мемлекет­тің Қазақстандағы елшілік қызметкерлері ат басын бұрған. Осылайша, университет халықаралық статусына сай қызметін жалғастырып жатыр.
Ғылым бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылғаны мәлім болды. Мәселен, университет­тің 7 оқытушысы Білім және ғылым министірлігінің 2023 жылғы «Үздік оқытушы» атағына ие болса, 10 оқытушы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанған.
Әсіресе медицина саласын қолдау аясында біршама игі істер жасалды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – елімізде жеке клиникасы бар бірден-бір оқу орны. Аталмыш клиника-диагностикалық орталықтың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, дәрігерлердің білімін арт­тыру үшін шетелге жіберу жұмыстарын жыл бойы жүрген. Клиника биылдан бастап 24/7 тәулік бойы алғашқы үшінші деңгейдегі инсульт науқастарын қабылдап, неврология және интервенциялық нейрохирургия саласындағы облыстық медициналық орталыққа айналды. «Атажұрт­тан – Анажұртқа: денсаулық көпірі» жобасы аясында Түркиядан 5 білікті дәрігер келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Омыртқа хирургиясында шеткергі жүйке трансплантациясынан бастап, кеудеішілік экстрамедулярлық, жабық белдік, перифериялық жүйке трансплатациясы, жұлынның стимуляциясы сияқты жаппай операцияларға дейінгі көптеген ашық және жабық оталар осында қолға алына бастады.
Университет басшылығы арнайы «30 жылдыққа – 30 жоба» акциясын қолға алып, білім мен ғылымды дамытумен қатар, қоғамға да пайда әкелетін бірқатар жобаларды атқарды.
Түлектерді жұмысқа орналастыру – университет қызметіндегі басымдықтардың бірі. Қазіргі уақыт­та университетпен келісімшарт жасасқан дуалды білім беретін ұйымдар мен кәсіпорындар бар. Ірі және табысты компаниялармен жоспарлы кездесулер өтіп тұрады. Әр семестрде облыстық, қалалық жұмыспен қамту қызметімен бірге бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 84,3 пайыз.
Университет қызметін оңтайландыру өңірдің экономикалық әлеуетін арт­тыруға, жаңа жұмыс орындарын тауып, нарықтың дамуына, ғылым және инновация саласын жандандыруға мүмкіндік береді. Осы себепті оқу орнының халықаралық қызметі посткеңестік кеңістікте стратегиялық маңызға ие. Түркиямен мемлекетаралық диалог, мәдени алмасу және ғылыми ынтымақтастық жаһандық проблемаларды шешуге ықпал етеді.
Қазақстан мен Түркияның ортақ университеті болған оқу орнында екі елдің университет­терінде ғалымдар мен оқытушы кадрларымен алмасу, халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларын игеру жүйесін жолға қойған. Бірлескен ғылыми зерт­теулер жүргізу, ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, академиялық ұтқырлықты дамыту – осының айғағы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 15 қаңтарда «Жоғары оқу орындарына ерекше мәртебе беру туралы» ҚР Президентінің 2001 жылғы 5 шілдедегі №648 Жарлығына толықтыру енгізе отырып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Мұндай мәртебенің оқу орнына жеке тұлғаның ұлт­тық және жалпыадамзат­тық құндылықтар мен ғылыми-техниканың жетістіктер негізінде қалыптасуына, ілгері дамуына және кәсіби орнығуына қосқан елеулі үлесі үшін берілетінін ескерсек, Түркістан университетінің де әлемдік аренада танымал бола бастағанын айғақтайды.
Айта кетейік, түркі жұртына тұмар болған көне қаладағы оқу ордасы дамыған шет мемлекет­тердегідей оқу-білімді халық­аралық корпоративтік басқарудың бірегей жүйесіне көшкен: мұнда университет­тің іргесі қаланған алғашқы күндерден бастап-ақ үкіметаралық Өкілет­ті кеңес, Сенат және Басқару кеңесі алқалы түрде жұмыс істейді. Түркі мемлекет­терінен келіп білім алып жатқан жастар білімдерін қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде алады.
Университет ұжымының үлкен жауапкершілікті сезініп, білім сапасын арт­тыруға, оның халықаралық стандарт­тарға сай жүргізілуіне, ғылым мен білімнің интеграциясын дамытуға күш жұмсайты анық. Ерекше академиялық және басқарушылық дербестікке ие болған оқу орны философия докторы (PhD), сала бойынша доктор дәрежелерін дербес тағайындауға, білім бағдарламаларының мазмұнын халықаралық стандарт­тарға сай анықтауға, жеке үлгідегі дипломдарын беруге мүмкіндік алды. Білім грант­тарының саны артып, профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысы атақ-дәрежелеріне қарай біршама өсті. Материалдық-техникалық база арт­ты. Ең бастысы, айрықша мәртебелі университет ғылым-білім серпіні арқылы іргесі енді ғана беки бастаған аймақтың дамуына үлкен үлес қосып отыр.
Қазір заман өзгеріп, жастардың білім алуына да, ғылымды игеруіне де мол мүмкіндіктер ашылды. Соның ішінде аймақтық салада білім жетілдіруге мүмкіндік бар. Бұны университет ұжымы жақсы түсінеді.

 

Бекжігіт СЕРДӘЛІ, профессор,
филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІРЛЕР1
Аноним 08.10.2024 | 18:51

Білім ордасының өсіп-өркендеуі жолындағы айтулы жетістіктері мақалада жақсы көрініс тапқан. Халықаралық оқу орнының білім мен ғылым саласындағы табыстары түркі әлемінде мойвндалып келеді. Енді бір жарым жылда Түркістан Мемлекеттік унверситетінің шаңырақ көтергеніне 35 жыл болады. Дайындықты қазірден бастау керек. Ойлар мен идеялар көп.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір